ҚАЗАҚ КӨШІН ЖАНДАНДЫРУ ҮШІН — ПРЕЗИДЕНТТIК ҚОР ҚҰРУ КЕРЕК

Тәуелсiз Қазақстан аттай жиырма жылды артта қалдырды. Осы уақыт iшiнде Елiмiздiң талай биiк белестердi бағындырғанын көзiмiз көрдi. Жақында ғана Мемлекет Тәуелсiздiгiнiң жиырма жылдық тойын өткiздiк. Кезектен тыс сайлауда халық өзi қалаған партияларына дауыс бердi. Жаңа құрамдағы үш партиялы Парламент өз жұмысын бастады. Үкiмет жүйесiнде елеулi ауыс-түйiс болды… Дәл осы қарсаңдағы жасалған Президенттiң биылғы «Жолдауына» Қазақстан халқы аса ынтызарлықпен құлақ түрдi. Елге оралатын жолы тосылып, келуi қиындап қалған шеттегi ағайындар да бар үмiтiн осы «Жолдауға» артқаны даусыз. Демек, мұндай бұрылыс кезеңде елдiң Елбасы аузынан жағымды жаңалық, тиiмдi жоба-жоспар, пәрмендi нұсқау естiгiсi келетiнi шындық. Не керек, «Әлеуметтiк-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты осынау он бағыттан тұратын «Жолдауда» халық көкейiндегi жүрген ең көкейтестi он қажеттiлiктiң түйiнiн шештi Елбасы.

Тәптiштеп тұрып аталған бұл жұмыстардың қай-қайсысы болмасын, тез шешiмiн тауып, тиянақты атқарылып жатса, үстiмiздегi жылда қазақ жұртының тағы бiр биiкке көтерiлетiнiне шүбәм жоқ.

Дегенмен аталмыш «Жолдау» барысында соңғы кезде тоқырап қалған қазақ көші туралы бір ауыз сөздің айтылмағаны, мұнда келіп алған біздің де, көзі жәудіреп алыста жатқан ағайынның да көңіліне күмән ұялатты. Оның үстіне соңғы кездегі түрлі толқуларға байланысты кейбір саясаткерлеріміз баяғыда Қазақстан азаматтығын алған, «Оралман» деген статуспен әлдеқашан қоштасқан ағайындарға қара күйені баттита жағып, елдің берекесін кетіре бастағаны баршаға аян.

Осындай сүреңсіз күйде отырғанымызда, «Жолдау» жасала салып, «Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің көші-қон заңнамасына өзгерістер енгізу мәселесін қарастыруы қажеттігін, сонымен қатар, оралмандарды қоныстандыру мәселесін түбегейлі шешуді, бұл ретте оларды бір жерге шоғырландыру көзделген «Нұрлы көш» бағдарламасын қайта қарастыруды баса айтқанын, белгіленген бұл мәселелерді шешу Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаевқа жүктегені» мәлім болды. Мұны естіп, жаңа ғана еңсесі түсіп, есінен тана жаздаған, қандастар аталып кеткен қара орман қауымның жүзіне қайта қан жүгірді.

Енді Ербол Орынбаев мырза шешетін мәселе көп-ақ. Жиырма жыл ішінде, әсіресе соңғы бес-алты жылдан бері сол қандастарымызды сарсаңға салған, көшін тоқыратқан, Үкімет ұсынған жәрдем ақшасын жең ұшынан жалғасқан жемқорлардың жемі қылған көп түйткілдің күрмеуін шешу – бұл жолы бір отырыспен, жалаң талқылаумен бітпейді. Оған білгір заңгер, осы саланы жетік білетін майталман маман, кәсіби дипломат, іскер ұйымдастырушылардың қатысуы керек. Ең бастысы ұлт қамын ойлайтын, мемлекетшіл тұлғалар қажет.

Жасыратыны жоқ, қазір шеттегі қандастарымызға ұлт ретінде жойылып кету қаупі төне бастады. Қытай қарамағындағы қандастарымыздың жағдайы тіптен қиын. Мектептері жабылып, жыл өткен сайын тілі мен дінінен айырылып барады. Ресейдегі қазақтар да осы күйде.

Сонымен бірге Қазақстанның да жан басының өсімі көніл көншітетін шамада емес. Кешегі Жиырма жылдықта сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біздің еліміз – жас, жеріміз – ұлан-ғайыр, халқымыздың саны болса – көп емес. Сондықтан Елбасы ретінде елімнің болашағын ойлап алаңдаймын» – деп қамығуы кім-кімді болса да алаңдатпай қоймайды. Тіпті біздің бұдан былайғы атқарар жұмысымыздың негізгі бағыты осы сала деп тұрғандай.

Кең жерімізді елге толтырудың, еліміздің болашағын кемелді етудің бірден-бір жолы осы Көші-қон жұмысын тездету, сырттағы қандастарды жаппай елге оралту.

Елбасы ерте жолға қойған Қөші-қон сынды осы маңызды саясаттың астарын түсініп, жүрісін жеделдетудің орнына, жауапты органдар немқұрайлылық танытып, екі он жылдан бері әлі бір кемелді механизм жасай алмай-ақ келеді. Басқасын айтпағанда, өткен жылы ғана көп талқыға салынып, өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, қабылданған «Көші-қон заңы» жыл өтпей жатып, Отанына оралғандарды келген еліне кері қайтуға мәжбүр етті. Атап айтар болсақ, 2011 жылдың 22 шілдесінде Президент қол қойған,16 тамыздан бастап ресми қолданысқа енген №478 «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңында: «Сондай-ақ Қазақстан аумағынан кеткен адамдар мен олардың ұрпақтарынан, егер олар тарихи Отаны ретінде тұрақты тұру үшін Қазақстан Республикасына қайтып оралған болса» деген бұрынғы заңда бар мәтін алынып тасталған. Содан бері елге оралған қандастарымыздан ҚР-ның азаматтығын алуға құжат тапсыру кезінде Ішкі Істер органдары шетел азаматтығынан шыққаны не сол елдің азаматтығы тоқтағаны жайлы анықтама талап ететін болды. Ол аз болғандай, Ішкі істер министiрі Қ. Қасымов шығарған 15.08.2011 ж. №1/8-110/26724 нұсқау хаты мәселені одан сайын қиындатып жіберді.

Біздің аталмыш заңда тағы «Заңға сәйкес, қандастарымыз ел аумағына келгенге дейін Республикамыздың шетелдердегі мекемелеріне өздерін көшіп келу квотасына енгізу жөнінде өтініш береді» делінген. Бұған Қытай қарамағындағы қандастарыңыздың жағдайы мүлде келмейді. Қытай коммунистiк жүйедегі ел. Оның азаматтарының кез-келген шетел елшіліктеріне «мен шетелге кетпекші едім» – деп баруы қатерге басын тіккенмен бірдей. Екіншіден, «көшіп келу квотасына енгізу жөнінде өтініш берген» күннің өзінде, қолдарында басқа елге шығатын Төлқұжаттың жоқтығына байланысты мұнда бірден көшіп келе алмайды. Өйткені жалпы ҚХР-ның өз азаматтарында шетелге шығатын Төлқұжат болмайды. Ел ішінде жеке басын куәландыратын куәлікпен ғана жүреді. Осы себепті Қытайдағы қандастарымыз біздің елдің құзырлы мекемелерінің «Көшіп келуіне қарсы емеспіз» деген келісімі беріліп, таңбасы басылған «Көші-қон шақыртуына» тәуелді. Ал, ол «Көші-қон шақыртуы» біздің ел жағынан 2006 жылдан бері тоқтатылған.

Оның үстіне, ешбір ел өз азаматын барып қоныстанатын елінің азаматтыққа қабылдайтыны туралы келісімі болмаса, азаматтықтан шығармайды екен. Өзіміз келген Қытай елінің «Азаматтық туралы заңының» 9-бабында «Егер ҚХР-ның азаматы шетлге шығып, сол елдің азаматтығын қабылдаса, ҚХР-ның азаматтығынан автоматты түрде шығарылады»-деп анық жазылған. Сосын Халықаралық адам құқықтары жөнінде міндеттемелер бар. Мемлекет заңнамалары соған негізделіп жасалады.

