ЖЕЛТОҚСАННЫҢ АСЫҚПАҒАН АҚИҚАТЫ

ЖЕЛТОҚСАННЫҢ АСЫҚПАҒАН АҚИҚАТЫ

ЖЕЛТОҚСАННЫҢ АСЫҚПАҒАН АҚИҚАТЫ
ашық дереккөзі

Күркiреп тұрған алып империяның құлауына себепкер болған, Қазақстан тәуелсiздiгiне алып келген Желтоқсан көтерiлiсiнiң саяси баға ала алмай келе жатқандығы өкiнiштi. Бүкiл әлем Желтоқсан көтерiлiсiне қанды шеңгелдi КСРО империясын құлатқаны үшiн бас иедi. Бiрақ өз елiнде желтоқсандықтар мен оның қаһармандары әлi елеусiз.

Алматының бас алаңына бейбіт шеру мақсатында барған қазақ жастарына бүйідей тиіп, оларға қарсы «Метель» операциясын қолдану арқылы қанды қырғын ұйымдастырған, соған бұйрық берген адамдар да арамызда жүр. Тәуелсіздіктің қызығын сол жолда күрескендер емес, Кеңестік билікке қызмет еткен, Тәуелсіздікке ұмтылғандар емес, сол империяны сақтап қалуға тырысқандар көріп отыр. Сол себепті де Желтоқсан ақиқатын бүркемелеу бүгінгі күннің бас­ты нысанасына айналған.

Желтоқсанның 11-інде «Қазақконцерт» залында Қазақстан Республикасы Тәуелсіз­дігінің 20 жылдығы мен 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығына орай, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Мұхтар Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы» атты деректі романының және осы кітап негізінде жасалған режиссер Бекқал Әбіштің «Желтоқсанның асықпаған ақиқаты және мемлекеттік бес комиссия мүддесі» атты деректі фильмінің тұсаукесері болып өтті. Фильмнің толық нұсқасы көрерменге паш етілмеді. Режиссер Бекқал Әбіш көрермендердің уақытын құрметтеп, бір сағаттық нұсқасын ғана ұсынып отырғанын айтты. Аты айтып тұрғандай, бүкіләлемдік маңызы зор, ұлттық мақтанышымыз Желтоқсан көтерілісі жайындағы маңызды деректердің әлі көмескі қалып отырғандығын айтуды мақсат еткенімен, бізге паш етілген бір сағаттық деректі фильм­ге осы уақытқа дейінгі белгілі ақиқат арқау болыпты. Бәлкім бізге көрсетілмей қалған үш сағаттық таспада құны ерек, өзгеше деректер қамтылған болар. Дегенмен мемлекеттік бес комиссияның қандай мүддені көздегені, оның неге қайта-қайта жабылып отырғандығын біз аталған фильмнен байқай алмадық.

«Қазақконцерт» 700 адамға арналған, ал келушілердің саны қайтсе мыңнан асады. Демек Желтоқсан көтерілісінің мәні мен маңы­зы бүгінгі ұрпақты бейжай қалдырмайды. Халық Желтоқсан қаһармандарына ерекше ілтипат пен құрметті аңғарта білді. Ендеше, осы бір маңызды мәселені 700 орындық залда емес, Студенттер сарайында немесе Филармонияда тіпті Опера немесе Әуезов атындағы театрда өткізсе дұрыс болар еді. Амал жоқ, Желтоқсан ақиқатына сусаған жұрт үш сағат бойы түрегеп тұруға мәжбүр болды.

Белгілі Абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Өлке» баспасының директоры Мереке Құлкенов, ақын Аманхан Әлім, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайлар «Желтоқсан эпопеясының» маңызы мен мәнін аша отырып, отарлаушы саясаттың қалай, қандай кезеңдерде жүзеге асырылғанын және оның бүгінгі санадағы көрінісін тәптіштей отырып, қазақтың ұлттық рухының жандана алмай отырғанын, сана тәуелсіздігіне қол жеткізе алмай отырғанымызды қынжыла баяндады. Әрі ұрпақ жадынан өктем саясаттың табы өшпей жатып, құлдық психологиядан арыла алмай жатып, бұрынғы метрополиямен қайта одақ құру ісін қолға алу – үлкен қателік болғандығын атап өтті. Еуразиялық одақ идея бір ғасыр бойы сөз жүзінде қозғалып, енді жүзеге аса бастады. Бүгінде Кедендік рәсімдеулердің бәрі жойылды. Ендігі қадам – төл валютамыздың тамырына балта шабу. Одан кейінгі тәуелсіздіктің баяндылығы жайында ойлаудың өзі қорқынышты.

Есенгүл Кәпқызы