СУДЬЯ – ХАЛЫҚТЫҢ АРЫ ДЕСЕК ТЕ...

СУДЬЯ – ХАЛЫҚТЫҢ АРЫ ДЕСЕК ТЕ...

СУДЬЯ – ХАЛЫҚТЫҢ АРЫ ДЕСЕК ТЕ...
ашық дереккөзі

Былтыр елiмiздiң сот саласында бiраз тазартудың жүргенi мәлiм. Бұл ҚР Жоғарғы сотына төрағалық еткен Бектас Бекназаровтың қолға алған алғашқы жұмысы болатын. Оған әуелде әдiлдiктi ту етуi тиiс Жоғарғы соттың алты судьясының былыққа белшесiнен батып, елдiң сенiмiне селкеу түсiруi себеп болды.

Адамның тағдырын ойыншыққа айналдырып келген кейбір судьялардың бет-пердесі ашыла бастады сол кезде. Қаржы полициясының ақпаратына сәйкес, олар бiрнеше мәрте азаматтардың құқықтарын бұзып, сот үкiмдерiн жеке тұлғалардың пайдасына шығарған. Сондай-ақ судьялардың тергеу органдарының жұмысына өктемдiкпен араласқаны, жалған мекемелердiң мүдделерiн қорғағаны да анықталды. Сот саласын сыбайлас жемқорлықтың ошағы санаған судьялардың өздері нақақтан нақақ от басқанын білді ме екен, сірә?! Тіпті бұрнағы жылы абыройлы атын былғаған 35 судья қызметімен қош айтысса, былтыр Жоғарғы сот төрағасы 52 судьяның жылы орнынан кететінін мәлімдеген болатын.

Жоғарғы сот төрағасы Бектас Бекназаров мырза қоғамда судьяларға деген сенiмсiздiк байқалатындығын ескеріп: «Расында да, соңғы уақытта сот жүйесiндегi мәселелер, судьялар төңiрегiндегi оқиғалар сот билiгiне үлкен селкеу түсiрген тәрiздi. Ендiгi уақытта ондай келеңсiздiктiң бәрiн жойып, халықтың сот үкіміне деген сенiмiн жоғарылатуды қайтадан қалпына түсiруге тиiспiз», – деген-ді. Ал Қазақстан Республикасы судьяларының V съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Судья – халықтың ары. Сондықтан халықтың бұл ары таза әрі кіршіксіз болуы тиіс. Ал оны кіршіксіз күйінде сақтау үшін сот ісіне жаңаша көзқарас қажет» екенін дөп басып айтқан. Мемлекет басшысының пікірінше, сот жүйесінде әділдік орнатуды түбірінен, яғни маман дайындау ісінен бастау керек. Елбасы көтерген тағы бір мәселе – сот төрағаларын жиі ауыстырып отыру туралы, яғни ротация жайында. «Сот төрағаларын жиі ауыстырып отыру тәртібін енгізу қажет. Олар бес жыл бойы бір жерде отырмауы керек. Сот төрағасын екі жылда бір рет ауыстыру қажет. Бұл – судьялардың біліктілігін шыңдауға таптырмайтын тәсіл. Өйткені біздің мақсатымыз – адал, әділетті, ұжданды, ең бастысы, арын ақшаға сатпайтын сот билігінің болуы», – деді Елбасы. Бұған дейін Қазақстанда судьялардың ротациясы, яғни ауыстырылуы 5 жылда бір жүргізіліп келді. Мемлекеттік комиссияның жұмыс тобы мүшелерінің бұл үдерісті 2 жылда бір рет жасау керек деп ұйғарады.

Сонымен, Жоғарғы сот сыбайлас жем­қорлықпен атын былғаған бірқатар судья­лардың жолын кесті. Қазақстанның сот жүйесінде түбегейлі кадрлық өзгеріс орнап, сегіз облыстың облыстық судьялары ауысты. ҚР Президентінің 2011 жылғы 30 желтоқсанындағы бұйрығына сәйкес, Астана қаласының судья қызметіне бұрын Ақмола облысы, Есіл ауданының судьясы болған Асқар Сүлейменов, ал Алматы қалалық сотына мамандандырылған ауданаралық сотының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі төрағасы қызметінен босаған Зиядинхан Пірнияз тағайындалды. Сондай-ақ Павлодар облыстың сотына Ермұрат Байғұрманов, Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық сотына Дамир Омаров келді. Жамбыл облысының Сарысу ауданының сотын Жұмакүл Бекеева, Қарағанды облысы Теміртау қаласының қалалық сотын Нұрлан Асанов, Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық сотын енді Асия Досжанова басқарады. Айта кету керек, мұнымен қоса Алматы мен Астана қаласының аудандық соттарында да көптен күткен кадрлық өзгеріс болды.

Сот саласының тәжірибесіне үңілсек, бұрын облыстық соттарда қадағалау алқасы бол­ған. Сол кездегі облыстық сот­тар­дағы қадағалау алқасы сот істері бо­йын­ша шығарылған актінің заңды­лы­ғын бірден тексеріп, қателерін тез арада түзеп отыратын. Ал қазіргі күні Жо­ғарғы сот­тың ондай мүмкіндігі жоқ, судья­лардың саны да жетпейтін көрінеді. Айталық, 2002 жылы елімізде 185 жергілікті соттар мен 1 мың 823 судьялар болса, қазіргі таңда жергілікті соттардың саны 340, ал судьялар 2 мың 433-ті құрап отыр. Қазір тіпті Жоғар­ғы соттың әрбір судьясының өндірі­сінде тұрақты түрде 70-80-тен іс бар. Әрбір судья апта сайын жеке өзі 20-30 істі сараптап, алқада баяндайды. Ал енді осы істерді әуелі облыстық соттарда қарап, кемшіліктері болса, түзеп, содан кейін өзінің мәртебесіне сай Жоғарғы сотта аса күрделі істер бо­йын­ша сот актілері тексеріліп отырса құба-құп болар еді. Бір айта кетерлігі, мемлекетіміз қазылардың жүйелі жұмыс жасауы үшін барлық жағдайды қарастырып отыр. Тіпті, елімізде ең жоғары жалақыны алатындар да – судьялар. Аудандық деңгейдегі судьяның өзі ең кемі 200 мың теңге көлемінде жалақы алса, облыстық, Жоғарғы сот судьяларының еңбекақысы екі-үш есеге көп екен.

Әлімсақтан бастау алған тура бидің төрелігіне бас ию, әділдікке қол жеткізу ата-бабадан, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ізгілікті сенім. Сенім бар жерде үміт шоғы сөнбейді. Ал сот билігіне сенімді жоғалту жалпы билікке күмән келтірумен бірдей.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