ҚАЗАҚСТАН – СЕНIМДI СЕРIКТЕС

ҚАЗАҚСТАН – СЕНIМДI СЕРIКТЕС

ҚАЗАҚСТАН – СЕНIМДI СЕРIКТЕС
ашық дереккөзі

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Сырттан қаражат тартуға мүдделi Қазақстанды Үкiмет әлемдiк сахнаға насихаттауды қолға алды. Түрлi шаралар, форумдар мен семинарлар, конференциялар – соның дәлелi. Жуырда Нью-Йоркте өткен Инвестициялық форумда да Қазақ экономикасына инвестиция тартудың тиiмдi жолдары қарастырылды.

Басты назарды экономиканың шикiзаттық саласынан нақты секторға бұрған Қазақ үкiметi шеттен инвестиция тарту арқылы экономиканы дербестендiрудi, яғни шикiзаттық емес саланы дамытуды көздейдi.

Бұл орайда Қазақстанды әлемге жақсы әрі жағымды қырынан таныту, насихаттау арқылы жатжұрттық қалталылардың қызығушылығын ояту өте маңызды екені белгілі. Оның үстіне бүгінде қарыздық дағдарыстың кесірінен тығырыққа тірелген әлемдік деңгейдегі инвесторлар дамыған елдердің емес, дамушы елдердің экономикасына инвестиция салуға мүдделі. Осы оңтайлы сәтті тиімді пайдаланып қалуды көздейтін Қазақ үкіметі халықаралық деңгейдегі түрлі шаралар ұйымдастыруды белсенді түрде қолға алған. Солардың бірі – Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінің бас¬тамасымен, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының демеушілігімен, Американың Нью-Йорк қаласында ұйымдастырылған Қазақстандық-Америкалық инвестициялық форум. Аталған шараға қатысушылар форум соңында «Қазақстанда бизнесті жүргізу мен инвестиция салуда халықаралық деңгейде жағдай жасалған. Біздің еліміз қол жеткізген жетістіктермен шектеліп қалмай, іскерлік ахуалды жақсарта түсу үшін мақсатты түрде жұмыс істей бермек» деген қорытындыға келді.

Астана қаласында отырып тікелей телеэфирге қосылған ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов америкалық инвестициялық қауымдастықты қазақстандық экономиканың дербестендірілген бөлігіндегі инвестициялық мүмкіндіктерді пайдалануда белсенділікті арттыруға шақырды. Халықаралық деңгейдегі инвесторлардың ендігі ел экономикасына қаржы құюда белсенді екенін ескерсек, бұл америкалық қалталыларға дем берері сөзсіз. Әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны жақындап қалғанын инвесторлар қауымының есіне салған Қазақ премьері Қазақстан экономикасының дағдарыстан қалай қорғалатыны туралы кеңінен мағлұматтар беріп, отандық экономикаға инвестиция салған бір де бір инвестордың ақшасы желге ұшпайтынын сенімді деректермен дәлелдеп берді. 2007-2009 жылдардағы әлемдік экономиканы алқымнан алған қаржылық-экономикалық дағдарыстан Қазақстан экономикасының қалай аман өткенін бүкіл әлем біледі. Өзгеге ақыл айтуға келгенде алдына жан салмайтын АҚШ та, Батыс та қазір пұшайман халде. Демек дамушы елдер жүргізген дағдарысқа қарсы күрес бағдарламалары мен жаңа реформалар дамыған елдерге сабақ болса, игі. Ал сырттан инвестиция тарта отырып, экономиканы дамытуға мүдделі Қазақ билігі инвестиция жолындағы күресте бәсекелестікке төтеп беруі тиіс. Нью-Йорктегі форумда жиылғандарға: «Америкалық инвесторлар Қазақстанның халықаралық қауымдастықта жауапкершілік пен уәдеге берік ойыншы екенін біледі. Олар біздің Батыс пен Шығыс арасындағы саяси, экономикалық және мәдени көпір екенімізді де жоғары бағалайды. Сондай-ақ Қазақстанда кәсіпкерлікпен айналысу уақыт өткен сайын жеңілдетіліп келе жатқанын да жоғары бағалауда», – деді.

Мәсімовтің бұл сөзімен Дүниежүзілік банктің бұрынғы басшысы Джеймс Вуль¬фенсонның «Қазақстандағы шетелдік ин¬вестицияға арналған жағдай: мүмкіндіктер мен міндеттер» тақырыбындағы сессияда еліміздегі ахуал жайлы жылы пікір айтуы үндес келді. Дүниежүзілік банк секілді әлемге беделді мекемені 10 жыл бойы (1995-2005 жж) үздіксіз басқарған Вульфенсонның Қазақстанды өзінің жеке басына қолайлы әрі тиімді инвестициялық бағыттағы ел ретінде қарастыратынын ашық білдіруі өзгелердің ынтасын еселей түскені анық.

Бүгінгі таңда еліміздегі көрші жатқан елдермен экономикалық ынтымақтастықты белсенді түрде жүзеге асыру, мәселен Кедендік одақ, Біртұтас экономикалық кеңістік т.б. мәселелер кейде АҚШ-тағы инвесторлардың алаңдаушылығын тудыратыны жасырын емес. Осы орайда, Форумға қазақстандық делегацияны бастап барған ҚР Экономикалық ынтымақтастық министрі Жанар Айтжанова ханым экономика заңдарына сүйене отырып, көпшілікке Қазақстан, Ресей мен Белоруссия арасындағы ортақ ұйымның кәсіпкерлік тұрғысынан алғанда жергілікті бизнеспен бірге халықаралық бизнеске де қандай артықшылықтары мен ерекшеліктері бар екенін ұғынықты тілмен түсіндіріп берді. Айтжанованың айтуынша, 170 млн. адамды қамтитын нарық еркін сауда, ақшаның еркін ағыны, жекеменшік пен адамдардың, жұмыс күшінің қосымша мүмкіндіктерін көлденең тартады.

Инвестициялық форумда қорындағы қаражат көлемі Қазақстанның ЖІӨ-не 40 пайызға артық «Самұрық-Қазына» қорының алға қойған жаңа міндеттері жайлы айтылған баяндамаға да америкалық инвесторлар кәдімгідей қызығушылық танытты. Қорға арналған сессияда «Самұрық-Қазына» төрағасының орынбасары Айдын Кәрібжанов Қор алдында тұрған индустриалдық-инновациялық міндеттер шеңберінде Қазақстанда өндірілетін өнімдер саны мен сапасын арттыру қолға алынатынын жеткізді.

Бүгінгі таңда Қазақстанның энергети¬калық кешені экономиканы дербестендіруге қауқарлы. АҚШ Энергетика министрінің бірінші орынбасары Даниель Понеман табиғи, технологиялық, экономикалық және саяси мүмкіндіктерге бай Қазақстан атом энергетикасын игеруде де алдыңғы қатардан табылатынын айтады. Нью-Йорктегі форумда Қазақстандағы халықтық ІРО, қаржылық сала, ауыл шаруашылығы, азық-түлік, тамақ өнеркәсібі мен еліміздегі салық саясаты жайлы болған пікірталастар да тартысқа толы болды. Өз кезегінде Қазақстанның АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысов: «Форумнан кейінгі бейресми әңгімелерде америкалық қатысу¬шылардың көпшілігі Қазақстанның Эко¬номи¬калық ынтымақтастық пен даму ұйымына мүшелікке өтуге дайын екендігін айтты. Сәл уақыт бұрын Қазақстан аталған ұйымға қабылдауға өтініш білдірген болатын», – деді.

22.12.2011