«ТҮРКІСТАННЫҢ» БАС РЕДАКТОРЫ – «ЖЫЛ АДАМЫ»

«ТҮРКІСТАННЫҢ» БАС РЕДАКТОРЫ – «ЖЫЛ АДАМЫ»

«ТҮРКІСТАННЫҢ»  БАС  РЕДАКТОРЫ – «ЖЫЛ АДАМЫ»
ашық дереккөзі

«Жыл таңдауы» – «Жыл адамы» байқауы биыл он екiншi рет өткiзiлiп отыр. Бұл жолы ұйымдастырушылар алқасы медицина, ғылым, кәсiпкерлiк, мәдениет, спорт саласында елеулi табыстарға қол жеткiзген жандарды анықтап, арнайы құрмет дипломдарымен марапатталды.

Желтоқсанның 13-і күні өткізілген шара еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығына орай ұйымдастырылды. Айтулы күнмен сәйкестендірілген айтулы шарада үздіктердің өңіріне арнайы жасалған «Жыл таңдауы» медальдері де аса құрметпен тағылды.

Үздіктердің қатарында ел тәуелсізді­гімен қатар құрылған әрі бүгінгі таңда 20 жылдық мерейтойға қадам басқан Тәуелсіздіктің құрдастары да елеусіз қалмапты. Олардың арасында «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ, «КТК» телеарнасы, «Караван» газеті мен «Базис» компаниясы бар.

Сонымен «Жыл адамы» атын иемден­гендердің қатарында «Қазақстан мәдениеті мен өнерін дамытуға үлес қосқан» Кеңес Одағының халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ермек Серкебаев марапатталса, «Театр өнерін дамытуға қосқан ерен еңбегі үшін» аталымы Қазақстанның халық әртісі, профессор, «Парасат» орденінің иегері Есмұхан Обаевқа табыс етілді.

«Жыл әкімі» атағын Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов иемденсе, Еңбек сіңірген спорт шебері, екі дүркін әлем чемпоны Серік Сәпиев – «Жыл спортшысы», Ақан Сатаев – «Жыл кинорежиссері», Артур Платонов – «Жыл тележурналисі», үздік баспасөз журналисі Виктор Бурдин атанды.

Сондай-ақ, жас әнші, Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Опера және балет театрының солисі Медет Шотабаев «Отандық опера өнерінің жарық жұлдызы» атанса, 2011 жылдың ең үздік телеарнасы атағын – «КТК» телеарнасы иемденді.

Ұйымдастыру алқасының ұйғары­мымен «Қазақстандық журналистиканың дамуына қосқан үлесі үшін» арнайы жүлдесі, газетіміздің Бас редакторы Шәмшидин Паттеевке бұйырды. Арнайы жүлдені Қазақстан Журналистер академиясының академигі Сағымбай Қозыбаев табыс етті. Аталмыш аталымның қазақ баспасөзінің дамуына үлес қосып келе жатқан «Түр­кістан» газетінің басшысына бұйыруы – Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында қазақ баспасөзіне, қазақ журналистикасына жасалған құрмет екені даусыз.