Жамбыл облысының Меркі аудандық соты ауданның екі тұрғынының қолхат бойынша қарызды өндіріп алу туралы дауы бойынша азаматтық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
2022 жылғы ақпанда екі азамат арасында ауызша түрде қарыз шарты жасалды. 28,6 млн теңгеден астам ақша қаражатын беру фактісі жауапкердің өз қолымен жазған қолхатымен расталды.
Қолхат шарттарына сәйкес жауапкер қарызды 2023 жылдың ақпанына дейін қайтаруға міндеттенді. Алайда міндеттемелер орындалмады, талап қоюшыға ақша қайтарылмады. Талап қоюшы жіберген бірнеше рет сотқа дейінгі талаптар қанағаттандырусыз қалдырылды.
Сот талқылауы барысында тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келді.
Келісім шарттарына сәйкес талап қоюшы талап қою талаптарынан бас тартты, ал жауапкер борыш сомасын кезең-кезеңімен толық көлемде, 2030 жылғы сәуірге дейінгі мерзімде 200 мың теңгеден ай сайынғы төлемдермен төлеуге міндеттенді.
Сот келісімнің шарттары заң талаптарына қайшы келмейтінін және үшінші тұлғалардың құқықтарын бұзбайтынын анықтады, осыған байланысты медиативтік келісім бекітілді.
Іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды, ал талап қоюшыға мемлекеттік баж қайтарылды.
Ұйғарым заңды күшіне енді.