АЗАП ШЕКСЕК ТЕ, ӘДІЛДІКТЕН ҮМІТІМІЗДІ ҮЗБЕДІК

1986 жыл. Желтоқсан. Сол бiр сұрапыл күндерде ол жендеттер ұрып-соққан қазақ қызына араша түсiп, қауiпсiздiк қызметкерлерiнiң назарына iлiктi. Өзi де алаңда ауыр соққы жеп, ауруханаға жеткiзiлдi. Бұдан кейiн қамау, тергеу. Артынша сот үкiмiмен 4 жылға сотталып кете барды. Желтоқсаншы Сәбит Исабеков өзiнiң бастан кешкен оқиғалары туралы былай деп еске алады:

– Әскери борышымды өтеп келгеннен кейін мен оқуға түсу үшін Алматыға бардым. Алайда кешігіп қалғандықтан бұл арманым орындалмай, құрылыс саласында еңбек еттім, – дейді Сәбит. – Сол кездегі көптеген қазақтың қыз-жігіттері сияқты жатақханада тұрдым. Орыс мектебін бітіріп, ресми тілде жақсы сөйлей алатыным үшін мені жатақханада коменданттың көмекшісі әрі комсомол ұйымының хатшысы етіп сайлады.

16 желтоқсан күні құрылыста жүргенімізде жұмысшылар арасында «Қонаевты орнына алып, орнына Колбин деген орысты әкеліпті» деген әңгіме тарады. Жатақханаға келгенімде бұл жаңалық жастар арасында қызу талқыланып жатты. 17 желтоқсан күні кешкісін «Орталық комитеттің шешіміне қазақ жастары наразылық білдіріп, алаңға шығыпты, солдаттар қыздарды шашынан сүйрепті, жігіттерді соққыға жығыпты» деген хабар келді. Осыдан кейін жігіттер өзара ақылдаса келе «қол қусырып отыра беруге болмайды. Алаңға біз де барайық, солдаттардың соққысын жеген қыз-жігіттер өзіміздің қарындастарымыз, бауырларымыз емес пе?» деп шештік. Ертеңіне таңертеңгі сағат алтыда бәріміз алаңға қарай бет алдық. Бізге Жандосов көшесінің бойындағы жатақханалардан шыққан көптеген қазақ жастары қосылды. Олардың қолдарында плакаттар, Лениннің, Маркстың, Абайдың портреттері болды. …Бейбітшілік көшесімен келе жатқанымызда бір топ солдаттардың қазақтың қызын шашынан сүйрелеп, тепкінің астына алып жатқанына куә болдық. Солдаттардың қолында сойыл. Мен оларға қарсы таяқ алып ұмтылдым. Өзім таяқ жедім, бірақ әлгі қызды жендеттердің қолынан арашалап алдым. Әскерилер бізге қарсы қайтадан тап бергенде біз Фурманов көшесіне қарай қашып, алаңға қарай беттедік.

…Күндізгі сағат 11-лердің шамасы болатын. Бізбен тіресіп тұрған әскерилер «Жоғарыдағыларға талап-тілектеріңді айту үшін араларыңнан делегация жіберіңдер» – деді. «Сәбит, орысша білесің ғой, сен барсаң қайтеді» – деді сол жердегі таныс жігіттер. Ақыр аяғында он шақты қыз-жігіттен құрылған делегацияның құрамына мен де кірдім. Әскерилер бізді алаңдағы мінбердің астындағы бункерге қарай алып барды. Сол жерге жақындап қалғанымызда рациямен сөйлесіп тұрған әскерилердің бірі: «Міне, қазір ғана рациядан хабарлады, қазақтың жігіттері балабақшаларға басып кіріп, бүлдіршіндерді ұрып-соғыпты» – деді.

– Есі дұрыс адам ондай ақымақтыққа ешқашан бармайды, – дедік біз.

Бункердің алдында бізді генерал шеніндегі азаматтар күтіп алды. Сол жерде республиканың басшылары да тұр екен. Басшылар «мына жастармен сөйлесейік, талап-тілектерін тыңдайық», – деп еді, генералдардың бірі «Кімдермен сөйлеспексіңдер, мына бұзақылармен бе?» деді. Ақыр аяғында бізді бері өткізіп, талап-тілегімізді тыңдады. Топтың құрамындағы қыз-жігіттер ашына сөйледі. Бірі :«Қазақстанның басшысы қазақ ұлтынан болсын, басқа ұлттан болса да жергілікті кадрлардан тағайындалсын», – деді. Бірі: «Алматыда бір қазақ мектебі мен бір қазақ балабақшасы ғана бар. Соларды көбейтуге болмай ма?» – деді. Маған кезек келгенде мен: «жастарды тепкілеп, соққының астына алуды доғарыңыздар, мына қантөгісті тоқтатыңыздар», – дедім.

