20 жыл бұрын... кітапхана жоғалды. «Іздеу саламыз!»

20 жыл бұрын... кітапхана жоғалды. «Іздеу саламыз!»

20 жыл бұрын... кітапхана жоғалды. «Іздеу саламыз!»
ашық дереккөзі
Кентау қаласы әкіміне!

Ұлы Мұхтар Әуезов “Қаратау тәжi” деп атаған қала басшылығының мәдениетке көңiл аудармайтын немқұрайдылығын осындағы келеңсiз көрiнiстерден байқау қиын емес. Атап айтайық, экскаватор зауытының 12-шi шағын ауданда 1991 жылы 8 пәтерлi көпқабатты тұрғын ғимарат типтiк үлгiдегi кiтапханасымен пайдалануға мемлекеттiк комиссияның актiсiмен қабылданып, оның С.Сейфуллин көшесiнiң №105 “а” үйге орналасқаны жөнiнде пошталық мекенжай бекiтiлiп берiледi. Мiне, қала халқы тығыз орналасқан орталықтағы бұл үйдiң пәтерлерiнде тұрғындардың тiршiлiк жасап жатқанына, астыңғы қабатындағы арнайы салынған кiтапхана бөлмелерiнiң бос қаңырап тұрғанына бақандай жиырма жылдан асыпты. Қараған көздiң жазығы, естiген құлақтың айыбы қайсы? “Ұлы сөзде ұяттық жоқ” демекшi, руханият қазынасына деп әу бастан жобаланған 6 бөлмелi әп-әдемi ғимаратты көруге көз қаймығады. Есiк-терезелерiнен сау-тамтық қалмаған, қабырғалары көгiстенген, iшi бықыған қоқыс. Ғимараттың дәл осындай сұмдық күйге ұшырауына кiм кiнәлi? Әрине, жергiлiктi әкiмшiлiк! Себебi көпқабатты тұрғын үйдiң төменгi бөлмелерiн әбден тозығы жеткенше елеусiз қалдыра ма? Елiмiздiң егемендiк алған алғашқы қиын-қыстау шағында кедергiлер көп болған шығар. Бұл жасырын емес. Бiрақ жиырма жылда мемлекетiмiздiң экономикасы көп өркендедi деп мақтанамыз. Соның iшiнде Кентаудың да жағдайы жақсарғанын дәрiптеп жүргенiмiз өтiрiк емес. Демек, осы уақыт аралығында ғимаратты әуелдегi негiзгi мақсатына әлдеқашан орайластырып алуына болатын-ақ едi. Ал осы және оның айналасындағы үйлерде тұратын адамдармен сөйлескенiмiзде, оларға бұл кiтапхананың аса қажет екенiн, оның ашылуын көптен күтiп жүргендерiн, қазiр сол орыннан қоқысханаға айналып, мүңкiген иiсiнен жүрек айнитынын қынжыла айтты

.Одақтың таралу алдында Кентау экскаватор зауытының жұмысшылары мен қызметшiлерi үшiн осы көпқабатты үйдi салу қолға алынғанда қалалық мәдениет бөлiмiнiң, қалалық орталық кiтапхана мекемесiнiң өтiнiшi ескерiлiп, оның бiрiншi қабатын кiтапхана жасау жобасы қарастырылады. Тұрғынүй пайдалануға берiлгенде кәсiпорынның басшылығы, кәсiподақ ұйымы қалалық мәдениет бөлiмiне кiтапхана үшiн алаңы 150 шаршы метрлiк ғимарат бөлгендiгi, соның негiзiнде қалалық көпшiлiк кiтапхана ашу, оның кiтап қорын айқындау, мамандармен қамтамасыз ету мәселесiн де шешу жөнiнде халық депутаттары Кентау қалалық кеңесiнiң 1991 жылғы 30 наурыздағы қарары қабылданады. Бұл жағдай кеңестiк дәуiрдiң дәуренi бiтуiне дөп келiп, үйге тұрғындар қоныстанып үлгередi де, бiрiншi қабатына кiтапхананы орналастыру iсiнiң басы таудай, аяғы қылдай болып қала бередi. Мiне, әдепкiде жұрт игiлiгiне көзделген сол тамаша ғимарат бүгiнге дейiн, яғни тура 20 жыл бойы қараусыздан, жергiлiктi билiктiң керек қылмауынан тоз-тозы шығып, тұрмыстық қалдық тастайтын, жинайтын сасық орынға айналыпты. Руханияттың ордасы болар жап-жақсы ғимарат едi. Обал-ақ. Бастапқы iзгi мақсат, оны iске асырудағы есiл еңбек бекерге зая кеттi деген осы емес пе.

