ҚАДАМЫМДЫ ҚАРЫШТАТҚАН ҚАЗАҚ РАДИОСЫ

ҚАДАМЫМДЫ ҚАРЫШТАТҚАН ҚАЗАҚ РАДИОСЫ

ҚАДАМЫМДЫ ҚАРЫШТАТҚАН ҚАЗАҚ РАДИОСЫ
ашық дереккөзі
195

Қазақ радиосы сынды ұлттың айнасы мен рухы болған мәртебелi мекемеде жұмыс iстеу – көп адамның арманы, ал осы орындалған арманды адал атқару– журналистiк қана емес, азаматтық та борышымыз. Осы ұжымның журналисi ретiнде мереке қарсаңында қолға қалам алмай тұра алмадым, жазарым көп болса да, есiмде қалған ерекше сәттерден үзiндiлердi оқырман назарына ұсынғым келдi.

Шекара сызығының аржағындағы Тәңіртау баурайында мектеп табалдырығын аттай қоймаған кезім, асау арманмен жарысып, тал шыбықты ат қып мініп жүрген қам-қайғысыз шағымда-ақ Тәңірден тағдырыма нәсіп болар кәсіпті балғын жүрегім сезген сынды. Олай дейтінім, үй артындағы қоршауға арқамды сүйеп, ағаш таяқты микрофон етіп ұстап, аузыммен күй тартып, іле-шала ауа райынан мәлімет беріп ойнағанды жақсы көруші ем. Өзгелерге бұл қылығым күлкілі болса да, маған ең қызықты ойын осы болатын. Бұл болашағымды тұспалдаған ойым болып шықты. 2009 жылдың жазында елге барған сапарымда сағына қарсы алған аға-жеңгелерімнің алдымен тілге тиек еткені де осы жағдай болды. Қызық…

90-жылдардың басында Қапсалаң орта мектебінің ғылыми істер жөніндегі меңгерушісі Әбдіраманхан атты беделді ағамыздың үйіне жиналып, «Шалқар» радиосын тыңдап, бала жүрегіміз әлденеге алабұртып, көңіліміз кәдімгідей көтеріліп қалатын, кейіннен сүйікті радиодан айырылып қалдық. Бірақ сол бір сәулелі қысқа сәттен жүрекке түскен нұрлы сәуле өшкен емес. Ақыры Алматының Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық журналистика мамандығы бойынша студенті атандым, бір кезде жанған сәуле күн сайын Қазақ радиосын тыңдай жүріп лаулай түсті. Тұрақты тыңдаушысы болып, хабарларға қатысып, мақала да жаздым, сәті түсіп 2008 жылы радиодан іс-тәжірибеден өтуді бастап та кеттім. 6 айдан соң сол кездегі директор Жүрсін Ерманның қол қоюымен Ұлттық арнаға штаттағы редактор ретінде жұмысқа тұрдым, десе де ондағы бағдарлама оң жамбасыма келе қоймады, 6 ай өтпей алғашқы қысқартуға ұшырадым. Көп ұзамай Жүрсін ағамыз қайтадан Радионың директорлығына тағайындалған еді. Жаңа жоба әзірлеп, қайыра жұмысқа алуды өтініп, алдына бардық.

Имандай шыным, Жүрсін Ерман Қазақ радиосының басшылық қызметінде жүргенде мен секілді көптеген журналист үшін бір емес, бірнеше мәрте үлкен мүмкіндіктер жасады. Оның негізгісі, Алаштың ауыл-аймақтарын емін-еркін аралауға жол ашылып, іссапарға шығу күрт көбейді. Осылайша қасиетті қазақ даласының бірсыпыра жерлерін аралап, көптеген танымал тұлғалармен танысып, ауылдардағы шежірелі қарттармен тілдесіп, сүбелі сұхбаттар жазып алып, тыңдаушылар назарына ұсындық. Соның бір мысалы, тектілердің талайын тудырған киелі Торғай өңіріне жасалған іссапар еді. Бүгінде жасы 87-ге толған Торғайдың тұрақты тұрғыны, көкірегі ұлағатты ойға тұнған ақын әжеміз Бөпіш Тоқсейітқызымен жүргізілген сұхбат менің шығармашылығыма шабыт қоса түсті. Сол кездің өзінде 85 жасқа қадам басқан ақсамайлы әжеміз өзі жазған жырларын тоқтаусыз жатқа оқып, ағынан ақтарылды. Асыл жанның Торғайға, туған топырағына деген мәңгілік мызғымас махаббатына таңданбау мүмкін емес еді. Өлеңдерінің дені Торғай тұлғалары мен киелі өлкеге деген перзенттік сезіммен өріліп, ауылын артқа тастап қалаға қопарыла көшкен жұртқа деген ренішке құрылып, бүгінгі буын мен келешек ұрпақты рух тұнған ауылды, байтақ даланы көркейтуге атсалысуға шақырады. Ақын жанының ауылмен біте қайнасқан беріктігі көзіме жас үйіріп, ауылға, ондағы қайсар қазаққа деген адами сүйіспеншілігімді одан сайын арттыра түсті. Аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарып жүрген Ғабит Көдебайдың үйінде құтты қонағы болып, тарихи жерлерді араладым. Әлі күнге Ғабит ағамызбен хабарласып, елдің жаңалығын біліп отырамыз. Сол сапарда алып қалалардан алыстағы Бидайықтағы Міржақып Дулатұлының мұражайына атбасын бұрып, сүйегі қайта жерленген жеріне Құран бағыштап, тауқыметті тарихымыздың өткенінен мол мағлұмат алып қайттым, даласындай дарқан Торғай жұртының төрінде малдас құрып, ақ дәмінен нәр алып, Амангелді ауданы мен Арқалық қалаларын араладым, әлеуметтік жағынан әттеген-айлары аз болмаса да, өр рухы мен қазақы қалпын жоғалтпаған қаһарман елдің бүгінгі ұрпақтарымен жүз¬де¬суге одан кейін де бірнеше мәрте жолым түсті. Мектеп қабырғасынан бастап, шығар¬маларын шарқ ұрып іздеп оқып өскен, өзім ең жақсы көретін қазақтың қабырғалы қаламгері Оралхан Бөкейді төсінде тербеткен асқар Алтайдағы сәті түскен сапардың әсері – ойлаған сайын бойыма қуат бітіреді. Қошан Мұстафаұлы ағамызбен бірге жасалған осы жолғы ісспардың да қызығы аз болмады. Шыңғыстайға барар жолдағы Белқарағай ауылында бие байлап, қазақтың ұлттық тағамдарын баршаға дәріптеп, мейманының мерейін асырып жүрген Бақытбек ағамыз бен Роза тәтеміздің дархан дастарқанынан дәм татып, бабымен ашыған бал қымызынан қана ішіп, ақ көңіліне айрықша риза болып, ары қарай аттандық. Алтайдың ақ жауынына жуынып, ғажайып табиғатына тамсана, таңдай қағып, бірінен-бірі сұлу қарағайлы беткейлерінен осы дүниедегі жердің жұмағын көргендей көңілім көтерілді. Орағаң жеріне жете жырлаған өлкенің өзгеше болмысынан шалқар шабытқа кенеліп, Шыңғыстайдағы мұражайына бас сұғып, жазушы отырып ойға батқан түйе тасқа мен де отырып, бөлекше сезімге бөлендім. Тамам түркінің бесігі саналған, тылсым тарихтан үнсіз сыр ақтарған таңбалы тастары мен атшаптырым аумаққа созылған Берелдегі сақ патшалар жазығын көзбен көріп, көненің көзінен көкейге көп ой түйдік, данышпан бабаларға тағы бір мәрте ризашылық сезіммен бас иіп, бай тарихы бар батыр халықтың ұрпағы болғанымызға мақтандық, сөзбен жеткізе алмас сұлу көріністен көңіл бақшасына сан алуан жеміс ағаштарын еккендей ерекше сезімге кенелдік, өз басым қайшылығы мен қиындығы көп қысқа өмірге жаңадан есік ашқандай әсерлендім. Қадамымды ұзартқан, аларымды көбейтіп, жазарымды молайтқан Қазақ радиосына қайта-қайта алғысымды айтып, Алтайды қимай артқа тастап, Алматыға аттанғаным әлі есімде…

* * *

Кейде қайбір бауырларымыз Қазақ радиосының аты мен затына кір келтіріп, келсе-келмес сын айтып жатады. Бәріне жауап қайтаруға міндетті емеспіз, алайда қазақ таланттыларының талайының табаны тиген, қызмет істеп, өнегелі ісі мен ізі, жарқын дауысы қалған қарашаңыраққа дәлелсіз мін тағу – арға жат, өйткені бұл киелі ордада қызмет ету – көп адамның асыл арманы. Тіпті қайбір достарымның «ұлы тұлғалар күніне есігін ашатын радионың еденін жусам да бақыттымын» деген пікірін естіп, жауапкершілігімнің арта түскені бар…

* * *

Қазақ радиосында жұмыс жасаған 3 жылдан астам уақыт көлемінде көріп-түйгенім аз емес, ал радионың ішкі өміріндегі, әсіресе ертемен елді оятатын тікелей эфирдегі таңғы бағдарламаны жүргізу мен дайындаудағы қызықтар мен қиындықтар өз алдына бөлек әңгіме, бір байқағаным, береке-бірлік бар жерде ұжымдық жұмыстың сапалы һәм сауатты деңгейде жасалатыны. Өзімнің туған ауылымдай бауырмал, анамдай мейірбан, әкемдей қамқор Қазақ еліндегі қаймағы бұзылмаған ең қазақы орта – Қазақ радиосында қызмет ету – ең зор мәртебе, үлкен бақыт пен жауапкершілік. Ақиқаты, Қазақ радиосының менің өрісімді ашуға бергені ұшан-теңіз, ал менің радио арқылы халыққа бергенім мардымсыз екенін мо-й¬ын¬даймын, бұйыртса, өмір алда…

22.12.2011

Жарқын СӘЛЕНҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары