«МӨЛДІР БҰЛАҚТЫҢ» ЖАСЫ ОНҒА КЕЛДІ

«МӨЛДІР БҰЛАҚТЫҢ» ЖАСЫ ОНҒА КЕЛДІ

«МӨЛДІР БҰЛАҚТЫҢ» ЖАСЫ ОНҒА КЕЛДІ
ашық дереккөзі

«Қазақстан-Zaman» ЖШС қанатының астында шығып келе жатқан балаларға арналған республикалық «Мөлдiр бұлақ» журналына 10 жыл толып отыр. Журналдың осыдан он жыл бұрын 2002 жылы тұсауы кесiлген болатын. «Мөлдiр бұлақ» жарық көре бастаған алғашқы кездердiң өзiнде жас оқырмандарының ыстық ықыласына бөлендi. Аз ғана уақыттың iшiнде журналдың таралымы 30 мың данаға жеттi.

Түрлі-түсті бояулармен көркемделіп шығатын басылымда балғын бояу шеберлерінің суреттері де айшықталып беріліп келеді. Шәкірттердің білімін дамытуға септігін тигізетін тест сұрақ­тары да оқушыға үлкен көмек.

Сондай-ақ, «Мөлдір бұлақтың» өз дәстүрлі бәйгелері бар. Ол бәйгеге ондаған оқырман қатысып, бағын сынап жүр. «Жүзден жүйрік» шыққандары жүлделі орындарды иемденіп, бағалы сыйлықтарды да қанжығасына байлауда.

«Мөлдір бұлақта» тырнақалды шығармалары мен суреттерін жол­даған кешегі жас тілші бүгін үлкен өмірге қадам басқан. Алғашқы су­ретін жариялаған суретшілердің де есімдері елдің аузында. Оқырмандарын қанаттандырған журналды өзі де, қыз­меткерлері де көптеген жетістіктерге жетті. 2006 жылы «Мөлдір бұлақ» Қазақстан журналистер академиясының «Ең үздік балалар журналы» деген аталыммен «Алтын жұлдыз» сыйлығын жеңіп алды.

Бүгінде журнал мазмұндық, көр­кемдік жағынан жаңғырып қана қоймай, үстіміздегі жылдың алғашқы айларынан бастап, көлемі жағынан да көбейді. Журнал алғашқы кездері 28 бет болып жарық көрсе, қазір қазақшасы – 32, орысшасымен 36 бетке көбейіп, тынысы кеңейді.

Қазақтың тұңғыш ағартушы ғалымы Ыбырай Алтынсариннің «Таза бұлақ» әңгімесінің желісімен «Мөлдір бұлақ» атын иемденген бұл журнал жас жет­кіншектерімізді бұлақ болып сусындатып, 10 жыл ішінде өз нәрімен сусындатып келеді.

Он жыл деген журнал үшін аз да, көп те уақыт емес. Журнал келешекте де өзі бағындырған биігінен аласармай, жас зиялыларға қызмет ете бермек.

Едiге БЕКТАС