АЙТЫС ТЕЛЕАРНАДАН НЕГЕ КӨРСЕТІЛМЕДІ?

АЙТЫС ТЕЛЕАРНАДАН НЕГЕ КӨРСЕТІЛМЕДІ?

АЙТЫС ТЕЛЕАРНАДАН НЕГЕ КӨРСЕТІЛМЕДІ?
ашық дереккөзі
170

Газетіміздің өткен санында («Айтыс­тың бар асылы. Айтысты армяндар еншілеп кетпегей», («Түркістан», №2, 2012 жыл) атты мақала жарық көрген болатын. Бұл мәселе бізді ғана емес, оқырмандарымызды да мазалап жүрген көрінеді. Қазақ қазақ атанғалы бері тұрмыс-салтына сіңісіп кеткен ұлттық өнеріміз – айтыстың телеарналардан көрсетілмеуіне ел-жұрт та наразы. Редакциямызға келіп түскен мына хат та осы мәселені тілге тиек етіпті.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығын ұлық­таған Астанадағы айтысты ұлттық арнамыз «Қазақстан» қараша айында әлденеше рет жарнамалап, ел-жұртты ынтық еткен еді. Біз осы айтыстың телеарналардан көрсетілетіндігіне іштей кәміл сендік. Тіпті айтыс десе делебесі қозатын жұрт айтыс көрсетілетін күні мен уақытын білуге асығып, апта сайынғы телеарна бағдарламасын парақтап жүрді. Шыдам таусылған соң, мәдениет комитетіне телефон шалдық. Тұшымды жауап болмағандықтан іле-шала хат та жолдадық. Бірақ мәдениет комитетінің біздің хатқа берген жауабы қуанта қойған жоқ. Онда бар болғаны htpp:/kaztrk.kz www.bag.kz сайттарынан, сондай-ақ мезгілдік басылымдардан оқып танысуымызға кеңес ұсыныпты.

Біріншіден, интернетті орнату, оның ай сайынғы төлемақысын уақытында төлеп тұру секілді шығындарына зейнеткерлердің шамалы зейнетақысы (17мың 491) жете бермейді. Екіншіден, ауылдық жердегі зейнет­керлердің көпшілігінің зейнетақысы төменгі көлемде, сол себепті баспасөзге жазылуға әр зейнеткердің қалтасы көтере бермейді. Үшіншіден, әр айтыскер ақынның бет-жүзін, айтқан сөзінің мағынасын баспасөзден қалай ұғып-білуге болады?

Айтыс жеңімпаздары – 3 млн. теңге сыйлық алған ақын Жамиға Дәулетқызы, 1,5 млн. теңге алған ақын Әлібек Серғали қандай мәселелерді қозғады?

Әрине, еларалық айтыстың 41 қатысу­шысын толығымен көрсету мүмкін емес­тігін біз де түсінеміз, бірақ тым бол­маса айтыстың ақтық кезеңіне шыққан жүлдегер 7 ақынның айтысын көрсетуге болатын еді ғой. Бұл айтыс ел көлемінде көрсетілмесе, оны мемлекеттік телеарнадан жарнамалаудың қажеті қанша? Бүкіл елді дүрліктірмей-ақ, тек барып, көре алатын Астана жұртшылығына жарнамалап қоя салмады ма? Ұлттық өнердің атадан келе жатқан асылы – айтыстың орны ерекше. Сондықтан оны көруге, тыңдауға ел-жұрттың аңсары ауып тұрады.

Қазір қай арнаны ашсаңыз да, түріктің атыс-шабыс немесе сабынды көп сериялы хикаясынан көз сүрінеді. Мағынасы түсініксіздеу, жастарға берер тәрбиесі таяз «Дениз» сериалының 318-ден аса сериясы эфирден көрсетілуде. Тіпті қашан аяқталатыны белгісіз бұл сериал ел-жұртты қажытып жіберді. Мұнымен қоса «Эзель», тағы да басқа сериалдар тәулік бойы бірнеше рет қайталанып жүр. Ел мәдениетін басқаратын ағайын-бауырлар, сіздер елдің талап-тілегін неге ескермейсіздер? Біз сияқты айтысты көргісі келетін ағайындар елдің басқа да аймақтарында бар екендігіне шүбәміз жоқ. Шетел сериалдарына кетіп жатқан эфир уақытының бір бөлігін ұлттық өнерімізді көрсетуге, насихаттауға неге арнамайсыздар?

19.01.2012

Зейнеткерлер:

Қ.Ахметжанов, Қ.Ғалымов,Қ.Әбисалықов, О.Қажыкенов, А.Нүкенов, С.Бегенов, Қ.Ерғалиев, С.Садуақасов, Ө.Тiлегенов, т.б.

Серіктес жаңалықтары