ОРАЛМАНДАРДЫ ПҰШАЙМАН ЕТКЕН

ОРАЛМАНДАРДЫ ПҰШАЙМАН ЕТКЕН

ОРАЛМАНДАРДЫ ПҰШАЙМАН ЕТКЕН
ашық дереккөзі
163

Дүниежүзi қазақтарының IV Құрылтайында сөйлеген сөзiнде Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаев: «…Кеңiнен талқыланып, қабылданатын жаңа заң қандастарымыздың жағдайын жақсартуға септiгiн тигiзедi деп есептеймiн. Ол қандастарымыздың құжат тапсыруда, тiркеуге тұруда, азаматтық алуда кездесетiн түрлi кедергiлердi жоюы тиiс. Бұл орайда бiр нәрсенi қаперде ұстаған жөн. Соңғы кездерi белгiленген квота толмауда. Туған елге табан тiреймiн, көшiп келемiн деушiлерге қашанда есiгiмiз ашық екенiн мен тағы да қайталап айтамын» – деп айтқаннан берi де сегiз айдың жүзi болыпты. Елбасының айтқан осынау тапсырмаларының орындалуы Көшi-қон полициясы комитетi мен оның қалалық, облыстық басқармаларының тарапынан көңiл көншiтерлiк деңгейде қолдау таппай отыр. Себебi шетелдегi қазақтардың атажұртқа келген соң, Қазақстан азаматтығына құжат өткiзу және де тiркеуге тұру мәселесi әлi күнге дұрыс шешiмiн тапқан жоқ.

Тіркеу мерзімі Комитет ережесінде календарлық бес күн деп белгіленген екен. Осыдан көп кедергі туындауда. Мысал ретінде айтар болсам, ҚХР азаматы, 1986 жылы туған Айдын Әлімбай 2011 жылғы 29 желтоқсан күні Қорғас шекарасынан өтіп, Шелек ауылындағы туысқандарына барып, денсаулығына байланысты Алматыға жетуге үлгермеген. Желтоқсанның соңы мен қаңтардың алғашқы үш күні, барлығы төрт күн жаңа жылдық мереке болғандықтан, жұмыстың алғашқы, яғни қаңтардың 4-і күні ол Алматы облыстық ІІД Көші-қон полициясы басқармасына тіркелуге барғанда оған 16000 теңге айыппұл салынады. Біздіңше, Айдын кінәсіз, ол календарлық бес күндік ережені білген жоқ. Шекарадан өткен кезінде тіркеуге тұру туралы ережені түсіндірген адам болмаса, қайдан білсін! Әлемнің төрт бұрышына тарыдай шашыраған қазақтар үш түрлі әліп­би қолданады. Қытайдағы қазақтар А.Бай­тұр­сын­ұлы­ның төте жазуын, бұрынғы ТМД елдері мен Моңғолиядағы қазақтар кириллицаны, Еуропа, Түркия, Өзбекстандағы қазақтар латын жазуын пайдаланады. Ендеше, Кеден немесе Көші-қон полициясы басқармаларындағы түсіндірмелер мен қажетті құжаттар тізбектері тек бүгінгі қолданыстағы кирилл әліпбиімен жазылып тұрса, оны білмейтін ағайын қалай Қазақстан Республикасының заңдарымен таныс бола алмақ. Бұл жағы бізде ескерілмейді. Қауымдастық пен Комитет бірлесіп өткен жылы екі мәрте халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырды. Мақсаты – оралмандарға қатысты мәселелерді шешу. Осыған орай Комитет жанынан Этникалық көші-қон жөніндегі Қоғамдық кеңес (18 ақпан, 2011 ж.) құрылды. Осы Кеңес пен Қауымдастық бірлесе отырып Көші-қон полициясы комитетіне жиырмаға жуық ұсыныстар енгізгенбіз, өкінішке қарай, нәтижесі шамалы. Сол ұсыныстардың көбі ескерілмей қалды. Қазақстан азаматтығын алған кейбір қандастарымыздың да Қауымдастыққа деген өкпелері қара қазандай. Оны түсінеміз. Бірақ біздің ешбір кінәміздің жоқтығын ұққылары келмейді. Оны түсіндіруге тырыссақ та, олар бізге оралмандарға қатысты мәселелерді «неге тиісті орындарға жазбайсыздар?» дейді. Біздің хаттарға жауап бермейтін орындардың да бар екенін білгісі келмейді. Дәлел ретінде тағы бір-екі мысал келтіретін болсам, 2010 жылғы қазан айында Моңғолиядан келсе де сол елдің, жалпы ешбір елдің азаматтығы жоқ қандасымыз Айша Райысхан күні-бүгінге дейін тіркеуге тұра алмай, соның салдарынан Қазақстан азаматтығын да ала алмай жүр. Алматы облыстық КҚП басқармасына екі мәрте өтініш хат жазылған. Осындай жағдай Жамбыл облысы, Қордай ауданына ҚХР-дан көшіп келген Нұрзила мен Пазила Абылайлардың (2009 ж.) басынан да өтті. 1991 жылы Моңғолияда туып, 1992 жылы көшіп келген Марат Бектастың ата-анасы Қазақстан азаматтығын (1998) алған кезде кейбір себептермен ол қалыс қалған екен. Бұл жөнінде Ақмола облыстық ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы В.Н.Ермаковқа Қауымдастықтан 22/11/10 күнгі №376 хат жолданғанмен шешімін таппады. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданына Қытайдан келген Шәріп Бәтима, Жанақбай Мәукен сияқты алты отбасының 2011 жылы көшіп келіп, квота ала алмаулары «Халықтың көші-қоны туралы» Заңды түсіндірмеудің салдарынан болса керек. Облыстық басқарма бастығының орынбасары Е.Бекпаевтың Қауымдастыққа берген 22.12.2011 күнгі 8/5-103-5830 хатында «…Шәріп Бәтима және Шериза Бүлінбек 2011 жылдың 10 қазанында, Жанақбай Маукен, Жанақбай Қуат және Қайдар Дағыстан 2011 жылдың 16 қыркүйегінде ҚР азаматтығына қабылданған… Бірақ бұл азаматтар Қазақстан Республикасы азаматтығын қабылдар алдында көшіп келу квотасына енгізу туралы өтінішін түсірмегендіктен осы квотаға енгізу мүмкіндігі жоқ екендігі туралы хабарлаймын» деп қателіктерді келушілердің мойнына артып қоя салған. Осы хаттан облыстық полициясы қызметкерлерінің өз істеріне, сондай-ақ, келген қандастармен қарым-қатынастарында немқұрайлылықты анық көріп отырсыздар. Күнде ауылдан ат арытып аудан, одан қалса облыс орталығына келіп-кетіп жүрген ағайындарға неге Заңды түсіндіріп, олардың өтініштерін жаздырып алмаған деген сұрақ туындары хақ. Өз басы ауырмағанның басқада ісі жоқ дегеннің кебі. Оралмандар еріккеннен сенделіп, сабылып жүрген жоқ қой. Олардың өтініш-тілектерін тыңдамайтын шенеуніктерді неге жауапқа тартпасқа! Көші-қон полициясы басқармаларындағы қызметкерлердің адам тағдырына немқұрайлылықпен қарайтын жауапсыздығына үлкен мән беріліп, олардың жауапсыздығынан жапа шеккендердің моральдық шығындарын төлетпейтін болса, елге оралушылардың саны артудың орнына кеми берері сөзсіз. Көші-қон полициясы комитетінің басшылығы Елбасының Құрылтайда айтқан сөзін негізге ала отырып, қазақ диаспорасының өкілдері мен оралмандарға жеңілдіктер жасаса артық болмас деп ойлаймын. Елім, жерім деп келген қазақтарды атамекенге жеткен күні кеудесінен итергендей болып, қарсы алуымыз елдігімізге сын.

Қауымдастық пен Комитеттің бірлесіп өткізген үшінші отырысындағы (7 желтоқсан 2011) шешімінде төрт мәселеге ерекше көңіл бөлінді. Олар: Біріншіден, Этникалық көші-қонның өзекті мәселелері мен ереже-тәртіптерін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы оралмандар мен қалың көпшілікке жан-жақты және тұрақты түрде түсіндіріп, насихаттау. Екіншіден, этникалық көші-қон туралы қолданыстағы заң-ережелердің бұлжытпай орындалып, оралмандарға қатысты ұйымдастыру жұмыстарының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына сәйкес жүргізілуін қамтамасыз ету. Үшіншіден, көші-қон жөніндегі өкілетті мекемелердің өз міндеттерін «Халықтың көші-қоны туралы» Заңы мен басқа да бекітілген ереже-тәртіптерге сәйкес жүргізуін және олардың жұмысына көлденең біреулердің араласуына жол берілмеуін қатаң назарға алып отыру. Төртіншіден, көші-қон саласындағы жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге ерекше көңіл бөлу делінген. Осы келісім арықарай өз шешімін табады дегенге сенемін.

Шетелдегі ағайындардың Қазақстанға жетуінде де түрлі қиындықтар бар. Әсіресе, Қытай елінен келу оңай емес. Бүгінгі таңда Қытай үкіметі Шыңжандағы жастарды оқытуға, жұмыс беруге ішкі өлкелерге мыңдап жіберіп жатқандары туралы хабарды «Xinjyang» TV арнасынан естідік. Алыстағы ағайынның Елге оралуына қалың жұрт атсалысса, тоқтап қалған көшіміз қайта жанданары хақ. Сондықтан Көші-қон полициясы комитеті шетелден келген қазақ диаспорасы өкілдеріне, оралмандарға жеңілдік көрсету үшін календарлық бес күнді жұмыс күні деп Ережеге өзгерту енгізсе. Ал, Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігі тарапынан шетелдегі қазақтардың мүддесін қорғау мақсатында виза беру жаңа нұсқаулығын бекітсе, әсіресе, Қытайдағы қандастарымыз үшін бір жылға көп мәрте виза берілсе нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Қазақстан Республикасының азаматтық туралы Заңының 17-бабында «Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудан және Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтiруден бас тарту негiздерi» атты тармағында «осы баптың бiрiншi бөлiгi 7) тармақшасының ережелерi Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар қолданылатын, сондай-ақ осы Заңның 16-бабы бiрiншi бөлiгi 1) тармақшасының екiншi бөлiгiнде аталған және iшкi iстер органдарына шетелдiк азаматтықтан бас тарту туралы нотариат куәландырған жазбаша өтiнiшпен өздерi азаматы болып табылатын мемлекеттiң азаматтық мәселелерi жөнiнде шешiм қабылдайтын лауазымды адамына өтiнiш бiлдiрген адамдарға қолданылмайды. Өтiнiш бiлдiрген адамдар Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылданған жағдайда мұндай өтiнiш бiлдiру фактiсi туралы ақпарат, олардың шетелдiк паспорттары шет мемлекетке жiберiледi» деп көрсетілген.

Ал, осы Заңның 16-1 бабында «Жеңiлдетiлген тәртiппен (тiркеу тәртiбiмен) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау шарттары бойынша жеңiлдетiлген тәртiппен (тiркеу тәртiбiмен) Қазақстан Республикасының азаматтығына тұратын мерзiмiне қарамастан Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын: 1) тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген ұлты қазақ адамдар» делінген. Сонда екі бап бір-біріне қайшы сияқты. Себебі шетелден келген ағайындар үлкен қиындыққа тап болды яғни Қазақстан Республикасының азаматтығына құжаттарын тапсыра алмай қалды. Бұл жерде Көші-қон полициясы қызметкерлерінің айтып отырғанындай шетелдік азамат өздерінің келген елдерінің азаматтығынан шыққаны туралы анықтамасы болу керек деген талаптарын көріп отырғам жоқ, тіптен жоғарыдағы 17 бапты түсінбедім.

Аталмыш Заңның 17 бабына өзгеріс енгізу жөнінде өткен жылғы қыркүйек айында бұрынғы Парламент депутаты Қ.Уәлихан ағамызға Қауымдастықтан хат жазылып, ол кісі осы мәселені көтерді. Бірақ, Парламент таратылуына байланысты бұл іс тағы да қозғалыссыз қалды. Енді жаңа сайланған Парламенттегі ұлтжанды азаматтардан үмітім зор, қандастарымыздың тағдырын шешуге көмектесер деген ойдамын. Осы орайда Қауымдастықтың іс-шараларын өткізуге демеушілік көрсетіп келе жатқан «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры акционерлік қоғамына алғысымыз шексіз.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанындағы Көші-қон департаменті 2010 жылғы қарашаның 1-і күні Ішкі істер министрлігінің құзырына өтіп, Көші-қон полициясы комитеті болған кезде, енді тәртіп орнар, жаңалық келер деген үмітте едік. Өкінішке қарай, үмітіміз ақталмады. «Қайран қыз күнімді сағындым» дегеннің кебін кидік.

Бүгінгі таңда оралмандар жөніндегі біраз мәселе бұқаралық ақпарат құралдарына да тікелей байланысты. Яғни, журналистер қауымы атажұртқа келген ағайындарға Қазақстанның көші-қон жөніндегі тиісті заңдары мен ереже-тәртіптерін насихаттауға, оралмандардың құқы мен міндеттерін дұрыс түсіндіруіне өз үлестерін қосса, тіпті телеарналарда арнайы бағдарлама ашылса да артықтық етпес деймін. 2003 жылы күшін жойған Қазақстан үкіметінің 791 қаулысы қайта жаңғыртылған болса бүгінгі осы мақала жазылмас еді…

1991 жылы Моңғолиядан бастау алған алтын арналы көш үзілмесін, ағайын!

19.01.2012

Ботагөз УАТҚАН,

Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiсi

Серіктес жаңалықтары