ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕМІСІ

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕМІСІ

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕМІСІ
ашық дереккөзі
523

Тәуелсіздіктің жасампаз жиырма жылы өткен тарихымызға тағзым, бүгінгі тіршілігімізге шүкіршілік, болашағымызға пайымды бағдар, ертеңімізге нық сенім ұялатуымен ел есінде өз еншісін алмақ. Әрине, жиырма жыл – мыңжылдықтар тоғысымен саналатын уақыт еншісінде ат жалын тартып мінген бозбаланың албырт та арынды жігіттік шаққа өтуімен сәйкес келетін уақыт. Дегенмен азаттық мұратына мәңгілік бас иіп өткен бабалардың өсиетіне адал Алаш ардақтыларының ғасырлар бойы аңсаған, біздің зама¬нымыздың бақытты ұрпағына бұйырған бұл тәуелсіздік бізге не берді, қолымыз қандай құндылыққа жетті деген сауалға жауап іздеп, егемендіктің жемісі мен жеңісін ой елегінен өткізіп, таразы басына салғанда көңілімізді мақтаныш пен шаттық кернері сөзсіз. Себебі жер шарындағы Қазақстан деген мемлекеттің іргесін берік, басқалармен терезесін тең етіп, иық теңестіруге жеткізген, осылайша оны көп елден көшелі елге айналдырған бұл тәуелсіздік – ынтымақтастық пен татулықтың, Елбасы жүргізген парасатты саясат пен өркениетті дамудың нәтижесі.

Тәуелсіздігіміз жаһандағы жалпақ жұртқа паш етіліп, саяси-экономикалық реформалар қарқынды жүргізілген жылдары ел өмірінде түбегейлі бетбұрыстар жасалды. Халық экономикасы нарықтық жолға түсіп, әлеуметтік салада жаңа белестер бағындырылды. Әсіресе білім саласындағы реформалар жүйесі ерекше болды. Әрине, бұл бізге оңай тимегені рас. Қазақстанда білім саласын кешенді реформалау, жоғары кәсіби білім берудің үш сатылы деңгейіне көшу, әлемдік білім мен ғылым кеңістігіне кірігу іс-шараларын халықтың экономикалық-әлеуметтік жағдайын ескере отырып, бірте-бірте жүзеге асыру Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың байыпты пайымдауының, салиқалы саясатының арқасында ғана мүмкін болды. 1990 жылдары дамудың өзіндік сара жолын таңдаған Қазақстан үкіметінің жоғары білікті кадрлар мамандар даярлау қажеттігін жете түсініп, алғаш рет халықаралық «Болашақ» стипендиясы бағдарламасын қабылдауы сол кездегі жас мемлекеттің игілігі үшін еңбек ететін кадрлардың өсіп-өнуіне негіз болды. Сонымен қатар, осы кезеңде елдегі жоғары оқу орындарын оңтайландыру, оларды біріктіру жұмысы да бас¬талып кетті. Осы реформалар толқыны аграрлық сектор үшін жоғары білікті мамандар дайындап келе жатқан біздің университетімізге де өзінің оң әсерін тигізді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдегі жоғары оқу орындарына дем беріп, оларды дамыту мақсатында мемлекеттің ұстаған қарымды бағдары нәтижесінде, іргесі сонау 30-жылдары қаланған Алматы зооветеринария институты мен Қазақ ауылшаруашылық институты 1996 жылы біріктіріліп, Қазақ Мемлекеттік аграрлық университеті болып өзгеріп, дамудың жаңа жолына түсті. Университет нарықтық экономика жағдайында білімді де білікті, әлеуеті жоғары мамандар даярлаудың тиімді шарттарын жүзеге асыра бастады. Ұжымның осы мақсатты жүзеге асырудағы табанды да қажырлы еңбегі ескерілмей қалған жоқ. 2001 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен университетімізге ұлттық мәртебесінің берілуі ұжым алдына жаңа міндеттер жүктеп, тәуелсіздік жолындағы етер еңбегіміз мен жұмыла орындар жұмысымыздың жауапкершілігін одан әрі салмақты етті. Міне, осылайша ұлттық жоғары оқу орны атағына, сол арқылы Елбасы сеніміне ие болған университетіміз талай табыстарға қол жеткізіп, еліміздің аграрлық саладағы бірден-бір көшбасшы оқу орнына айналды. Қазіргі таңда Қазақ ұлттық аграрлық университеті – толыққанды даму үдерісін жүргізіп келе жатқан, білім мен ғылымды, теория мен тәжірибені үйлесімді ұштастыра білген жоғары оқу орны. Оған куә – кредиттік оқыту технологиясы бойынша үш сатылы маман даярлау жүйесі, оның құрамдас бөлігі саналатын – іргелі ғылыми ізденістер мен нәтижелі халықаралық ынтымақтастық пен академиялық ұтқырлық шаралары. Университет ғалымдары іргелі ғылыми жобаларды республикадағы белгілі ғылыми-зерттеу орталықтарымен бірлесе жүргізуді жолға қойған. Бұл теориялық-ғылыми жетістіктерді отандық өндіріске пайдалану тәжірибесін іске асырып, сол арқылы ғылыми ізденістердің нәтижелілігін анықтауға мол мүмкіндік береді. Қазақстан Рес¬публикасы Ауылшаруашылық министрлігінің, «ҚазАгроИнновация» Акционерлік қоғамының 23 ғылыми-зерттеу институты және Қазақстан Респуб¬ликасы Білім және ғылым министрлігінің 6 ғылыми-зерттеу институты – біздің университеттің ғылым жолындағы ықпалды әріптестері болып табылады. Олардың ғылым жолындағы тегеурінді зерттеулерінің 80-нен астам озық нәтижесі Қазақстанның барлық аймақтарындағы өндіріс орындарында іске қосылып, ауыл шаруашылығының жаңа тұрпатта дамуына ерекше серпін бергені көңіл қуантады. Тәуелсіздік жылдары университеттің ғылыми-инновациялық капиталының 500 өнертапқыш патенттік бағдарламасы және 47 инновациялық бағдарламасы отандық аграрлық индустрияға енгізілді. Осындай терең ізденісінің нәтижесінде университетіміз бүгінде әлем елдерінің 300 үздік аграрлық университеттерін біріктіретін, аграрлық жоғары білім мен ғылымның жаһандық консорциумының мүшесі болып, халықаралық ынтымақтастықты одан ары жетілдіру жолында жұмыстар атқаруда. Сонымен қатар «Эрасмус Мундус: Еуропалық ынтымақтастық терезесі» халықаралық грантына ие болып, университеттің 500-ге тарта студенттері мен ғалымдары Еуропа мен АҚШ университеттерінде (Португалия, Польша, Германия, Испания, Бельгия, Италия, Финляндия, Түркия және т.б.) төрт модульды білім беру жүйесі бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырып отыр. Университет «Темпус» жобасы негізінде халықаралық тәжірибе алмасуларды да табысты орындауда. Халықаралық білім мен ғылым кеңістігіне серпінді кірігу үдерісін ұтымды жүргізіп отырған оқу орны Батыс және Шығыс Еуропа, Солтүстік Америка, Азия мен Тынық мұхит аймағындағы алдыңғы қатарлы университеттермен, ғылыми-зерттеу институттарымен және ғылыми орталықтармен ұзақ мерзімді байланыс орнатып, академиялық ұтқырлықтың дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Тәрбие саласындағы тегеурінді міндеттерді іске асыру университеттегі тәрбие жұмысының ғылыми-әдістемелік негізін жасау; университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерін кеңінен тарту арқылы факультеттер мен кафедралардағы тәрбие жұмысын бірізді ету; жоғары оқу орны әкімшілігі мен студенттер арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасты нығайту; болашақ маманның кәсіптік мүмкіндігін іске асыру; университеттегі қоғамдық бірлестіктер қызметін өркендету; жас таланттарға үнемі қолдау көрсету; студенттер өмірі мен жастар мәдениетінің бір саласы ретінде бос уақытты дұрыс ұйымдастыру үшін әралуан үйірмелерді, клубтық қызметтерді дамыту сияқты әдіс-тәсілдерді жүзеге асыруды талап етеді. Университетте тұрақты түрде жұмыс істейтін үйірмелер мен клубтар, бірлестіктер мен секциялар жұмысына 2000-ға жуық студенттің тартылуы білім ордасында жүргізілетін бағдарламалардың шығармашылық белсенділігін айқын аңғартады. Университеттегі тәрбие жұмысының басты бағыттары 2004 жылы ашылған О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру мен тәрбие институтына біріктірілген орталықтар арқылы жүргізіледі. Институт құрамына енетін рухани және эстетикалық тәрбие беру орталығы, интеллектуалдық даму орталығы, патриоттық тәрбие орталығы, салауатты өмір салтын дамыту орталығы, ұлтаралық келісім мен татулық орталығы, тілдік дайындық орталығының студенттерді тәрбиелеудегі орны ерекше. «Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» жұмысына жетекшілік ететін денешынықтыру және спорт кафедрасы университет көлемінде жүргізілетін спорттық-бұқаралық шаралар мен жарыстардың ұйымдастырылуына жауапты болып табылады. Университеттің ірі спорт кешені мен 2 стадионы аталған іс-шараларды өз дәрежесінде өткізуге ықпал етеді. Аграрлық университеттегі тәрбие жұмысының тағы бір бірегей көрсеткіші – республика бойынша тұңғыш рет ашылған «Достық» студенттік