ТАС МҮСIНДЕР — ТАРИХЫМЫЗДЫҢ ТАМЫРЫ

ТАС МҮСIНДЕР — ТАРИХЫМЫЗДЫҢ ТАМЫРЫ

ТАС МҮСIНДЕР —  ТАРИХЫМЫЗДЫҢ ТАМЫРЫ
ашық дереккөзі
3698

Таразда тас мүсін-балбал тастар мұражайы бар. Мұражайдағы әрбір ескерткіштің сыры мен тарихы тереңде екенін ешкім жоққа шығармайды. Ежелгі қаладағы ескерткіштердің барлығы Жамбыл облысы аумағынан жинастырылған. Олардың әртүрлі және әр кезеңдерде кескінделгенін назарға алсақ, Елбасымыз айтқандай «Тараз — тарихымыздың алтын діңгегі» екеніне көзіңіз жетеді.

Мұражайға облыс аумағында әр жерде құлап, бүлініп жатқан 60-қа жуық балбал тасты тарихи жәдігер ретінде сақтап қалу мақсатында бір жерге жинастырылуы өнегелі іс болды. Оны көрушілер ата-бабаларының тарихынан қандайда болмасын хабар алатыны сөзсіз. Тас мүсіндер бір-біріне ұқсас болғанымен өзгешелеулері де бар. Олардың көпшілігі Түркі қағанаты кезеңіне жатады. VІ – ғасырда Алтайда мемлекет ретінде құрылған Түркі қағанатының құрамында бүгінгі қазақ даласы болғаны да белгілі. Жамбыл облысында балбал тастар Меркі және Жайсаң өңірінде көп кездеседі. Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының қызметкері, тарих ғылымының докторы Айман Досымбаеваны бұл өңірлердегі тас мүсіндер туралы ғылыми тұжырым жасаған аса талантты ғалым екенін бүгінгі күні мойындағандар аз емес. Айманмен әңгімелесе қалсаңыз балбал тастар туралы қызықты ойлары мен пікірлері сіздің ынтаңызды арттыра түседі. Оның пікірінше тас мүсіндер ғұрыптық өнер ескерткіштері. Бұл мүсіндерді мыңдаған жылдар бойы көшпелі сақтар, сарматтар, түрік ашиналары, қаңлы мен қыпшақтар тұрғызған. Ескерткіш олардың наным-сенімнің, берекесі мен байлығының, мәңгілік пен тұрақтылықтың белгісі іспеттес болғанын Айман ханым дәлелдей айтты. Пікірін бекіте түсу үшін ол көптеген деректер мен дәйектер келтіреді. Шығыстың ұлы шайыры Низами балбал мүсіндер туралы былай депті: «Қыпшақтардың барлық тайпалары ол жерге барған кезде, …мүсіндерінің алдында барынша иіледі. Жолдан жаяу келсе де, атпен келсе де оған табынады». Бұл сөзден-ақ түріктер ата-бабаларына деген құрмет екенін білесіз. Олар орта ғасырда әлем таныған Батыс Түрік қағанатының құрамында болған Қарлұқ, Қаңлы, Қыпшақ және Қараханид сияқты түркі тілдес мемлекеттердегі көшпенділердің қайтыс болған адамдарды жерлеу дәстүріне байланысты орнатылған ескерткіштер екенін нақтылай түседі. Жамбыл облысының аумағында мұндай ескерткіштер кезінде өте көп болғанын ғалымдар мен археологтар еңбектерінен анық байқауға болады. Ашық аспан астында мұражай тас мүсіндер-балбал мұражайының ашылуына, Жамбыл өңіріндегі тас мүсіндерді зерттеуде және оның тарихын зерделеуде Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, өлкетанушы, тарихшы, археолог, этнограф марқұм Күзенбай Байбосыновтың еңбегі зор. Біз осы мақаламызда оның айтқан кейбір пікірлері мен зерттеулерін сөз тиегі еткенімізді айтуды парызымыз санадық. Оның тікелей араласуымен мұражайға тасқа қашалып жасалынған басқа да ескерткіштер шоғырландырылды. Әрине облыс аумағында тастан жасалынған және тасқа салынған ескерткіштерді бір жерге жинау мүмкіндігі және қажеті жоқ екені де түсінікті. Мұражай қызметкерлерінің мақсаты тарихи жәдігерлердің бір бөлігін ғана топтастырып, елге, қонақтарға көрсетіп, қазақ даласында орын тепкен біздің түп тамырымыз мәдениеті дамыған мемлекет болғанын таныту болды. Бұл ойды жүзеге асыру оңай