КӨКШЕНIҢ ҮСТI ДЕ АЛТЫН, АСТЫ ДА АЛТЫН

Әрi ол ешкiмге де құпия емес. Ресми түрде, бiр ғана «Алтынтау» кенiшiнде 400 тонна таза алтын бар деп есептелiнедi. Ал ол әлемдегi ең мол алтын қорларының бiрi. Елбасының өзi келiп ашқан, бұрынғы «Васильковка» деген атын «Алтынтау» деп өзгерткен жаңа технологиядағы кен байыту комбинаты өз алдына, көгiлдiр таулар саясында басқа да мемлекет басшылығы белгiлеген, елдiң индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына енгiзiлген кен орындары баршылық.

«ДОРЕ» – ДӘРЕЖЕЛІ ҚҰЙМА

Сондай ырысты кешендердің бірі – «Голд Ланд» ЖШС. 2023 жылы аяқталуға тиіс жобаның алғашқы кезеңінде кәсіпорын 600 мың тонна рудадан 439 келі саф алтын алыпты! Әрі соның бәрі – өте сапалы атақты Доре құймасы түрінде. Құлақ үйрене қоймаған «Доре» құймасы туралы бірер ақпарат бере кетейік. «Доре» құймасы – басқа да химиялық элементтер араласқан алтынды-күміс құйма. «Доре» онан әрі тазартылуы үшін афинаж зауыттарына жіберіледі. Ал афинаж зауыттары құрамында ең кемі 70 пайыз алтын немесе күміс бар кендерді ғана қабылдайды. «Голд Ландта» өндірген осы кеннің құрамында 83 пайыз алтын, 3 пайыз күміс, мыс және темір болады. Алынған өнімді зауыт зертханаларымен бірге тәуелсіз сарапшылар да тексерістен өткізеді. Яғни алынған құйманың әлемдік стандарттарға сәйкестігі жағына баса назар аударылған. Алынған тауарды әлемдегі қаржы валюта нарығының иесі саналатын Швейцария мемлекеті ғана сатып алады. Алтын продуценттеріне басымдық беретін аталмыш мемлекет осындағы қазақстандық САММЕХ және швейцарлық МЕТАЛЛОР ГРУПП компанияларымен ұзақ мерзімді әріптестікке түсіп отыр. Швейцариялық кәсіпорынның афинаж зауыттары бар.

Зауыт басшылығының айтуына қарағанда, бұл әріптестік 15 жылдан бері жалғасып келеді. Оның қызметі негізгі үш бизнес мүддеге негізделген. Алдымен, кендегі алтын қоры нақты бағаланып, қосымша салық салынбай және заманауи технологияларға сәйкес есеп жүргізілуге тиіс. Алтын валюта мәселесіне келгенде алдына жан салмайтын Швейцария үшін құймадағы алтын қорының мол болуы маңызды. Онымен нақты нәтижеге мүдделі сарапшылар айналысады. Бағамға байланысты дау-дамай туа қалған жағдайда ол арбитражды сот арқылы шешіледі. Дей тұрғанмен 15 жылдан бері сапалы өнім беріп келе жатқан Қазақстан жағының мұқияттылығының арқасында ондай бір де бір оқиға болмаған.

Қазақстан жағын қанағаттандыратын тағы да бір жағдай – сатылған тауардың төлемақысы барынша жылдам жасалынады.

Афинажды тазалықтан өткен қазақстандық өнім тек қана мәртебелі Лондон биржасында сатылатынын айта кетуіміз керек. Ол да болса қазақстандық саф алтынға көрсетіліп отырған әлемдік деңгейдегі мәртебе.

