Көкшетау қалалық сотында қаржы пирамидасын құрған Ж., З. және А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ж. 2020 жылдың ақпанынан бастап «S-Group» қаржы пирамидасының салымшысы болып және одан заңсыз табыс алып, Көкшетау қаласында оның бөлімшесін құрып, оған басшылық еткен.
2020 жылдың қазанында Ж. бұрын өзге қаржы пирамидаларына белсенді қатысқан З.-ны тартқан. Ж. мен З. азаматтарға ақша салған жағдайда табыс табуға уәде берген.
2021 жылдың мамырында оларға А. қосылып, әлеуметтік желілерді пайдалана отырып салымшыларды іздеу бойынша белсенді қызмет жүргізген.
Алданған азаматтар оңай пайда табуды көздеп, ақшалай салымдар жасаған, ал қаражат пирамида жетекшілері мен бұрынғы салымшылар арасында бөлініп отырған.
Қаржы пирамидасына тартылған қаражаттың жалпы сомасы 136,5 млн теңге.
Сонымен қатар, А. «Equitix» компаниясына қатысып, 2024 жылдың маусымында жәбірленуші Ш.-ны ақша салуға көндіру арқылы алаяқтық жасаған. Ш. банктен 30 млн теңге несие рәсімдеп, оны А.-ға берген.
Сот үкімімен Ж. мен З. әрқайсысы 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталған З.-ның жазасын өтеуі оның мінез-құлқына бақылау орната отырып 1 жылға кейінге қалдырылды, ал А.-ға 6 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру тағайындалды.
Сотталғандардың мүлкі (пәтерлер, автотұрақ орындары, автокөліктер, гараж, жер учаскесі, ұялы телефондар) тәркіленіп, материалдық залалды өтеу есебінен жәбірленушілерге берілді.
Қылмыстық жолмен алынған 136,5 млн теңге мемлекет кірісіне тәркіленді.
Сотталғандардан жәбірленушілердің пайдасына азаматтық талаптарға сәйкес сомалар және 1,6 млн.теңге өкілдік шығындар ортақ тәртіппен өндірілді. Бұдан бөлек, сотталған А.-дан жәбірленуші Ш.-ның пайдасына 30 млн.теңге өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.