«ТИТАНИКТIҢ» IЗIМЕН:
«ТИТАНИКТIҢ» IЗIМЕН:
Нұрахмет ҚУАТ
Тиррен теңiзiнде жамбастап жатқан алып кеменiң апатқа қалай ұшырағаны әзiр белгiсiз. Қайғылы жайттан кейiн iз-түзсiз жоғалып кеткен 24 жолаушының да тағдыры беймәлiм. Бағытын рұқсатсыз өзгерткен және жағалауға тым жақын жүзген кеменiң капитаны апаттың алғашқы минутында-ақ жолаушыларды тастап, бас сауғалай қашыпты.
Италияның Джильо аралына жақын маңда 4200-ден астам адам тиелген «Costa Concordia» кемесі апатқа ұшырады. Римге жақын маңдағы Чивитавеккья портынан Савона, Марсель, Барселона, Пальма-де-Майорка, Кальяра мен Палермоның порттарына тоқтатуы тиіс еді. Ұзындығы – 290 метр, биіктігі – 31 метр, құны 450 млн. еуро тұратын кеме былтыр техникалық тексеруден еш кедергісіз өткен. 70 жолаушы жарақат алса, 11 адам суға кеткен. Ал табылмай жатқан адамдардың саны 20-дан астам. Суға сүңгушілер уақыт өткен сайын кемеде қалған адамдарды құтқару мүмкін болмауы мүмкін деген қауіп айтады. «Costa Concordia» Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі қазақстандықтардың парламенттік сайлауға Римде дауыс бергенін хабарлаған болатын. Бірақ бұл ақпаратты теріске шығарған отандасымыз Лола Агеева: «Біз жоғалып кеткен құжаттарымызды қалпына келтірумен бас қатырып жүрміз. Біресе анда, біресе мында сабылтумен болғандықтан, қонақүйдің өзіне әрең орналастық. Сайлауға баратындай әліміз де жоқ еді». Ол кеме жартасқа соғылған сәтте жолаушылардың кешкі тамақта отырғанын айтады. Жер шарының 62 елінен жиналған 3 мыңнан астам адамға кеме экипажы көмектеспеген. Тек электр желісінен кінәрат шыққанын және оның жөнделетінін айтып, жолаушыларды сабырға шақырған. Ең сорақысы, олар теңіз түбіне жайлап шөге бастаған кеменің ана басынан мына басына қарай 2 сағат бойы жүгірумен болған. Құтқару жилеті мен қайықтарды да өздері тауып алыпты. Заң бойынша кеме капитаны жолаушыларды түгел құтқарып алғаннан кейін ғана жағалауға шығуы керек. Алайда «Costa Concordia» капитаны алғашқылардың бiрi болып кемені тастап қашып кеткен. Есесіне, аспаздар, техникалық қызметкерлер жолаушыларды құтқару қайықтарына отырғызып, олардың аман қалуына көмектескен.
Негізі қазір лайнері сияқты ірі кемелер уақыт өткен сайын адамдарға қажетті барлық жағдайларды қарастыруға күш салып келеді. Бір-бірінен асып түсуге тырысқан кеме жасаушы компаниялардың бәсекелестігінің арқасында соңғы он жылда олардың көлемі екі есеге дейін өскен көрінеді. Түрлі бөлме, көңіл-көтеру орындары, ойын-сауыққа арналған қосымша бөліктері көбейген сайын кемелердің су астында қалатын бөлігі де тереңдей түскен. Бұл сарапшылардың алаңдаушылығын тудырып отыр. Оның үстіне, құрлықта емес, су бетінде саяхаттауды ұнататындар жеке бас қауіпсіздігіне да аса көңіл бөлмейді. Жер шарындағы көптеген елдің кеме жасаушылары мен теңізшілерінен құрылған Nautilus International кәсіподақ ұйымының мүшелерінің бірі Алан Грэвинсон: Кейінгі он жылда біз көлемі өте үлкен кемелердің қауіпті екендігін айтып, ескертумен келеміз. Әсіресе, басқару және эвакуация жүйелеріне қатысты қатерлер көп», – дейді. Бiрақ бұл пікірге қарсы шығатындар да бар. Мысалы Британиядағы Саутгэмптон университетінің профессоры Ричард Уилсонның айтуынша, қазіргі кемелер техникалық және технологиялық тұрғыда заманауи құрылғылармен жабдықталған және қауіпсіздік шаралары толық қамтамасыз етілген. Бүкіл әлем бойынша теңіз қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді реттеуші Халықаралық теңіз ұйымы Италиядағы кеменің апатқа ұшырауына байланысты әзірге ешқандай байламға келген жоқ. Тексеру жұмыстарының аяқталуын күтіп отыр. Бірақ кемелердің көлеміне байланысты ережелерді қайта қарастыруға уәде берді. Сарапшылардың айтуынша, кеме жағалауға тым жақын жүзген және барар бағытын рұқсатсыз өзгерткен. Жолаушыларды кемеден шығару жұмыстары соққы алғаннан кейін 2 сағат өткенде ғана жүргізілгені де жұмбақ. Бұл сұрақтарға енді жолаушылардан бұрын бас сауғалай қашқан «Costa Concordia» капитаны мен оның аға көмекшісі сот алдында жауап береді.