Басшылар: «барлық мәселені шешеміз. Соны халыққы барып түсіндіріңіздер», – деді. Осыдан кейін біз іштегі айтылған әңгімелерді халыққа жеткізу үшін алаңдағы мінберге қарай бет алдық. Алайда солдаттар бізді онда жібермей қойды. Артынша «Океан» дүкені жағынан солдаттар шабуыл бастады. Дүние әп-сәтте астан-кестең болды. Арт жағымнан келіп қалған дүбірге жалт бұрылып қарағанымша, бетімнен қатты соққы тиді. Шамасы солдаттар мені саперлік күрекпен ұрса керек… Есімді жиғанымда екі курсант сүйреп бара жатыр екен. Онсыз да қансырап жатқан мені бір әскери қызметкер екі рет ұрды, үшінші рет ұрғанында тағы да есімді жоғалттым. Бұдан кейін қылмыскерлерді алып жүретін «автозакпен» әкеле жатқанын білемін.

Мені ішкі істер бөліміндегі кішкентай камераға қамады. Осында қырық шақты азамат отырдық. Бәрі алаңнан жеткізілген, бәрінің бастары жарылған. Бір сағаттан кейін біртіндеп тергеуге алып барды. Сол жерде басымнан алған соққыдан әлсірей бастадым. Жауап алу барысында жағдайымның нашарлап бара жатқанын бір дәрігер байқап қалып, «мынаны дереу ауруханаға жіберіңдер, болмаса ертең жауапқа тартыласыңдар», – деді. Милиция осыдан кейін ғана мені ауруханаға алып барды.

Ауруханада өзім сияқты басы жарыл¬ған¬дар өте көп еді. Сыймағандар тіпті дәлізде де жатты. «КГБ»-ның тергеушілері ауруханада да жауап алды. Үстіне былғары қара күртеше киген бір орыс «чекисті» маған Бейбітшілік көшесінде қазақ қызына араша түсіп, солдатқа қарай таяқ ұстап ұмтылған суретімді көрсетті. Дәл осы бір сәтті қалайша суретке түсіріп алғанына таңғалдым.– Қолыңдағы таяғың не, кімді ұрмақ болдың? – деді.

Мен:

– Ешкімді ұрғаным жоқ, қайта жазықсыз азаматшаны қорғадым, – деп жауап бердім.

Тергеуші менің қай әскери бөлімде борышымды өтегенімді, қай жатақханада тұратынымды түгел айтып беріп, «өзің жатақхана комендантының көмекшісі екенсің, жастарды алаңға үгіттеп ертіп барған сенсің. Қасыңда тағы кімдер болды?» деп айқайға басты. Осы кезде дәрігер келіп, тергеушіден тез арада кетуін талап етті.

Арада бірнеше күн өткен соң, жағдайым жақсара бастады. Мен дәрігерге: «Жұмысқа баруым керек. Мүмкін болса ертерек шығарсаңыз екен», – дедім. Ол кезде тер¬геу¬шілердің сыртымнан аңдып жүргенін, алдымда абақтының қорлық-зорлығы күтіп тұрғанын қайдан білейін. Ондай ой басыма да келмепті. Дәрігерден анықтама қағазымды алып, екінші қабаттан төмен түскенім сол, мені күтіп тұрған жендеттер қолыма кісен салып әкете барды.

– Тергеу амалдары қанша уақытқа созылды?

– Көп уақытқа созыла қойған жоқ. Тергеу абақтысында жатқан кезде «біз ешкімді ұрғанымыз жоқ, қылмыс істегеніміз жоқ, сондықтан ақталып шығамыз» деген сенімде жүргенбіз. Қанша азап шексек те, әділдіктен үмітімізді үзбедік. Бірақ ол үмітіміз ақталмады. Сотта маған бір қазақ азаматшасы қорғаушы болды. Ол ә дегеннен «үндеме, сөйлесең әке-шешеңді жер аударады, ағаларыңды жұмыстан қуады» деді. Оның осы сөзіне сенген мен сотта жақ ашқаным жоқ. Судья маған төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған кезде, аң-таң болдым да қалдым. Сондағы таққан кінәлары Бейбітшілік көшесімен алаңға келе жатып, таяқ жеген қазақ қызына араша түскенім, жендеттен қорғану үшін қолыма таяқ алып, оны ары-бері сілтегенім екен. Бар дәлел – сол бір сәттен түсіріліп алынған сурет қана. Қызыл жағалылардың өздері тауып берген адвокаттың «үндеме» деп мені әдейі арандатқанын сол кезде түсіндім.

Осылайша сотталып кете бардық. Алдымен Маңғыстаудағы түрмеде отырдым. Сол жерде жиырма шақты желтоқсаншы болды. Анда-санда бас қосып, өзара әңгімелесіп тұратынбыз. Түрме басшылары «мыналар тағы да бірдеңені ұйымдастырып жүрер» деп қауіптенсе керек, ұзамай әрқайсымызды әр тарапқа бөліп жіберді. Мен Ақтөбе түрмесіне түстім. Ол жерде жағдай өте ауыр болды. «Ұлтшыл» болғаным үшін түрме ішіндегі түрмеге көбірек жатып шығуыма тура келді. Құрт аурына шалдығып, кейіннен қайтадан Маңғыстау облысына қарасты Жетібай деген жердегі түрмеге ауыстырылдым. Сол темір тордың арғы жағында жүріп тапқан ауруларымның зардабынан кейіннен бір бүйрегімді, өкпемнің жартысын алдырдым.

Қапастағы үшінші жылы мерзімім бітпей жатып табан астында бостандыққа шығарылдым.

Прокурордың өзі әуежайға апарып, Ташкентке ұшақпен салып жіберді. Ештеңе түсіндірмеді, не қолыма құжат берген жоқ. «Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды түрмеден шығару туралы жоғарыдан нұсқау келді» дегеннен басқа ештеңе айтпады.

–Сонда өзіңіздің ақталғаныңызды қашан білдіңіз?

– Ақтау туралы қаулыны 1991 жылы соттан барып алдым. Оған дейін оны не өзіме берген жоқ, не пошта арқылы жолданған жоқ. Туған жерім Шаянға келген соң милиция тыныштық бермеді. Ол кезде тәртіп солай еді ғой. Ауылда мал ұрланса да, төбелес болса да мені келіп тергейді. Сондай күндердің бірінде жерлес жазушы Еркінбек Тұрысовқа Алматыдан Мұхтар Шаханов телефон соғып: «Ауылдарыңызда Сәбит Исабеков деген жігіт бар ма? Соны тауып маған жіберіңіз», – депті. Кейіннен білгенім, мен сол уақытқа дейін ішкі істер органдарының тізімінде із-түссіз жоғалған азамат ретінде тіркеуде тұрыппын. Хабарды естіген соң Алматыға кеттім.

– Өзіңіз белсене қатысқан «Желтоқсан» қоғамдық ұйымы алғашқы кезде біршама жұмыстар атқарды. Бірақ біздің білуімізше, ол қазір бірнеше ұйымға бөлініп кетті. Ұйым жетекшілерінің бір мүдде аясында бірігіп жұмыс істей алмауының себебі неде деп ойлайсыз?

– «Желтоқсан» ұйымының төрағасы етіп біз алдымен Хасен Қожа-Ахметті сайлағанбыз. Аштық жариялап, бірінші кезекте жазықсыз сотталған қыз-жігіттерді ақтап алуға күш салдық. Бұл міндетті толығымен атқарып шықтық. Конституциялық сот болды. Сотқа шақырылғандардың арасында Колбин, Тұяқбаев келмеді, ал Камалиденов болды. Бірақ сол Конституциялық сот ақырына дейін жетпей қалды. Бұдан кейін желтоқсаншылардың әлеуметтік мәселесі шықты. Оны шешу үшін биліктің жәрдемі қажет болды. Сол жылдары Елбасының бізге пәтер беру туралы нұсқауы шыққанымен, бюрократиялық кедергілерден ол алғашқыда орындалмай жүрді. Дегенмен Алматыда тұратын желтоқсаншылардың барлығына дерлік пәтер берілді. Мен пәтерге қол жеткізе алмадым. Өйткені туберкулез ауруынан толық жазыла алмай, Шымкентке қайтып кеткен болатынмын. Желтоқсанда жазықсыз сотталғандардың көпшілігі Шымкенттің қыз-жігіттері еді, бірақ бізде пәтер беру мәселесі осы уақытқа дейін шешілмеді. Біраз мекемелерге осы мәселені айтып көріп едім, болмады. Кезінде Болат Жылқышиев әкім болып тұрған кезде шешіп береміз деген еді. Бірақ ол қызметтен кетіп қалды.

Осыдан кейін ырду-дырду басталды. «Желтоқсан» ұйымының басы-қасында жүрген азаматтардың мүдделері бір арнада тоғыспады. Бұған сол кездегі арнаулы органдардың да ықпалы тиген сияқты. Оның шет жағасын өзім де сездім.

22.12.2011

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ

Шымкент қаласы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button