ДСҰ-ға мүшелік: КҮНГЕЙІ мен КӨЛЕҢКЕСІ

ДСҰ-ға мүшелік: КҮНГЕЙІ мен КӨЛЕҢКЕСІ

ДСҰ-ға мүшелік: КҮНГЕЙІ мен КӨЛЕҢКЕСІ
ашық дереккөзі
294

Қазақстан 2012 жылы Дүниежүзi сауда ұйымына (ДСҰ) мүше болу процесiн аяқтайды. 2010 жылға дейiн аталған ұйымға мүше болу мақсатында 16 жыл бойы жүргiзiлiп келген келiссөздер керi ысырылып, оның орнына Кедендiк одаққа (КО) мүше болуды мақсат тұтқан едi. Екi жыл iшiнде Кедендiк одақты жасақтап, оның келесi кезеңi Еуразиялық одақ құру iсiне кiрiскен Кеден одағына мүше мемлекеттердiң өзара келiсiмi бойынша ДСҰ-ға бiрiнен кейiн бiрi енуi керек. Ресей өткен жыл соңында ДСҰ-ға ену процесiн аяқтады. Ресейдiң бұл ұйымға мүше болуына Грузияның бiраз уақыт табанды қарсылық танытып келгенi белгiлi. Ара ағайын ретiнде АҚШ екi елдi бiр мәмiлеге келтiрудiң амалдарын жасап бақты. Грузия да қарсылығын қойды.

КЕДЕНДІК ОДАҚ ЖӘНЕ ДСҰ

Дүниежүзі сауда ұйымына әлемнің 60 мемлекеті мүше. Қазақстан солардың 21-імен келіссөзді аяқтаған. Әлі 26 мемлекетпен келіссөз жүргізу керек. Экономикалық даму және сауда вице-министрі Тимур Сүлейменов коллегияның кеңейтілген отырысында:

– Мемлекет басшысының тапсырысына орай, Үкімет жыл соңына дейін ДСҰ-ға кіру процесін аяқтау қажет. Осыған орай министрлік пен ДСҰ-ның хатшылығы бірлесе отырып, Қазақстанның осы ұйымға ену «Жол картасын» жасады. Бұл құжатта барлық процестер мен процедураларды 2012 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген, – деді.

Оның айтуынша, бірінші тоқсанда екі жақты келіссөздерді аяқтау жоспарланса, екінші тоқсанда әріптестермен жұмыстар аяқталуы тиіс. Ең бастысы Ресей Федерациясының ДСҰ-ға мүше болуына орай, тарифтік міндеттемелерді жүйелендіру керек.

Ресейдің ДСҰ-ға мүше болуы Кеден одағындағы жетекші мемлекет ретінде Қазақстан мен Беларусьтің де аталған халықаралық экономикалық ұйымға мүше болуына міндеттейді.

Қазақстан сыртқы саудада Ресейден гөрі либералды саясат ұстанады. Кеден одағына мүше мемлекеттер үшін ДСҰ-ға қатысты ресейлік талаптар орындалуы тиіс. Бұл ретте сыртқы саудадағы Қазақстанның Кедендік одаққа дейін қол жеткізген келіссөздері бойынша талаптарын өзгертуге тура келетіні айқын. Сарапшылар сыртқы саудадағы талаптарын Ресейдің өзі де жұмсарту қажеттігін айтады. 2011 жылдың мамыр айында КО-ына мүше елдер арасында КО жасақтау туралы Келісім шартқа қол қойылды. Бұл шарт бойынша КО елдері ДСҰ-ға мүше болған жағдайда ортақ кедендік тарифтің деңгейі ДСҰ жағдайында қарастырылған келіссөздерді қос­па­ғанда, импорттық тарифтің дең­гейінен аспауы керек. Сондай-ақ, КО елдері арасындағы талаптар ДСҰ-ға үйлестірілгенде, КО аясында келі­сілген халықаралық келіссөздерге қара­ғанда ДСҰ талаптарының дәре­жесі жоғары тұрады. Егер Ресей Қазақстанның бұған дейінгі келіскен талаптарын жоққа шығарып, оны КО деңгейіне жеткізуді мәжбүрлесе, бұл Қазақстанның үшінші елдермен келіссөздерін қиындата түседі. Бұл КО жағдайына да кері әсерін тигізуі мүмкін. Сол себепті де Ресей Қазақстанмен келіссөзге баруы тиіс.

ҮМІТ ПЕН КҮДІК

Жапонияның Орталық Азия және Кавказды зерттеу институтының атқарушы директоры, профессор Тецужи Танака Қазақстандағы қазіргі жағдаймен ДСҰ-ға енудің пайдасынан зияны көп екендігін айтады.

– Қырғызстан ДСҰ-ға ену арқылы тауарлардың импортын арттырды, бірақ оған төтеп берер бәсекелестік болмады. Мәселен Ош базарында ДСҰ-ға енгенге дейін азық-түлік тауарларының 60 пайызы импорт, 40 пайызы жергілікті тауарлар болды. Қазір оның 90 пайызы шетелдік болып кетті. Мен 10 жыл бойы Жапон-Қазақ одағының кеңесшісі болып істеймін. Менің көзқарасым бойынша, Қазақстан ДСҰ-ға енуді кейінге қалдыра тұруы керек. Ішкі рынок күшейгенше күте тұру керек. Қазақстан мұнайдың арқасында шалқып отыр. ДСҰ мемлекетке қандай да бір артықшылық бермейді. Өйткені мұнайға деген сұраныс қалай да төмендемейді, – дейді ол.

Қазақстан даму институтының директоры Мағбат Спанов:

– Біз әлі кейбір елдермен әлі келіс­сөзге отырған жоқпыз. Бұл келіс­сөздерден кейін ғана Қазақстанның ДСҰ-ға ену мәселесі шешіледі. ДСҰ-ға енгеннен кейін біз демпингтік бағамен тауардың астында қаламыз. Бұл тұтынушы үшін жақсы, бірақ өндіруші секторды тұншықтырады. Экономикада құрылымдық төңкеріс болады. Бірақ онда отандық тауар өндірушілер болмайды.

ДСҰ-ға енудің бір талабы – кедендік тарифтерді төмендету. Айталық, ауыл­шаруашылығы тауарларының кедендік тарифтерін 24 пайызға, кем дегенде 10 пайызға азайту қажет. Егер тарифі жоқ тауарлар болса, оларға тариф қолданылатын болады. Тағы бір мәселе қоқыстардың көбеюі. Қазақстанда қоқыстарды қайта өңдеу зауыты жоқ.

Экономикалық интеграциялау жө­нін­дегі министр Жанар Айтжанова Қазақстан ДСҰ-ға мүше болған жағдайда импорттық автомобильдерге салынатын баж салығы 18 пайызға дейін төмендейтінін айтады.

«Бүгін біртұтас кедендік тариф негізінде шетелдік автомобильдерге салы­натын баж салығы 30 пайыздың көлемінде. ДСҰ-ға мүше болғаннан кейін, шетелдік тауарларға, соның ішінде автомобильдерге салынатын баж салығы төмендетіледі», – деді ол Сенат­тағы пленарлық отырыста.

ДСҰ-ға мүше болғаннан кейінгі мін­деттемелердің алғашқы деңгейі 23-25 пайызында болмақ, содан кейін белгілі бір өтпелі кезеңнен кейін 18 пайызға төмендейді.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары