«БҮГІН МЕНІҢ ТУҒАН КҮНІМ...»
«БҮГІН МЕНІҢ ТУҒАН КҮНІМ...»
«Бүгiн менiң туған күнiм, ой, пәлi-ай!
Мына халқым неге жатыр тойламай?
Банкет жасап берер едiм өзiм-ақ,
Тәңiрдiң бiр жарытпай-ақ қойғаны-ай!», – деп жырлаған Мұқағали ақынның бүгiн туған күнi.
Мұқағали Мақатаев балаларды өте жақсы көрген екен. «Кішкентай баланы көрген кезде жүрегі елжіреп кететін,– дейді ақынның келіні Бақытгүл апай. – Таңертеңгілік таңғы ұйқысын қия алмай, балалар бақшасына сүйреп әкетіп бара жатқан анасының жанындағы сәбидің түріндегі шарасыздықты көргенде қатты аяйтын. Соларға арнап, «Таңғы ұйқының тәттісі-ай!» деген поэма жазамын деген еді. Үлгере алмай кетті. Сырқаты асқынып кеткен соң, жаза алмаған да болуы керек. Балаларды жүрегімен елжіреп, жан-тәнімен жақсы көретін еді. Балаларының бәріне ерекше ықыласпен қарады. Қайда барса да, әуелі кішкентай сәбидің маңдайынан бір иіскемей өтпейтін.
Ал мына суретті жақында Лидия Николаевна әкеліп берді. Бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған сурет. Қазір елудің үстіне шыққан Лидия апай ұзақ жылдар Мәскеуде тұрыпты. Алматыға қоныс аударғанына да көп болмаған екен. Өзінің архивінен іздеп тауып алып, атамыздың суретін біздің қолымызға әкеліп тапсырды. Сол суретті сіздердің газеттеріңізге ұсынып отырмын. Балаларды қоршай түскен атамыз бұл суретке Талдықорғанның маңайында түссе керек. Содан бері де қаншама жылдар өтіпті», – дейді.
Бұл суретті ақынның ұрпақтары 11 ақпанда өтетін көрмеге қоймақ екен. Еш жерде жарияланбаған суретпен бірге бүгінгі туған күніне орай, ақынның бір топ махаббат лирикасынан үзінділерді жариялауды жөн көріп отырмыз.
Сен гүлімсің,
Қарағым сені кім еккен.
Сезімбісің,
Шыққансың қандай жүректен.
Жанарда тұңған жалғыз тал әлде тамшы ма ең,
Жалт етіп бірде жүректен ырғып дір еткен?!
Әнбісің әлде,
Неткен үн сені шырқады.
Әлде сен қалқам, бозарып атқан
қыр таңы.
Сезіп тұр санам, сен өзің
сірә болғайсың,
Жалғандағы осы жақсының ғана ұрпағы.
Қинама мені, айтсаңшы маған сүйіктім,
Адасып жүрген лағымысың киіктің,
Айтсаңшы қалқам, бұлағымысың
әлде сен –
Бұрқанып жатқан мендегі
теңіз-күйіктің!
Өкінішті..
Мына құрғыр сырқаттың беті күшті.
Жүрегім көтеріліс жасап жатыр,
Бұзбақ боп кеудемдегі бекіністі.
Өкінішті..
О, менің алтын қазығым-ау,
Қажыдың-ау, байғұсым, қажыдың-ау.
Кеудемдегі жүректің назы мынау,
Қажыдың-ау, байғұсым, қажыдың-ау.
Не істемекпін.
Жаным-ау саған шипа істемек кім,
Жаралғанда бүтін ем үш бөлекпін.
Жүрегім – Африка,
Бауырым – Кипр,
Миым – мұзды мұхиттай,
Не істемекпін.
Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде,
Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.
Ояту былай тұрсын, рұқсат жоқ,
Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге.
Ұйықта ұлым,
ұйықта бөпем қасыңдамын,
Керек емес дүние, асылдарың,
Бақыт, байлық барлығы менің үшін,
Сенің бір кеп мойныма асылғаның.
Аймалайсың жанымды күлкіңменен,
Тамағыңнан айналдым бүлкілдеген.
Не дейсің сен бұртиып айтшы сәулем,
Қытықтаған жүректі бір тілменен.
He деген керемет күн!
Жаныңда бәрі даяр не керектің:
Көрінеді гүлдердің бүр жарғаны,
Естіледі ұшқаны көбелектің.
He деген керемет күн!
Естіледі бал-ара нәр сорғаны,
Бармақтай балапан құс ән салғаны.
Бәрін де кеудесіне қондырып ап,
Дала бір рахатта,
Дел-сал жаны.
Таулардың самал ессе балағынан,
Гүлдер тұр үзілердей сабағынан.
Шартарапта шауып жүр нұр мен шуақ
Шашырап күннің алтын табағынан.
Сусындап көк аспанның шанатынан,
Шарықтап шыңырауда ана-қыран;
Ару-жер өз дидарын қарап жатыр,
Мөп-мөлдір, тұнық көктің жанарынан.
He деген керемет күн!
Кейпіне елітесің төңіректің.
Қаласа мына жатқан сәби-дүние,
Келеді өміріңді бере кеткің…
Барғанда маған ылғи гүл беруші ең.
Жалт етіп жай отындай көкжиектен,
Әттең-ай, маған енді бір көрінсең!
Кетер ем бұлтпен бірге араласып,
Көрер ем найзағаймен жағаласып.
Артыңнан ақша бұлт боп жүзер едім,
Көзіме бір көрінсең бала-ғашық.
Сандал тау, сайдан соққан самалым-ай!
Ой-санам құлайды кеп саған ұдай.
Әлдеқандай күн кешіп жүр екенсің,
Сүттен ақ, судан таза, адалым-ай!
Сап-сары сағынышпен жағаласып,
Жастық өмір басымнан барады асып.
Көзіме бір көрінші, тынайын мен,
Қайдасың, қайдасың сен, бала-ғашық?
Жамылып сағыныштың сал шекпенін,
Сарғайып сенің үшін зар шеккемін.
Зарықтыр, о, тәңірім, жалықтырма?
Мәңгілік ғашықпын мен, ант еткемін!
Көзіме көрінбесең, көрінбе сен,
Күнім боп тұра бергін көгімде сен.
Өлді деп ойлай бергін сонда мені,
Бұлт болып шуағыңды тұтып алып,
Нөсер боп селдетіп мен төгілмесем.
Көкке емес, жерге сонда құлайды
арман,
Сел болып ағар, мүмкін, лайланған.
Сен сол кез кезбе бұлтқа бір қарап қой,
Сол – менмін көктің жүзін шыр айналған.
Білем саған жете алман, ғарыштасың,
Белгілі мәңгілікке табыспасым.
Дерт те емес, күйік те емес, жар да емессің,
Сен маған сағыныш боп жабысқансың.
Қайтсем екен сені ұстап қалу үшін?!
Сен маған шексіз дала сағымысың.
Мен өтермін, өтермін, өтермін мен,
Мәңгілік сен қаласың, сағынышым!!!
Дайындаған
Гүлзина БЕКТАСОВА