ҚАЗАҚТАРҒА ҚЫРҒИДАЙ ТИГЕН

ҚАЗАҚТАРҒА ҚЫРҒИДАЙ ТИГЕН

ҚАЗАҚТАРҒА ҚЫРҒИДАЙ ТИГЕН
ашық дереккөзі
423
«Желтоқсан жендеттерi» әлi де жадымызда
 

Жазушы, ғалым, газетiмiздiң тұрақты авторы Тоқтар Бейiсқұлов бүгiнде 80 жасқа толып отыр. Ағамызды осы мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, төмендегi мақаласын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдiк.

ТҮРКIСТАНДЫҚТАР
Тоқтар БЕЙIСҚҰЛОВ

Қай кезде де ерлiктiң жолы ауыр. Оның шылауына оралатын кедергi көп. Сол көп кедергiнiң алдында ездiк деген бәлекет жүредi. Қарап жүрмей, небiр кесапат жамандығын жасап-ақ бағады. Соның кесiрiнен кезiнде қаншама зиялы азаматтарымыз, тамаша қайраткерлерiмiз жапа шектi, опат та болды. Бойды сансыратып, ойды тұншықтырған сол ездiктiң кесiрiнен 1937 жылы қалай болса, арада елу жыл өткенде — 1987 жылы да небiр маңдайалды азаматтарымыздың арқасын аяз қарып, сергелдеңге түсiрдi.

Иә, жаңа бүршiк жарып келе жатқан балаң демократияның көрiнiсiндей желтоқсандағы бейбiт шеруден кейiн қазақ кадрларының басына күннiң өзiнде қара бұлт үйiрiлiп, жөнсiз әңгiртаяқ ойнатыла бастады. Ешкiмнiң еңбегiне, беделiне қарау болған жоқ. Сыныққа сылтау iздеу деген желдi күнгi өрттей қаулап, үлкен-кiшiнi жыландай жалап, қидай сыпыру өрiс алып жүре бердi. Қым-қиғаш iстiң үстiнде жүрген адам кем­шiлiксiз бола ма, тегi: «Жорға да сү­рi­недi, жүйрiк те сүрiнедi» (Ғ.Мүсiрепов). Кем­шi­лiк ханда да болады, қарада да болады. «Жақсысын асырып, жаманын жасырудың» орнына, түймедейдi түйедей ету, мұқату, тұқырту деген кесапаттардың желi оңынан тұрып, Құдайы бердi-ай дейсiң. Сол кезде билiктiң басында отырған кейбiреулер айқайға аттан қосып, әлдекiмдердi жардан құлатқанша жандары жай таппады. Сондай әдеттердiң салдары ғой, әйтпесе кешегi Колбин ке­зiн­де Д.А. Қонаевтың жанын бiр емес, әлде­не­ше жаралататын не жөнiмiз бар едi? Қазiр Колбиннiң сол кездегi әрекеттерi мен ай­ла­сын ой елегiнен өткiзер болсаңыз, тiптi жа­ның­ыз түршiгедi. Алаңдағы жастардың бой көр­сетуiн басудың амалын таба алмаған ол көпшiлiктiң алдында сөйлеуге Д.А. Қонаевты шақырғанымен сөйлетпей, алдап қайтарып жiбердi. Әуелгi бiр кезде ол кiсiмен екi сағат сөйлескенiн, парасатты адам екенiн айтып, жұртты алдауға дейiн барды. Артынша нiлдей бұзылып шыға келдi. Желтоқсан оқиғасына тiкелей кiнәлi адам Д.А. Қонаев дегенге дейiн барды. Бiрақ оған ел-жұрттың көзiн жеткiзе алмады. Ақыры, кезiнде ол кiсiнiң маңайында қызмет iстеген адамдарды ұстатып, отырғыза бастайды. Әсiресе Орталық Комитеттiң «Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшiлерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жөнiндегi жұмысы туралы» қаулысынан кейiн (1987 жылғы шiлдеде қабылданған) ол шабуылын тiптi үдете түстi. Колбин «жұрт кiнә менен деп ойламасын» деген аярлықпен әлдебiреулердiң қолымен от көсеудi дағдыға айналдырды. Адам тағдырын тәлкекке са­лып, «iстi болғандар» әуелi төменгi партия ұйымдарында талқылансын деген әдiске көштi. Сондай жолмен А.Асқаров, Д.Бекежанов, Ө.Жолдасбеков сынды қазақтың ар­дақты азаматтарын партия қатарынан шы­ғарт­ты. Мұндай мысалдардың әлi де талайын кел­тiруге болар едi. ­Бiрiншi басшы өзгерiп, орнына жаңа адам келсе, кадрлардың астан-кес­теңiн шығарып, бiрiн алып, бi­рiн қойып, судай сапыратын ауру бар, әдет бар. «Құланның қасуына мыл­тық­­тың басуы дәл келiптi» демекшi, қым-қиғаш өзгерiстiң болатынын бiлiп, бас­шы кадрлар мазасыз күй кешiп жүр­­генде, СОКП Орталық Комитетiнiң 1987 жылғы 27 қаңтарда кезектi Пле­нумы өтiп, онда «Қайта құру және пар­тиялық кадр саясаты» деген мә­се­ле қаралып, Колбиндi Құдайы жа­­рыл­қады да тастады. Бұдан кейiн, әрине, Колбиннiң республика журналистерiнiң VII съезiнде (1987 жылғы ақ­панда өттi) сөйлеген сөзiне таңданудың жөнi жоқ едi. Ол көрнектi журналист А.Аграновскийдiң «мысықты штат бойынша жолбарыс қып өткiзгенмен, оның жұмысты атқара алмайтындығы» жөнiнде айтқанын еске салып, «ал бiзде «жолбарыстың» iсiн атқармақ түгiлi тышқан да аулай алмайтын, мысықтар қаншама» деп күйiнiп-күйзелген болды. Бұл сөз сол кезде көп адамды ойландырып-ақ тастаған шығар. Кадр мәселесiн қарайтын пленум өткiзетiндiгiн де жариялап салған. Желтоқсан оқиғасын басу кезiнде қазақ басшыларды маңайына жуытпай, Мәскеуден келген эмиссарлармен кеңесiп, өзi пiшiп, өзi кесiп, шовинистiк бет-пердесiн айқын көрсеттi. Оның аяғы қанды сойқанға ұласып, қарулы күштер, милиция, партия комитетiнiң басшылары тiкелей қолшоқпарларына айналды. Қамшыны үстi-үстiне басып, кадрларды былықтырғанда ешкiм ешнәрсенiң мәнiсiне түсiне алмай қалды. «Әй дер ажа, қой дер қожа» болмағаннан кейiн, Колбин дәуiрлей бердi, дәуiрлей бердi. Орталық Комитеттiң келесi Пленумында (1987 жылғы 21 ақпанда өттi) Жамбыл облыстық атқару комитетiнiң бұрынғы төрағасы С.Аққозиев, Қазақ республикалық кәсiподақтар Кеңесiнiң төрағасы В.Қ. Қадырбаев Орталық Комитеттiң құрамынан шығарылды. Д.Бекежанов, А.Статенин, И.Шүкiмов партия қатарынан аласталды. Батыс Қазақстан темiржолының бастығы Р.