«КӨКШЕТАУ ПИРАМИДАЛАРЫ» ҚОЛ БҰЛҒАЙДЫ!..

«КӨКШЕТАУ ПИРАМИДАЛАРЫ» ҚОЛ БҰЛҒАЙДЫ!..

«КӨКШЕТАУ ПИРАМИДАЛАРЫ» ҚОЛ БҰЛҒАЙДЫ!..
ашық дереккөзі
402

Кезiнде белгiлi шетелдiк психологтардың бiрiнiң алаяқтықты ерекше дарын есебiнде сипаттағаны бар. Қазақстан жағдайында оған таңырқаудың еш қисыны жоқ. Қабiлет, дарын жөнiнен ешкiмнен кем болмаған қазекең де бiрдi алып, екiншiсiне салған пысықтықтың саналуан үлгiсiн көрсетуде. Оның мысалы жетiп артылады.

Ресми емес түсiнiкте Қазақстанның солтүстiк өңiрi iргедегi орысқа бейiм, бiртоға, тыныш аймақ саналатыны да белгiлi. Алайда соңғы кездiң оқиғалары өлкенiң сол бiр абыройын айрандай етiп тұр. Қазақ даласының басқа өңiрлерiндей емес, Көкшенiң жаппай «пирамидалар өлкесiне» айналған сыңайы байқалады. Әлбетте, ол – Гизадағы Пирамидалы алқап емес, кәдiмгi қарғаның қара сирағын қаржыға айналдырған қазақша пысықайлық түрiнде.

Таяуда, өткен жазда Мавроди сабаздың өзін жерге қаратқандай «пирамидасымен» әйгілі болған Көкшетауда тағы да бір дүрбелең басталды. Бұл жолғысы, енді тіптен керемет!.. Әр жексенбі сайын «Достар» мәдениет сарайында бас қосып, бизнес жоспарларын талқылайды екен-міс делінетін бұл жиынға кеш түсе бір қауым ел жиналады екен. Ақиқатында зал лық толатын көрінеді. Ғажабы сонда, ондағы шаралардың мемлекеттік тілде өтетінін естіп жүрегің жібіп кететіні де өтірік емес. Алайда іс барысы өлкенің абыройын айрандай ететін жағдайда.

«КІМГЕ БАЙЛЫҚ ТІЛЕСЕҢ, СОНЫ ШАҚЫР!»

Алғашында жұрт оған бәлендей мән бермейтін. Жиналғандар би билеп, көңіл көтеріп, түрлі шаралар өткізіпті. Әрі онда конфедициалды мағына бар. Яғни жасырын әрі астыртын жағдай қалыптасқан. Жиынға бір-бірін жақсы танитын, ешқашан сатпайтын таныс адамдар тартылады. Әр жексенбі сайын аталмыш ғимаратқа кешкі сағат бестен тоғызға дейін жастар жиналып, бизнес тренинг өткізеді. Әр жиын сайын ғимараттың кассасына 40 мың теңге ақша түсетін көрінеді. Жиынның өзіне қатыспағанмен, оның ашылу рәсімін жергілікті теледидардан көріп қалдық. Бастаушы шығып кәдімгі қазақ тілінде «Қайырлы таң» деп сәлемдеседі. Аталмыш «бизнестің» шарты бойынша жаңадан қосылған әрбір адам ұйымдастырушылардан әрқайсысы 100-120 мың теңгеден қолсағат немесе күйтабақ сатып алатын көрінеді. Әрі өзімен бірге екі адам ерте келуі шарт. Ал сол екі адамның да жоғарыдағыдай 100-120 мың теңгесі болуы керек.

Жергілікті ақпарат көздері берген деректерге қарағанда, мұндай пирамида ұзақ уақыт бойы жұмыс істеп, ешкімнің назарына түспеген. Яғни әшкере болмаған. «Кімге байлық тілесең, соны шақыр», әрі пирамидаға ең сенімді деген жақындарыңды ғана тартуың керек, ал өзің ең кемі үш адам шақырып қосқанда ғана ақша ала аласың!..» Пирамиданың шарты осы. Аталмыш пирамидаға қосылғандардың 80 пайызы кілең өрімдей қазақ жастары болып шықты. Осы алаяқтық әрекетке қосыламын деп шығынға батып, сабағын тастап кетіп жатқан студенттер де көп.

Жалпы, алдыңғы жылдан бері респуб­ли­кадағы бүкіл ойынханалар мен құмар ойындардың орталығының бірі, «екінші Лас-Вегас» атанған көрікті Көкшетау жерінде алаяқтықтың пайда болуына таң қалудың да қисыны жоқ. Ақиқатында содан бері қазақ даласындағы барша құмар ойындар мен пысықай әрекеттердің Қапшағай мен Бурабайға топтасқаны айдан анық. Жақында Бурабай ауданының орталығында әлдебіреудің жалға ғимарат алып, оны жасырын ойынханаға және ойын автоматтарының залына айналдырғаны да әшкере болды. Қаржы полициясы тексерген кезде ғимараттан 22 ойын автоматы мен «рулетка» ойын үстелі, 60 мың теңге тәркіленді. Қылмыстық іс қозғалды. Тек өткен жылы ғана бір Көкшетаудың өзінде осындай бес дерек әшкереленіпті.

СУ ЖАҢА… «ПИРАМИДАЛАР АЛҚАБЫ»

Сонымен ағайын, Көкше өңірінің «пирамидалы алқапқа» айналу тенденциясы қазірдің өзінде белгілі бола бастады. Өткен жылы «КазРосИнвестПроект» шағын несие ұйымы» деген жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрып алған пысықайлар өлкенің аңқау жұртына «100 мың теңге салсаң, 400 мың теңге етіп қайтарамыз» деп жар салады. Аталмыш серіктестік санаулы уақыттың ішінде халықтан екі миллиард теңгеден астам қаржы жинаған. Салымшылардың арызына орай тергеу жұмыстары жүргізіліп, алаяқтардың құжаттарын тәркілеген кезде сейфтерінде анау-мынау емес 41 миллион теңге (!) қаржы болады. Осыған қарап-ақ, «пирамидашылардың» ауызды кеңінен ашқаны байқалып тұр.

«Қазақ Мавродиі» аталған Әділова ханымның мойнында жұрттың екі мил-лиард теңгесі жүрсе де сейфінен табылғаны 41 миллион ғана. Бұл алаяқтықта шек болса, кәне?! Әділова ханымның «егер мені босатып, жұмысымды қайта жандандыруға рұқсат берсеңіздер ғана екі миллиард теңгені салымшыларға қайтарып бере аламын. Әйтпесе…» деп заң органдарына шарт қоюы да ғажап жағдай.

Бұл «пирамидаға» бас аяғы 20 мыңдай адам қаржы салған. Оның тәсілі бойынша осы жиырма мың адамның жиырма пайызы ғана төрт еселенген үстеме ақы алып, қалған 80 пайызы ұтылады екен. Пирамида әшкереленген кезде салымшылардың төрт мыңы сыйақы алып, 16 мың салымшы сан соғып қалыпты. Басқаша айтқанда, «қазақ Мавродиінің» төрт мың жақтасы бар деген сөз. Осы төрт мың адам жаз бойы Әділованы қамаудан босатып, жұмысын қайта жалғастыруына мүмкіндік беруі керек деп ұрандатты. Әлбетте, төрт мың адам 400 адам емес, кәдімгі самсаған қол дерліктей мөлшер.

Ретті жерінде, бүкіл әлем білетін Сергей Мавродидің бүкіл Ресейдегі салымшыларының басын қосып, үлкен саяси күшке айналып кете жаздағанын да ескерте кету керек. Тіпті Мавроди мырзаның Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланғаны да осы салымшылардың арқасы деген қисындар айтылуда.

«Көкшетаулық Мавроди» дер кезінде әшкереленбесе, жаңағы Әділова ханым «отыр» десе отырып, «тұр» десе тұратын жағдайға жеткен төрт мың салымшының саны бүгінде облыс орталығының тең жартысын қамтуы да ықтимал еді. Атап айтқанда, жоғарыда айтқан пирамидаға ақша салғандардың саны 40 мың адамға жетсе, оның сегіз мыңы пайдаға кенеліп, Әділованың қол шоқпарына айналуы тиіс екен.

Міне, осының өзі-ақ Көкшеде жиі көрініс бере бастаған пирамидалардың артында саяси мүдде жатқан жоқ па деген қисынды ойға да жетелейді.

Сонда осыншама адамды бас шұлғытып, соңына ертіп отырған пирамидашылардың құдіреті неде? Алдымен айтарымыз, пысықтар азамат­тар­дың қаржыдан қысылып отырған кемшілігін шеберлікпен пайдаланады. Мәселен біздің қолымызға осындай бір пирамиданың маркетинг жоспары түсті. Оған қарағанда «17 мың теңгеге ұялы телефон сатып алған адам бірден әлдебір компанияның ақпарат базаларына тіркелмек-мыс. Сондай-ақ, ол туралы деректер оның электронды мекеніне түседі. Ондағы әр матрицаның үш деңгейі бар көрінеді. Әрі оның екеуі ұдайы бос емес. Төменгі матрицадан небары төрт орын бар. Сол төрт орын клиенттер тарапынан толтырылған жағдайда матрицалар бөлініп, оған қатысушылар жоғары тұрған деңгейге өтпек. Сол жоғары деңгейге өткен қатысушы төменгі деңгейдегі Қола деңгейге өтеді. Осылайша жалғасып, Күміс матрицаға өткендер 10 мың теңге сыйақы алады-мыс».

Ой-хой, несін айтасың, кәдімгі «айдалада жатқан батпан құйрық». Қола матрица – 10 мың, күмісі – 25 мың, алтыны – 80 мың, ал платина матрицасы – 1 миллион теңге сыйақы бермек-мыс!..Ал енді қосылмай шыдап көр! Себебі миллион теңгеңіз далада жатқан жоқ. Оп-оңай жолмен миллион теңге табамын деген үкілі үміттің екінің бірін баурап алатыны да күмәнсіз.

Көкшетаудағы қаптап кеткен пирами­да­лар­дың қазіргі жағдайы осындай. Дақпырттарға қа­рағанда, қалада әлі де ашылмаған пирамидалар баршылық деседі. Ендігі мәселе, солардың әш­кереленуінде ғана.

«КӨМЕКТЕСЕ КӨРІҢІЗ, МАВРОДИ МЫРЗА!..»

Есімізге тағы да баяғы Сергей Мавроди түседі. Мавродидің: «Менің қаржы апокалипсисін құрғым келеді. Әрі мен оны жасаймын. Барлық жерде солай болады. Қазір маған Америкадан да, Үндістаннан да «көмектесе көріңіз…» деген ұсыныстар түсуде. Тіпті мұндай жүйе Израильде де құрылады. Себебі ғаламтордың шет-шегі жоқ..» дегені бар.

Мавродидің сол сөзінің шындыққа айналған сыңайы байқалады. Көрші Ресей өкіметінің сес көрсетуіне қарамастан, Сергей Мавроди таяуда өзінің жаңа пирамидасын құрды. Қазір оның қорына Ресеймен қоса ТМД-ның басқа елдерінен де қаржы түсе бастады. Бүгінге дейін оған қосылуға төрт мыңнан астам адам тілек білдірді деген деректер бар. Әлбетте, олардың жуан ортасында қазақстандықтар да жүр.

Кереметі сонда, соңғы деректерге қарағанда Мавродидің «МММ-2011» атты жаңа пирамидасына қатысуға тілек білдірген төрт мың адамның арасында қазақстандықтар өте көп деседі. Жүйе таблоидтарына қарағанда, пирамида әр сейсенбі және бейсенбі сайын өздерінің «МММ-доллар» деп аталатын қаржы бірліктерінің бағамын жариялап отыратын көрінеді.

Жобаға қатысу ережесіне сәйкес «қатысушы әр адам осы жүйеден жалпы көлемі бес мың долларға дейін «МММ доллар» сатып ала алады екен. Ең төменгі мөлшері – 1 доллар. Әрі оны белгіленген бағамға сәйкес сата да алады». Жобаны ұйымдастырушылардың өзі оны «өзара көмектің ауқымды кассасы» немесе «әлеуметтік тұрғыда ойластырылған қаржылық торап» деп атайды.

Аталмыш пирамида 2011 жылдың 10 қаңтарында құрылды. Ресейдің монополияға қарсы федералдық қызметі сол жылдың 21 қаңтары күні «МММ-2011»-ді ресми түрде қаржылық пирамида деп таныды.

Сөйткен Сергей Мавроди соның алдында ғана қамаудан босатылыпты. Босатылысымен ескі кәсібін қайта жандандырған.

Біздіңше, Мавродидің бұл әрекетінде де қисынды логика бар. Себебі қанша алаяқтық десек те, Мавродидің жақтастарының көп болғанын білеміз. Көкшетаудағы оқиға да «ақшаның исін сезген», яғни өздері пайда таба бастаған алғашқы салымшылар пирамида қожайынының құлына айналатынын көрсетті. Тоқсаныншы жылдардың басында мавродилік МММ-ні алғашқы салымшылары да сыйақы алды. Мавродидің қазіргі жақтастары да жаңа пирамиданың жағдайында осы ойынға қатысқаннан соң бір айдан соң 20 пайыз пайда табатынына имандай сенеді. Ал одан соңғысын көріп алмақ тәрізді…

Бұдан Қазақстанға қандай әсерлі салдар болмақ? Оның алғышарттары түрінде айналасы жарты жылдың ішінде Көкшетауды дүр сілкіндіріп жаман атағын жалпақ Қазақстанға жайған жоғарыдағы екі оқиғаны айтар едік. Қазір Әділова ханым мен оның көмекшісі қамауда. Іс тергеу үстінде. Кейбіреулер пайда тапса, салымшылардың дені шығынға батты. Осы оқиғаның жаңғырығы басылмай жатып, жүздеген студент жастарды тартқан екінші пирамиданың шеті қылтиды. Әзірге оның ақ-қарасын құқық қорғау органдары тексеріп жатыр. Көкшетаудағы пирамида қозғалысы мұнымен біте қалды деуге де болмайды. Ол әлі де астыртын жағдайда жалғасып жатыр. Халық оны біліп отыр.

Осы екі оқиға мен Мавродидің қайтадан «атқа мінуі», оның жаңа салымшыларының арасында қазақстандықтардың көп болуы ойланарлық-ақ нәрсе. Салымшыларының дені қазақстандықтардан тұратын Мавроди өз жобасына қатысушылар санын биылғы 2012 жылы бір миллион адамға жеткізетінін мәлімдеп те қойды. Ал оның қаншасы қазақстандық азамат болар екен?

Соңғы жарты жылда Қазақстанның солтүстігінен бастау алған «пирамидалар қозғалысы» қоғамда осындай да алаңдаушылық ойлар тудырып отыр. Ендігі әңгіме – құқық қорғау органдарында. Себебі бір ғана шағын Көкшетау қаласындағы соңғы екі оқиға көңілге түрлі күмәнді ойлар ұялатады…

16.02.2012

Өмiрзақ МҰҚАЙ

Серіктес жаңалықтары