МИГРАНТТАР ОРЫС ТIЛIН YЙРЕНУДЕ
МИГРАНТТАР ОРЫС ТIЛIН YЙРЕНУДЕ
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ
Қазақстан – еңбек мигранттарына құшағын айқара ашқан мемлекет. Оған арнайы заңнамалық құжат қабылдап, түрлi жеңiлдiктер де қарастырылғанын айтпай кетуге болмас. Бiрақ та жат жарылқағанды түсiнiп жатыр ма? Қазiргi кезде тiркелiп жатқан қылмыстық әрекеттердiң көбi заңсыз мигранттардың қолымен жасалатыны да жасырын емес. Соған қарамастан бiз елiмiзде мигранттардың алшаңдап жүруiне ерiк берiп отырмыз.
Ал басқа елдерде бұлай емес. Көрші Ресейдің өзі жақында ғана ұшқышын соттамақшы болған Тәжікстанға доқ көрсетіп, Мәскеудегі тәжіктерді нәпақасынан айыра жаздады. Елде заңсыз жүрген қаншама тәжікті туған жеріне қайтарып үлгерді. Содан да болар, алып Ресейдегі мигранттар сол елдің заңына, тәртібіне бағынып, еріксіз мойынсұнады. Тіпті, Мемлекеттік Думаның халықаралық істер жөніндегі комитеті еңбек мигранттарынан орыс тілінен сынақ алу керектігін қадап айтып, бұл үшін арнайы Заң қабылданғандығын да жеткізді. Бір қызығы, мигрант бір тестің өзіне 2,5 мың рубль шығындайды екен. Ал арнайы курсқа бару одан да қымбат. Қазіргі кезде Мәскеуден нанын тауып жүрген еңбек мигранттары кешкі мектептерге барып, амалдың жоқтығынан тіл үйренуге кіріскен. Бірақ олар курсқа айына кем дегенде 5-6 мың рубль шығатынын және оның қалтаға ауыр тиетіндігін айтуда.
Тестілеудің халықаралық орталығының мамандары мигрантқа жұмыс берген жұмыс беруші оның орыс тілін білуін міндетіне алуы керектігін еске салады. Яғни еңбек мигранты орыс тілін білмесе, бұған жұмыс берушінің де кінәсі бар. Орыс тілінен әбден зәрезап болған мигранттар өз елдерінде орыс тілін тегін үйрететін орталықтардың болғанын құптап отыр. «Егер орыс тілін Мәскеуге келмес бұрын игеріп алғанда, мұндай жағдайға тап болмас едік», – дейді олар. Бүгінде дәл осындай орталық Қырғызстан мен Тәжікстанда бар екен.
Санкт-Петербург қаласынан жұмыс көзін тапқан еңбек мигранттары бос уақытта орыс тілін үйрену үшін кітапханаларға бас сұғып жүрген көрінеді. Олар интернет арқылы тілін орысша сындыруға кірісіп кеткен. Ол ол ма, қазір баспасөз бен интернет сайттары амандасу, ақша санау, аурухана мен дүкенде, қоғамдық көлікте тілдесуге қажетті сөз тіркестерін жариялап тұруды үрдіске айналдырған. Есесіне оқырмандары күннен-күнге көбейіп, іздеп жүріп оқитындардың саны артқан. Орталық Азия үшін жарық көретін «Тұран» газетінің редакторы Махмұт Маматмуминовтің пікірінше, тіпті алдағы уақытта сөйлеу кезінде екпінді дұрыс қоюға байланысты арнайы курстар ашу жоспарда бар көрінеді. Себебі сұраныс бар. Жыл сайын Петербург қаласына шамамен 500 мың мигрант жұмысқа орналасады екен. Олар үшін бүгінде 5 курс ақылы жұмыс істеуде. Жақын арада бұның саны артуы мүмкін.
«Единая Россия» жоғары кеңесінің төрағасы Борис Грызлов: «Еңбек мигранттарына орыс тілін білу керектігін міндеттеу өте дұрыс. Ресейде ағылшын немесе қытай тілінде емес, орыс тілінде сөйлейтінін қаперлеріңізге алсаңыздар» деген өтініш жасады. Айта кету керек, бүгінгі таңда Ресей мен басқа да шет мемлекеттерде орыс тілін оқытатын 160 орталық ашылған. Бұл мекемелер шетел азаматтарынан орыс тілінен мемлекеттік тест сынағын алуға кірісіп кетті.
Заң мен талап – мигранттардың орыс тілін білуін мәжбүрлеуде. Орыс тілін жергілікті басқа ұлт өкілдеріне сіңіруі өз алдына, уақытша нәпақасын табуға барған еңбек мигранттарына меңгертуді қолға алған Ресейдің саясаты әріде жатыр. Мұның астарында дүйім жұртқа орыс тілінің үстемдігін мойындату қылтияды. Енді бұдан былай Ресейге жұмыс іздеп келетіндер орыс тілін алдын-ала үйреніп баратын шығар, кім білсін? Дәл осындай үрдісті Қазақстан үкіметі де қолға алса екен дейсің. Сонда ғана аяғын алшаңдап басып жүрген еңбек мигранттарының біздің елге деген құрметі пайда болатын сияқты. Ал осы күйінде Қазақстан нағыз қылмыскерлер мен заңсыз еңбек күшінің Отаны болып қала бермек.