ОНЫҢ АТЫ – АЛТЫНБЕК ҚОРАЗБАЕВ!
ОНЫҢ АТЫ – АЛТЫНБЕК ҚОРАЗБАЕВ!
Өткен аптада көпшiлiктi елең еткiзген тағы бiр оқиға болды. Қазақстан Композиторлар одағы белгiлi сазгер, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi Алтынбек Қоразбаевты одақтың мүшелiгiнен шығарып тастады.
Естеріңізде болса, өткен жылы ғана халық артисін «ән көшіріп алды» деген желеумен Марат Ілиясов пен Мұратхан Егінбаев сотқа берген болатын. Бұған дейін Алматы қаласының Медеу аудандық соты композиторлар Марат Ілиясов пен Мұратхан Егінбаевтың арызы бойынша істі қараған болатын. «Сарыарқа сазы» және «Аңсаған ауылым» әндеріне қатысты авторлық құқықтарын қорғау үшін арыз берген сазгерлер ісін қарастырған Медеу аудандық соты М.Ілиясов пен М.Егінбаевтың талаптарын қанағаттандырмау туралы шешім қабылдаған еді.
«Ән көшіріп алды» деп басталған сол дау әлі де басылар емес. Бұл жолы одақ басшылары композиторға «моральдық, материалдық шығын келтірді» және «Одақтың жарғысын менсінбейді» деп кінә артып отыр.
Әннен басталған даудың аяғы сотқа барып тірелгенін көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Соттан сотқа сүйреліп жүріп, ақырында бұл дауға нүкте қойылғандай болған. 1998 жылдан бері мүше болып келген Халық әртісі енді бір сәтте Композиторлар одағынан шеттетіліп қалды.БАҚ беттеріне берген сұхбатында Қазақстан Композиторлар одағының төрайымы Балнұр Қыдырбекқызы: «Аттестациялық комиссияның өтінішіне сәйкес, Қазақстан Композиторлар одағының басқармасы Алтынбек Қоразбаевты Қазақстан Композиторлар одағы қоғамдық бірлестігі қатарынан шығару туралы шешім шығарды», – дейді. Оның пікірінше, бұған Алтынбек Қоразбаевтың түрлі іс-әрекеттері мен негізсіз сөздері себеп болған. Бірлестіктің жарғысына сәйкес, Сазгерлер одағы өз мүшелерін жыл сайын аттестациядан өткізеді екен. Биыл Одақ мүшелігінен Қоразбаевтан өзге тағы екі музыка зерттеушісі шығарылыпты. Одақ төрайымы белгілі сазгердің мүшеліктен шығарылуына Марат Ілиясов пен Мұратхан Егінбаевтың еш қатысы жоқ екенін айтады.Ал белгілі сазгердің бұған қатысты қарсы уәжі де жоқ емес. Алтынбек Қоразбаев: «Мен ешуақытта берілмеймін, тағы да айтамын, менің атым – Алтынбек Қоразбаев! Ешуақытта, ешкімге жалынбаймын, өз еркім – өзімде, халқым – алдымда. Еліме берген пайдам бар шығар, аз да болса. Балнұр Қыдырбекқызы басқарып отырған ұжымға өзім-ақ арызымды жазып берем. Ол жерде мен мүше болғым да келмейді», – дейді.
Ала мысықтың кімнің алдын кесіп өткенін кім білсін, Балнұр Қыдырбекқызы мен Алтынбек Қоразбаевтың арасындағы өкпе-реніштің әзірге тарқар түрі жоқ. Соттан сотқа жүгіріп әлек болып жүрген композиторлардың жырына да нүкте қойылар емес. Балнұр Қыдырбекқызы жолы жіңішке әйел заты десек, «әнімді көшіріп алды» деп ағасын сотқа сүйрелеген Марат Ілиясовқа не жорық?! Айдың-күннің аманында ағасы мен інісі жағаласып, сотта жүрсе, қазаққа бұл абырой әпере ме?! Іні алдында аға кінәлі болса, інілік кешірім қайда? Аға алдында інінің кемшілігі көрініп жатса, жөнге салып түзетер аға қайда?! Бізді мазалайтыны осы. Аз ғана қазақтың ұлдары бір бірінің жағасына жармасып, бірінің бірі аяғынан шалып жатса, біздің ұлттығымызға, елдігімізге сын емес пе?Әуелгі дау «әннен» басталды. Ақыры сотқа жетті. Соңында Композиторлар одағынан шеттетілді. Бұның бәріне өзге композиторларымыз қалай қарайды? Біз мұны композиторларымыздан сұрап көрдік.
