МӘҢГІЛІК МОНЕТАЛАР

МӘҢГІЛІК МОНЕТАЛАР

МӘҢГІЛІК МОНЕТАЛАР
ашық дереккөзі

Кеше Қазақстан Республикасы Тәуел­сіз­­дігінің 20 жылдығына орай ҚР-ның Орталық мемлекеттік мұражайы «Банк RBK» акционерлік қоғамымен бірге «Қазақстан ақшасының жылнамасы» атты көрменің тұсауын кесті. Аталмыш көрмеде Қазақстан ақшасының пайда болуы, сонау Батыс түрік, Түргеш қағанатынан бастау алатын монеталардың шежіресінен сыр шертетін қызықты деректермен танысуға болады.

Көрмеде Қазақстан монеталарының тарихы, көне түрік, Түргеш қағанаты, яғни VI-IX ғасырлар аралығындағы көшпелі тайпалардың қолдан соғылған түрлі ақшалары сауда құралына айналғандығын дәлелдейді. Қазақстан аумағында қаған, йабғұ, тегін, тұдындардың атынан түрлі монеталар шығарылып, әсіресе Түргеш теңгелері ірі территориялық аумақта ақша айналымында қолданылған. Олар көбінесе Суяб, Таразда соғылған екен. Бертін келе Қарахан әулетінің (X-XII) мыс фельстері, Орта Азия аумағында ақшаның кең қолданыста болғанын көрсетеді. Ол кезеңде қалаларда сауда-саттық күшейіп, жаңа қалалар арқылы маңызды сауда жолдары өткен. Бұл сауда бағыты Шу өзені, Іле Алатауы арқылы Талғарға жеткен. Бір тармағы Шелекті басып өтіп, Шығыс Түркістанға дейін, екіншісі Іле өзені мен Алакөлден өтіп, Моңғолияға жетті. Бір қызығы, Қарахан әулеті дәуірінің 2145 дана мыс монета көмбесі 1976 жылы Ақтөбе қалашығынан табылған еді. Осыған дейін қыш құмыраның ішіне сақталынып келген көмбе тұңғыш рет орталық музейде көрермен назарына ұсынылып отыр. Сондай-ақ, көрмеде моңғол империясы, Жошы, Шағатай, Темір әулетінің кезеңдеріндегі сирек кездесетін монеталар қойылған. Ортағасырлар тарихы «пени, фулс, дирхем, динар» секілді алтын, күміс, мыс, монета-ақшалардың рөлі артқандығын көрсетеді. Ал мамандардың айуынша, Оңтүстік Қазақстанды жайлаған шағатай әулетінің монеталары кең қолданыста болған. Оның дәлелі, 1967 жылы Алматы қаласы «Таулы қырат» ұжым шаруашылығы жерінен табылған күміс монеталар саны 1400-ге жуық сақтау бірліктерінен тұрады екен. Бұл көмбе де көрермен назарына алғаш рет ұсынылып отыр. Қазақстан тарихында Жәнібек пен Керей іргесін қалаған Қазақ хандығы тұсында да монеталар кеңінен қолданыста болған. Бірақ қазіргі тарихшылар мен археологтар әлі күнге дейін сол көмбенің жатқан жерін іздестіру үстінде. Орталық музей қызметкерлерінің айтуынша, ежелден келе жатқан монеталар жас ұрпаққа ел тарихын білуге зор мүмкіндік тудырады. Ежелгі Қазақстан тарихы мен орта ғасырлар тарихының экономикалық байланыстарын зерттеуде бұл монеталар таптырмас жәдігерлер саналады. Сондықтан да жастарды, Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарын Орталық мемлекеттік мұражайға шақырады. «Қазақстан ақшасының жылнамасы» атты көрме желтоқсан айының соңына дейін жалғаспақ.

08.12.2011

Маржан КЕҢЕСБАЙ