Кедендiк одақ: КIМ ҰТТЫ, КIМ ҰТЫЛДЫ?

Кедендiк одақ: КIМ ҰТТЫ, КIМ ҰТЫЛДЫ?

Кедендiк одақ:  КIМ ҰТТЫ, КIМ ҰТЫЛДЫ?
ашық дереккөзі
265

Соңғы кезеңнiң керемет бiр жаңалығы – интеграция. Әрi оның қарқыны күн санап өсе түскенi байқалады. Қазақстанның Кедендiк Одаққа, iзiнше Бiртұтас экономикалық кеңiстiкке ұмтылуы осының айқын айғағы. Мұны бiр деп қойыңыз.

Екiншiден, соңғы әлемдiк ахуалға қарағанда интеграцияның бәрi бiрдей оңтайлы нәтиже берiп отырмағаны да белгiлi болып қалды. Оған дәлел соңғы кездегi Еуроаймақтағы экономикалық дағдарыс пен оның ортақ валютасы евроның соры қайнап, әлемдiк қаржы бағамының босағасына «етбетiнен» түсуi. Қазiр о баста оңтайлы құбылыс есебiнде бағаланып, әлемдiк қауымдастық толықтай мойындаған Еуроодаққа құлықты бола отырып, қосыла қоймаған Ұлыбританияның сол кездегi басшылығының көреген данышпандығын алға тартушылар да кездесiп қалады.

Дей тұрғанмен, ғаламдық жаһан­дастырудың жағдайында әл-ауқат пен экономиканы, одан да бетер тұтастай мемлекеттерді экономикалық тұрмыстық тұрғыда біріктіру әрекетінің бүгін-ертең тоқтамайтыны да белгілі. Бұл үрдіс Еура­азия кеңістігінде де жалғасын тауып жатыр. Алдымен айтарымыз – Ресей, Қазақстан және Беларусьті біріктірген Кеден Одағы туралы. Адалын айтар болсақ, әлемдік деңгейдегі ресурстық база болып саналатын бұл елдердің «бір жағадан бас шығаруы» бұрын да болған. Сондай-ақ, ыдыраған да…

Бұл да болса, сарапшылардың күн аралатып ауызға алып жүрген әңгімесі. Сол әңгіме күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Әлі де жалғаса бермек. Қашан да үміт бар жерден күдіктің де шеті қылтиуы заңды. Отандық сарапшылардың пікіріне құлақ түрсек, Кеден одағының құрылуы – ортақ игілік. Алайда соңғы кездегі әлемдік дағдарыстың шарпуы мен ішкі бағалардың өсімі, инфляция деңгейіндегі ауытқулар салауатты санаға әлі де болса мазаң ойлар тастайды.

Ал, оның несі айып? «Сақтықта қорлық жоқ» дегенді данышпан қазақ бізге дейін де айтып қойған. Сол арқылы сақтана жүріп, болашағын қамдаған. Бүгінгі ұланғайыр байлықты ұрпағына мұраға қалдыра алған.

Кеден одағы күшіне енген 1 шілдеде астықты Арқада күн ысып, қазақтың бағалы қатты сортты бидайы пісіп, жетіле бастады. Сол жылғы көктемгі егісін экономикалық тұрғыда дербес ел болып өткізген Қазақстан егін орағын Кеден Одағының мүшесі есебінде аяқтады. Аяқтағанда да қалай дейсіз ғой? Бұрнағы жылдары астық орылып бітетін тамыздың аяғына дейін аста-төк бидай піспей, жап-жасыл қалпында тұрды. Тек қыркүйектің басында ғана орыла бастаған егіннің қайтарымы орасан зор болды. Оны ел де, жұрт та біледі.

Бұрын-соңды шығып көрмеген мол астыққа қазақ диқандарының біразы ие бола алмай, қыруар астықтың қар астында тебіндегі жылқыға азық боп қалғаны да өтірік емес. Соған қарамастан, қамба алтын дәнге толды. Тіпті, қазақ елінің сол астығын өткізетін жер таба алмай, әлі күнге басын тау мен тасқа қатар соғып жүргені де анық.

Дәл осындай астық молшылығы кезінде жұрт көкейінде «енді басқа арзандамаса да, нан арзандайтын шығар?» деген үміт оянған. Алайда, нан мен нан өнімдерінің бағамы төмендеген жоқ. Әлі де сол қалпында.

Ретті жерінде бір нәрсені айта кету парыз. Дәл сол кезде орталық басылымдардың бірінің редакциясында «астықты дер­жа­вадағы нан бағасына байланысты» бір эксклюзивті пікірталас бола қалғаны. «Бәрі­бір қыруар астық орылмай малға жем болып қалды. Орылған астықты қоятын жер таба алмай қиналып жатырмыз. Оу, сонда нан бағасын неге төмендетпей отырмыз?» деген уәждер айтылған.

Арасында біз де болған екінші бір топ елдегі баға саясатына және оны ырықтандыруға ықпал ететін бірнеше қисынды факторлар болатынын алға тарт­тық. Іргедегі алып мемлекетпен екі ортаға тартылған жеті мың шақырымдық ашық шекара туралы айттық. Ақиқатында Қазақстандағы нан бағасы солтүстіктегі көрші елдегіден үш есе кем болса, мил­лиондаған «нансоғарлардың», басқаша айтқанда арзан азық-түлікке ие болуға ниеттілердің бергі жаққа ауып келуі әбден ықтимал. Оны біз тарихи оқиғалардан да жақсы білеміз.

Біздің бұл пікірімізге келіспеген бір журналистің өз басылымында бізге қарсы бірер ауыз сөз айтқаны да рас. Дегенмен көршілес елдердегі азық-түлік бағамының түрлі имиграциялық процестерге тікелей әсер еткенін тарих жақсы біледі. Оның мысалы біз ойлағаннан да көп.

Жасыратыны жоқ, о баста Кеден ода­ғының құрылуынан саяси астар ізде­сушілер де болды. Дегенмен ХХІ ғасырдың екінші он жылдығы басталып кеткен тұста мұндай қауіпті негізсіз дер едік. Бәрінен бұрын аталмыш бірлестікте экономикалық, соған қоса, тұрмыстық мазмұн басым. Әрі аталмыш процестің басталғанына бір жыл толмағанын да есте ұстауымыз керек.

БАҒА ӘЗІРГЕ ТОЛЫҚ ТЕҢЕСТІРІЛГЕН ЖОҚ

Десек те, ақпарат көздері берген деректерге қарағанда әупірімдеп күнін көріп жатқан ТМД-ның басқа мемлекеттерін айтпағанда, Кедендік одаққа мүше елдердің өзінде әзірге баға нарқының тұрақтала қоймағаны байқалады. Рас, аталмыш экономикалық бірлестіктің талаптарында бағаны реттеу, теңестіру мәселелері де қарастырылған. Алайда ол әзірге толықтай жүзеге аса қоймады деуге негіз бар. Мақа­ламыздың барысында оның да нақты мысалдарын келтіреміз.

Енді демократияның заңды құқықтарын пайдалана отырып, шамамыз жеткенше, қолда бар деректерді пайдаланып, Кеден одағына мүше елдердегі азық-түліктің нарқына салыстырмалы талдау жасап көрелік. Әлбетте, ондайда алдымен алға тартарымыз – баға нарқы ресми түрде бағамдалатын «азық-түлік себеті» болмақ. Сондықтан сол тұтыну себетінің анықтамасы мен құрамына тоқтала кетейік.

Ең төменгі тұтыну себетіне тауарлар мен қызмет түрлерінің ең төменгі жиынтық мөлшері енгізіледі. Ал Қазақстан Республикасында оған орайластырылған «Ең төменгі тіршілік минимумы» туралы заң 1999 жылдың қарашасында қа­былданды. Ал ең төменгі тұтыну себеті тіршілік минимумының көлемін анықтаудың тетігі болып табылады. Әрі ол азық-түлік себетінен және азық-түліктік емес тауарлар мен қызметке жұмсалатын шығын көлемінен тұрады.

Осы жалпақ жұртқа белгілі нормалық көрсеткіштер деңгейінен жоғарыда өзіміз айтқан тақырыпқа жан-жақты сарап жасап көрмек ниетіміз бар. vҚазақстан, Беларусь, Ресей кедендік одаққа кірген кезде интеграциялық процесті әртүрлі экономикалық көрсеткіштермен және әр текті тұрмыс деңгейімен қарсы алды. Кейбір халықаралық ұйымдардың деректеріне қарағанда, Қазақстан халықтың әл-ауқаты жөнінен алда деп есептелінеді. Ал сол қаншалықты қисынды?Ескерте кетейік, біз қозғағалы отырған мәселенің кейбір шенеуніктерге ұнай қоймауы да ықтимал. Дей тұрғанмен, ақиқаттан ешкім де аттап өте алмайды. Шындықтың аты – шындық. Қазір Қазақстан базарларындағы баға бағамын ел-жұрт тегіс көріп отыр. Сондай-ақ, елдің солтүстігімен іргелес жатқан Ресейдің Омбы, Челябі сияқты қалаларына барып-келу де түк емес. Әлбетте Ресейге барған қазақ ондағы бағаны әсіресе азық-түлік бағасын салыстырады.

Ауызекі әңгімеге қарағанда Кеден ода­ғында бағаны теңестіру саясаты жүр­гі­зіл­геніне қарамастан, көрсеткіштердің әлі де болса әртүрлі екені айдан анық. Ақпарат деректеріне көз жүгіртсек, соңғы кезеңде Қазақстанда кейбір азық-түлік тауарларының құны Ресейден жоғары болып отырғанын байқаймыз. Сондай-ақ, біздің елде кейбір шешуші статистикалық деректердің берілмей отырғаны да рас. Ал сонда Кеден одағы құрылғаннан бері қазақстандықтар тұрмысына қаншалықты өзгеріс енді?

2010 жылдың маусым айынан 2011 жылдың маусымына дейін Қазақстандағы инфляция деңгейі 8,1 пайыз болды. Азық-түлік тауарларының бағасы 11,6, азық-түліктік емес тауарлар нарқы 5, төлемақылар 6,1 пайызға өскен. Ал Ресейдегі дәл осы кезеңдегі инфляция өлшемі 9,3 пайыз деп есептелінеді. Аталмыш тауарлар мен қызмет түрлерінің пайыздық өсімі тиісінше 12,6, 6,2 және 8,3 пайыз болған. Мұның бәрі – ресми деректер. Сондықтан қолда бар деректерді пайдалана отырып, 2011 жылдың маусым айына дейінгі азық-түліктің бір килоға немесе бір литрге шаққандағы құнын доллар бағамымен салыстырып көрелік. Атап айтқанда, дәл осы кезең ішінде Қазақстандағы қой еті – 8,15, ал Ресейде – 8, сиыр еті тиісінше – 8,2 және 7,7, балық тиісінше – 6,6 және 2,95, қазақтың басты тағамдарының бірі шәй тиісінше – 22 және 13,18 доллар болған.

Осының өзі-ақ екі ел арасындағы салыстырмалы баға бағамының айқын айғағы бола алады.

Дей тұрғанмен, қазақстандық шенеунік­тердің бөркін аспанға атып, марапаттайтын деректері де бар. Атап айтқанда, Қазақстандағы сүт 0,98, ал, Ресейде 1,9, күнбағыс майы тиісінше – 1,09 және 2,75, нан тиісінше 38 және 0,99 доллар болған.

Өздеріңіз көріп отырғандай күнделікті ас үй рационына енетін азық-түліктің төрт түрінен басқасының құны Қазақстанда Ресейдегіден жоғары. Осының осы-ақ бір­тұтас экономикалық кеңістікте бірігіп отырған кедендік одақта бағаның әлі күнге теңестірілмей отырғанын көрсетеді.

ТҰРМЫСТА АЙЫРМА БАР МА?

Қазіргі баға бағамының айқындаушы тетігі мұнай мен мұнай өнімдері екені айдан анық. Ресей мен Қазақстанның мұнайға кенде емесі де белгілі. Дей тұрғанмен, екі ел арасындағы жанармай бағамының айырмасы ежелден бар. Қазақстанда ұзақ уақыт бойы жанармай құны Ресейденгіден төмен болып келді. Алайда өткен жылдың басынан бастап қазақ үкіметінің оның бағасын да теңестіруді біртіндеп бастап кетті. Жылдың басында Қазақстанда 0,7 доллар болған АИ-93 бензинінің Ресейдегі құны – 0,89 доллар еді. Ал, қазір баға теңестірілді. Соған байланысты бір елдің арзан мұнай өнімін екінші елге тасымалдап, пайда табу әрекеттерінің алды алынды.

Тұрғындар алдымен өз еліндегі бағаның қымбаттағанын қаламайды. Жанар май құнын Ресеймен теңестіру барысында Қазақстандағы мұнай өнімдерінің бағасының артуы да біраз әбігер тудырған. Тіпті, өткен жылдың тамыз айында жекеменшік жанармай құю станцияларының қожайындары Астанада екі рет баспасөз мәслихатын өткізіп, «не көтерме бағаны төмендетуді, не оны Ресейдегі нарық құнымен теңестіруді» талап етті. Жекеменшік жанар май құю станцияларының қожайындары бензин өндірісі төмендегенімен» автокөліктер санының өсе түскенін айтып ұлардай шуласқан. Соңғы деректер бойынша бір ғана Алматыдағы машина санының 600 мыңнан асып кеткенін айтсақ та жеткілікті болар.

Дей тұрғанмен, көтерме саудаға байланысты осындай кемістіктер әлі де болса кездесіп қалады. Өткен жылдың қыркүйек айында Астананың бензин дефицитін бастан кешкенін білеміз. Күз – егін орағының жақындайтын кезі. Қазақстандық мұнай өндірушілердің дәл осы кезеңде жанармай нарқын көтеретін ежелгі дағдысы барын білеміз. Дей тұрғанмен, өткен күздегі елдегі жанармай тапшылығын егін орағымен ғана салыстыруға бола ма? Әлде оның астарында әлдекімдердің жанармай саудасынан пайда табу ниеті жатыр ма?

Қалай десек те, мұнай қоры жөнінен әлемде үшінші орында тұрған Қазақстанның ара-тұра болса да жанармай тапшылығын бастан кешетіні өтірік емес. Бірақ, қазақ үкіметі аталмыш проблеманы 2016 жылға қарай түбегейлі шешуді қарастырып отыр. Ал Ресейде ондай проблема жоқ. Осының өзі-ақ екі ел арасындағы бағаны теңестіру саясатының жүз пайыздық деңгейде жүзеге асуына күмән тудырса керек.

Ресейдің мемлекеттік статистика қызметі берген деректеріне қарағанда 2010 жылы Ресейде 18,5 миллион адамның тұрмысы ең төменгі тіршілік деңгейінен төмен деп есептелді. Бұл жалпы халықтың 13,1 пайызы. Көрші елдегі бір адамға шаққандағы ақшалай кіріс 18552,6 рубль, яғни 685 доллар болды. Орташа зейнетақы көлемі – 7476 рубль, яғни 246 доллар. 2011 жылдың бірінші тоқсанына қарай тіршілік минимумы 673 рубль, яғни 227 доллар болған.

