Зәуре СӘМЕДИНОВА: ТӘЖIКСТАН ҚАЗАҚТАРЫ

Зәуре СӘМЕДИНОВА: ТӘЖIКСТАН ҚАЗАҚТАРЫ

Зәуре СӘМЕДИНОВА: ТӘЖIКСТАН ҚАЗАҚТАРЫ
ашық дереккөзі

Жақында жолымыз түсiп, Тәжiк­станның астанасы Душанбеге сапар шеккен едiк. Тәжiкстанда 2 мыңға жуық қазақ өмiр сүредi. 1990 жылға дейiн онда 50 мыңдай қазақ болған. Олардың басым көпшiлiгi болашағын тарихи Отаны­мен байланыстырды. Қазiр мұнда «Бәйтерек» атты қазақ мәдени орталығы жұмыс iстейдi. Осы орталықтың жетекшiсi Зәуре Сәмединова Қазақстан Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына орай, «Қазақстанның мәдениет қайраткерi» төс белгiсiмен марапатталды. Осы төс белгiнi арнайы тапсыруды Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының I орынбасары Талғат Мамашев «Түркiстан» газетiнiң тiлшiсiне тапсырған болатын. Газет тiлшiсi осы бiр абыройлы мiндеттi атқара отырып, ондағы қазақтар жайлы әңгiме де өткiзiп қайтқан едi.

– Зәуре Советқалиқызы, сiздi «Мәде­ниет қайраткерi» атағымен құттық­тай отырып, сiздiң бас болуыңызбен құрылған «Бәйтерек» орталығы жайлы айтып өтуiңiздi сұраймыз.

– Бұл орталықтың ашылғанына бес жылдай уақыт болып қалды. 2005 жылы Астанада өткен Дүниежүзi қазақтарының үшiншi құрылтайында Тәжiкстанда осындай орталық ашу жайлы шешiм қабылдадық. Өйткенi әлемнiң қаншама мемлекетiнде осындай орталықтар жұмыс iстейдi екен. Әрi Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев төрағасы болып табылатын, Дүниежүзi қазақтары қауымдастығында, Төралқа төрағасының I орынбасары Талғат Мамашевпен кездесiп, көптеген мәселелерге қанық болдық. Ал Тәжiкстанда тұратын 2000-дай қазақтың басын қосатын орталықтар жоқ. Бұған дейiн «Тәжiкстан-Қазақстан» қауымы жұмыс iстеген едi.

Бiздiң қордың негiзгi мақсаты Қазақ­станға көшуге пейiлдi отбасылардың құ­жат­тарын рәсiмдеу. Осындағы Қазақстан елшiлiгi «Нұрлы көш» бағдарламасы жұмыс iстейтiн облыстардың әкiмшiлiктерiне хабарласып, қанша отбасы бара жатқанын, олардың қандай мамандығы барлығын алдын ала хабарлап қояды. Қазiр алты отбасы көшуге дайын отыр. Олардың әрқайсысында кемiнде алты баладан бар. Жиыны қырыққа жуық адам осы көктемде көшiп бармақ. Олар «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша Өскеменге қоныс аудармақ. Бұған дейiн бұл бағдарламамен Оралға, Көкшетауға барып орналасқандар бар. Әзiрге олар тарапынан ешқандай шағым болған жоқ, биыл Астанада өткен 4-шi Құрылтайда да кездесiп, сөйлестiм, бәрi риза. Бiрақ өз беттерiмен көшiп келiп жатқан отбасылар ойдағыдай орналасып кете алмай жатады екен. Олар екi айдың iшiнде құжаттарын рәсiмдеп, азаматтыққа тапсырып үлгеру керек. Егер үлгере алмаса, екi айдың iшiнде оларды келген елдерiне қайтарып жiбередi екен. Соның салдарынан азаматтық ала алмай жүрген азаматтар да көп екен.

– Жалпы, Тәжiкстандағы орташа жалақы қандай? Халықтың тұрмыс-тiршiлiгi жайында не айтасыз?

