Бейсенбі, 9 Ақпан, 2023

КҮНӘҢДI АУЫРЛАТПА...

Бисмиллахир – Рахманир – Рахим! Алланың кіршіксіз таза жолына жетер жолда қай мұсылман болсын, діні жайлы игерген алғашқы біліміне сабырлық етуі керек. Себебі Алланың әсерлі кәусарынан шыға алмай, ойын әріден дамытып, білсем деген құштарлығына ілескені соншалықты, жолдан тайқып кеткенін сезбей қалатындар бар. Ислам әлемінің түп тамырына жету әркімнің қолынан келе беретін жәй ғана іс емес. Тақуалыққа жетудің жолы жіңішке, ол бір инемен құдық қазғандай, дараланған сара жол. Жақында, мешітте бес уақыт намазын ата-анасынан жасырын оқып жүрген жас бауырымызға «Алла разы болсын!» деген сырттай тілегім болды. Алайда кенеттен оның күрт өзгергенін байқадым.

Әңгімесінің бас-аяғына құлақ түрсем, орта жолдан табыла кеткен ғайып ұстаздың айтуы бойынша, «Олай емес, бұлай екен, мен бұл күнге дейін шатасып келіппін» дегенінен, жетекке ұрынғанын сездім. Байыппен қарап, байсалдылық таныта, ойына еш қарсылық білдірместен, «Алланың жібінен ұстанған алтын бауырым, әлемдегі ұстазың – Алла, білімдегі ұстазың – Құран, өмірдегі ұстазың – (с.ғ.с.) Мұхаммед, жолыңдағы ұстазың – мешіт емес пе, сен бұларды ұмыттың ба?» деген бір ауыз сөзіме тырп етпестен, ұзақ ойланып қалған еді. Орамалдыдан шошыныс, сақалдымен қақтығыс, жамылушымен арпалыс болған заманда «Дінім үшін шахид болам!» деп, алған аз білімін өзінше бір әсірелеп, әспеттеушілер сол білімінің саяздығынан әрбір бұрышта өзін-өзі жарып, елді үркітпесе, ешкімді қуанышқа бөлеген жоқ. Одан дініміз көркейіп, иманымыз артқан жоқ, керісінде, дінімізге қара дақ түсуде. Тіптен саяздық емес, ол сараланбаған біліміне жанын қиғаны. Өз дінін сүйген адам, өз ұлтын да шынайы сүйе алады. Бірін кейін қоюға, бірін жоғары санауға болмайды, әрі оны ажыратуға тағы болмайды. Діншілдік ұлтжандылық емес немесе дінін сүйген адам ұлтын ұмытуы тағы тиіс емес. Кейбір азаматтардың «Мен қазақпын, бірақ мен мұсылманмын ба?» деген қисық сұрақтары кейде көңілді жүдетіп жатады. Жаратқан Алла мына әлемді жаратып, ортасына адамзатты қойғанда, оның дінін көріксіз етіп жаратпайды. Әрбір діннің өзіндік сұлулықтары бар. Десек те, діндердің ішінде ислам діні ерекше әдемі, көрікті, соңғы хақ дін. Оның сұлулығына ештеңе жетпейді. Сондықтан, дініміз Жаратқанның асқан асыл мейірімі! Ал осы мейірімнен тараған әрбір мейірім жамандыққа қалай барады, сенімін неге жояды, міне сұрақ! Әлемде, өзіне-өзі қол жұмсау белең алуда, әсіресе жастар арасында. Ол жақсылық емес, оның ішінде өзін-өзі сатып, өзіне-өзі қол салу қазақ халқына жат қылық. Өйткені, «Шыбын жаным» деген қазақ жанын аялай, оның қадірін жетелеген. Ал мұндай өлімді «Доңыз өлімі» деген. Дегенмен бүгінде қазақ халқы неліктен мұндай жан кеселіне душар болып келеді, оған не себеп? Айы-күні аманда, адамзаттың ойын жаулайтын не дүние, рухани тапшылық па, күйзеліс шыңы ма, әлсіздік пе не адасу ма? Негізінде, қос дүниенің пырағы болған қасиетті маржан дініміз адамзат санасының мықты да мәңгілік рухани туы. Ол желбіремесе, мына дүниенің адамзатқа берері аз. Бос кеудеде тек суық жел уілдеп, қаңыраған жапан даладағы жалғыз үйдей, біреу түгілі өзіне – өзі пана болмайды. Сондықтан, бірінші себепте адам жүрегінде сенімнің болмауы. Оның ішінде, қандай сенім, әрине оны да ойлаған жөн. Сенім керек дегеннен, сендіре алмай жүргеніміз аздай, «Сенгенім осы» дегендерді тоқтата алмай жүрміз. Сабырлық керек қашанда, сабырлық! Ардақты (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз «Дін екі бөлімнен тұрады, бірі сабырлық болса, екіншісі шүкірлік» деген. Сондықтан, бұл жерде, адам өміріндегі сенім деңгейі мен оның сапасы үлкен орын алады. Егер, сенімнің күші болмаса, онда үміттің болуы да екіталай. Құс қанатының біреуі сынса, самғап ұша алмай жер бауырлап, екі аяғына сенгенмен, көкті аңсап, құс екеш құс та бір ықты тасалап, күдерін үзеді емес пе. Бұл жерде, адам санасының бір жібі үзілгенімен, екінші сымы үзілмеуі тиіс. Ал, оны жалғайтын қоғам, онан бұрын орта, әрісі әлеумет, ең бастысы отбасы, тіптен жанындағы жан жары мен баласы. Яғни адамда рухани «жалғыздық» болмау керек деген сөз. Көңілді қуаң шөлмен тапшылата құрғататын, жанын жегі құрттай жейтін бір ғана сенімсіздік жан дүниені үнсіз жайлап алады. Өмірдің таңы атқанымен, ешбір сәтті қызықтырмайтын күйге ендіріп, жүрек пен сананы ауруға шалдырады. Бұл адам бақытсыздығының басы әрі өзін-өзі жерлеуге әкелетін кеселдің алғашқы сатысы. Одан кейін «Үмітсіз шайтан» дегендей, бойға үрей билетеді. Мұнда «Қорыққанға қос көрінеді». Бәрінен бұрын, адам өзінен-өзі қорқатын болады. Себебі иманы кем, санасы бос әрі әлсіз, бой қорқақ болған соң, адам жанының тығырыққа келуі оп-оңай. Сөйтіп іштей күйзеліс басталады. Бұл бір тылсым құбылыстағы кесел. Оны сезіп, бойға жолатудың өзі қорқыныш. Дымын білдірместен, бұл кесел ғайып күйде адам санасымен сырласуы да мүмкін. Қазіргі таңда халқымызда аракідік ішінара белгісін беріп келе жатқан мұндай құбылыстың бары рас. Бірақ себебін анықтамай келеміз. Бүгінде өмірдің тауқыметінен гөрі, түкке тұрғысыз әрнәрсені сылтауратып, төсек тартып, күйзеліспен жатып қалатындар бар. Біле білсеңіздер, нағыз қайғы мен қасірет жетімдер мен қарттар үйіндегі қаракөз мұсылман баласы мен қариялардың көзінде! Еліміз егемендік алғанда, мұсылман баласы мен қарттары жеке ел болғандай, олар бір төбе, біз бір төбе болдық. Олардың ішкі зары мен тынған мұңды жанының күйзелісін кім біледі? Әйтсе де, Жаратқан Алла олардың күнін бізге қаратып, не болмаса жүрегін қатайтып, тіпті қарайтқан да жоқ. Керісінде, жер бетін алшаң басқан пенделердің көңілін тас етіп, мұзға айналдырмаса да, жүректерін өздері өзгерткен.

Бір үлкен ғазауатта Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз сап қатары алдында соғысып жүрген бір сахабаны меңзеп, «Бұның орны тозақ» дегені бар. Сонда, басқа сахабалар Оның (с.ғ.с.) бұл сөзіне өте таңырқап қалды. Себебі Алла жолында жанын пида етуге даяр жүрген бұл адамның соңғы барар жері «Неліктен тозақ?» деген сұрақпен, әлгі адамды аңдуға алады. Содан, кейініректе ол кісі жарақат алып, «Осы жарақаттан бәрібір өлемін ғой!» деп, өзіне-өзі қол жұмсайды. Бұл хабар Пайғамбарымызға жеткенде «Алла адам өмірінің соңына қарайды» деген болатын. Сондықтан, бұл өміріміз әр түрлі спорттық жарыстардағы жеңістер сияқты соңғы мәремен өлшенеді. Алла тағаланың адамзатқа сыйлаған ең ұлы нығметі өмір болатын болса, ол өмірді адам баласы өзінің қолымен қиюына бұ дүниеде ешкім және ешнәрсе /дағдарыс, қайғы, махаббат, т.с.с./ себеп бола алмайды. «Кім өзін – өзі қалай және немен өлтірсе, қияметте дәл солай азап көреді» деген хадистегідей, қателікке қателік, күнәларымызға күнә қоспай, жақсылықпен сауапқа асығайық, ағайын…

Нұрлан АСАНОВ,

Қазақстан

Мұсылмандары дiни басқармасының

Өскемен аймақтық өкiл имамы

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button