ассамблеясының тәжірибесі. Қазақстанды мекендеген әртүрлі ұлт өкілдерінің барлығына ортақ мақсат — еліміздің экономикалық, мәдени, рухани тұрғыдан дамып-жетілуі, өсіп-өркендеуі болса, Ассамблея осы асыл мұратты өз жұмысымен жалғастырып келеді. Өз заманында «Көмекей әулие» атанған Бұқар жыраудың: «Жат бойынан түңілсін, Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз» деген аталық өсиетінің жүзеге асып, бүкіл әлемге Қазақстанның достығы мен ынтымақтастығы, бірлігі мен берекесі жарасқан ел болып танылуына тамшыдай болса да өз үлесін қосып келе жатқан «Достық» ассамблеясы студенттік жастар бойында қазақстандық патриотизм, толеранттылық, төзімділік, ұлтаралық келісім мен татулық құндылықтарын меңгеруге бағыттайтын тәрбиелік шаралар жүргізіп келеді. Университеттің студенттік өзін-өзі басқару органы қазір кең өкілеттіліктерге ие. Олардың өз әкімшілігі, конституциясы, логотипі, жеке куәлігі, басқа да тұғырнамалары бар. Студенттік өзін-өзі басқару қоғамдық студенттік бастаманы қолдау, жеке тұлғаның өзін-өзі жүзеге асыруын қамтамасыз ету, әлеуметтік белсенді тұлға қалыптастыру сияқты заманауи қажеттіліктерді жүзеге асырудың бір әдісі болып табылады. Жастардың позитивтік ынталарын қолдау олардың бойында көшбасшылық қасиеттерді тәрбиелеуге көмектеседі, әлеуметтендіру үдерісіне оң ықпал етеді. Студенттердің өзін-өзі басқару ортасында, ұжымда жұмыс істей білетін және іс жүзінде басқару дағдыларына ие болған, әлеуметтік жағынан шыңдалған мұндай жастар – егемен еліміз экономикасының өркендеуіне өз үлесін қосатын, ертеңіне нық сеніммен қарай алатын, басқарушылық қабілеті дамыған білікті маман болатыны анық. Қазақ ұлттық аграрлық университеті Тәуелсіздіктің мерейлі 20 жылдығына арналған ауқымды бірнеше іс-шаралар шоғырын жоспарлаған болатын. Осындай айтулы оқиғаның бірі – 2011 жылдың 24-25 қарашасында университет қабырғасында «Халықаралық ғылым және білім қауымдастығына серпінді интеграциялану» атты халықаралық семинардың ұйымдастырылуы. Семинар жұмысын тек университетте ғана емес, Қазақстанның жалпы жоғары білім беру саласында тәуелсіздік іргесін нықтай түсуге жасалған тағы бір қадам деп атап өтуге болады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, шетелдік және республикалық іргелі ғылыми-зерттеу институттарының, жоғары оқу орындарының басшылары, ірі ұлттық және мемлекеттік компаниялардың жетекшілері қатысқан бұл семинар аясында халықаралық білім және ғылым кеңістігіне кірігу тетіктерін табу; академиялық ұтқырлықты дамытудың өзекті мәселелері мен болашағын анықтау; біріккен білім бағдарламаларын қалыптастыру; біріккен маңызды ғылыми жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері және жоғары импакт-факторлы журналдарға мақалалар дайындау деңгейі және т.б. қазіргі таңдағы білім мен ғылым саласын жаһандық тұрғыда дамытудың маңызды мәселелері талқыланды. Әлемнің 41 елінен (Америка, Жапония, Малайзия, Нидерланды, Венгрия, Литва, Словакия, Чехия, Польша, Болгария, Үндістан, Ресей, Қырғызстан және т.б.) келген қатысушылар 2 күнге созылған семинар жұмысы нәтижесінде резолюция қабылдап, жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарға арналған нақты ұсынымдар қабылдады. Семинардың алғашқы күні университетте «Center of Excellence» академиялық ұтқырлықтың модельді орталығы және «Time to study» лингвистикалық орталығының ашылуы тәуелсіз мемлекетіміздің келешек дамуына серпінді үлес қосатын жас ғалымдар мен мамандар даярлауды негізгі мақсат еткен біздің ұжым үшін үлкен абырой болды. Өйткені еліміз егемендігін алғаннан бері отандық экономиканың тұтқасын ұстар білікті де білімді мамандар келешегіне үкілі үмітпен қарап, бар қамқорлықты жасап келе жатқан мемлекет саясатының да бағыты осы – ел көшінен қалмай, әлемдік экономикалық даму үрдісіндегі өзгерістерге сәйкес Қазақстанда бой көтеріп келе жатқан жаңа тұрпатты кәсіпорындарда жұмыс істеуге қабілетті мамандар мен ғалымдарды дайындау. Осы ретте Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Президенттік стипендияның тұңғыш иегерлері болған магистранттармен Ақордада кездесуі кезінде айтқан мына бір толғанысы еріксіз ойға аралады: «Тәуелсіздікті нығайту барысындағы басты міндет білім мен ғылымға тікелей қатысы бар. Сондықтан білімге құштар жастар үшін мемлекеттің қамқорлығы ерен. Әйтсе де, бүгінгі ғалам шапшаң өзгерістерге ұласуда. Сіздер білім алып, елге қызмет істейтін заман тура сол – білім мен ғылым бәсекесінің заманы». Әлемдегі жоғары білім мен ғылым саласында жүйелі жүргізіліп келе жатқан интеграциялық үдерістер әртүрлі елдердің университеттері мен ғылым орталықтары арасында толыққанды ынтымақтастықтың дамуын талап ететіні байқалып отыр. Студенттердің халықаралық ұтқырлығын дамыту, оқытуды сапалық және сипаттық өзгерту, нәтижеге бағдарланған білім сапасын қалыптастыру, ақпараттық және коммуникативті технологияларды тарату Қазақстандағы жоғары білімді дамытудың басты үрдістері болып табылады. Алдыңғы қатарлы әлемдік тәжірибені есепке ала отырып, халықаралық ғылыми және білімдік қауымдастыққа серпінді кірігудің маңызды тетіктерін қарастыру – осы халықаралық семинар жұмысының негізгі өзегі болуы да сондықтан. Университет қабырғасында тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналып өткізілген шараның бірі –Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшелері мен сарапшылары, халықаралық ұйымдардың, шет¬ел елшілік өкілдері, үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарының басқа да қоғам қайраткерлерінің профессор-оқытушылар құрамы және студенттерімен халықаралық Адам құқықтары күні мен тәуелсіздік тойына арналған кездесуі. Құқығымызды қорғайтын, қарқынды дамуымызға кепіл болатын, «Қазақстанның бірінші байлығы — халық» деп атап көрсеткен Ата Заңымыз күшіне енгеннен бері еліміз тарихында адам құқығына қатысты демократиялық ұстанымдарға негізделген маңызы зор құжаттар қабылданғаны бәрімізге белгілі. Одан бері 2010 жылы Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына және үстіміздегі жылы Ислам Ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, салиқалы билік айтуы Қазақстанның адам құқығы проблемаларына деген зайырлы көзқарасын білдірсе керек.Кездесуде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Тұрсынов Сағынбек Тоқабайұлы, комиссия хатшысы Әбішев Тастемір Дәуітұлы, Ұлыбританияның Алматыдағы Бас Консулы Стивен Хиклинг, Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы басшысының міндетін атқарушы Жаннет Клетцер сөз сөйледі. Бұл алқалы басқосуда Қазақстан Республикасы үшін адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының ең жоғары құндылық ретінде бағалану деңгейі, тәуелсіздік жылдары Қазақстанның құқықтық, демократиялық және зайырлы мемлекет орнатудағы жетістіктері, адам және азамат құқықтарының ахуалы сөз болды. Ел Президенті жанындағы салиқалы комиссия мүшелерінің қазіргі таңдағы адам құқығын қорғаудың өзекті проблемаларын біздің ұжым мүшелерімен кездесе отырып айқындауға деген ұмтылысы университетіміздің Қазақстандағы іргелі оқу орны ретінде беделінің тағы бір айғағы болса керек. Тәуелсіздіктің тойын 13 желтоқсанда өткен университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерге арналған салтанатты жиналыс қорытындылады. Әрине, Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойы осымен аяқталмақ емес. Бұл – тойдың басы, мерейлі істердің жалғасы бола бермек. Атақты Төле би: «Уа, көсіле шабар елің бар, ту көтерген ерің бар, Қол боларлық елің бар, атадан қалған сара жолың бар!» деген екен. Кезінде Алаш ардақтысы Ә.Бөкейханов: «Бостандыққа апарар жалғыз жолың – ұлттық ынтымақ қана» депті. Олай болса, тәуелсіздігімізді тұғырлы етуде жолымыз тыныш, ынтымағымыз мәңгілік, достығымыз берік болса деген ақ тілек бар. Тәуелсіздіктің тәуекелге толы тар өткелінің атадан қалған сара жолға айналуына біздің университет ұжымының да қосар үлесі мол болады дегіміз келеді.
22.12.2011
Ләззат ТАСТЕМIРОВА, Қазақ ұлттық аграрлық университетiнiң оқу-тәрбие және әлеуметтiк жұмысы жөнiндегi проректоры

Серіктес жаңалықтары