Үкімет: ОН БЕС МИНУТТЫҚ ОТЫРЫС

Үкімет: ОН БЕС МИНУТТЫҚ ОТЫРЫС

Үкімет: ОН БЕС МИНУТТЫҚ ОТЫРЫС
ашық дереккөзі

Парламенттiк сайлаудан кейiн бiр аптаның iшiнде Қазақ елi үшiн саяси маңызы бар бiрнеше оқиға болды: осымен 5-рет мерзiмiнен бұрын таратылған Мәжiлiс жаңадан жасақталды, саяси науқанда жеңiске жеткен үш партияның депутаттық тiзiмi анықталды, депутаттар премьер Мәсiмовке тағы да сенiм бiлдiрдi, Үкiметтiң негiзгi құрамы бекiтiлдi.

Мәсiмовке сенiм бiлдiру туралы мәселеде Мәжiлiстегi 105 депутаттың 92-сi қолдаса, 5-еуi қарсы болып, 8-i қалыс қалды. Осылайша, көпшiлiк дауыспен қайта бекiтiлген Кәрiм Мәсiмов Үкiмет басына қайта келдi. Халық қалаулылары алдында «Уақыт та, үкiмет те, үкiмет басшылары да өзгередi. Олардың өздерiне тән артықшылықтары болады. Бiрақ мен бүгiн бiздiң Елбасының көмекшiсi екенiме және көмекшiсi болып қала беретiнiме тағы да бiр рет көз жеткiзгiм келдi» деп ағынан жарылған 46 жастағы Кәрiм Қажымханұлы премьерлiк таққа 2007 жылы отырған болатын.

Министрлер кабинетінің құрамымен бірге кейбір облыс әкімдері де «ат ауыс­тырды». Мәселен, Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметов бірінші вице-премьерлікке тағайындалды. Бүгінде экономика ғылымдарының докторы атағына ие 53 жастағы Серік Ахметов өзінің алғашқы еңбек жолын Н.Назарбаев сияқты Қарағанды металлургиялық комбинатындағы комсомол ұйымынан бастаған. Қазір Елбасының ең сенімді адамдарының бірі. Бірнеше жылдан бері мемлекет басшылығындағы әртүрлі жауапты қызметтерді атқарды. 2009 жылы вице-премьерлікке бекітіліп, сәл кейінірек Қарағанды облысын басқаруға жіберілді. Премьердің бірінші орынбасары ретінде қызмет ететін Серік Нығметұлы экономика мен өңірлік саясат, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру, өнеркәсіп, электр энергиясы, туризм, алын өндіру, техникалық реттеу, қазақстандық қамту мемлекеттік саясатын іске асыру мәселелерін қамтиды. Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен, қоршаған орта, жер және су ресурстары, ғарыш қызметі, құрылыс, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, көлік және логистика инфрақұрылымын дамыту, төтенше жағдайлар мәселелері тағы бар.

Сейсенбі күні жаңадан жасақталған Үкіметтің алғашқы отырысын өткізген Кәрім Мәсімов Министрлер кабинетінің жаңа мүшелеріне олардың міндеттерін бекітіп берді. «Үкіметте және барша мемлекеттік органдарда тағайындаулар аяқталды. Кадрлық мәселелер шешілді. Енді Елбасы жүктеген тапсырмаларды орындау қажет», – деді К. Мәсімов. Сонымен, жаңа вице-премьерлердің бірі – Қ.Келімбетов. Бұған дейін Экономикалық даму және сауда министрі болған Қайрат Нематұлына макроэкономикалық, бюджеттік саясат, мемлекеттік активтерді басқару, қаржылық сектор, салық және кеден саясаты, мемлекеттік және жекеменшік әріптестікті дамыту, табиғи монополияларды реттеу мәселелері, бәсекелестікті дамыту, сауда және тариф саясаты бағытындағы жұмыстар тапсырылды. Сонымен қатар ол Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына енуі, Еуразиялық экономикалық қауымдастығы, Кедендік одақ, Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы ынтымақтастық мәселелеріне де жауап береді. Тағы бір вице-премьер – Ербол Орынбаев еліміздегі білім, ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік саясат, туризм, спорт, сондай-ақ шағын және орта бизнес, әкімшілік реформаны іске асыру мәселелері, әкімшілік кедергілерді азайту, салық және кедендік рәсімдеу, бизнес саласындағы көрсеткіштерді жақсарту, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы мен «Еңбекпен қамту – 2020» бағдарламасын үйлестіреді. Үкіметтік отырыста еуропалық аймақтағы қарыздық дағдарыстың салдарынан туындаған қиындықтардың отандық экономикаға да кері әсер ету қаупі барын ескерткен Премьер Қ.Келімбетовке еліміздегі барлық мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, әкімдіктердің және басқа да агенттіктер мен ведомстволардың қызметін үйлестіруді тапсырды.

Өткен аптада Н.Назарбаев Мұхтар Құл-Мұхаммедті Қазақстан Республикасының Мемлекет хатшысы қызметіне тағайындады. Президент Әкімшілігінде, Үкімет құрамында талай жыл табысты еңбек еткен Мұхтар Абрарұлы жаңа қызметінде мәдениет, ақпарат, мемлекеттік тіл мәселелерімен айналысады. Ауыс-түйістің тағы бір жаңалығы, ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі таратылып, экс-министр Асқар Жұмағалиев Көлік және коммуникация министрі етіп бекітілді. Премьердің жарлығымен қайта құрылған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне Дархан Мыңбай жетекшілік етпек. Сондай-ақ, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне басшылыққа Нұрлан Қаппаров келсе, экс-министр Нұрғали Әшім Мәжіліске депутаттыққа сайланды. Ал бұрынғы ҚР Әділет министрі Рашид Түсіпбаев Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) тө­рағалығына ауыстырылып, оның орнына Берік Имашев тағайындалды. Бұған дейін Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары болған Мұрат Оспанов ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағалығына бекітілді. Басшысы ауысқан салалардың қатарында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі (министр – Ә.Исекешев) мен ҚР Спорт және дене тәрбиесі агенттігі (төрағасы – Талғат Ермегияев) бар.

«Ат ауыстырып мінуден» еліміздегі бірқатар облыстар да шет қалмады. Мәселен Ақмола облысының әкімдігіне Қайрат Қожамжаров, Павлодар облысының әкімдігіне Ерлан Арын, Қарағанды облысының әкімдігіне Әбілғазы Құсайынов, Қостанай облысының әкімдігіне Нұралы Сәдуақасов тағайындалды.

Сонымен, Үкіметтің негізгі бөлігі қайта жасақталды. Мәсімовтің командасы әлемдік экономиканы тығырыққа тіреген саналуан (экономикалық, қаржылық, қарыздық) дағдарыстармен күреспек. 2008 жылы мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қордан дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 10 млрд. доллар көлемінде қаражат бөлінген болатын. Ақша негізгі бес бағытқа: қаржы жүйесін тұрақтандыруға, жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдайды реттеуге, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, экономиканы дербестендіруге және инфрақұрылымды кең ауқымда жаңартуға мүмкіндік беру үшін инновациялық инфрақұрылымдық және индустриалдық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалды. Қазіргі Үкіметтің басты міндеттерінің бірі – дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасын қайта түзу. Макроэкономикалық тұрақтылықты негізге алған Қазақ үкіметі жаңа жұмыс орындарын көптеп ашуға, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға көңіл қоймақ. Мәсімовтің айтуынша, ішкі сұранысты жандандыру қолға алынады. Оның екі жолы бар. Біріншісі, мемлекет есебінен кәсіпорындар салу. Екіншісі, ендігі жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарына деген сұранысты арттыру.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