«...ТЕКТІЛІК ТЕ, ТАЗАЛЫҚ ТА – ҚОНАЕВҚА ТӘН»

«...ТЕКТІЛІК ТЕ, ТАЗАЛЫҚ ТА – ҚОНАЕВҚА ТӘН»

«...ТЕКТІЛІК ТЕ, ТАЗАЛЫҚ ТА – ҚОНАЕВҚА ТӘН»
ашық дереккөзі

Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаев республикаға жиырма бес жыл басшылық еттi. Қызметiнiң соңғы жылы қазақ халқының саны алты жарым миллионнан асты. Кентау, Жаңатас, Текелi, Рудный секiлдi 43 шағын қала салынып, көптеген өндiрiс орындары ашылып, аграрлық ел индустриялық елдiң қатарына қосылды. Республика диқандары Отан қоймасына жыл аралатып миллиард пұт астық құйып жатты. Ол кезектi iс-сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа: «Бiзде табиғи байлықтың қоры жетедi. Өз алдымызға тәуелсiз ел болсақ, ең бай елдердiң қатарында болар едiк»,– дегенi бар. Арманы жүзеге асып, тәуелсiз ел атандық.

Өткен ғасырдың сексен бесінші жылы Қонаев Мәскеу тарапынан қатты сынға алынды. Солардың бір парасы жоғары оқу орындарында қазақ жастарының көптеп қабылдануы еді. Жоғары және орта білім министрі Нәрібаевты қабылдап: «Көпжасар, Мәскеу шектеу қойды деп, қазақтың балаларын институттарға қабылдауды кемітпеңдер. Олар өз елінде оқымағанда және сендер оқытпағанда қайда оқиды? Үлкен тірлікті үндемей жүріп іске асыру керек»,– деп ескерткен. Ұлтын шын сүймесе, қысылтаяң шақта осындай жанашырлық сөз айтар ма?

Былтыр күзде жазушы Герольд Бельгермен әңгіме-дүкен құрған едім. Ол: «…Қонаевтың білім-біліктілігіне, биік парасатына, жоғары интеллектуалына тәнті болдым. Қазақстанды лайықты жан басқарған екен. Енді ол туралы қиғаш, солақай пікірлерді тыңдағым да келмейді»,– деген еді.

Қазақ КСР Әділет министрінің бірінші орынбасары Иван Тетеркин: «…Демек, даналық – бақпен емес, текті қанға, таза жанға бітетін асыл қасиет екен. Сол тектілік те, тазалық та – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа тән еді», – деп бағалаған.

Ақыннан сезімтал жан бар ма. Темірше Сарыбайұлының: «Қонаев – ұлттың Ары мен Намысы! Қонаев – ұлттың Рухы мен Иманы! Қонаев – қазақтың Қанағат мектебі! Адалдықтың өлшемі!» деген өлең жолдарында Дінмұхамед Ахметұлының бар болмыс бітімі жатқан жоқ па?! Ақынның осы сөздерінен асырып не айтуға болады?!

Көлбай Адырбекұлы