ҚЫЗЫЛОРДАДА «АЛТЫН ҚАМБА» АШЫЛДЫ

Қызылорда облысында «Алтын қамба» АӨК сауда-логистикалық орталығы ашылды. Мұнда келешекте 3250 тонналық көкөнiс сақталатын болады. Қызылорда облысының әкiмi Болатбек Қуандықовтың үкiмiмен өткен жылдың 12 қыркүйегiнде «Азық-түлiк тауарларының өңiрлiк тұрақтандыру қорларының кейбiр мәселелерi туралы» комиссия құрылған едi.

Ол комиссияның алғашқы отырысында «Азық-Түлік келісімшарт» АҚ-ы арқылы берілген 751,0 млн. теңге несиеге Қорға қажетті 7 түрлі өнімдерді сатып алу мәселесі қозғалған еді. Бұл өнімдер (күріш – 434 тонна килограмы – 110 теңгеден, қант – 685 тонна килограмы – 150 теңгеден, өсімдік майы – 410 тонна килограмы – 260 теңгеден, қарақұмық жармасы – 124 тонна килограмы-230 теңгеден, картоп – 3262 тонна килограмы – 71 теңгеден, жуа – 867 тонна килограмы – 76 теңгеден және сәбіз – 834 тонна килограмы – 66 теңгеден) облыс халқының 4 айға қажетті өнімінің 20 пайыз көлемі мен сатып алу бағасы белгіленген еді.

Бұл өнімдердің көлемі өткен жыл­дың 5 қарашасында өткен комиссия отырысының шешімі бойынша қайта бекітілді. Бұл отырыста сатып алатын тізілімнен күрішті алып тастау және жуаның көлемін 1200 тоннаға дейін көбейту мәселелері қозғалды. «Қызылорда» ӘКК» АҚ-ның еншілес кәсіпорыны «Қызылорда қаржы компаниясы» ЖШС-нің жанынан құрылған азық-түлік өнімдерінің тұрақтандыру қорын қалыптастыруда картоп, көкөніс өнімдерін сатып алу жұмыстары да ұйымдастырылуда.

Бүгінгі күні Қорға Жамбыл облысынан 867 тонна жуа сатып алынды. Оның килограмына 48 теңгеден төленіп отыр. Ал қалған жуаның 333 тоннасы биылғы жылдың сәуір айына дейін алыну көзделген. Сондай-ақ Павлодар облысынан 2000 тонна картоп 49 теңгемен сатып алынды. Бүгінгі күні оның 475.0 тоннасы жеткізіліп, қалған көлемі белгіленген кесте бойынша тасымалданатын болады. Ал сәбіздің 400 тоннасы тауар өндірушіден тікелей сатып алынып отыр. 48 теңгеден сатып алынған сәбіздің әзірге 45 тоннасы жеткізілді.

Бұл өнімдердің барлығы дерлік, «Ал­­тын қамба» агроөнеркәсіп комбинаты» ЖШС-нің базасындағы жалпы сыйымдылығы 3250 тонналық жаңа­­дан салынған сақтау қоймасында сақ­талынуда. Бұл жобаның негізгі мақ­саты – «Алтын қамба» АӨК» ЖШС-нің базасында көкөніс өнімдерін сақтау және өткізумен айналысатын, жаңа қондырғылармен жабдықталған және озық технологиялармен қамтамасыз етілген қоймасы бар сауда-логистикалық орталығын ұйымдастыру.

Жобаны жүзеге асыруда «Алтын қамба» АӨК» ЖШС-нің қаржылары, «Қызылорда қаржы компаниясы» ЖШС-гі арқылы тиісті жабдықтар, «Оңтүстік қаржы компаниясы» ЖШС арқылы автокөліктер лизингіге алынып отыр. «Оңтүстік қаржы компаниясы» ЖШС-нің лизингтік бағдарламасы негізінде «Алтын қамба» АӨК» ЖШС-не 10 дана «DAF» рефрижераторы және 3 дана «КАМАЗ» автокөліктері алынды.Қазіргі таңға көкөніс сақтау қойма­сының құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Онда голландиялық (Tolsma) заманауи жабдықтар орнатылды. Сақтау қоймасы:

— картоп, жуа, сәбіз және тағы да басқа өнімдерді сақтауда желдеткіш жүйесі;

— булануға қарсы жүйесі;

— ылғалдылықты бақылау жүйесі;

— контейнерлерді тиеу және түсіру машиналары;

— электроқозғалтқыштар және т.б қондырғылармен жабдықталған.

Сонымен бірге, Қорға Өскемен қаласында өндірілген 400 тонна өсімдік майы сатып алынды. Оның бағасы литріне 228 теңгеден шығып отыр. Ал Өскемен қаласының «Крупы Востока» ЖШС өндірушісі өндіретін 124 тонна қарақұмық жармасы 185 теңгеден тікелей сатып алынды. Ал қантты Алматы қаласының «Азия сахар» АҚ-нан сатып алу жөнінде келісім-шарт жасалып, қол қойылды. 685 тонна көлемді құрайтын қант өнімдері белгіленген кес­те бойынша облысқа тасымалданатын болады.Бүгінгі таңда жоғарыда аталған өнімдерді белгіленген бағада өткізу жө­нінде аудан (қала) әкімдіктері ұсынған кәсіпкерлермен келісім-шарттар жасалуда. Сонымен бірге, Қызылорда қаласында және өзге де аудандарда «Аль-Асад» ЖШС-нің сауда үйлерімен де тұрақтандыру қорының өнімдерін белгіленген бағада өткізу жөнінде келісім жасалып, алғашқы картоп өнімдері сатуға шығарылды.Бүгінде «Қызылорда» ӘКК» АҚ-ның жанынан Қызылорда қаласының әр мөлтек аудандарында ашылатын құрастырмалы типтегі 10 сауда дүкенінің 3-нің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл сауда дүкендері желілерінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар нарықтық бағадан 10-15 пайыз төмен бағада сатылатын болады. Тұрақтандыру қорының өнімдерін аталмыш дүкендерде сату бағасы комиссия шешімімен белгіленген арзан бағада халыққа ұсынылмақ.

02.02.2012

Гүлзина ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button