Жоқ, судың соңы құрдымға сiңбептi. Экскаватор зауытының кiтапсүйер қауымға тартуы ұмыт қалмапты. Арада аттай жиырма жыл өткенде әуелгiде руханиятқа белгiленген, бiрақ оған қала қауымы қаншама уақыт жете алмай тұрған “сыйлыққа” басқа қожайындар көз тiге бастапты. Қалалық экономика және қаржы бөлiмiнiң бастығы Б.Кнатов қалалық орталықтандырылған кiтапханалар жүйесiнiң меншiгiндегi бұл ғимараттың төлқұжатын екi бөлмеден екi пәтер жасау үшiн өз мекемесiнiң коммуналдық иелiгiне өткiзу туралы кiтапханалар жүйесiнiң директоры Г.Кокуловаға 2011 жылғы 20 қазанда хат жазады. Басқа ұйымның бөгденiң қарауындағы ғимаратқа аңсары аууына Кентау қалалық әкiмдiгiнiң аталған ғимаратты пәтер жасауға рұқсат берген 2011 жылғы 10 қазандағы қаулысы негiз болыпты. Ал мәселенiң күтпеген жерден бұлай бет алуына қалалық мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмi, орталықтандырылған кiтапханалар жүйесiнiң әкiмшiлiгi көнгiсi келмейдi. Өйткенi 60 мыңнан астам тұрғыны бар Кентауда кiтапхана жетiспейдi және оның дәл осы ғимарат орналасқан аумағында рухани қазына орталығы мүлдем жоқ. Ал бұрын кеншiлер ордасы дейтiн шаһарда бос тұрған пәтерлер жетiп-артылады. Ол аз болса, тап бұл ғимаратпен iргелес көпқабатты үйдiң құрылысы аяқталуға таяу. Қалада баспанаға зәрулiктi шешудiң жолдары көп. Ал басында басқа мақсатқа арналған ғимаратты ендi пәтерлерге айналдыру үшiн бөлiнетiн қаржыға жұрт тосқан кiтапхананы неге қалпына келтiрмеске!

Жалпы, Кентау қаласында мәдениет ғимараттарын тұрғындардың руханият iздейтiн тұрақты орындары ретiнде қалыптастыруда қолға әлдеқашан алынуға тиiстi шаруалар шаш-етектен. Мәдениет халықтың ой-өрiсiнiң өсуiне қызмет етуi үшiн ең алдымен, оның нысандары талапқа сай болуы, қажеттi жабдықтармен қамтамасыз етiлуi, ақыр соңында ақ отаудай жұтынып тұруы керек десек, Кентауға қарасты елдi мекендердегi мәдениет мекемелерiн аралағанда бәрi бұл сұранысқа лайық деп әсте айта алмас едiк. Мәселен, 8600-ден артық тұрғыны бар Хантағы ауылында 1971 жылы салынған әжептәуiр мәдениет үйi әлi күрделi жөндеу көрмептi. Ескiрген шатырынан жаңбыр, қар суы сорғалап ағатындықтан, залының төбесi әр тұсынан опырылып ортасына түскенi көрiнiп тұр. Едендерiне төселген тақтайларының арасы да арса-арса. Фойесiнде де, залында да көрнекi үгiт-құралдары өте жұтаң. Мәдениет үйiнiң кiре берiсiндегi қабырғаға iлiнген “iздеу саламыз!” деген плакат көзге түрпiдей тиедi.

Халқының саны да едәуiр, қос таудың әсем аңғарындағы бұл ауылда қазақ өнерiнiң жұлдыздары Әшiрбек Сығай мен Сатыбалды Нарымбетов туып өскен. Қос дарынның туған ауылындағы мәдениет үйiнiң кетеуi кетiп-ақ қалғанына тұрғындар қынжылыс бiлдiредi. Ауыздары дуалы, айтса сөздерi жергiлiктi билiкке жететiн қадiрмендi жерлестерi өздерiнiң туған ауылындағы мәдениет ошағының аянышты ахуалын елге келiп кеткенде көрiп жүр. “Олар әкiмдердiң алдында болады. Мәдениеттiң майталмандары кiндiгiн кесiп, кiрiн жуған жерiнiң назардан тыс қалған клубын жөндетуге септiгiн тигiзсе болар едi ғой” дейдi хантағылықтар. Мәдениет үйiнiң екiншi қабатында 14 мыңнан асатын кiтап қоры бар кiтапханасының тұрақты оқырмандары барлығы, жаңа баспа өнiмдерiмен толықтырылып тұратыны, тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдық мерекесi насихаттау құралдарымен безендiрiлуi қуантады-ақ. Алайда жылу жүйесiнiң ең қарапайым түрi – от жағылатын пеш те орнатылмапты мұнда. Күн суықта электрмен жылынатын қондырғыны пайдаланады екен. Мәдениет үйiнiң залында мұндай мүмкiндiк те жоқ. Демек, қыстың көзi қырауда мәдени iс-шаралар өткiзiлмейдi деген сөз. Ұйымдастыра қалған жағдайда кең залда қыста дiрдек қағып жүрулерiне тура келерi анық.

Кентаудың кiтапханаларында қалалық бюджеттен кiтап қорын молайтуға берiлетiн қаржы жылдан жылға азайып келе жатыр. Ауыл­дық кiтапхананың ешбiрiнде де компьютер жоқ. Жалпы, Кентаудағы мәде­ниет саласындағы жұмыс жөнiндегi ұзын сөздiң ырғасы, мұнда оған деген қамқорлық аңғарылмайды. Демек, жергiлiктi атқарушы билiктiң мәдениетке шапағаты шамалы демеске лаж жоқ. Мұның сыры неде? Әкiмдердiң әлсiздiгiнен бе, әлде олардың жиi ауысатынынан ба? Қазiргi әкiмнiң алдындағысы жемқорлықпен шатысып едi, ендi қазiргiсi ауылдың мерейiн өсiретiн мәдениетке ықыласы түсер, бәлкiм.

Жеңiс БАҺАДҮР

Оңтүстiк Қазақстан облысы