Өкінішке орай, Қытай қазағының осынау ерекше жағдайы, қазақтар тұратын елдердің заңдары, жоғарыда айтылған Халықаралық адам құқықтары жөнінде міндеттемелер біздің осы «Көші-қон заңы» қабылданар кезде мүлде ескерілмеген. Соған байланысты Қытайдағы қазақтар жіпсіз байланып отыр. Неше жүз мыңдаған отбасылар, адамдар туыс-туғандарынан бөлініп-жарылып қалды. Кісілік құқығы шектелді… Бұлар мақала көлеміне қарай айтылып отырған бір-екі мысал ғана. Шешім күткен, елді шерменде еткен мәселе айта берсек әлі толып жатыр. Бір сөзбен айтқанда шикі жасалған заң мен ойланбай шығарылған бұйрықтар қазір қазақ көшін тығырыққа тіреді. Болашағын бұлдыр етті. Бұл келеңсіздіктер енді түзетілмесе, тағы да толқулар, тұрақсыздықтар белең алуы әбден мүмкін! Оның жауапкершілігі енді тіке Орынбаев мырзадан сұралатын болады.

Сондықтан «Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы» атты осы бетбұрыс кезеңде берілген Елбасы тапсырмасына сай, Көші-қон саласына да түбегейлі, үлкен өзгеріс әбден керек.

Өз қандастарын Отанына шақырып отырған елдің бірі Израйль. Еврейлер әлемнің әр түкпірінде ғасырлар бойы көзтүрткі болып жүрген ұлттық қасіреттен құтылу үшін, 19-ғасырдың соңғы жартысынан бастап, саналы түрде ұйымдасып, ата-мекені саналатын Палестинаға қайтуды бастағанын білесіздер. Еврей ұлты үшін қасиетті саналатын «Сион тауға қайту» идеясын теориялық тұрғыдан ең алғаш жан-жақтылы дәлелдеп, негіздеп берген Германиялық философ, еврейлердің ең алғашқы көшбасшылары Мосес Хесс (1812-1875) және кәдімгі Карл Маркс болатын. «Сион тауға қайту» ұраны негізінде граф Мосес Монтефиоре бастаған еврейдің ауқатты тобы 1856 жылы тұңғыш рет «Әлемдегі еврейлердің көші-қон қорын» ұйымдастыра бастады. Сол жылы осы Қордың қаржысымен бүгінгі Израйль жеріне қоныстанған еврейлердің саны небары 10029 адам болатын. Израйль мемлекеті өмірге келген күні (1948 жылы, 14 мамыр) олардың қатары алты жүз мың адамға жетті. Бүгінде аядай Израйль жерінде жеті миллион төрт жүз мың еврей текті халық бақуатты өмір сүреді. Ұлт қамын ойлаған еврей оқығандары мен өзінің жеке байлығын ұлттық мемлекет құруға арнаған кәсіпкерлерінің әлде неше ұрпағы Израйль мемлекетін қалыптастыру жолында бір ғасырға жуық азапты күрестер жүргізді. Соның арқасында еврейлер жоқтан бар етіп, мемлекет құрып шықты. Біз жиырма жыл болды, бар мемлекеттің көшін көлікті ете алмадық. Жыл өткен сайын келушілер саны азайды. Қытайдан келетін көш тоқтағалы бес-алты жыл болды.

Ал, Германия да дүниежүзілік екінші соғыста күйрей жеңіліп, елінің қақ бөлінгеніне қарамастан, 1947 жылдың өзінде-ақ соғыс апатынан және Гитлер билігінің жан төзгісіз саяси қудалауының кесірінен өз Отанын тастап кетуге мәжбүр болған немістерді елге қайтару мақсатында «Көші-қон қорын» құрған болатын. Соғыстың қан дақтарын әлі жуып, тазартып үлгермей жатқан немістер сонша неге асықты десеңіз, жауап біреу. Қуатты ел болу. Дәл осы Көші-қон қорының мол қаржылық мүмкіндігінің арқасында миллиондаған неміс өз Отанына оралды. Тіпті, Берлин дуалы құлап, екі Германия қосылғаннан кейін нарықтық қатынастарға әлі де бейімделіп үлгермеген, коммунистердің шекпенінен шыққан миллиондаған Шығыс Германиялық кедей-кепшік немістердің де аузы аққа тиіп, ел қатарына қосылды.

Біз де өз қандастарын Отанына шақырып отырған әлемдегі үш елдің біріміз. Демек, Тәуелсіздік алған жиырма жылдан бергі уақыт бізге де Көші-қон саласына түбегейлі өзгеріс енгізуіміздің – еврейлер мен немістер секілді «Көші-қон қорын» құрудың аса қажет екенін көрсетті.

Қазақ Елінің тарихында Қазақстан деген жас мемлекеттің ірге тасының қалануы; шекарасының бекемделуі; жаңа Астанасының салынуы; ЕҚЫҰ-на төрағалық етуі; Қысқы Азиада ойындарын өткізуі; әлемдегі түрлі дін өкілдерінің басын қосып, жиналыстар шақыруы; Ислам конференциясына басшылық жасауы сынды толып жатқан игілікті істердің бәрі, қалайда Ұлт көшбасшымыз болған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атымен тікелей байланысты. Жоғарыда айтылған шеттегі қазақтардың тарихи Отанына оралуы, орналасуы да сол кісі жолға қойған игі бастама. Оның бұдан былайғы тағдыры тағы сол Ел басшысы болған Нұрекеңнің қолында. Сондықтан бұл Көші-қонға қатысты алғашқы «Қор» да Тұңғыш Президенттің атында болуы керек дейміз.

Президенттік «Қорды» құру, оның жұмысын мемлекеттік тіпті халықаралық деңгейде жүргізу, бұл күнде көлігі шабандап, негізінен тоқтап қалған ұлан-асыр көшке серпін беретініне күмән жоқ. Оның үстіне, бұл қазақ тарихында төтенше маңызға ие, шынайы тәуелсіздікті айғақтайтын, еліміздің әлем алдындағы беделін одан ары көтеретін аса сауапты жұмыс. Жазушы Смағұл Елубай: «Бос жатқан жер жау шақырады» деген болатын бір сөзінде. Шынында, тәуелсіз Қазақ Елінің болашағы ұлтымыздың өз Отанында ұйысып, ұлттық мемлекетімізді құра алуымен ғана байланысты. Ұлт Көшбасшысының тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап шетелдегі өз қандастарымызды қара шаңыраққа шақыра бастауының сыры осында жатыр.

Қазақ көшін қамтамасыз етуге арналған «Нұрлы көш» деген бағдарламаның болғаны, қыруар шаруаны тындырғаны шын. Енді оның екінші кезеңі басталғалы тұр. Шыны керек, бұл жобаның аты әдемі болғанымен, салған үйлерінің бағасы тым қымбатқа түсті. Қанша төмен өсімді несиемен бердік деген күннің өзінде, ол қандастарымызға тегін беріліп отырған жоқ. Алыстан келген ағайынның алуға қалтасы таяздық етті. Бірден қарызға батты.

Еліміздің Солтүстік аймақтарындағы тұрғындардың – өзге ұлт өкілдерінің кезінде көптеп өз Отандарына көшіп кеткенін жақсы білеміз. Тоқырау кезеңі басталғанда қандастарымыз да жұмыс іздеп, қалалы жерлерге ағылды. Демек, ауылдар саудырап бос қалды. Болашағы бар деп танылған осы елдімекендер қазір де баяғы күйде қаңырап тұр деп айтуға болады. «Президенттік Қор» алғашқы қадамда қандастарымызды осы ауылдарға орналастырса, ондағы бос тұрған үйлерді сатып алып, оларға тегін берсе, көшіп келген ағайын үшін бұдан артық не керек? Бұлай болғанда, «Нұрлы көштің» қаржысына салынған бір үйдің құнына, бұл жерден кемінде үш не төрт, тіпті бес отбасына баспана әперуге әбден болады. Сосын олардың өздері де аталмыш «Қорға» аз болса да, қаржы құюға ықылас білдіре бастайды. Екінші кезеңнен бастап, қажетіне қарай, жаңа үйлер, тіпті ауылдар салуды қолға алу, жалғастыру керек.

Бұл жеке менің ғана пікірім, ойым емес, әлемде бар, нәтижесі өнім берген, озық тәжірибе. Алыста жүрген ағайынның арманы мен тілегі. «Әлемдегі қазақтың жалғыз ғана Отаны бар. Ол – тәуелсіз Қазақстан!».

«Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты». Көші-қон заңы кемелденіп, манағы шиелер шешіліп, біз ұсынған жоба іске асып жатса, бұл – қазақ көшін көлікті етудің негізі болмақ.

Ауыт МҰҚИБЕК

Алматы қаласы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button