болмағаны белгілі. Осы орайда К. Байбосыновтың табандылығы шешуші рөл атқарды. Ол мұражайды ашу тарихи ескерткіштерді зерделеуге, тамырымыздың тереңдігіне өзгелердің көзін жеткізу, сонымен бірге өткенімізді білуге ықпал жасау екенін дәлелдей білді. Бұл – тарихи, танымдық қажеттілік екенін ешкім жоққа шығармайды. Балбал немесе тас мүсіндер Қазақстанның әр түкпірінде кездесетіні анық. Мұндай тарихи ескерткіштер Орталық Қазақстанның Ұлытау, Арғанаты, Қарқаралы, Ақсу-Аюлы тауларында, Алтай, Тарбағатай, Батыс Қазақстан, Үстірт өңірлерінде, бір сөзбен айтқанда, ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы тозатын кең даламызда көп кездеседі. Әсіресе, Қаратаудың қойнаулары мен қырғыз Алатауының теріскейінде және Шу, Іле аймағында, Хантау мен Жамбыл тауларында тас ескерткіштер өте көп. Жеріне, еліне қарай олар әр түрлі. Мәселен Батыс Қазақстанда кездесетін тас ескерткіштер өзге өңірлердегіден өзгешелеу. Қазақ жеріндегі тас мүсіндер жөнінде алғаш әлемге ХІХ ғасырда паш еткен орыс ғалымдары В.Бартольд, И.Анчиков, В.Каллаур, И.Кастанье, А.Бернштам, Э.Новгородова, Д.Грач, Я.Шер, тағы да басқалар болды. Белгілі шығыстанушы ғалым В.Бартольд 1893-1894 жылдары Оңтүстік Қазақстанға ұйымдастырған ғылыми экспедициясы Шу мен Талас аңғарларында көптеген археологиялық ескерткіштермен қатар тас мүсіндерді де зерттеді. 1895 жылы И.Анчиков Меркі жеріндегі Сандықтас тау шатқалындағы тас мүсіндерді зерттеді. Ол Сандықтас жайлауындағы Шөлжайлаудан бірнеше тас мүсіндерді кездестірген. Әулиеата уезінің бастығы болған В.Каллаурдың осы саладағы ғылыми еңбегін ерекше атау қажет. Ол 1888 жылы «Әулиеатадағы тас мүсіндер» деген көлемді хабарламасында өлкенің әр жерінен табылған тас мүсіндер жөнінде қызықты деректер келтірген. Бұрын көрмеген ескерткіштерге қызыққаны сонша ол 1894 жылы В.Бартольдқа тапқан таңғажайыптары туралы хабарлап, оны Әулиеата жеріне шақырған. Атақты шығыстанушы Әулиеата жеріне келіп, балбалдарды көріп, таңғалған және танымдық еңбектер жазған. Меркі Алатауындағы тас мүсіндер жөнінде И.Анчиковтың хабарламасынан кейін В.Каллаур Сүйіндік, Сандықтас, Шайсандық жайлауларына келіп, ескерткішерді көзімен көреді. Олардың біразын қазына іздеушілер талқандап,сындырып, мәдениетке үлкен зиян келтіргенін қынжыла жазды. Ол бір обаға орнатылған бірнеше тас мүсіндерді отбасы мүшелеріне қойылған деп тұжырымдайды. Сондай-ақ автор өз мақаласында бірнеше тас мүсіндер Әулиеата уезі басқармасы орналасқан кеңсенің ауласында тұрғанын, оның біразын Тәшкенттегі Түркістан әуесқой археология үйірмесінің мұражайына жібергендігін де жазған. Кейбір деректер бойынша тас мүсіндердің басын сындырып алып, лауазымды адамдарға сыйлық ретінде беріп отырған. Ол ол ма? Шу ауданы Төле би ауылында алғашқы орыс қоныстанушылары бір үйдің іргесіне 8 тас мүсінді қалап жіберген. Мұндай қаскүнемдік аз болмағаны әбден анық. Қазақ жеріне келген келімсектер бұл ескерткіштердің аса құнды тарихи жәдігер екенін білсе де білмегенсіді, қажет десеңіз әдейілеп жойды. Қазақ жеріндегі тас мүсінді нағыз ғылыми тұрғыда Әлкей Марғұландай, кейінгі жылдары Айман Досымбаевадай зерттеген ешкім болған жоқ. Әлекеңнің Ұлытау төңірегіндегі тас мүсіндер туралы еңбегі қазақ тілінде жазылғандықтан көп ғалымдардың назарына ілікпеген. Осы салада еңбек еткен ғалымдар тек жарияланған еңбектердегі тас мүсіндерде бейнеленген киім, ыдыс, қару-жараққа ғана ғылыми сипаттама берумен шектелген. Өткен ғасырларда тас мүсіндерді зерттеген орыс ғалымдары терең ой, пікір айтпаған. Ескерткіштер тарихын терең зерттемеген. Тек сондай жәдігерлердің бар екенін ғана сөз еткен. Ал Әлкей Марғұлан мен Айман Досымбаева болса ескерткіштерді көзімен көріп, сол жерде ұзақ уақыт болып, қолымен ұстап, зерттеп, ғылыми тұжырым жасап, тас мүсіндер ежелгі заманда қазақ даласын мекен еткен ата-бабаларымыздың бай тарихи мұрасы екендігін дәлелдеген. Тас мүсіндер сол жерді мекен еткен халықтың тарихы мен мәдениеті екенін дәлелдеген. Ескерткіштер орнатылған заманның тарихын зерделеген. Оның орнатылу себептерін саралаған. Ғалымдар тас мүсіндердің пайда болуын Түркі қағанаттарының салтанат құруымен байланыстырады. Әсіресе Батыс Түрік қағанаты шығыс пен батысты байланыстыратын Ұлы Жібек жолына бақылау жасайтын, сауда-саттық, дипломатиялық қатынасы дамыған күшті мемлекет болды. Қағанаттың негізгі діңгегіне айналған ірілі-ұсақты қалалар пайда болып, өркендеді. Қолөнер,егіншілік дамып, сәулет өнерінің белгілері өркен жайды. Осы кезде үлкен бекіністер мен қала тұрғындары арасына буддизм, манихейство, христиан, зороастризм, кейінірек ислам діні тарай бастады. Ал көшпенділер арасында бабалар әруағына сыйыну дамыды. Ежелгі көне түркілер өз ата-бабаларына сыйынып, олардың әруағын еске алу үшін осы тас мүсіндерді қойып, оларды қоршауды дәстүрге айналдырды. Осы тас қоршаулар туралы Ә.Марғұлан: «Тас шарбақтар тарихи адамдардың жерленген қабірі емес, тек оларды еске түсіру үшін ас беріп, ат шаптыратын жерлерге қойылған белгілер», – дегенді айтады. Дегенмен де басқа да пікірлер бар. Түркі дәуіріндегі тас қашаушылар қолынан шыққан адам мүсініне зер салсаңыз ежелгі заманның алыбын, батырды, атақты билерді, абыздарды,жыршылар мен малшылардың бейнесін көз алдыңызға елестетесіз. Тас мүсіндер туралы ғалымдар арасында екі түрлі пікір бар екенін де айта кеткен жөн. Болжам жасаушылардың бір тобы мүсіндер атақты түркі ұландары шайқастарда өлтірген күшті жауларын бейнелейді» десе, енді бір топ ғалымдар «тас мүсіндер түркілердің өздерінің мықтыларына қойылған ескерткіштер» дегенді айтады. Сонымен бірге олар «бұл мүсіндер өлген адамдардың қабірінің басына, оның сүйегін өртеу рәсімі жасалған жерлерге қойылған белгі» деген пікір білдіреді. Кім де болса, қашанда жауына тас мүсіндей ғажап белгі қоймағаны анық. Сондықтан екінші болжаммен келісуге болады. Түркі қағанаты кезінде орнатылған ескерткіштер Мойынқұм жеріндегі Хантау темір жол станциясынан шығысқа қарай 40 шақырым «Қожа бала» деген жерде бар. Бұл ескерткіштерді алғаш зертеген Күзенбай Байбосынов тас шарбақ-қоршау төрт бұрышты, ұзындығы әртүрлі, тастар қырынан қойылған дегеніне көзімізді жекіздік Көп заман өткендіктен тас шарбақтар құлаған. Шарбақтың төменгі жағында сақ заманындағы қорған обаларымен бірге қола дәуірдің 50-ге жуық төрт тас қоршау сүлбісі әлі бар. Әлкей Марғұлан түркі қағанаты кезінде жасалған тас шарбақтар мен тас мүсіндер қола дәуірінің тастан жасалған ескерткіштеріне еліктеуімен жасалынғанын байқауға болатындығын айтқан. Осындай тас шарбағы бар ескерткіштер Қордай ауданы «Ой жайлау» деген тау шатқалында да бар. Қорған обалармен бірге гранит тастан жасалынған шарбақтар тізбегі баршылық. Осы тас шарбақтағы биіктігі 160 сантиметр болатын мүсін ерекше. Мүсінде кең маңдайлы, қыр мұрынды қарт кісі кескінделген. Қолын алдына ұстағаны да, белдігінің ою-өрнектері де анық. Мүсіннің айта кететін ерекшелігі – оның көзі жұмулы. Осы ескерткіштің жанында қола дәуірінің де ескерткіші тұр. Жамбыл жерінде топырақ пен тастан үйілген обаларға орнатылған тас мүсіндер де кездеседі. Бұл мұра Жетісу өлкесіндегі VІІ-Х ғасырларда болған феодалдық мемлекеттердің бірі – Қарлұқ қағандығынан қалған. Ол Батыс Түркі қағанаты ыдыраған соң түркештерді талқандап, күшті мемлекетке айналды. Сөйтіп, қарлұқтар Жетісуда 766-940 жылдары билік құрып, Шуда – Суяб, Талас өңірінде іргетасын қаңлылар қалаған Тараз қаласын тұрақты мекеніне айналдырды. Қарлұқ мемлекетінің саяси, әлеуметтік-экономикалық ықпалының өсуі Қаңлы мемлекеті сияқты Ұлы Жібек жолының бойындағы сауда-саттықты бақылауына алуы, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етумен тікелей байланысты болды. Қарлұқ дәуірінде VІІІ-ІХ ғасырларда Талас алқабында Жамухат, Атлах, Хамұхат сияқты қалалар бой көтерді. Тараз қаласын айтпағанда Меркі, Құлан және Аспара сияқты ірі қалалар да осы мемлекеттің құрамында болды. Қарлұқ мемлекетінің экономикасы мен мәдениеті дамыған қуатты болды. Бір қызығы олардың арасында бір емес бірнеше діни ағымдарға бой ұрғандар көп кездесетін. Соған қарамастан халықтың көпшілігі негізінен ата-бабалар әруағына, тәңірге сыйынды. Орта Азияда Х ғасырда болған араб жағрипашысы Әл-Макдиси былай деп жазды: «Түркілер бір Тәңірге табынды. Олардың кейбіреуі «Тәңір» дегеніміз зеңгір көктің атауы деп пайымдаса, енді біреулері «Тәңір» көктің нақ өзі» деді». Міне осы кезеңде тас мүсіндерді қашау жаңа сатыға көтерілді. Тіпті елді мекендерде арнаулы шеберханалар жұмыс істегенін мүсіндердің сынық қалдықтарынан анық байқайсыз. Қарлұқтар түрік тайпаларынан құрылған қағанат болды. Сондықтан да болар олар түркеш қағанатының салты мен дәстүрін жалғастырды әрі дамытты. Дүниеден өткендердің әруағына сыйыну және оларды еске алу үшін тас мүсіндерді қорғандарға орнатуды жалғастырды. Олар қашаған тас мүсіндер жайлауда, тау бөктерлерінде, шатқалдарда көбірек кездеседі. «Осыған қарағанда бұл салт тек жаз кезінде ғана өткізілген сияқты», – дейді К. Байбосынов. Себебі олар қоныстанған жақын жерлерден тас мүсіндер жоқ. Сонымен бірге биік жерлерге тек жаз айларында ғана баруға болады. Теңіз деңгейінен төрт мың метр биікте орын тепкен Сандықтас шатқалындағы тас мүсіндер осы сөзімізді дәлелдей түседі. Мұнда Айман Досымбаеваның айтуынша «64 тас мүсін ашылды, оның 31-і әйел мүсіні. Ғұрыптық ескерткіштердің статистикалық талдауы және типологиялық мәліметтері негізінде ғибадатхананың құрамында 38 мүсінді кешен бар екені анықталды». Бір жерге осыншама мүсіннің шоғырлануы Қарлұқ тайпаларының бұл өңірді ұзақ жылдар бойы жаз жайлау еткенін аңғаруға болады. Кезінде Батыс Түрік қағанатының қағаны Істемі шетел елшілерін елдің астанасы Тараз қаласында қарсы алып, қонақтарды осы Сандықтас шатқалында демалдырған. Ал оның немересі Тон астанасын Мыңбұлақ жеріне, яғни Меркіге көшіріп, табиғаты керемет, жау аяғы жете бермейтін, биіктегі Әулиекөл-Көккөлге жақындай түскен. Тіпті ол бұғыларды санап, мойындарына қоңырау тағып, оларды атқандарды өлтіруге жарлық шығарған. Көккөлдің айналасы тұнып тұрған тарих. Біз Сандықтас пен Көккөл шатқалдарына барғанымызда мешіттің орнын, бірнеше кіші көлдерді көріп, балбал тастарды тамашаладық. Молалар өте көп екеніне назар аудардық. Осыған қарап бұл жер ұзақ жылдар бойы қарлұқтардың мекені болғанын білесіз. Міне осындай тарихы мен табиғаты бай өңірдегі балбал тастардың сан алуан болуы кімді болса да қызықтырады. Тас мүсіндер тастан, топырақтан үйілген обаның шығыс жағына орнатылған. Бір обада бірнеше мүсін осында кездеседі. Бұл көне мұраны Айман Досымбаеваға дейін де талай орыс ғалымдары зерттеген, зерделеген. Олардың арасында қате пікір айтқандар да болды. Мәселен орыс ғалымы Э.А. Новогородова «Қазақстанның оңтүстігіндегі қыпшақтардың «Киелі орны» атты ғылыми еңбек жазған. Қыпшақтар Махмұд Қашқаридің айтуынша ХІ ғасырда ғана Тараз, Отырар қалаларының төңірегіне келе бастаған. Сондықтан да Сандықтастағы тас мүсіндер қыпшақтарға тиесілі емес деген пікір жиі айтылуда. Меркі шатқалындағы бұл ескерткішдерді VІІІ-Х ғасырларда осы өңірді билеген қарлұқтардың, тіпті олардан ертерек VІ-ҮІІ ғасырларда салтанат құрған түркі бірлестіктерінің, осында билік құрған түркештердің заманына да жатқызуға болады. Мұндағы тас мүсіндердің көпшілігі бір-біріне ұқсас болғанымен қолдарына ұстаған ыдыстары әртүрлі. Тас мүсіндерден қару-жарақ және әртүрлі бұйымдардың суретін аңғарасыз. Бас киімдері бар қыз-келіншектердің де, малдас құрып отырған жігіттердің де бейнесін көруге болады. Бір қызығы Қазақстанның өзге өңірлерінде кездесе бермейтін көрініс мұнда әйелдер мен ерлердің мүсіндері қатар тұр. Ежелгі түркілердің кісіні жерлеу рәсімі туралы кезінде көптеген пікірлер айтылған. Қытайдың «Тан-Шу» атты шежіресінде; «Олардың әдеті қабір үстіне үй жасап, оның ішінде жерленген кісінің тасқа қашалған тұлғасын қояды. Сонымен қатар олардың ерліктерін жазады» деп жазыпты. Көне түріктерді дәл осындай жерлеу дәстүрін көзімен көрген ХІІІ ғасырда француз королі Людовик тапсырмасымен 1253 жылы Орталық Азиядағы Моңғол ордасы Қарақорымға барған Г. Рубрик қазақ жерінен өткенде жергілікті тайпалардың өлген адамды жерлеуі жайында; «Өлгендердің үстіне топырақ үйіп, бетін күн шығысқа қаратып, кіндігінің тұсында тостаған ұстап тұрған мүсін орнатады» деп жазыпты. Әрине ол бір ғана жерлеу рәсімін көрген болуы керек. Болмаса тас мүсіндердегі суреттердің әртүрлі болатынын да ол көретін еді. Мәселен Қордай ауданының Шарбақты ауылының терістік жағындағы Қарасулы сайынан табылған екі мүсін қытай шежіресінде айтылғандай емес. Оның бірі дулыға киген жауынгерге ұқсас, ал екіншісі кимешек киген әйелді кескіндеген. Бір қызығы екеуінің де көздері жұмулы, оның үстіне бір-біріне қырын орналастырылған. Бұл мүсіндер туралы қандай ой қорытуға болады? Сирек кездесетін тас мүсіндерді Шу ауданындағы Жайсаң жайлауынан да көруге болады. Жайсаң алқабындағы тарихи ескерткіштердің қорғандарда орналасуы әртүрлі. Тас мүсіндер қорғанның шығысында да, батысында да және ортасында да орнатылған. Бұл даладан жартастарға салынған рулық таңбаларды да кездестіруге болады. Жүздері шығысқа қаратылған төрт тас мүсін ерекше. Солардың бірінің бет-бейнесі әдемі сақталған. Үшеуінің жүзі көмескілене бастаған. Үш мүсіндегі кісі де сол қолдарына ыдыс, оң қолдарына сұңқар ұстатылған. Аңғарсаңыз көптеген балбал тастарда кескінделген адам бір қолына ыдыс ұстап тұрғанын көресіз. Бұл нені аңғартады? Ыдыс-Жер мен Судың, Аспан мен Жердің бірлігінің