ЖОЛДАН ҚАРЖЫ ЖЫМҚЫРҒАНДАР

ЖОЛДАН ҚАРЖЫ ЖЫМҚЫРҒАНДАР

ЖОЛДАН ҚАРЖЫ ЖЫМҚЫРҒАНДАР
ашық дереккөзі

«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлiк дәлiзiнiң басынан дау арылмай қойды. Былтыр осы халықаралық жобаның межеден кешiгiп жатқандығы талай сынға iлiктi. Жоба Оңтүстiк Қазақстан облысының аумағына келгенде тоқтап қалған-тұғын. Бұл аймақта жол салу жұмыстарының өзi кешiгiп басталған. Оған себеп – 900-дей жер иелерiнiң тек 150-i ғана өтемақы алған көрiнедi.

Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлiзi 200 шақырым қашықтықты құрайды. Оңтүстіктегі жол құрылысының кешеуілдеуі де осы – жер учаскелерін сатып алуға байланысты туындады. Сол кезде сатып алуға жататын 530 гектар жердің 127-сі ғана мемлекеттік меншікке алынған-ды. Неге десеңіз, жер учаскелері кепілде тұр. Екіншіден, жер иелері белгілеген бағамен келіспесе, үшіншіден, жердiң меншiк құқықтарын белгiлейтiн құжаттар жеткіліксіз болған. Бұл жөнінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкiмi Асқар Мырзахметов: «Жол құрылысын бастауға жер кедергi болып отыр деген мәселе бұрын көтерiлген жоқ. Менiң бiлуiмше, құрылыстың басталмауының басты себебi – тендер өткiзiлмеген» – дегенді айтқанда, жұрт аң-таң болысқан. Дегенмен Оңтүстiк Қазақстан облысындағы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық дәлiзi бойынан 311 жер телiмiнiң әлi сатып алынбағандығы жөнiнде гу-гу ақпарат тарағаны есте.

Ал таяуда «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жобасын жүзеге асыру барысында мемлекеттің миллиондаған қаржысын талан-тараж етіп, жол өтетін жерге қатысы жоқ жер учаскелерін сатып алған фактілер анықталды. Мәселен «Мұнай Инвестмент Групп» АҚ меншігіндегі 0,10 га жер телімі жол өтетін жерге түспейді екен. Соған қарамастан бұл акционерлік қоғам ҚР Автомобиль жолдары комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы департаментімен арнайы келісімшарт жасаған. Нәтижесінде оларға мемлекет қазынасынан 12 миллион 622 мың теңге төленген.

Облыстық прокуратураның аға прокуроры Нұржан Төребаев: «Біз сотқа талап арыз бердік. Оңтүстік Қазақстан облыстық ауданаралық мамандандырылған экономикалық соты осы мәселеге байланысты шешім шығарды. Түркістан қаласы прокурорының талап арызы ішінара қанағаттандырылды. Көлік және коммуникация министрлігі, Автомобиль жолдары комитетінің ОҚО департаменті мен «Мұнай Инвестмент Групп» АҚ арасындағы жер учаскесі мен жанар-жағармай құю стансасының ғимараты үшін өтемақы төлеу туралы келісімшарт жарамсыз деп танылды. «Мұнай Инвестмент Групп» АҚ-нан мемлекет пайдасына 12 миллион 622 мың теңге өндірілді. Жер учаскесінің, жанармай құю бекетінің құнын «Табыс-Оценка» ЖШС шығарып берген екен. Олардың бағалау туралы құжаты жарамсыз деп танылды», – дейді

Алайда сот шешімі орындала ма, жоқ па, белгісіз. Айта кету керек, соттың бұл шешіміне наразылық танытқан жер учаскесінің қожайыны апелляциялық шағым түсіріпті. Бірақ облыстық соттың апелляциялық сот алқасы шағымды қанағаттандырусыз, сот шешімін өзге­ріссіз қалдырған. Сондай-ақ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізін саудаға салған тағы бір дерек анықталды. Арнайы тексеру барысында О.Әуелбеков деген азамат «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің үстінен түспеген жер учаскесі үшін 1 миллион 172 мың теңге алған. Прокурорлар бұл жолы да заңсыз төленген қаржыны мемлекетке қайтару туралы Түркістан қалалық соты мен ОҚО ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына талап арыздар түсірген. Арыз толықтай қанағаттандырылыпты. Өкініштісі сол, бұл заңсыз жаратылған қаражат туралы тізімнің басы ғана.

Оңтүстік Қазақстан облысында өршіген дау биыл да жалғасатын сияқты. Былтыр облыстағы мердігерлер жол құрылысын салған жұмысшыларға жалақы төлемей бір шулатса, іле-шала жер учаскелерін сатып алу кезінде тағы дау туған. Ал бұл мәселеге Көлік және коммуникация министрі қызметіне тағайындалған Асқар Жұмағалиевтің қаншалықты қанық екенін кім білсін? Бір белгілісі, жол салғандар әзірге қаржыға қол салуын доғарар емес.