ҰЛУ — УЛИТКА ЕМЕС...

ҰЛУ — УЛИТКА ЕМЕС...

ҰЛУ —  УЛИТКА ЕМЕС...
ашық дереккөзі
2955

Өлмеген құлға, Құдай-ау, болып та қалды мiне жаз” дегендей жаңа 2012 жыл да табалдырығымыздан аттады. Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығын тойлап бiраз дүрiлдестiк. Алайда осы жаңа жылдың келуiмен тәуелсiздiк алғанымызға жиырма жыл толса да, әлi де болса түгенделмей жатқан кем-кетiгiмiздiң барлығына көз жеткiзе түскендеймiз. Соның бiрi – Григориан күнтiзбесi бойынша кiрiп қойған, ал бiзше алда келе жатқан жаңа жылдың атауы жайындағы мәселе. Яғни Ұлу сөзiнiң төркiнi хақында. Баспасөз басылымдарының барлығы дерлiк жаппай ұлуқұрттың (улитка деп тұрып аударатынын қайтерсiз) суретiн берiп, әркiм өз болжамдарын айтып, iзгi тiлектер тiлеу үстiнде. “Жақсы сөз – жарым ырыс”. Тiлек тiлеу жақсы ғой, әрине. Бiздiң айтпағымыз ол емес, жылдың атауы жайында болмақ.

Қазақтың жыл қайыруы бойынша 5-інші болып тұрған Ұлу жылы қазіргі жорамалшылар айтып, жазып, суретін салып жүрген ұлуқұрт яғни улитка емес, ағайын. Ол басы ашық нәрсе. Себебі біздің жыл санауымызда құрт-құмырсқа жоқ. Тышқан мен жыланның жылға қалай кіргенін аңыз арқылы екінің бірі біледі. Ендеше, зиянкес­тер тобына жататын сүйкімсіз ұлуқұрттың жылға кіруіне қайдан жол болсын. Демек жыл атауларындағы Ұлу біз айтып, жазып жүрген ұлуқұрт емес. Сөзіміз дәлелді болу үшін ғылыми дәйектемеге жүгінейік. “Алтайлықтардың жоғарыда келтірілген ертегісінде былай делінген: “Манының жеті ұлы болған, олар – борсық, мысық, барыс, ұлу, қарағұла, ірбіс және текен.” Бұл тізімнің ішкі мазмұнына қарағанда ұлу – балық та, айдаһар да емес, барыс тұқымдас аң. Сондықтан да алтайлықтардың мүшелді бейнелейтін кейбір суреттерінде ұлу төрт аяқты, құлағы төбесіне біткен хай-уан түрінде көрсетілген” – деп тайға таңба басқандай етіп жазылған Мыңбай Ысқақовтың “Халық календары” деген кітабында (“Жазушы”, 2009. 273-ші бет). Бұдан артық дәлелдің қажеті қанша. Демек ғалымның тұжырымынша, Ұлу кәдімгі Жайра (Динозавр), Зіл (Мамонт) секілді бұл күнде тұқымы жойылып біткен барыс тұқымдас жыртқыш аң болып шығады. Ендеше, қайдағы бір жағымсыз, жылбысқы құртты әлдеқандай ғып әспеттегенше, алтайлықтардан үлгі алып, Ұлудың суретін жыртқыш аң бейнесінде неге салмасқа. Себебі жоғарыдағы ғалым сөзінің жаны бар. Ұлудың пантера, ягуар, қабылан сынды азулы жыртқыштардың бірі болуы да әбден мүмкін . Олай дейтініміз, ұмытпасақ, көне қиссалардың бірінде бекзадалар арғымақ атқа мініп, қолдарына найза алып, ұлу аулауға шығатыны кездесетін-ді. Яғни аттылы кісінің өзіне атылатын Ұлу деген азулы жыртқыштың болғаны шындық. Бәлкім, әлі де бар шығар. Тек атауы ұмыт болып қалуы да мүмкін. Өйткені біздің елімізде не көп, балама атаулар көп қой. Мәселен бір ғана қасқырдың атауын алып көріңізші: Арлан, бөрі, сырттан, қара құлақ, ұлыма, абалақ… болып кете барады. Пантера мен леопардтың немесе гепардтың бірінің ежелгі атауы болуы да ғажап емес. Бұл жорамал, біздің ойымыз ғана, әрине. Біз ғалым емеспіз. Бұл тұспалымыз бен пікірімізге осы саламен айналысып жүрген ғалымдар үн қосып, жөн-жосығын айтып, шатасып жүрген еліне бағыт-бағдар беріп, түзетіп жатса, құба-құп. Ал біздің ойымызша, жоғарыда келтірілген ғалым М.Ысқақовтың тұжырымы көкейге әбден қонымды секілді. “Сонымен, сайып келгенде ұлу көбелек те, балық та, темсақ та, айдаһар да емес. Ол қабылан, сілеусін, бұлыңғыр сияқты, жалпы алғанда, зоологиялық жағынан ит тұқымына жататын және ұлитын аң болуы керек. Ертеде Оңтүстік Сібірде тіршілік етіп, бертін тұқымы құрып кетуі мүмкін. Қазір ұлудың нақты мағынасы ұмыт болған, ол фантазиялық хайуанға айналып кеткен. Сондықтан ұлуды орыс тіліне “крокодил”, “дракон”, “рыба” т.с.с. деп аударып шатастырмай, орысша “улу” деп, тиісті түсінік беру керек” – дейді ол жоғарыда аталған кітабында. Еш алып-қосары жоқ, айқын да құнды пікір, дәлелді де дәйекті тұжырым. Ендеше, жамағат, көзі қарақты зиялы қауым, алдағы Ұлу жылымыз кіретін Әз Наурыз мейрамына дейін Ұлу жылының жаңа, нақты (жоғарыда келтірілген) өз бейнесін жасап, көпшілікке жария ету баршамыздың азаматтығымыз бен елдігімізге үлкен сын дер едік. Бұл іске әрине, алғашқылардың бірі болып суретшілер қауымы ат салысулары тиіс. Қыл қалам шеберлері арасында конкурс ұйымдастырылып, оның нәтижесі баспасөз беттерінде жарияланып, Ұлудың жалпыға бірдей бірегей бейнесі жасалса, өзіміз үшін де, еліміз үшін де, келер ұрпақ үшін де, зор мәртебелі іс болар еді.
19.01.2012
Арасанбай ЕСТЕНОВ, жазушы

Серіктес жаңалықтары