Тұрғанбаевқа сөгiс жарияланып, қыз­ме­тiнен де босатылды. Оларға тағылған кiнә – қызмет бабын жеке басының мүддесiне пайдаланды, финанс тәртiбiн бұзды, инабаттылық көрсетпедi деген желеулер едi. Күллi республикаға белгiлi азаматтарды мұндай сылтаулардың құрбаны ету еш ақылға сыймады. Колбин жұртты одан сайын үркiте түсу мақсатында Асқаров, Бекежанов, Статениндердiң үстiнен iс қозғатып, бас бостандықтарынан айырды. Кейiн оларға тағылған айыптар дәлелденбедi. Көпшiлiк олардың басына түскен әуре-сарсаңға қабырғасы қайыса күйзелдi. Бiрақ қолдарынан ешнәрсе келмедi. Бiр емес, талай жолы түпке жеткен мұндай «момындықтан» қашан құтылар екенбiз? Осы Пленумның алдында ғана, 17 қаңтарда өткен Орталық Комитет бюросының мәжiлiсiнде республикада кадрлар арасында жүргiзiлiп жатқан жұмыстың дәрежесiн арттыру жөнiндегi шаралар қаралып, Орталық Комитеттiң жанында осы мәселенi үйлестiру кеңесi құрылып, оның құрамы бекiтiлдi. Кеңес құрамына Орталық Комитеттiң барлық хатшылары, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесi Президиумының төрағасы, Министрлер Кеңесiнiң төрағасы, Комсомол Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы, Орталық Комитеттiң барлық бөлiм меңгерушiлерi, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, ұлттық қатынастар секторының меңгерушiсi, iс басқарушысы, барлығы 28 адамнан құрылған Үйлестiру Кеңесiн Колбиннiң өзi басқарды. Бұл қадамның мақсаты ешкiмдi ешқайда тырп еткiзбеу едi. Бiлгiр, iскер кадрлар осылай жамсатылып жатқанда, кешегi Желтоқсан дүрбелеңiнде мейлiнше белсендiлiк көрсетiп, жөнсiз тұншықтырған Октябрь аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Ю.А. Мещеряков деген Орталық Комитеттiң хатшысы болып сайланып шыға келдi. Мұндай жоғарылатудың мәнiсiн жұрт әлi күнге дейiн түсiнбей келедi. Дүмбiлез кадр ақыры дүмбiлездiк жасады, халықтың сенiмiн ақтаған жоқ. Қазаққа қырын қарау саясатына жол берiп, өзiнен-өзi су аяғы құрдымға кеткен күйге ұшырады. Колбиннiң «Қырымды шалған қырағы» назарынан облыс-облыстардағы қазақ кадрлары да тыс қалған жоқ. Солардың алды болып «пышаққа» түскен бұрынғы Гурьев (қазiргi Атырау) облыстық атқару комитетiнiң бұрынғы төрағасы Е.Тасқынбаев едi. Ол жаңа үйге көшiп, тұрмыстық жағдайын жақсартқаны үшiн қатаң сөгiс алып, қызметiнен қуылды. Осы мәселеде де алалаушылық жұртқа жағасын ұстатпай қойған жоқ. Дәл сондай әрекет жасаған обкомның сол кездегi екiншi хатшысы В.Н.Устиновқа тек есеп карточкасына жазылған сөгiс берiлдi. Тым болмаса қатаң сөгiс те емес. Әдiлдiк пе осы?! Колбиннiң кезiнде 19 облыстық партия комитетiнiң он екiсiнiң бiрiншi хатшысы өзгердi. Шымкент облысында бұл қызметтегi адам үш рет ауысты. Бiр таңқаларлық нәрсе, Павлодар, Жезқазған, Қостанай, Солтүстiк Қазақстан облыстық партия комитеттерiнiң бiрiншi хатшылары П.И.Ерпилов, Н.Г.Давыдов, В.П.Демиденко, В.Т.Степанов жұмыстарында кемшiлiк шаш етектен бола тұра, өте-мөте қазақ азаматтарын жосықсыз қудалауға ұрындырса да еш нәрсеге жауап бермей, сүттен ақ, судан таза болып шыға бердi. Колбин бiр пленумда жасаған баяндамасында Давыдов туралы: «Еңбекшiлердiң мұқтажына назар аудармау және сонымен бiрге өзiнiң күйiн көбiрек күйттеу Давыдовты құрметтемеу және тiптi ашықтан-ашық жек көру сезiмiн туғызды. Оның кадр мәселесiн қалай болса солай жеке-дара шешуi, тексерiлмеген фактiлердiң негiзiнде қызметтес жолдастары туралы тым ұшқары пiкiрлер айтуы, әдiл сын үшiн қудалаудан қымсынбауы ол жөнiндегi мұндай көзқарасты күшейте түстi» деуге мәжбүр болған-ды. Мұндай сорақы кемшiлiктер әлгi бiрiншi хатшылардың қай-қайсында да кездестi. Олай болса, неге олардың жауапкершiлiгi қаралмай, құрметтi демалысқа жiберiлдi? Олардың Тасқынбаевтан несi артық едi? Мiне, мұның аты «ала қойды бөле қырқу» болатын. Партия аппаратында «кадрлар арасында жұмыстың бүкiл жүйесiн түбiрiнен қайта құру» 1988 жылы жаңа қарқын алды. Нақтылы деректерге жүгiнер болсақ, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң аппаратының өзiнен 18 адамға сенiмсiздiк көрсетiлiп, жұмыстан босатылыпты. Есеп беру кезiнде партия комитеттерi мен бюроларының 1836 мүшесi ауыстырылған. Бастауыш және цехтық партия ұйымдарының 450 хатшысы қайта сайланған. Осы кезде басқаны былай қойғанда, Орталық Комитеттiң өзiне қанша хатшы келiп, қанша хатшы кеттi? Колбиннiң оң қолы болып, Алматы облысында жетi жүзден астам кадрдың түбiне жетiп, талайды қанқақсатқан М.Меңдiбаев екiншi хатшылыққа сайланып шыға келдi. Ендi ол облысты қойып, республика кадрларының тағдырына көз тiге бастады. Ендi Колбиннiң өз аузынан шыққан кейбiр деректерге жүгiнейiк: «Жалпы алғанда басқару аппаратының 132 мың қызметкерiнiң 33 мыңнан астамы қазiрдiң өзiнде қысқартылды». Колбиннiң «Правда» газетiнiң тiлшiлерiмен сұхбатынан («Правда», 24.04.88). «Өткен жылдың iшiнде ғана облыстық комитеттерi аппаратының жауапты қызметкерлерiнiң 28 процентке жуығы, қалалық және аудандық партия комитеттерiнiң жауапты қызметкерлерiнiң үштен бiрiнен көбi, сондай-ақ облыстық, қалалық және аудандық партия комитеттерiнiң әрбiр төртiншi дерлiк номенклатуралық қызметкерi ауыстырылды. Ауыстырылғандардың әрбiр оныншысы терiс себептермен босатылды. Совет, кәсiподақ және комсомол органдарында да осындай жұмыс жүргiзiлдi». Колбиннiң Орталық Комитеттiң XII пленумында жасаған баяндамасынан. Қаншама адамның тағдыры қиылған, қаншама адам опық жедi, өмiрi өксiдi. Осындай жөнсiз әрекеттердiң партия атына орынсыз ренiштер туғызып, жирендiргенi де сөзсiз. Аппаратты қысқарту уақыттың талабынан да туған шығар. Бiрақ елден ала бөтен бұлайша жамсатып салу тiкелей Колбиннiң кесiрi, кесапаты екендiгiнде ешқандай дау жоқ. Осы уақытқа дейiн бүкiл республикаға басшылық жасап келген Орталық Комитеттен сексендей адамның, облыстық партия комитеттерiнен 107 салалық бөлiмнiң, 275 жауапты қызметкердiң қысқарып, босатылуы елдi ойландырмай қойған жоқ. Мұндай жөнсiз шаралар қалалық, аудандық партия комитеттерiнде де жүзеге асырылып жатты. Бiз осы мысалдарды келтiру арқылы сиырқұйымшақтатып барып коммунистiк партияның тамырына балта шабылғанын дәлелдейiк деуден аулақпыз. Бiздi мазалаған ой – ауыстыру, қысқарту, жетiлдiру, жаңарту, көрсетiлген сенiмдi ақтамады деген «мақсаттармен» өте сұрқия, қулық тәсiлдермен азаматтардың, кадрлардың берекесiн кетiрiп, жаппай репрессияға ұшырауы, қуғын-сүргiнге өтуi едi. Сол жылдарда М.Меңдiбаевтың басшы­лы­ғымен Алматы облысында болған жосықсыз қудалаулар жайлы талай айтылды да. Сонда жұмыстан қуылып, далада қалғандардың бiрқатары қазiр ресми орындардың араласуымен ақталып, ешқандай кiнәсi болмаған едi делiнiп те жатыр. Ең бiр сорақы нәрсе, сол адамдардың қай-қайсына да қызмет берiлмей, үй-iшi, бала-шағаларына дейiн әуре-сарсаңға салып, көрмегендерiн көрсетiп бақты. Бұл жайды қанша ауыр болса да нағыз қаныпезерлiк деп бағалауымыз керек. Соншама адамды қан жылатқан деректердi Колбин мақтанышты сезiммен айтуды да әдетке айналдырып едi. 1988 жылғы 8 сәуiрде өткен республикалық партия активiнiң жиналысында Колбин «Алматының өзiнде ғана соңғы уақытта жоғары оқу орындарының 9 ректоры, 20 проректоры, партия ұйымының 10 хатшысы ауыстырылды» дегенде төбесi көкке жеткендей масайраған-ды. Кезiнде басшылардың осындай қуда­лау­ға ұшыраған кадрлардың атын атап, санын келтiру машығына айналғаны бү­гiн­де таңдандырмай қоймайды. Солтүстiк Қазақстан облысының бiрiншi басшысы бiр жиналыста «1987 жылдың өзiнде ғана 203 адам партия қатарынан шығарылды, партия номенклатурасындағы 21 қызметкер жұмыстан босатылды» деген. Сол В.Т.Степанов арада бiр айдай ғана уақыт өткенде тағы да «парткомдар мен бюролардың құрамынан 96 адам шығарылды, 16 партия ұйымының хатшысы босатылды… Өткен кезеңде 42 басшы басшылықты қамтамасыз ете алмағаны немесе өзiн терiс қылығымен көрсеткенi үшiн қызметтен босатылды. Соңғы екi жылда оқу орындарының 84 директоры ауыстырылды» дептi. Мiне, Желтоқсаннан кейiн етек алған сергелдең, жұқалап айтқанда, осылайша созылып кете бередi. Ол жайларды қынжылмай, қабырғаны қайыстырмай отырып еске алу өте қиын. Уақыт өттi дегенмен оған жауапты адамдар, тiптi Колбиннiң өзiнен бастап лайықты жазасын алуы керек едi, басқарған кадрларымызға өмiрлiк сабақ та болуы керек. Әдiлет, қоғам алдындағы жауапкершiлiк осыны талап етедi.

Серіктес жаңалықтары