– Тәжiкстанда қазiр жағдай өте қиын. Жалақы төмен, зейнетақы өте төмен. Кезiнде Қазақстаннан жолдамамен келiп, осында орналасып қалған, қырық жыл жұмыс өтiлi бар бiр апайдың зейнетақысы 320 сомони, елу доллардың көлемiнде ғана. Ал қазақтарды жоғары қызметке жiбермейдi де. Менiң екi балам бар. Бiрi – Мәскеуде оқу бiтiрген, қазiр Ресейде қызмет етедi. Мен мектепке қызмет ететiн болсам, 480 сомони алам, ол 70 доллардың көлемiнде. Тiптi аз жалақыға да жұмыс iстер едi, қазiр жұмыс орындары да жоқ. Сондықтан да тәжiк халқының көбi сырттан нәпақа iздейдi. Халқының жалпы саны 8 миллион. Қазiр екi миллион тәжiк сыртта жүр. Қазақтар тарихи Отанына баруды көздейдi. Осындағы қазақтардың көбi бюджеттiк салада – дәрiгерлiк, мұғалiмдiк қызметтердi атқарады. Хатлон облысының Дарауыты деген жерiнде «Найман бес бала» деген қоғамымыз бар. Олар негiзiнен шұбырынды заманында келiп, қалып қойғандардың ұрпағы. Көбi көшiп кеттi, соғыс осы Хатлон облысынан басталды ғой. Сол кезде қазақтардың көбi көшiп кеткен. Олар ауыл шаруашылығымен айналысады. Бұлардың да бiразы Жамбыл облысының қызылшамен шұғылданатын ауылдарына көшiп кеттi.

– Тәжiкстанда қазақ мектептерi бар ма?

– Негiзiнде халықтың басым көпшiлiгi – тәжiк тiлiнде бiлiм алады. Орыс мектептерiнiң өзi аз қалды. Ауылды жерлерде бiрдi-екiлi ғана орыс мектептерi бар. Шет жақта тұратын қазақтар не өзбекше, не тәжiкше оқиды. Ал қазақ мектептерi мүлдем жоқ. Себебi бала саны толмайды. Егер Тәжiкстанда өмiр сүру керек болса, тәжiк тiлiн жақсы бiлу керек. Оны бiлмесе, жұмысқа орналаса алмайды. Қазiр жексенбiлiк мектептер ұйымдастырып, осындағы қазақтарға қазақ тiлiн үйретiп келемiн.

– Қазақ тiлiн үйренуге кiмдер ынталы?

– Бiздiң сабақтарымыз сенбi және жексенбi күндерi өтедi. Себебi көбiнiң уақыты бола бермейдi. Ал демалыс күндерi келе алмайтын балалар, менiң күнi бойы осында отыратынымды бiледi, сол себептi де таңертең-кешке келiп дәрiс алып кетедi. Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы «Қазақ тiлiн жедел үйретудiң» курстары жазылған дискiлердi жiберуде. Қазақ тiлi сабағына келушiлердiң көбi болашағын Қазақстанмен байланыстыратын балалар. Жыл сайын Қазақстанда шеттегi қазақ балалары үшiн тегiн бiлiм гранттарына квота бөлiнедi ғой. Осы квота бойынша, жылда 4-5 бала Қазақстанға сапар шегедi. Солар қазақ тiлiн бар ынтасымен үйренедi. Түркiстандағы Ахмет Иассауи университетiне, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiне оқуға кеттi.қазiр менде 17 бала қазақ тiлiн үйренiп жүр.

– Оқу ақысы тегiн бе?

– Иә, тегiн. Бiзге Қазақстан елшi­лiгi көмектесiп отыр. Осы отырған ғимара­тымыздың жалақысын елшiлiк төлеп отыр. Олар бiзге тiгiн машиналарын да сатып әпердi. Бiздiң әйелдердiң көбi үй жұмысындағы әйелдер. Олар осында келiп, бас қосып, құрақ құрап, дайындаған дүниелерiн базарға шығарып, сатуға да мүмкiндiк алады.

– Сiз Душанбеге өзiңiз қай жылы келдiңiз?

– 1979 жылы. Оқуды осында бiтiрдiм, сосын тәжiкке күйеуге тидiм. Екi жоғары бiлiмiм бар. Бiрi – заңгер. Екiншiсi – педагог-психолог. Жиырма жылдан астам балабақша меңгерушiсi қызметiн атқардым. Қазiр Тәжiкстан президентiнiң штаттан тыс, қоғамдық кеңесшiлерiнiң бiрiмiн.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

29.12.2011