БАЛА ТӘРБИЕСІ – БЕСІКТЕН
БАЛА ТӘРБИЕСІ – БЕСІКТЕН
Тәрбие дегеніміз – халықтың ғасырлар бойы іріктеп, жинақтап алған озық тәжірбиесін, дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын жас ұрпақтың бойына сіңіру, соған сай мінез-құлық қалыптастыру. Өсіп келе жатқан ұрпақтың ата-анасы осы ілкіден қалыптасқан тәжірбені қолға алса, ұлттық мінез қалыптасады, ата-баба дәстүрі сақталады деп ойлаймын. «Бала тәрбиесі бесіктен», «Әкені көріп ұл өсер, шешені көріп қыз өсер». Ата-бабамыз осы өсиетті сөздерді біз үшін қалдырған шығар, сірә?!
Біздің болашағымыз – бүгінгі жастар. Сондықтан да олар еліне, ұлтына адал, сауаттты болып өсуі ләзім. Қазақтың салт-дәстүрін, ата жолын, ана жолын ұғынбаған ұрпақ келешекке балта шапқанмен бірдей.
Ұлы ойшыл әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген екен. Бүгінгінің ата-аналары бала тәрбиесіне көп көңіл бөле бермейді. Айтуларынша, уақыт тапшы. Тіпті, жұмысбасты отбасы балаларын үйге жалғыз тастап кете береді. Өзімен-өзі еркіндікте қалған бала телеарнадан қандай хабар көріп, қандай фильмді тамашалайтыны тағы белгісіз. Телеарна – тәрбие құралы. Алайда қазір телеарна көрерменді көбінесе жат тәрбиеге баулитыны жасырын емес. Ал ұлттық тәрбиеге жұтаң баланың келешегінен не күтуге болады? Осы бір ойлар үнемі мазалай береді мені. Шынында да, бала тәрбиесі бей-жай қарайтын дүние емес.