ТҮРМЕДЕГІ БҮЛІК

ТҮРМЕДЕГІ БҮЛІК

ТҮРМЕДЕГІ БҮЛІК
ашық дереккөзі

Жақында Бiшкектегi №1 тергеу изоляторында бүлiк шығып, ол қоғамды бiраз дүрлiктiрдi. Уақытша қамауда отырғандардың камерасы жақтан атыс естiлiп, 7 адам опат болды деген қауесет тарады. Ресми мәлiметте, алты адам ауыр жараланған деп айтылуда. Абақтыда отырғандардың туған-туысқандары 16 қаңтарда мекеменiң алдына жиналып, тәртiптiң қамтамасыз етiлуiн талап еткен ереуiл өткiздi.

Түрмедегі бүліктің шығуы жөнінде әр түрлі жорамалдар бар. Жазаны атқару мемлекеттік қызметінің баспасөз хатшысы Жолдошбек Бузурманкулов бүлік шығатын күні басқарма тарапынан жос­парлы тексеру жүргізіліп, камералардан 100 грамм гашиш, 81 грамм героин, 4 қанжар, 4 егеу, 37 ұялы телефон, 1200 доллар және 80 сом тәркіленгенін айтты. Бүлік осыған қарсылық болуы да мүмкін. 17 қаңтарда мәселені тексеруді КР Жоғарғы Кеңеші өз қолына алды. Бұл жағдай қырғыз омбудсмені Тұрсынбек Акунды да немқұрайды қалдырған жоқ. «Тергеу изоляторының жетекшілігі «қолына балта алып», түрмедегілерді орынсыз жазалайтын болса, мен қамақтағылардың құқығын қорғаймын», – деп мәлімдеме жасады омбудсмен.

Осы екі аралықта Қырғыз Рес­пуб­ли­ка­сының Президенті Алмазбек Атам­баев Түркияға ресми сапармен барып келді. Жұбайымен барған қырғыз президентіне түрік бауырлар, президенті Абдуллах Гүл, премьер-министрі Тайип Ердоған үлкен құрмет көрсетті. Осының өзі-ақ Қырғызстанның геосаяси кеңістікте елеулі орны бар екенін аңдатқандай.

16 қаңтарда, Қазақстан мәжілісіне депутаттарды сайлаудың ресми нәтижесін күтпей-ақ, Қырғызстанның премьер-министрі Өмірбек Бабанов Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және әріптесі Кәрім Мәсімовқа құттықтау жеделхаттарын жөнелтіп үлгерді. Құтты болсынды бірінші болып айтқанға не жетсін!

19.01.2012

Назарбек БАЙЖIГIТОВ,

«Түркiстанның» Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi