ДАУДЫҢ БАСЫ – ЖАҢА ЗАҢ

ДАУДЫҢ БАСЫ – ЖАҢА ЗАҢ

ДАУДЫҢ БАСЫ – ЖАҢА ЗАҢ
ашық дереккөзі
186

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Қаңтардың алғашқы күнiнен бастап заңды күшiне енген Венгрияның жаңа Конституциясы қоғамды әбiгерге салды. Он мыңдаған адам Будапешттегi үлкен алаңда наразылық шеруiн өткiзсе, Еуропалық Одақ пен АҚШ венгр билiгiнен заңды керi қайтаруға ұсыныс айтты. Керiсiнше болған жағдайда, мажарлар елi Халықаралық қаржы қоры мен Еуродақтан алатын несиеден қағылмақ.

Еуропалық Одақтың тағы бір елінде шу шықты. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап заңдық тұрғыда күшіне енген Венгрияның жаңа Конституциясына он мыңдаған адам наразы. Сейсенбі күні Будапештте өткізілген шеруде венгрлер «Жаңа заң 1989 жылы қабылданған Конституцияға қайшы, елдегі демократиялық құндылықтарды жоққа шығарады, саяси тепе-теңдікті бұзады» деп мәлімдеді. Венгриядағы басымдыққа ие Фидес партиясы қабылдаған жаңа заңды кері қайтаруға ұсыныс білдірген Еуропалық Одақ пен АҚШ мажарлардың билігіне өтініш айтты. Конституцияға қатысты туындаған дау Будапешттің Еуроодақ пен Халықаралық қаржы қоры арасында жуырда ғана жасалған жаңа келісімдерге қауіп төндірді. Экономикасы тығырыққа тірелген Венгрия ЕО мен ХҚҚ тарапынан берілетін несиеден қағылмас үшін қоғамда орын алған наразылық толқынын басуы тиіс. Құжатты бекіткен – Венгрия парламентіндегі орынның үштен екісін иемденген Фидес партиясы. Үкіметті «Бұқаралық ақпарат құралдары мен сот, сайлау жүйесіне саяси бақылау мен қадағалау тетіктерін күшейтті. Премьер-министр Виктор Орбанның басқару тәсілі – диктаторлық» деп айыптаған наразы топты Amnesty International секілді халықаралық құқық қорғау ұйымдары да қолдап отыр.

Экспортқа негізделген Венгрия экономикасы бүгінде рецессияға ұшыраудың алдында тұр. Экономикалық көрсеткіштері күрт құлдыраған ол – Еуропалық Одақтағы еңбекке жарамды халқының саны ең аз мемлекет. Оның 55 пайызы ғана жұмыспен қамтамасыз етілген.

Еуроаймақтағы дағдарыстарға төтеп беруде саналуан қиындықтарға тап болған венгрлер елінің қазіргі халі шынында да мүшкіл. Халықаралық рейтингтік агенттіктердің екеуі оның экономикасына ең төменгі баға берді. Будапешт ХҚҚ-дан бұған дейін де борыш алған еді. 2008 жылы ХҚҚ-дан 20 млрд. еуро көлемінде несие алып, арада екі жыл өткенде, яғни 2010 жылы қарыз қаржылық тәуелділікке әкеп соғады деген себеппен, алған ақшадан қайта бас тартты. Ал өткен аптада Венгрияның экономика министрі Дьерд Матолчи Халықаралық қаржы қорымен арадағы қарыз мәселесіне қатысты келіссөздердің қайта жалғастырылатынын мәлімдеді.

Жуырда Standard & Poor’s, Fitch Ratings, Moody’s секілді халықаралық рейтинг агенттіктері еуроаймақтағы қарызға байланысты туындаған қиындықтардың Венгрияға кері әсер еткенін, сол себепті елдің несиелік рейтингін инвестициялық деңгейден төмендетілетінін ескерткен. Өткен аптада мажарлар халықаралық нарыққа қарыздық міндеттемелерін (мемлекеттік құнды қағаздарды) орналастыра алмады. Өйткені нарық ойыншылары ресми Будапешттің ипотекалық несие алушыларға жеңілдікке ие ақша айырбастау бағамы бойынша қызмет көрсетуге рұхсат беруінен және салыққа қатысты қабылданған бірқатар үкіметтік шаралардан көңілдеріне секем алып қалды. Ал Венгрияның экономика министрілігі елдің тәуелсіз несиелік рейтингін ВА1 деңгейінен ВАА3 деңгейіне дейін төмендеткен Moody’s рейтинг агенттігін «Венгрияға қарсы қаржылық шабуыл жасауда» деп қатаң сынға алды. Бүгінде Венгрияның сыртқы қарызы ЖІӨ-нің 75 пайызына тең. Бұл көрсеткіш биыл 81 пайызға тең болған еді. Moody’s мажарлардың мемлекеттік қарызы 2011 жылы ЖІӨ-нің 131 пайызына жетіп жығылуы мүмкін деп болжайды. Агенттіктегілер венгрлердің Еуроодаққа қарыз сұрап, өтініш айтуы тегін емес деген пікірде. Ал келесі жылғы экономикалық өсу көрсеткіші небары 0,5 пайызбен шектелмек. Қазіргі кезде посткеңестік елдердің кейбіріндегі секілді Венгрияның орталықтардан шалғай жатқан ауылдарында адамдар мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы есебінен жан бағып отыр. 2012 жылы 200 мың венгр мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражатқа (күніне – 12 АҚШ доллары) көше сыпырып, аула тазалап, егістік алқаптарда еңбек етіп т.б. қоғамдық жұмыстардың арқасында күн көрмек. Ал венгр билігі елдегі саяси ахуалды экономикалық және әлеуметтік келешектеріне балта шаппас үшін тез арада реттеуге мүдделі.

05.01.2012

Серіктес жаңалықтары