­МАЖАРЛАР ҚАЗАҚ ЕЛІН АРАЛАЙДЫ

­МАЖАРЛАР ҚАЗАҚ ЕЛІН АРАЛАЙДЫ

­МАЖАРЛАР ҚАЗАҚ ЕЛІН АРАЛАЙДЫ
ашық дереккөзі
344

Осыдан бiраз жыл бұрын сонау Венгриядан келiп, қазақ пен мажардың туысқандығын зерттеп жүрген антрополог-ғалым Биро Андрашпен кездесiп, аз-кем тiлдескенiмiз бар едi. Сол кезде ол өмiрiн қазақ пен мажардың туысқандығын дәлелдеуге арнаған әрi өз тегiн көне қыпшақ-құмандардан iздеп, ұлы далаға келген, сөйтiп қазақ жерiнен мәңгiлiк мекен тапқан Қоңыр Иштван Мандокидiң iзiн жалғастырушы екенiн мақтанышпен айтқан болатын.

Қазақ пен мажардың генетикалық туыстығын алғаш рет 1965 жылы венгр ғалымы Тибор Тот зерттей бастаған. Алайда Тоттың ғылыми жаңалығы саяси цензурадан өтпей, еңбектің қорытындысы жойылып кетіпті. Тоттың аяқталмай қалған еңбегін Биро Андраш үлкен жауапкершілікпен қолға алған. Биро Андраш өзінің антропологиялық зерттеуін Торғай өңіріндегі мадияр руынан тараған ұрпақтардан генетикалық сараптама алу арқылы жүргізді. Араға көп уақыт салмай ол қазақ пен мажардың бір туған ұлт екендігін айтып сүйінші сұраған еді. Мажар мен қазақ туыс деген тегін сөз емес. ХІХ ғасырда-ақ түркі тектестер арасынан бауырын іздей бастаған еуропалық қыпшақтардың ізденісі атақты Иштван Қоңыр Мандокидің арқасында ғылыми ізге түсіп, ақырында ізбасары Биро Андраш бастаған ғалымдар айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді.

Енді мажарлар Қазақ топырағын салт атпен араламақшы. Хунгария қыпшақтарының жалғасы санайтын венгриялық «Еуразия» экспедициясының құрамы бағзы заманда Ғұн тайпасы жүріп өткен жолды басып өтеді. Экспедиция жетекшісі Иштван Бенценің айтуынша, салтаттылар қазақ ұлтымен тығыз байланыс орнатуды көздейді. Сондай-ақ, ең бастысы, Венгрияның бір бөлігін құрайтын мажарлардың көк түрік ұрпағынан таралғанын тағы бір мәрте дәлелдеу. «Бұл «Алтын адамнан Аттиллаға дейін» шарасының заңды жалғасы. Осы сапарда 7 мыңға жуық шақырым жол басамыз. 1 наурызда Будапешттен бастау алатын сапар Румыния жері мен Қара теңізді басып өтіп, Әзірбайжан, Кавказ, Грузия елдерінде жалғасып, 6 шілде күні Астанаға ат басын тіремек. Шара қазақ елі мен мадияр жұртының тарихи тамырлас екенін айғақтайды. Қос құрлықты тұтастырып, екі елді табыстыра алсақ бұдан артық қуаныш болсын ба?», – дейді ғалым Иштван Бенце.

Бір айта кетерлігі, экспедицияны ұйымдастырушылар аталған бағытты аралауға шын ниеттерімен келгенін алға тартса да, қаражаттың қолжетімсіздігін еске сала кетті. Олар қазақ бауырлары арасынан қол созып, көмек көрсететін жандар табылса деген үмітін жасырмайды. Бұл жоба коммерциялық мақсатта емес. Жиһанкездер демеушілер көмегімен және өз қаржысының есебімен саяхаттап келеді.

Межелі күнге дейін экспедиция мүшелері ғұн тайпасының табаны тиген тарихи жолды басып өтіп, жергілікті халықтардың әдет-ғұрып және салт-дәстүріне зер салады. Бір-бірінен шалғайда жатса да, түптамыры бір қос халықтың тарихи және мәдени ұқсастығын таразылайды. Венгр болса да, өзін қыпшақ санайтын «Еуразия» экспедициясының жетекшісі Иштван Бенце «Еуразия» сапарын Астана қаласының 13 жылдығына арнайтындығын жеткізді. Сапар соңында арнайы фильм, кітап шығару және тақырыптық көрме ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары