ЖАРҚЫРАП КЕТКЕН ЖАН

ЖАРҚЫРАП КЕТКЕН ЖАН

ЖАРҚЫРАП КЕТКЕН ЖАН
ашық дереккөзі

Сол күні қапсағай денелі, ұзын бойлы, шоқша сақалды, шүңірек көз қария қыр асқан балаға ұзақ қарап, жанары жасаурап тұрған.

Майда жаңбыр бүркіп тұрды. Сардаладан жеткен брезентті көліктің бортына Амантай лып етіп көтерілгенде әлгі қарияның көңілі солқ етіп, бір түрлі біреу қолқасын жұлып алғандай жүрегі лобып сала берген. “Сабыр, сабыр” деді іштей Біртан өз-өзіне. “Алдыңнан жарылқасын, қарағым. Құдай жолыңды оңынан берсін, қарағым.” Іштей күбірлеп тілеуін тілеп, шүкіршілік етті.

Бұл кезде автобус-сымақ брезентті жүк машинасы қыр асып, көз ұшында бірте-бірте көмескіленіп, құйтақандай ноқатқа айналып бара жатты…

Сонда Біртан шалдың есіне бала күні түскен. Тіпті өзгелер қызығатындай түгі болмаған екен. Әке-шешеден ерте айрылған үш жетімек, үлкені өзі, өзінен кейінгілері Дастан, Шерім үшеуінің шіреніп бір асқа қарны тоймапты. Аталасы Айтжанның босағасында жүрді, ертелі-кеш соның малын бақты. “Жолың болсын, айналайын,” – деді тағы. Біртан бұл сөзді іштей айтты. Күрсініңкіреп айтты. Енді бірде: “Ауылда трактор айдап жүре берсең де болар еді ғой. Қырық жыл қарауыл болғанда қор болған жерім қайсы” деген.

Біртан қарияның ойын түсінуге болады. Бір бұтағы осы Амантай. Жалғыз шыбығы. Шыбық деген әлсіз. Әлжуаз. Қасымда жүре берсе дейтіні сол. “Қасымда жүрсең жасымас едім” дегені, бірақ оны Амантайына естіртіп айтқан жоқ. Беті қайтып қала ма деген, бір жағы қатарынан қалмасын деп те ойлайды.

Майда жаңбыр себезгілеп тұр.

Көктөбенің күре жолының үстінде келе жатып терең ойға шомып кеткен екен.Үйіне жетіп табалдырықтан аттай бере: “Алдыңдағы күтіп тұрған тағдырың оңынан болғай” деді іштей.

Кейде соның бәрін еміреніп есіне алатын еді-ау Амантай…

Әзірге Алматыда өзінің бет алысы жаман емес. Жағдайы жақсы. Жатақ үйі жәйлі. Салқын да, ыстық суы бар. Душы да. Бар емтиханды төрт пен беске тапсырды. Құдай қаласа студент атанар күн де алшақ емес.

“Көкем қуанатын шығар” деді сонда.

“Апам абысындарына сүт қатып, құрт-ірімшігін шығарып шәй беретін шығар,” – деді сонда. Солай болып еді-ау…

Рас, ағасы Алматы мемлекеттік медицина институтының балалар дәрігері факультетін үздік бітіргенде қарындастары да бір мақтанып еді-ау…

Одан соң мемлекеттік жолдамамен Таразға келіп, ауырған балаларға араша түскенде мақтанған.

Бейсенкүлдей жанашыр да қамқор, мейірімді жеңгей көрсеткеніне және бір мақтанған еді-ау…

Әсіресе Біртан қарияның қуа­ны­шын айт! Тілмен әсерлеп жеткізу мүмкін бе? Келіннің аяғы ауыр боп жүрген күндері “жалғызыма серік болар ат айдаушы бере гөр” деп тілеген. Біртанға ұрпағының ұзарғаны арман еді. Ержан немересі шырылдап дүниеге келгенде:

– Бүгін алсаң да разымын, – деуі содан. Құдай аузына салды ма, содан көпке ұзаған жоқ, ұлы сапарға аттанып кетіп еді.

“Тұңғыш немересін көріп кетті,”–деп Амантайдың көңілі тоғайып отыратын еді-ау…

Әке арманының орындалуына куә болған бала да бақытты шығар. Одан соң дүниеге келген Елжан мен Есжан болды. Бәрі сол Таразда дүниеге келді. Тараз Амантайдың ісіне де таразы болды. Шүкір, бұл өңірде қатардағы балалар хирургінен бастап, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау бөлімі бастығының орынбасарлығына дейінгі лауазымды қызметтерді атқарды.

Алматыға келген соң да арада жылдар жылжып өте шығыпты. 1980 жыл болатын. “Көктем” санаторийінің қуықтай бір бөлмесінде тұрып, түн қатып атқарған жұмыстары ел жадында. Одан кейін де ысылған азамат Алматыдағы 10-шы және 4-ші емханаларды қолына алып, көп-көп іс тындырғаны есте. Сумен емдеу және басқа емдеу-сауықтыру орындарын іске қосқаны есте.

Республикада алғаш рет жыл сайын диспансерлеу бойынша “Космон” автоматты жүйесін іске қосты. Осындай жаңалыққа жаны құштар, ізденгіш қасиеттері Алматы қаласының сол кездегі әкімі Заманбек Нұрқаділовтің назарын аударған. Бірлі-жарым болмаса, қазақ баласы бұрын соңды басқарып көрмеген, жүз жылдық тарихы бар қалалық Жедел жәрдем ауруханасына бас дәрігер лауазымы ұсынылады. Сонда Зәкең айтыпты:

– Тәжірибе десең тәжірибесі, сөз десең сөзі бар. Шала қазақ емес, таза қазақ, ендеше неге тартынамыз?! – деп.

Ол бір жүйкеге жүк түскен ауыр жылдар еді. Дәрінің жетіспеушілігі өз алдына, жұрт айлап жалақыға зарығып қалған шақ. Тәуелсіз елдің аяғын апыл-тапыл баса бастаған тұсы. Өндірістердің өкпесі өшіп, қай салада да істің ауыр да, азапты жүріп жатқан уағы. Бұл ауырлық әсіресе мекемелердің басшыларына түскен, соларға сын болды. Бүйтіп бастық болғанша деп, басқа кәсіпті жағалап кеткендер аз болған жоқ сол тұста.

Амантай Біртанұлы әуелі ауруханадағы барлық бөлімшелерді қайта ұйымдастырды. Білікті мамандарды тартты. Біртін-біртін қазіргі заманғы озық аппаратуралар да алына бастады.

Енді бірде со…но…у жылдары жасқана-жасқана, жәутеңдей Алматыға жол тартқан қара бала, енді алыс АҚШ-қа бет алған. Алматымен бауырлас болған Тусон қаласында 1993 жылы 14 мамырда Түсіністік меморандумына қол қоюға қатысты. Сонда ұстазы – белгілі академик, балалар дәрігері Камал Саруарұлы Ормантаев жанында болған еді.

Кейін сол сапардың да шапағаты тиді. Тусон қаласының медицина орталығымен жемісті ынтымақтастықтың орнығуы нәтижесінде Жедел жәрдем ауруханасының 30-дан астам қызметкерлері тәжірибе алмасуға сонда барып, білігін өсіріп қайтты.

“Бірінші” деген сөз кім-кімге де жағады. Әрине, орнымен, ақиқатымен лайықты айтылса. Амантай шын мәнінде бірінші деуге лайық осындай екі іс жасады. Айталық, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) кіретін елдер ішінде бірінші болып Алматыда, осы Жедел жәрдем ауруханасы жанынан республикалық Токсикологиялық және қалалық Лапаро­ско­пиялық орталықтар ашты. Ал осының ар жағында қаншама жүйке жұқартқан істер болды. Соның әрбір бұлымына көз жүгіртіп, қызыға зерттеп, кіріккен сайын қаншалықты маңдай тер төгілгенін аңғарасыз.

Оның қызығын енді қала тұрғындары көруде.

Өзі де еңбегінің қызығын көретін шаққа келіп еді-ау…

***

Елден қайтып келгелі де күн-күндерге ұласып еді сонда. Ол сапарында Талас ауданының Ойық, Ақкөл, Бөлтірік атындағы елді мекендері мен Қаратау қаласы тұрғындарына Алматыдан арнайы шыққан топ дәрігерлік көмек көрсетіп қайтқан. Бригада жақсы жұмыс жасады. Екі сапарда 30-дан аса дәрігерлер 800-ден астам адамның денсаулығын тексеріп, 500 мыңнан астам теңге тұратын дәрі-дәрмектерді тегін таратып берген. Оның сыртында мектепке қанша кітап тарту етті, әлеуметтік аз қамтамасыз етілгендерге киім-кешек сыйлады? Былай айта салғанға оңай-ақ. Оның сыртында жүйкеге салмақ салған, көзге көріне бермейтін ұйымдас­тырушылық бейнет жатыр…

Қызықтың көкесі Алматыға келгелі басталды. “Тез көрінбесеңіз, қаралмасаңыз болмайды, кеш болады,” деген сырқаттары дәрігердің айтқан сөзін тұмардай түйіп, Қаратауға қарамай, Таразды тастап, тіке Алматыға аттанған. “Амантай аман болса, ауруханасына алдырып қарар, емдер», – деп үмітін үкілеп келгендер ғой. Бірлі-жарым болса, әрине сөз басқа.

– Бұл өзі қызық болды, – деген Амантай сонда. Есік алдында отырғандарды көрдің ғой. Сол Ойық, Бөлтірік, Ақкөл жалпы Таластан келгендер. Күніне үш-төрт сырқат ат басын осында бұрады десем сенесің бе, сенбейсің бе?

Амантай үнсіз еді сонда. Өзінің жақсы көретін сөзі бар: “Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде” деген. Соны қайталай беріп еді-ау сонда…

х х х

Адамның ой-өрісі, білімі, көзқарасы, іс-әрекеті өзі өмір сүрген қоғамға, оның өркендеуі үшін адал қызмет жасаса, атына заты сонда сай болар деп түсінеді ел. Азамат осы шеңберден өзінің болмысын тауып, қадірін жоғалтпауы тиіс. Өзін-өзі дамыту ғана емес, ақыл-парасатымен өзгеге ықпал жасауға тиіс. Жақсы күндердің жеңісі үшін орынды пікірді бүкпесіз, жалтақтамай, жасқанбай ашық айта білу де азаматқа тән асыл қасиеттердің бірі деп білді.

Халық қалаулысы, үш мәрте қатарынан қалалық Мәслихатқа депутат болып сайланған, “Парасат” орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, өмірінің соңына дейін калалық 2-ші емхананы басқарып келген Амантай Біртанұлы шын мәнінде биік парасат иесі еді-ау…

х х х

– Ержан телефон шалды. Немерем Әділетханды мектепке бермек екен. Неміс мектебіне апармақ көрінеді, — деген бірде.

– Венада қазақ мектебі қайдан бола қойсын? – дедім. Біртан қария немересі Австрия елінде мектеп аттайды деп ойлап па?

– Сен де айтады екенсің.

– Айтпақшы, жаңа сіз бір қателестіңіз..

– Неден?

– Біртан әулетіндегі үлкен оқиға дедіңіз. Оған таласым жоқ. Үлкен оқиға мұның алдында да болды ғой.

– Қандай?

– Ол әулеттегі емес, ел үшін үлкен оқиға еді.

– Түсіндім, –деп шуақтанып еді-ау сонда.

Ержан Амантайұлы Біртановтің ЕҚЫҰ-ның (ОБСЕ) секретариатында бөлім басқаратынын айтпақ ойымды түсіне қойған еді сонда.

Келісті ме, Амантай ұртына жылы күлкі үйіріліп, үнсіз қалды. Баланың әкені рахатқа бөлеген бір сәті еді-ау сондағы көрініс…

Ертесіне ортаншы ұлы, медицина ғылымдарының докторы, Еуропа токсикологтары Ассоциациясының мүшесі, Астанадағы үлкен бір медициналық холдингтің жетекшісі, төрт кітаптың авторы Елжанды және Ұлттық банкінің басқарма бастығы, қаржыгер ұлы Есжанды ертіп, немерелерін құшағына қысып Бейсенкүл мен Амантай Біртанұлы Австрияға бет алған ұшақта отырған.

Алқара көк аспанда ақша бұлттар жүзген.

”Қыр асқан керуен” дегенмін іштей. “Біртан қариядан өскен, өнген ұрпақтың керуені” деп сүйсініп едік-ау сонда…

Енді, осыдан қырық күн ғана бұрын Алматы жұртшылығы ұбап-шұбап ұлы сапарға шығарып салғаны жанды сыздатып еске түседі…

Жаныңыз жәннатта болсын жақсы аға!

Алдыңыз жарық, артыңыз кеніш болсын деймін тағы…

Ерғали САҒАТ,

жазушы-журналист,

“Парасат” журналының бас редакторы

Алматы қаласы