Біздегі деректерге қарағанда Қазақстан халқының 6,5 пайызы, яғни 1,05 миллион адам тіршілік минимумынан төмен деңгейде өмір сүреді. 2010 жылы тұрғындардың бір айлық номиналды ақша кірісі 40473 теңгемен бағамдалды. Жыл аяғында зейнет­ақы мөлшері 21,238 теңге болды. Осы екі көрсеткішті долларға шақсақ, 275 және 144 доллардан келеді екен. Ал 2011 жылдың бірінші тоқсанындағы тіршілік минимумы 15609, яғни 105 доллар болды.

Бұл да болса кедендік одақтағы әріп­тесімізбен арадағы түрлі тауарлар мен қызмет түрлерінің төлемін теңестіру ісінің оңайға түспейтінін көрсетеді.

2010 жылы ресейліктер табысының 55 пайызын тауар сатып алуға, 15 пайызын түрлі қызметтік төлемдерге, 10 пайызын міндетті төлемдерге жұмсайды екен. Сондай-ақ, орыстар табыстарының 14,7 пайызын сақтап, 3,7 пайызын валюта сатып алуға жұмсайды. Қолдарында қалатын ақша номиналы 1,8 пайыз.

Ал Қазақстан тұрғындарының қаржы­лық ахуалы қандай еді? Осы кезеңде қазақстандықтар табысының 69 пайызын тауар сатып алуға, 25 пайызын қызметтік төлемдер жасауға, 0,1 пайызын түрлі салықтар төлеуге, 5,9 пайызын басқа төлемдерге жұмсапты. Басқаша айт­­қанда, екі ел арасындағы қаржылық тұрмыстық ахуалдың айтарлықтай дәрежеде ерекшеленетіні өзінен өзі көрініп тұр.

Президент Н.Ә.Назарбаев тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін басым бағыттары бірі есебінде белгілеп отыр. Сондай-ақ, Елбасы азаматтардың тұрмыстық ахуалын жақсарту мәселесінде алдыңғы қатарға шығарды. Дегенмен елде тұрғын үй тапшылығы айқын байқалады. Басқаша айтқанда, тұрғын үймен қамтуды қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі деуге толық негіз бар. Әрі ол Кедендік одаққа мүше елдердің бәріне тән.

Ресейлік мәліметтерге қарағанда орташа есеппен әр тұрғынға шаққандағы тұрғынжай көлемі ел бойынша 2009 жылы 24,4 шаршы метр болыпты. Ал, Қазақстанда 2010 жылы бұл көрсеткіш 18,4 шаршы метрге жуықтаған. Бұл жердегі бір жылдық уақыт айырмасын да естен шығаруға болмайды. Дәл осы уақыттық мөлшермен бағамдағанда, су құбырларымен қамтамасыз ету Ресейде 77, канализация жасау 71, жылумен қамту 83 шаршы метрге жеткен. Ал Қазақстандағы одан бір жыл кейінгі көрсеткіш тиісінше 57,1, 45,6 және 39 шаршы метр болып отыр.

Бұл жерде де айырма айқын байқалады. Кеден одағындағы әріптестік шартына сәйкес оған мүше елдердегі баға теңестірілуге тиіс. Әрине, ол үшін де уақыт керегі белгілі. Дей тұрғанмен, құрылғанына бір жылға жуықтап қалған кеден одағындағы әл-ауқат пен тұрмыстық жағдайдың әлі күнге теңестіріле қоймағаны ойлантады. Оның үстіне Ресей мен Қазақ­стан арасында да бағаға байланысты теңестірілмеген айырма да баршылық.

Рас, Кеден одағының құрылғанына салыстырмалы түрде көп бола қойған жоқ. Алдағы уақытта серіктестік шартына сәйкес бағалардың реттеліп, теңестірілетініне еш күмәніміз жоқ. Алайда кеден одағындағы басты әріптесіміз Ресеймен арадағы азық-түлік бағасы мен түрлі әлеуметтік қызметтер және төлемдерге байланысты айырма әзірге көзге ұрып тұр.

Өмiрзақ МҰҚАЙ

Серіктес жаңалықтары