ҮКIМЕТ СЫНҒА ҰШЫРАДЫ

ҮКIМЕТ СЫНҒА ҰШЫРАДЫ

ҮКIМЕТ СЫНҒА ҰШЫРАДЫ
ашық дереккөзі

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

«Бас басына би болған» министрлер мен әкiм-қараларды қатаң сынға алған Президент Үкiметке жаңа мiндеттер жүктедi. Мемлекеттен аса iрi көлемде жалақы алып келген «жатыпiшерлер» де жұмыстан қуылмақ ендi. Ал Елбасы тапсырмасын уақтылы орындамай, сиырқұйымшақтандырып жiберетiн министрлер өз iстерiне жауапкершiлiкпен қарауға мiндеттi. Бұл да – Президенттiң пәрменi.

Жұма күні, анығында, 27 қаңтарда халыққа Жолдаудан кейін Үкімет үйін бетке алған ҚР Президенті Н.Назарбаев жаңадан жасақталған Министрлер кабинетінің кеңейтілген отырысына қатысты. Үкімет құрамындағылардың талай кемшілігін ашық көрсеткен Нұрсұлтан Әбішұлының қаһарлы жүзіне тік қарай алғандар кемде кем. Алдымен Қазақстанның индустриалдық жобаларының шеңберінде өндірілетін азық-түлікті пайдаланбағаны үшін Үкіметке кінә артты, сосын: «Егер өзіміз мүлде қолданбайтын болсақ, индустрияны не үшін салып жатырмыз сонда?!» деп кейіді. Шетелден келетін тауарларды отандық өнімдермен ауыстыруға кедергі болатынын ескерткен ол сырттан сатып алмай, өзімізде жасап, кәсіпорындардағы жұмыс орындарына халықты көптеп тартуға пәрмен берді. Бүгінде отандық жеңіл өнеркәсіптің де халі мүшкіл. Ішкі нарықты қытайдың сапасыз тауары басқан (Кедендік одақ құрылғалы бері бұрын арзанға түсетін қытайлық сапасыз тауарлардың бағасы да шарықтап кетті). Қазір Қазақ нарығын аспанасты елінен басқа Түркия, Үндістан (Пәкстан), жаулап алған. Кейінгі кездері Ресейде жасалған тауарлар да енгізілуде. Экономикалық дағдарыстың салдарынан тұтынушыларының сатып алудағы белсенділігі төмендеген Еуропалық Одақ дүкендерде өтпей тұрған тауарларын дамушы елдерге (сондай-ақ Қазақстанға) қарай бағыттауда. Мұның бәрі отандық жеңіл өнеркәсіптің дамуына үлкен кедергі. Н.Назарбаевтың назарынан бұл да шет қалған жоқ: «Жеңіл өнеркәсіпті индустрия ретінде мүлде ұмыттық. Жүзеге асырылған жобалардың 60 пайызы ауыл шаруашылығы саласының үлесінде – көпірте мақтаған баяндамаларымыздың нәтижесі осы». Сондай-ақ, отандық көлік жасау саласында да қазақ шенеуніктерінің шетелдік өнімдерге иек артуға құмар екендігін айтып, елімізде шығарылған көліктерді пайдалануға шақырды. Президенттің сынынан кейін өзгелерден бұрын қорытынды шығаруға асықты ма, ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев тіпті, жұмысқа жаяу қатынауға дайын екендігін, оған арланбайтынын айтты: «Қаржы министрлігінен 10 минуттық жерде тұрам. Жаяу жүруге моральдық тұрғыда дайынмын. Бұл – мен үшін сөз емес». Жалпы, жаяу жүру мәселесі кез келген мемлекеттік қызметкер немесе депутат үшін қиындық тудырмаса керек. Әлбетте, сырнайлатып-кернейлетіп, бірнеше шетелдік машинамен және қасындағы «нөкерлерімен» жүруді қалайтындар үшін емес. Бірақ осыдан бес жыл бұрын Германиядағы Бундестаг депутаттарының таңертең жұ­мысқа велосипедпен келе жатқанын көріп, таңғалған едік.

Назарбаев ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Мамытбековке өзі басқаратын мекеменің мүддесін қорғауда табандылық танытуға шақырды. Әсіресе, малдәрігерлік саланы халықаралық стандарттарға сәй­кестендіру, өнімді өндіру мен өңдеу мәселесінде. Соңғы үш жылда сүт және ет фермаларына, жылыжайларға, көкөніс сақтау қоймаларына, мал бордақылауға мемлекет тарапынан қыруар қаражат жұмсалса да, шыққан нәтиженің жоқтығын айтты. Отырыста Президенттің қаһарына денсаулық сақтау министрі де ұшырады. «100 аурухана» бағдарламасының іске асырылуының мардымсыздығына ашуланған ол: «Кейінгі жылдары «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы шеңберінде жоспарланған 103 нысанның небары 58-і ғана салынды. Не болды, денсаулық сақтау министрлігі? Бұлай жұмыс істеуге болмайды! Әкімдер қайда қарап отыр? Бұл адамдардың денсаулығы емес пе! Бұл бағдарламаларға неге ақша бөлеміз, ол жерде жаңа жұмыс орындары да ашылады, адамдар да бар. 2011 жылғы халыққа Жолдауымда мен 350 аурухана мен амбулаториялар салуды тапсырғанмын. Бірақ тек 7-еуіне ғана шығын шыққан. Ендеше неге сонша көп жоспарладық?» – деді. Денсаулық сақтау саласындағы былықтар жетерлік. Адам денсаулығын жақсартуда, өлім-жітімді азайтуға, әсіресе бала мен ана өлімін болдырмауда медициналық нысандар – аурухана, емханалардың орны бөлек. Берілген нұсқаулардың қағаз жүзінде қалып қоятындығына кейіген Елбасы «қолымыздан келмесе, ашығын айтайық. Мұндай бассыз­дықтардың болуына кім кінәлі?» дей келе, мәселені анықтауды Мәсімовке тапсырды.

Бүгінде Үкімет дағдарыспен күресіп әлек болып жатса, кейбір пысықай жалған кәсіпорын құрып, мемлекет қазынасына тиесілі қыруар қаражатты қымқырумен айналысыпты. «Бұл туралы көптен бері айтпай кеттік. Қаржы министрлігі мен салық комитеті бейбіт өмір сүруде. Қазір дағдарыс екенін түсінемін, бірақ іске білек сыбана кірісу қажет. Былтыр жалған кәсіпорындар саны 35 пайызға артып, 1081-ге жетіпті» (Н.Назарбаев). Осының салдарынан бюджетке түспей қалған қаражат көлемі 200 млрд. теңгенің үстінде. Салық мәселесінде жетілдіру жұмыстарын жүргізуді тапсырған Нұрсұлтан Әбішұлы «шаш ал десе, бас алатындарға» асырасілтеушілікке ұрын­бауды ескертті: «Жағымсыз жайттардан қашу керек. Менің берілген тапсырмамды малданып, салықтық тексерулермен елдің зықысын шығармаңдар». Бұл орайда, ол қазақтың «ит итті жұмсайды, ит құй­рығын жұмсайдының» керін келтіретіндерге де шүйлікті: «Бүгінде Үкімет менің нұсқау­ларымды жедел жүзеге асырудың орнына министрліктерге тапсырады, ал министр­ліктер – орынбасарларға, орынбасарлар – агенттіктерге, осылайша қағаз күйінде бүкіл Қазақстанды шарлап жүре береді. Бір бұйрықтың айналасында ондаған басқа бұйрық пайда болады». Президенттің айтуынша, 2011 жылы мемлекеттік органдардан берілген 15 мың тапсырманың 80 пайызы Үкімет пен премьер-министрдің канцеляриясынан болыпты: «Сонда канцелярия басқарушы органға айналды ма? Ол канцелярия емес пе? Ол сөйтсе нұсқаулар беріп, құжаттарды кері қайтарып, министрлерді басқарады екен. Ендеше оның атауын өзгертейік!». Осылайша ашуға мінген Назарбаев Президенттен алған тапсырманы премьердің әр орынбасары өздері орындауды бұйырды. Оның Үкімет пен атқарушы билікке айтқан әр сынын орынды деп тапқан Мәсімов кешірім сұрады. Әлбетте, кешіріммен істің бітпейтіні белгілі. Министрлер кабинеті өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз атқарғанда ғана сын ауылынан алыс болмақ.Бүкіл әлем қаржылық, экономикалық, қарыздық дағдарыс кезінде ақшаны барынша үнемдеуге, шығынды аз шығаруға мүдделі болса, біздегі кейбір министрліктер мен әкімдіктер шашу шашып, той тойлауды қысқартпапты. «Көрпесіне қарай көсілмегендерді» тәубесіне келтірген Назарбаев жоспарланған 3 мыңнан астам түрлі іс-шараны азайтуды талап етті. Ал мемлекеттік сатып алулар бойынша қосымша жұмыстарды вице-премьер мен қаржы министрі Болат Жәмішевке жүктеді. «Бүгінде мемлекеттік органдар тауарлар мен қызмет көрсетулерді байқау өткізбей-ақ өздерінің еншілес кәсіпорындарынан бірнеше есе қымбатқа сатып алады. Сонда бұл не?! Егер тауарлар мен қызмет көрсетуді 20 пайызға арзандатсақ, 500 миллиард теңгені үнемдеуге болады!». Үнемдеу мәселесінде азық-түлік пен тарифтердің бей-берекет өсуін ауыздықтауды айтты. Түк бітірмей-ақ, ақшаны күректеп табатындар да енді қудалауға ұшырамақ. Өйткені жуырда ғана «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорына жетекшілікке тағайындалған Өмірзақ Шүкеев «жатыпішерлердің» көп екендігіне көз жеткізіпті. «Қағазды ана жерден мына жерге ауыстырып қойғаны үшін өте ірі көлемде айлық алатындарды» жұмыстан кетіруді тапсырды. Демек, алдағы уақытта мемлекеттік қызметкерлерге қатысты әлі талай былықтың беті ашыла бермек.

02.02.2012