ЖЕЛТОҚСАН ҚҰРБАНДАРЫНА ҚҰРАН БАҒЫШТАЛДЫ

ЖЕЛТОҚСАН ҚҰРБАНДАРЫНА ҚҰРАН БАҒЫШТАЛДЫ

ЖЕЛТОҚСАН ҚҰРБАНДАРЫНА ҚҰРАН БАҒЫШТАЛДЫ
ашық дереккөзі

Халқымыздың орасан зор тарихына үңілсек, қиындықтар мен қиянаттардан көз ашпағанын көреміз. Арғы жағын айтпағанда, кешегі Желтоқсан оқиғасында қазақтың қайсар ұл-қыздары қисапсыз қиянат көріп, ел үшін еңіреп еді… Алды Құрбан болып, соңы тентіреп, елім, жерім деген азаматтарымыздың арқасында Азаттықтың арайлы ақ таңы атқан еді…Аяулы қыздарымыздың, ардақты ұлдарымыздың ерен ерлігін үлгі ету мақсатында Алматы қаласындағы «Таугүл 3» мешітінің ұжымы еске алу іс-шарасын ұйымдастырды.

Алдымен Желтоқсан құрбандары мен қаһармандарына Құран бағыштап, дұға қылынды. 80-ге жуық жетім балаларға арналып, арнайы дастарқан жасалып, әрқайсысына 2000 теңгелік сыйлық табыс етілді.

Желтоқсан оқиғасының 25 жылдығы мен Азаттықтың 20 жылдығы туралы айтылған әңгімелер, уағыз, тілектер көпшілікті тебірентіп тастады. Әмина қажы басқаратын Жетімдер үйінен 40 бала, Қаскелеңдегі «Кәусар» балалар үйінен 40 ұл-қыз және Қазақстан Мұсылмандары діни басқарма өкілдері Оңғар Өмірбек, Смайыл Сейітбек, бірқатар журналистер қатысқан игі іс-шараның тәлімінен сабақ алар тұстары көп болды. Мұндай бастаманы республикамыз бойынша «Таугүл 3» мешіті бі¬рін¬ші боп көтеріп отыр.

«Таугүл 3» мешітінің Бас имамы Орынбасар Дәуренбеков бұл істің тағылымын былай жеткізді: «Біз Алаш ардақтыларына, Желтоқсан құр¬бандарына, қаһармандарына қарыздармыз. Тәуелсіздік тегін келген жоқ. Ащы тер, қан мен шер арқылы келді. Айта берсек, бізде арман көп. Желтоқсан ызғарын әр уақыт сезінуіміз керек. Желтоқсан құрбандарын еске алып, рухтарына рахмет тілеп, Құран оқу бізге борыш. Осы орайда «Таугүл 3» мешітінің ұжымы ас беріп, жетім балаларға сый жасап, Отан, ел, жер, дін мен діл, тіл туралы уағыз айтуды жөн көрдік. Ойымыз бүгін іске асып, мойнымыздағы Желтоқсан құрбандары алдындағы қарызымыз сәл де болса азайғандай күй кешіп тұрмыз.

Кез-келген жерде азаттыққа арналған кештер, желтоқсандықтарды еске алу өтуде. Алайда Құран оқылып жатқан жоқ.

80-дей жетім балаға Желтоқсан оқиғасы жайында ой тастай алсақ, Отан, ел, азаттық туралы сөз айтсақ деп ниет еткенбіз. Жас өркендер желтоқсандықтардың жанкешті ерлігін біліп, азаттықтан айырылып қалмауды ойлай жүрсін дедік. Бүгінгі тамаша өмірдің арғы жағында ата-бабаларымыздың дұға-тілек, маңдай тер, қайтпас күрестері, Аллаһ Тағалаға деген ішкі дүниелерінің саф алтындай тазалығы жатыр. Балаларға осыны жеткізуге тырыстық. «Жетпесе біріңдікін бірің жеткіз» деп Абай атамыз айтқандай, жетім көңілдерге демеу болсын деп, сыйлық бердік. Сан ғасыр аңсаған, Аллаһтың теңдессіз сыйы Азаттықтың ақ күндері баянды болсын! Рухани күшейіп, кемелдене берейік!

Шаһидтерге Құран оқу адамгершілігімізге сын. Әрдайым дұғамыздан қалдыр¬майық!»

22.12.2011

Күлпара ЖҰМАҒАЛИ,

исламтанушы