Кеңес Дүйсекеев,
композитор:
– Мен мұның қандай ньюанстары болғанын білмеймін. Композиторлар одағынан шығарғанын да, шығармағанын да білмеймін. Маған осы тарапта хабарласып жатқан журналистер өте көп. Ең бастысы, мына нәрсені баса айтқым келеді. Басында осының бәріне мен өз жауабымды айтқам. Біреулер осының бәрін әдейі шығарып жүр. Әдейі бір-біріне итеріп салып қойып отыр. Қазақтар онсызда аз. Сол аз қазақ бірін-бірі жесін деп әдейі жасалып жатқан дүние сияқты көрінеді маған. Соны ұмытпаңыздар. Сондықтан мұны даурықтырмай қойған дұрыс… Бұл пәле бір басталса, ары қарай жалғасып кететін болады. Үдеп кетеді.
– Бірін-бірі сотқа сүйреу үйреншікті әдетке айналып кете ме деп қауіптенесіз ғой.
– Әдетке айналып кетеді. Тіпті арты ауруға айналады. Сондықтан мұндайды қойыңдар деп әуелде айтқанмын. Менен де ұрлап жатыр. Мен оны ешқашан дәлелдетпеймін. Қайта мен олардың ұрлағанына қуанам. Ұрласын шамасы келсе. Менен ұрласа, онда менің сондай деңгейге жеткен жетістігім. Ең бастысы, бірін-бірі жесін, бірін-бірі құртсын деп жатқан дүние ме деп қорқам.– Арағайындық жасап, басында неге басып тастауға тырыспадыңыздар?
– Талай басуға тырыстым. Балнұрға да, Алтынбекке де айттым. Балнұрға: «Мыналарың ұят қой. Композиторлар одағының онсыз да қадірін біліп жатқан жоқ. Мынадай әңгімелер шыққаннан кейін, тіпті Композиторлар одағы дау-дамайдың ортасы екен деп, мүлдем қаралайтын болады. Араласпай-ақ қойыңдар. Бұл жеке адамның өзінің қағидасы. Мысалы Ілиясов ұрлады десе, жеке басын сотқа берсін. Ондай майда-шүйдеге одақтың араласпауы керек еді. «Майда-шүйдеге араласқан соң, одақтың өзі майда-шүйде болып кетеді» деп айтқам. Менің бұл сөздеріме құлақ аса қойған жоқ. Менің айтқанымды ешкім тыңдамады. Әңгіме сонда болып тұр. Ең бастысы, баспасөз-мәслихатында да, газет-журналдарға берген сұхбатымда да айттым. Бұл әдейі жасалып отырған дүние. Қазақтар бірін-бірі шұқып жесін, құртсын деп отыр. Өзіміз аз халықпыз ғой, айналайындар-ау дедім. Қазақтың баяғыдан келе жатқан мақалы бар ғой: «Өсетін ел бірін-бірі батыр» дейді.
Сондықтан өсетін ел болуымыз керек. Осындай түкке тұрмайтын дүниенің қажеті қанша?
Келешекті ойлауымыз қажет. Келешекте мұның бәрі басымызға пәле болып кетпей ме?!
Бейбіт Оралұлы,
композитор:
– Бейбіт аға, Композиторлар одағынан қандай себептер бойынша шығарылады?
– Жалпы, Кеңес Одағы кезінде Композиторлар одағының статусы басқашалау болды. Өздерінің мөрі болды. Жыл сайын одаққа арнайы қаржы бөлінетін. Ол ақшаға одақ мүшелеріне жағдайлар жасалынатын. Композиторлар шет елдерге демалуға баратын, санаторийлерге жіберілетін. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, одақтың көбін қоғамдық ұйымға айналдырып жіберді. Көбісі өзінің статусынан айрылып қалды. Бұрынғыдай қоғамнан алынатын өзіндік орны жоқ. Жалпы, әлемдік стандартта осындай. Шығармашылық одақтары болсын, шығармашылық адамдары болсын, өздерінің еңбектеріне қарай, өздерінің қаржысын табады. Нарықтың да заңы солай емес пе? Қазір қоғамдық ұйым есебінде қалды. Қазір одақтың мүшесі болу – бұрынғыдай үлкен абырой емес.
Кезінде одақтың мүшесі болуды армандайтын едік қой. Ол бізге үлкен мәртебе болатын.
Композитор дегенді әлі де халық сыйлайды. Бірақ оның жасайтын жағдайлары жоқ. Кейбір кезде сол қоғамдық ұйымның атынан концерт жасау керек болса, басқа бір жерге бару керек болса, сол ұйымның атынан хат жазып алып, бірқатар шаруаларды шешуге болады. Жалпы, мен одақты былай деп түсінем. Ол одақ бірлескен ұйым. Оған бәріміз бірігіп жұмыс істеуіміз қажет. Одаққа ақша түседі, одақтың мүшесі болған соң, маған береді деуді қою керек. Төрт-бес жігіт бірлесіп, бір шағын кәсіпорын ашады ғой. Сол принциппен қабылдаған жөн. Менің арманым – сол одақтың статусын қайта қарауымыз қажет.
– Сонда одаққа мүше болсаңыз да, болмасаңыз да қазір айырмашылық жоқ дейсіз ғой.
– Одақтан келіп жатқан керемет дүние жоқ. Бірақ одаққа кез келген адам өте алмайды.
– Оның белгілі бір талабы бар ма?
– Әрине, Композиторлар одағына өту үшін арнайы талаптар қойылады. Бұрын Композиторлар одағына консерваторияның композиторлар факультетін бітірген арнайы маман иесі қабылданатын. Басқаларын алмайтын.
– Одаққа өту үшін арнайы емтихан тапсыра ма?
– Емтихан тапсырылмайды. Сенің дәрежеңе, әндеріңе қарап, аттестациялық комиссия баға береді. Бір жылда не жазғанына әр композитор жауап береді. Репертуарыңды сұрайды, ол репертуарың қай жерде орындалды? Қай жерде орындалды дегенде, байқаулар да ма, әлде той-томалақта ма? Осының бәрін аттестациялық комиссия арнайы қарайды. Бұл жағынан Композиторлар одағы жақсы жұмыс істеп жатыр. Тек, Кеңес Одағы кезіндегі статусын жоғалтып алды.
– Композиторлар одағы басшысы Балнұр Қыдырбекқызы мен Алтынбек Қоразбаевтың арасындағы мәселеге сіз қалай баға бересіз? Осындай даудың туындауын дұрыс деп есептейсіз бе?
– Мен мұны теледидарлардан естідім, шынымды айтсам. Бірақ менің білуімше, бұл дау Марат Ілиясов пен Мұратхан Егінбаевтан басталған сияқты. Өткенде маған осы сұрақты бірқатар журналистер қойды. Негізі, бұл дауды көпшіліктің алдына шығармау керек еді. Бұл дау ешкімге абырой әпермейді. Жақсы атақ та бермейді. Бір-бірімен келісіп, бір бітімге келу керек еді. Бірі аға болып, бірі іні болып, кешірімге келу керек еді. Қазақтар өзіміз де көп емеспіз. Екеуі де өнерлі адамдар. Бірін іні деп, біреуін аға деп сыйлаймын. Халықтың алдына осындай даумен шығудың да қажеті жоқ еді. Әрине, өнер болғаннан кейін ұқсап кететін жерлері болады. Сегіз-ақ нота. Кейде өзім де бірнәрсе жазып отырғанда, өзіме таныс бір әуендер кездесіп жатады. Маған біреулер: «өзіңнен өзің ұрлайсың» деп айтады. Бұл да өзіңнен өзің ұрлаған сияқты дүние. Сол сияқты бір әуен есінде қалып қойған шығар. Бір жерден естіді. Оны саналы түрде ұрлап алмаған болар. Абзалы, соны елдің алдына шығармау керек еді.
ОҚЫРМАН ОЙЫ
Мектептің қарапайым мұғалімі Бекарыс Бақыт өзінің көзқарасын білдірейін деп, редакцияға хат жолдаған екен. Бекарыс Бақыт өзінің хатында: «Жалпы, елдің алдында жүрген азаматтардың осындай дау-дамайға араласқанын түсінбеймін. Соңғы кездері әнін даулау, мансабын даулау сәнге айналып кетті. «Анау ұрлады, мынау ұрлады» деген пікірлерден халық та мезі болғандай. Бұл сол баяғы Батысқа еліктеп өнерімізді пиарға айналдырудың амал-айласы сияқты көрінеді. Қазақта композитор да, ақын да көп емес. Өзі алақандай аз халықпыз. Сол аз адам бір-біріне күйе жағып, қаралап жатса, онда не болғанымыз?! Киелі өнерді талан-таражға салғаннан ештеңе ұтпасымыз анық қой. Ойлап қарасаңыз, Композиторлар одағынан Алтынбек Қоразбаевты шығарғанмен, композитор ретінде Алтыкеңнің өнері өшіп қалмайды, немесе керісінше ол кісі шеттетілгенімен, Композиторлар одағының күні бітпейді. Алайда көрерменнің алдына шығып, телеарна арқылы Балнұр апайымыздың атпалдай азаматты «идиот», Алтынбектің «Композиторлар одағы мен үшін абырой емес» деуі кешірім сұраймын әрине, нағыз әйелдер өсегінен арыға аса алмай қалған гәп қана. Бұлай жалғаса берсе, құрдымға кетудің сәл-ақ алдында тұрған қазақ өнерінде инедей абырой қалмайды… Осыны ойласақ жарар еді», – дейді.
Гүлзина Бектасова