белігісі. Яғни, бұл тәңірге табынушылықты, сонымен бірге ата-бабалар әруағына табыну, өздерінің салт-дәстүрлеріне адалдығын көрсетеді. Айман Досымбаева осылай ой деп қорытады. Ғалымның пікірімен келісуге болады. Ал мүсіннің екінші қолындағы сұңқар еркіндікті, тәуелсіздікті бейнелейді. Сонымен бірге мүсіндердің қолдарынан басқа да заттардың суреттерін көресіз. Оны дүниеден өткен кісінің кәсібі мен даналығын, көсемдігі мен батырлығын, қандай іспен айналысқандығын айғақтауға ұмтылғаны деп ой түюге болады. Тас мүсіндер әртүрлі. Бірі – заманының батырын кескіндесе, енді біреулері мейірімді аналарды бейнелейді. Тіпті,саятшы мен шаманның да бейнесін кескіндеген. Жамбыл облыстық тас мүсіндер мұражайындағы үш мүйізді мүсін сөзімізді дәлелдей түседі. Мұны ғалым С.М. Ақынжанов бақсының бейнесі дегенді айтады. Сонымен бірге Жайсаңнан әкелінген үлкен сұр тастан жасалынған мүсін де ерекше. Мүсіндегі кісі екі қолымен кіндігінің тұсында екі сүйір затты ұстап тұр. Орыс ғалымдар бұл заттарды арфа саз аспабы дегенді айтады. Ал біздіңше бұл қобыздың алғашқы нұсқасы. Ең алғашқы қобыз бір шекті, садаққа ұқсас болып келген. Мұндай мүсіндерді Әлкей Марғұлан Орталық Қазақстаннан да кездестірген. Кезінде Байзақ ауданындағы Түймекент ауылының маңынан бүйірінде көне руна жазуы бар табылған тас мүсін Әлкей Марғұланды ерекше таңғалдырған. Оның да сыры толық ашылмай, қазір сол тас мүсін ұмыт қалғаны өкінішті-ақ. Өкінішті болатын іс аз емес. Сыры ашылмаған балбал тас аз емес. Сонымен бүгінгі қазақ жерінен тысқары жерлерде де тас мүсіндердің кездесуінде қандай сабақтастық бар екенін де біле бермейміз. Мәселен Украйнаның Изюм деп аталатын қаласының маңында біздің жеріміздегі балбал тастарға ұқсас мүсіндер кездеседі. Оның сырын сол тастарды орнатқан жылдары-ақ жазып, қалдырыпты. Ұлы Отан соғысы басталар алдында ғана украиналық археологтар Изюм қаласының орнында қазба жұмыстарын жүргізгенде араб хәрпімен жазылған тақтайша тауып алады. Онда былай делініпті: «Бұл қала Әлиұлы Әли Таласиұлы Джемаль-ад-Динұлы Әли-ад-Диннің әмірімен 11 шавваль 734 жылы салынды». Ғалымдар бұл кісінің тараздық билеуші екенін де дәлелдеген. Мұражай қорында ұзындығы –195,ені 31 сантиметр болатын ерекше бір мүсін бар. Сұр тас жұмырланып өрілген. Бізді қызықтырғаны тұғыры бір болғанымен оның жоғары жағында тастың төрт қырында төрт кісінің кескіні бейнеленген. Тұғырдың төменгі жағында әртүрлі суреттер салынған. Ескерткіштің ерекшелігінің шешуі әзірге белгісіз. Не үшін, неге осылай қашағанын біле алмадық. Әлде соғыста қайтыс болған бір үйдің батыр ұлдары кескінделді ме екен?! Сонымен бірге бұл діни ғұрыптардан туған туынды ма екен?! Шешуі жұмбақ. Бұл ескерткіш Тұрар Рысқұлов ауданының Өрнек ауылының маңынан әкелініпті. Осы маңдағы орта ғасырлық қала орнына қазба жұмыстарын жүргізгенде К. Байбосынов бастаған археологтар сарай тіреулерінің астына қойылған тастың жоғарғы жағы сүйірлеу, төменгі жағы жалпақтау, төрт бүйірлері ойық тұғырды тапқан. Оның бір ғана ойық бүйіріне адам суреті салынған. Мұның да сыры жұмбақ. Осы жерден табылған тас төсектің ерекшелігі қызықтырады. Осы жерден тас қашайтын шеберхананың орны табылған. Мұнда аяқталмаған мүсіндердің нобайларын да кездестіресіз. Мұны қазақ жерін билеп, төстегендер де білген. Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатының 10-қордың 5-тізбесіндегі 1915-1917 жылдардағы тарихи құжаттарды ақтарсаңыз бүгінгі Жамбыл облысының аумағындағы көптеген тарихи ескерткіштер мен тас мүсіндер патшалық Ресейдің отарлаушыларының да назарын аударғанын аңғарасыз. 1896 жылы 11 желтоқсанда генерал-губернатор үйінің залында өткен археолог әуесқойларының Түркістан үйірмесінің мүшелерінің жалпы жиналысының қаттамасында өте қызықты деректер мен дәйектер келтірілген. Жиналысқа үйірменің құрметті төрағасы барон А.Б.Вревский және төрағаның орынбасары Н.П.Остроумов төрағалық еткен. Жиналысқа үйірменің 30 мүшесі мен хатшысы, қазынашылық өкілі қатысып отырған. Үйірменің бір жылда атқарған істерін тыңдай келіп құрметті төраға археологиялық және басқа да зерттеу жұмыстарының нәтижесінде мәдениеттің ұрығы адамзатқа арабтар арқылы жетті деген пікірді Орталық Азияның тұрғындары, атап айтқанда, атеистер дамытқанына көз жеткізуге болады деген. Ол сонымен бірге осы өңірдің мәдениетінің дамуына христиан дінінің ықпалы болған деген болжам айтады. Бір қызығы осы үйірменің мүшелерінің көпшілігі түркі халқының әлемдік өркениетті дамытудағы алатын орны туралы ауыз ашпауға тырысқаны байқалады. Олар өркениет дамуын атеистерге телиді. Бұл туралы үйірменің мүшесі Авинов деген мырза да айтқан. Сонымен бірге ол Бомбейдің «Азия» археологиялық қоғамының Меркі жерінде балбал тастарды зеттеудегі еңбектеріне де тоқталған. Осы жиналыста А.Т.Тамиров деген азаматтың Түркістан мұғалімдер семинариясының оқушылары Әділ Нұрғоджинов пен Қарабаш Әділбеков екеуін жанына алып Меркі балбал тастарының құпиясын және 4000 метр биіктіктегі Көккөлде зерттеу жұмысын жүргізгені айтылған. Олар осы зерттеулерін ғалымдардың өзге де зерделеулерімен салыстыра келіп амалсыздан балбал тастарды орнатушылар түрік тайпасының өкілдері екенін мойындайды. Үйірменің жылдық есепті жиналысында Әулиеата жерін зерттеуде көп еңбек сіңірген И.В.Аничков пен В.А.Каллаур да хабарлама жасаған. Ол өз сөзінде Талас өзенінің бойында Дмитревский деп аталатын елді мекеннің маңынан таңбалы тас көргендігін, ондағы жазу араб немесе қалмақ жазуларына тіпті де ұқсамайтындығын мәлімдеген. Ол өз сөзінде И.В.Аничковпен пікір алыса келіп бұл жазба Орхон-Енисей сына жазуларына ұқсас деген пайым жасайды. Бұл жазуды даниялық ғалым В.Томсен оқыған. Сонымен бірге олар таңбалы тастың көшірмесін түсіргендерін де айтады. Осы жиында үйірме мүшесі В.П.Панков та хабарлама жасаған. Ол өз сөзінде 1896 жылы 15 қарашада Ботамайнақ елді мекенінен үңгір көргенін айтады. Бұл жерде бір емес алты үңгірдің қатар орналасқандығын мәлімдеген. Үңгірде қатарласа төрт адам еркін жүрген. Қазір жамбылдықтар жинастырған дүниеге қызыға қарап, оны берсе қолынан бермесе жолынан алғысы келетіндер де табылып жатады. Ертеректе ежелгі Тараз-Әулиеата-Жамбыл жерінде тастан қашалған ескерткіштер Ташкент, Санкт-Петербург, Мәскеу асты. Кейінірек астаналардағы салалық мұражайлар қолқа салып тарихи жәдігерлерді алғандары да бар. Мұрағат құжаттарында кіші Бурылдан фин археологтары қазба жұмыстарын жүргізгендігін, соның нәтижесінде көптеген құнды материалдар табылғандығы жөнінде де деректер бар. Атап айтқанда, белдік әшекейлері, мыстан, алтыннан, күмістен, жақұттан жасалынған бұйымдар мен күміс, алтын теңгелер табылған. Бұл жәдігерлердің бәрі Ташкентке сонымен бірге басқа да алыс жерлерге жөнелтілген. Финугор ғылыми экспедициясы қазба жұмыстарын жүргізу кезінде тасқа жазылған Орхон жазбаларын да тапқан. Ғылыми экспедицияға басшылық жасаған Г.Гейкель қазба нәтижесінде табылған жүзге жуық жәдігерді Гельсингофорский археологиялық музейіне жіберуді өтінген. Сонымен бірге оның Орхон жазбалары жазылған екі тасты Ташкентке алып кеткендігі туралы да мәлімет бар. Егер осылайша тарихи қазына шашылып кете берсе ақыры не болады? Қайта Тараздағы тас мүсіндер мұражайын кеңейтіп, жаңа экспонаттармен толықтыруды ойластырған жөн. Керек десеңіз Жамбыл жеріндегі таңбалы тастардың нақты көшірмелері жасалынып, олар осы музейге шоғырландырылуы әсерлі әрі тиімді. Қазір таңбалы тастар қирап, бұзылып, тозып барады. Оларды зерттеушілер мен сақтаушылар некен-саяқ болуы қынжылтады. Облыстың барлық аудандарында тасқа қашалған немесе тастан қашалған ескерткіштерді кездестіруге болады. Солардың көшірмесін жасап, «мына ескерткіш ана жерден алынды немесе әкелінді» деп жазылып қойылса орынды болар еді. Музейлердегі жәдігерлерді мектеп оқушыларына жиі көрсетіп, оның сыры мен қырын айтып отыру ләзім. Бір өкініштісі қазір туған жер тарихын білмейтін, оған қызықпайтындар көбейіп бара жатқан сияқты. Тарихымызды білу жарқын болашағымызға сара жол салу екенін ұмытпаған жөн. Қандай ескерткіш болмасын ол заманына бейімделген. Ата-бабаларымыз өнерлерін таста қалдырып, келер ұрпаққа өздері туралы жәдігер қалдыруы тегін емес. Олар жасаған ескерткіштерді жинастыру еліміз тәуелсіздік алған жылдары ғана жүзеге асты. Тас мүсіндерді іздестіруге, жинастыруға, ғылыми тұжырым жасауға кезінде қазақтың біртуар азаматы Өзбекәлі Жәнібеков үлкен ықпал жасағанын айтпай кетуге болмас. Қорыта айтқанда ғасырлардан бізге жеткен тас мүсіндер тарихымыз тереңде, мәдениетіміз өрде болғанын, бұл өңірде осыдан 2000 жылдан астам бұрын салтанатты, сәнді қалалар бекерден-бекер тұрғызылмағанын танытады. Тас мүсіндер өнер, оның ішінде тас қашау, мүсін жасау, ескерткіш тұрғызу біздің ата-бабаларымызға тән болғанын танытады. Оны насихаттау, жаңғырту және сақтау бүгінгі ұрпақтың парызы. Әрине біз бұл мақаламызда тас мүсін-балбал тарихына толық немесе жеткілікті талдау жасадық деп айта алмаймыз. Мақаламызда бабалардан осындай тарихи ескерткіштер қалғанын көпшілікке жеткізу және ғалымдар, зерттеушілер айтқан пікірлерге қысқаша шолу жасауды мақсат еттік. Бұл салада әлі сараланбаған, зерделенбеген, зерттелмеген, көрмеген кереметтеріміз аз емес. Топшылаудан, болжам жасаудан аса алмай отырған жағдайымыз бар екенін де жасыруға болмайды. Байыбына бармай орынсыз пікір, ой айту ғылыми танымымызды дамытпайтындығын естен шығармауымыз керек. Тастан қашалған ескерткіштеріміз қолды болғанынан сабақ алып, әлі көміліп, жасырын жатқанын жарыққа шығаруды да ұмытпағанымыз жөн. Осы орайда белгілі ғалым Талас Омарбековтің «Түркі және Батыс Түркі қағанаттары кезеңіндегі Тараз тарихы да жазба ескерткіштерге жүдеу… Осы кезеңнің тарихын зерттеуге біздің ойымызша Тараз жеріндегі көптеп кездесетін ежелгі тас мүсіндерді жан-жақты зерттеу көп көмек бере алар еді» деген пікірімен келіспеске болмас. Сондықтан да барымызды бағалап, оның уақыттың тезінен өткен мұраның сынған кетігін тауып, бүтінін асылға айналдыруымыз керек.
Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ, Жамбыл облысының мемлекеттiк мұрағатының директоры, жазушы
Тараз қаласы

Серіктес жаңалықтары