«ГОЛД ЛАНД» ЕҢСЕСІН ТІКТЕЙ БАСТАДЫ

Қазақ қоғамы тарихи Көкшені қазіргі курортты өңір, кешегі Абылайханның ту тіккен ордасы есебінде біледі. Десек те, «Алтын шыққан жерді белден қаз» дегенді данышпан қазақтың бекер айтпағанына ел-жұрт қазір тағы да бір көз жеткізіп отыр. Жоғарыда сөз еткен, ел экономикасына елеулі үлес қосатын өзіндік орны бар Қазақстандағы алдыңғы қатарлы алтын өнеркәсібі «Алтынтау» кәсіпорны өткен мерекелік жылы 13,5 тонна таза алтын өндіріпті. «Алтынтаудың» өнімі мен жетістігі туралы әңгімені кейінге қалдыра тұрып, әзірге қазақстандық ақпарат құралдарының назарына іліге қоймаған «Доре» құймасын шығаратын Бурабай түбіндегі кеніш туралы жан-жақты түсінік беруді жөн санап отырмыз. Дәл қазір кеден одағының құрылуына байланысты алынған өнімді шет елге шығаруға байланыс­ты біраз кедергілердің туындап отырғаны да рас. Әрі ол «Голд Ландқа» ғана емес, бүкіл отандық алтын өндірісіне қатысы бар проблема. Өткен жылы дәл осы себептен «Голд Ландтағы» өндіріс процесі бір айға кідіріпті. Дәл осы уақыттың ішінде салаға түсетін төлемдердің кідіруінен Қазақстан ең кемі 80 миллион доллар қаржы жоғалтты деген деректер айтылады. Одан кәсіпорынның өзі де қосымша шығындарға ұрынды. Мердігерлер мен қызметкерлер жапа шекті. Алайда асыл металлдар экспорты үкіметтің араласуымен биылғы жылдың 1 қаңтарына дейін шешілді. Қазір кәсіпорындағы алтын өндірісі бұрынғы қарқынмен жалғасуда.

Кедендік одақтың құрылуына байланысты өнімін тек Швейцарияға ғана сататын кәсіпорынның алдағы уақытта қандай кедергілерге тап болары да белгісіз. Зауыт ұжымы алдағы уақытта еркін бәсекелестікке жол беріліп, өз жұмыстарының алға басуынан үміт үзбейді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей алтын өнідірісіне жұмсалған әр доллар оған қатысы бар салалардың әрқайсысына 5 доллар кіріс болып оралады.

МАРДЫМСЫЗ КЕННЕН – МОЛ АЛТЫН

АҚШ геологиялық қызметінің барлау жұмыстарына сәйкес Қазақстан алтын қоры жөнінен әлемде жетінші орында тұр. Алайда қазіргі елдегі қолда бар алтын кеніштерінің жартысы ғана рентабельді болып есептелінеді. Жылдам алынатын руданың 45 пайызы технологиялық тұрғыда қиын өңделетін шикізат саналады. Таяуға дейін мұндай кен орындары біздің елде онша елене қоймайтын. Соңғы кезде қолға алынып жүрген химиялық топтау мен сілтілеу арқылы металлы аз руданы кәдеге асыру ісі жандана бастады. Атап айтқанда, құрамындағы алтыны 1,0 -0,3 грамм болып есептелінетін алтын кеніштері де іскер басшылық болса, кіріс беруге тиіс.

Бұл орайда, өндірістің рентабельділігінде кеніштің тұрған орыны, руданың сапасы, сондай-ақ, өндіруші компанияның технологиясы аса маңызды рөл атқарады. Тұрақты сульфиттік рудалардан алтын алудың жаңа технологиясын қолданатын САММЕХ компаниясы дәл қазір осындай тәсілдер қолдану арқылы алтыны аз кеннен де мол өнім алу мүмкіндігіне ие болды. Бұған дейін «Голд Ланд» тиімсіз кәсіпорын болып есептелінген. САММЕХ компаниясы оны қарыздарымен қоса сатып алып, жаңа инновациялық жобаға сәйкес кіріс ала бас­тады. Әрі компания алған кезде кеніште ешқандай өндіріс тетіктері де болмады. Бұл орайда, компанияның бас директоры, геология ғылымдарының кандидаты Болат Мергеновтің іскерлігін айта кету парыз.

Аталмыш маман бұның алдында Семей өңірінде алғашқы тұрақты металлдарды сілтілендіріп өндіру бойынша рекордты 90 пайыздық өнім алу деңгейіне қол жеткізген. Ал, оған дейінгі ең үздік нәтиже 60 пайыз еді. Ғалымның осы сынақтан өткізген тәжірибесі қазірдің өзінде Бурабай өңірінде де игілікті нәтижелер бере бастады.

«Голд Ланд» кеніндегі саф алтын мөлшері шектеулі. Соған қарамастан, өнімнің мол алына бастауы отандық өндірістің сапалы басқарыла бастағанының айқын айғағы. Жоғарыда айтылған бұрынғы «Васильковка», қазіргі «Алтынтау» кенішінде 90-шы жылдардың ортасында алтыны аз рудаға ешкім көңіл бөлмейтін. Инвесторлардың қайсысы болса да бағалы металлы көп рудаларды өндіруге құлық танытатын.

Кеңес Одағы кезінде алтын көлемі 3 граммнан төмен қазба орындары мүлдем пайдаланылмайтын. Алайда қазіргі мұнай, газ қорының таусылуы туралы түрлі болжамдар айтылып жатқан кезде, қолда барды тиімді пайдаланудың маңызы зор. Сондай-ақ, бағалы металлы мол кеніштердің мүмкіндіктері де шектеліп келеді. Алтынға қарата айтар болсақ, қазіргі жаңарған заманда ежелгі заманнан белгілі осы бағалы металл түрі қайтадан мемлекеттердің валюта қорларының негізіне айналды. Оған Лондон қор биржасының деректері куә.

Бір ақиқатты айта кету парыз. 2011 жылдың соңына қарай әлемдік рыноктағы алтын нарқы тамыз айынан гөрі біршама төмендеді. Еуроаймақтағы дағдарыс оған тікелей әсер етті. Өйткені кейбір елдердің мемлекеттері ішкі дағдарысты шешу үшін қағаз ақшаны көптен басып шығара бастады. Алайда еуроаймақтағы дағдарысқа қарамастан, кейбір бағалы металл рыногының сарапшылары алтын нарқы одан әрі арзандайды десе, енді бірі күміспен қоса алтын бағасының да өсетінін алға тартады.Соңғы деректерге сәйкес, 2012 жылдың қорытындысы бойынша алтынның 1 унциясының нарқы 181 долларға жетпек. Биылғы жылдың ең жоғары бағасы 190 АҚШ долларынан асуы мүмкін деген болжамдар да бар. Американдық Китигроуп банкінің болжамы бойынша 2012 жылы тіпті, алтынның 1 унциясының нарқы 195 АҚШ долларына жетуі де мүмкін. Алтын нарқының күрт көтерілуі алғаш рет осы ғасырдың басында басталды.

Лондон қор биржасында алтынның сол кезде әлемдік валюта бағамында патшалық құрып тұрған доллардан қымбат бағалануы алғаш 2001 жылы жүзеге асты. Сол үрдіс күні бүгінге дейін жалғасып келеді. 2001 жылдан бері әлем мемлекеттерінің бәрі де өздерінің алтын валюталық резервтерін ежелгі дәстүрге сай қайтадан алтын түрінде сақтауға кірісті. Ал оған дейін әлемдегі барлық мемлекеттердің валюта қоры Америка долларымен бағамдалып сақталатын. Он бір жылдан бері алтынның долларға шаққандағы бағамы толассыз өсуде. Бір ғана 2011 жылы алтынның долларға шаққандағы бағамы 10,2 пайызға өскен. Ал он бір жылғы баға өсімінің жалпы көрсеткіші 17,7 пайыз болып отыр.

Алтын нарқы одан әрі өсе түседі деген болжамдар айтылуда. Өйткені әлем бойынша ұлттық валюталардың құлдырау тенденциясы аңғарылады. Кейбір сарапшылар ұлттық валюталардың үкіметтің қолдауымен ғана жан сақтап отырғанын алға тартады. Бұл орайда, алтын қоры елдегі ұлттық валютаның демеуші тетігі сынды. Осының өзі-ақ алтын құнының ешқашан төмендемейтінін көрсетеді.

ТҮЙІН

Қазір әлемдік қаржы нарығында да алтынның нарқы мен беделі өте жоғары. Америкадағы ипотекалық несие дағдарысынан басталған қазіргі қаржылық жағдай бұрынғы құдыретті долларды, одан бетер Еуроодақтың жаңа валютасы евроны мүлдем тұралатты. Әлем елдері шама-шарқы келгенше бағалы металлдар өндірісіне басымдық бере бастады.

Бағалы металл деген жерде алдымен ауызға алтынның алынатыны даусыз. Басқаша айтқанда әлемдегі алтын қоры жөнінен жетінші орында тұрған Қазақстанның бұл орайда да экономикасын нығайта аларлық мүмкіндігі үлкен.

Ал бізді мақаланың мазмұнына сәйкес­тендіре айтсақ, отандық алтын өндірушілердің бұрынғыдай алтыны мол кеніштерге ғана ұмтылмай, керісінше алтыны аз кен орындарын игеріп, одан да бетер кіріс ала бастауы қуантады. Біз әңгіме етіп отырған «Голд Ланд» соның айқын айғағы. Аталмыш кеніштің алтыны геология мамандарына 1937 жылдан бері белгілі. Алайда, бағалы металл тек соңғы жылдары ғана алына бастады. Мұндағы алғашқы алтын құймасы 2008 жылы алынды. Содан бері сапасы жоғары доре құймасына деген сұраным да өсіп келеді.

Мамандардың айтуынша «Голд Ландтағы» химиялық сілтілендіру тәсілі әлемдік алтын өнеркәсібінде көптен қолданылады. Аталмыш кәсіпорынның басшылығы осындай әлемдік тәжірибелерді және білікті мамандардың білімін пайдалану арқылы бағалы металлы аз кеннен де әлемдік стандартқа сай, басқаны айтпағанда бағалы металл жайын жетік білетін Швейцария сияқты елдердің талабынан шығатын өнім өндіріп отыр. Әзірге кәсіпорын өнімінің 70 пайызын осы сілтілендіру тәсілімен алады. Қазір кәсіпорын мамандары алтын өндірудің басқа да жаңа тәсілдерін іздестіруде.

Болашақты межелеген кәсіпорын жергілікті халықтың да жағдайын естен шығармайды. Қазір онда 250-ден астам жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Экономикалық тиімділігі өз алдына зауыттың қызметі Бурабай ауданын индустриализациялаудың аймақтық картасына енгізілген. Әлбетте, өз аймағында осындай өнеркәсіп объектісінің болғандығы ауданның өзі ішінде тиімді.

Кәсіпорын өзі құрылған алғашқы күннен бастап жергілікті тұрғындарға да әлеуметтік қолдау көрсету жағын қарастырып отыр. Ол жердегі басты назар халықтың аз қамтылған тобына, қариялар мен балаларға аударылады. Оларға адрестік көмек көрсетіледі. Қазір бастамашыл кәсіпорын Николаев, Успено-Юрьев қыстақтары сияқты елді меккендерінің мектептеріне демеушілік көрсетеді.

Ең басты түйін мынау: 90-шы жылдары макроэкономикаға ден қойып, елді индустрияландыруды амалсыз тежеген Қазақстан он шақты жыл бойы саналуан инвесторлардың дегенімен елдегі бағалы металы көп кеніштерді ғана пайдаланып келді. Сол арқылы елдегі өнімді кеніштердің берекесі кете бастаған және рас. Дегенмен Көкше баурайындағы өнімі аз болса да берері молайып отырған «Голд Ландтағы» бүгінгі ахуал ел басшылығының болашақтың мүдделеріне көңіл бөле бастағанын көрсетеді. Ол да болса, қуанарлық жағдай.

19.01.2012

Өмiрзақ МҰҚАЙ

Ақмола облысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button