ҮМIТКЕ ТОЛЫ ҰЛУ ЖЫЛЫ

ҮМIТКЕ ТОЛЫ ҰЛУ ЖЫЛЫ

ҮМIТКЕ ТОЛЫ ҰЛУ ЖЫЛЫ
ашық дереккөзі

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Қызығы да, шыжығы да мол 2011 жылды артқа тастап, 2012 жылдың алғашқы жұмыс аптасын бастап та кеттiк. Ұлу жылы не ұсынар екен? Әркiмнiң көкейiнде сан сауал, сан болжам. Бiрақ барлық дүниенiң Алланың қолында екенiн ұмытпағанымыз абзал. Ұлу жылында әртүрлi болжамдар жасалып, жылдың жалпы сипаттамасы айтылып қойды. Сонымен саяси сарапшылар мен экономикалық бiлгiрлер Ұлу жылын қалай сипаттауда?

ДАҒДАРЫСТЫҢ КЕЛЕСІ ТОЛҚЫНЫ

Ұлу жылы тосын сыйлар мен күтпеген оқиғаларға толы болады дейді сарапшылар. Соның бастыларының бірі – дағдарыстың екінші толқыны. Қазір Еуропаның экономикасы шатқаяқтап тұр. Дүниежүзілік резервтік валютаға айналдыру мақсатында айналымға енген Еуропаның ортақ валютасы – еуроның болашағы бұлыңғыр тартты. Сарапшылар еуроның жаназасын былтыр жыл соңына дейін шығарып қойған еді. Дегенмен ілдалдалап биылға аяқ басқан еуроның ендігі тағдыры Еуроодақ елдерінің жұмыла жұдырық бола білуінде ғана. Бірақ алпауыт мемлекеттер Греция сияқты елдердің қаржылық күйреуіне жауап бермейтіндігін айтады. Осындай жағдайда қаржылық дағдарыстан бұрын Парламент сайлауын өткізуді мақсат тұтқан Қазақстанның экономикасына қауіп қайдан? Біз шетелдік экономикаға қаншалықты тәуелдіміз?

Қазақстан әлі күнге дейін шикізатқа тәуелді мемлекет күйінде қалып отыр. Жиырма жыл ішінде ірі индустриалды мемлекетке айнала алмадық. Өндіруші секторға көңіл енді ғана бөліне бастады. Әлемдік мұнай бағасына біздің экономикамыз тәуелді. Оның үстіне жер астындағы байлықтың да сарқылар күні таяу көрінеді. Жаңаөзендегі әлеуметтік кикілжіңдердің бір ұшы осы мұнай қорының азайып бара жатқанында екендігін билік ресми түрде мәлімдеп отыр. Алайда біздің үкімет дағдарыстың бұл толқынын да қасқайып қарсы алатындықтарын айтып бағуда. Сарапшылар елде ақша молайып, тауар азайып кетуі де ғажап еместігін айтады. Бұның өзі инфляцияны тудыруға әкеп соғатын болады. Қалай дегенмен де, Батысы мұнайлы, Солтүстігі астықты еліміздің экономикасы қаншалықты сыр берерін алдағы уақыт көрсетер.

БЭК ЖӘНЕ ДСҰ

Биыл 1 қаңтардан бастап, Қазақстан, Беларусь және Ресей елдері арасында Бірыңғай экономикалық кеңістік жүзеге аса бастады. Үш елдің экономикалық аумағы ортақ болатын болды. Ресми ақпарат құралдары бұл қадамның үш елге де аса тиімді екендігін жағы талмай қайталап келеді. Дегенмен мәселеге байыппен қарайтындарда үміттен гөрі, күдік басым. Ең басты мәселе – бұл одаққа енудің соңы талай жылдар арман болған Тәуелсіздігімізге нұқсан келтірмей ме? Егер, біз шын мәнісінде терезесі тең елдердің экономикалық одағын жасақтап жатсақ, ондағы құжаттардың барлығы неге тек қана орыс тілінде жүзеге асырылады? Бұның өзі елдің тәуелсіздігіне қол сұғу болып табылады. Еуроодақтың құжат айналымы одаққа мүше барлық мемлекеттердің тілінде жасалып, содан кейін ғана ағылшыншаға аударылады. Ал бізде Кедендік одақты құру ісіне кіріскен күннен бастап, тәуелсіздік принциптеріне қол сұғылды дейді. Посткеңестік елдердің басым көпшілігінің арманы біреу – ТМД рыногына ешқандай бөгетсіз қол жеткізу. Бірақ ол үшін ел тәуелсіздігінің кейбір құндылықтарынан қол үзіп қалудан қорқады. Украина сол себепті де Еуроодақты жағалауды мақсат тұтып отыр. Тәжікстан мен Қырғызстан Кедендік одаққа енуге мүдделі, алайда оларды да тәуелсіз санасына кері әсер етер факторлар ойландырады. ТМД елдерінің біразы мүше болып үлгерген Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) Қазақстан Ресейден кейін енуге бел буып отыр. Батыстық сарапшылар Қазақстанның бұл жолда бірталай сәтті келіссөздер жүргізгенін айта отырып, егер Ресейге қарайласа көп нәрсені жоғалтатынын ескерткен еді. ДСҰ-ға кім бірінші мүше болса, сол өзінен кейінгі енетін мемлекетке талап қоя алады. Грузия бірнеше жыл бойы Ресейдің аталған ұйымға мүше болуына қарсы болып келген. Тек былтыр жыл соңына қарай ол райынан қайтты.

ӘЛЕУМЕТ ЖӘНЕ БИЛІК

2011 жыл тарихқа Жаңаөзен оқиғасымен енді. Ресми түрдегі мәліметтерге сүйенсек, қаза болғандардың саны 17 адамға жеткен. Бүгінде жұмыссыз қалған мұнайшылардың мыңға жуығы жұмысқа тұруға өтініш түсіріп үлгерген екен. Қазақстан билігі 7 ай бұрын басталып, шегіне жеткен, соңы қақтығысқа айналған Жаңаөзен мәселесін осылай шешуді жөн көрді. Ереуілдетеміз деп жұмыссыз қалғандардың ешқайсысы құр алақан қалмайтын болды. Бүгінде бүкіл әлем жұмылып «бейбіт тұрғындарға кім оқ атты? Арандатушы кім, полицейлердің кінәсі бар ма?» деген сауалдарға жауап іздеуде.

Бүгінде өз өкілеттігін асыра пайдаланып, бейбіт тұрғындарға заңсыз оқ атты деген күдікпен бірнеше полицей тұтқынға алынды. Қазір әлемдік қауымдастық Жаңаөзен оқиғасын зерттеуге, өз бетінше қорытынды жасауға кірісіп кетті.

Негізгі мәселе мұнайлы аймақта отырса да, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайының көтерілмеуі, шетел капиталының молаюы. Сол себепті де әлеуметтік проблемалардың алдын алып, дер кезінде шара қолданып отырған абзал болар еді.

05.01.2012