ТӘУЕЛСІЗДІК — ТІЛІМДЕ

ТӘУЕЛСІЗДІК — ТІЛІМДЕ

ТӘУЕЛСІЗДІК — ТІЛІМДЕ
ашық дереккөзі

Қазақстан тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы қарсаңында қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл мәртебесiне ие болғанына 22 жыл толды. Әуелi тiлдiң мәртебесi бекiп, iле-шала елдiң тәуелсiздiк алуы тарихи кездейсоқтық емес-ау, сiрә. «Тiлi жоғалған ұлттың өзi де жоғалады» деген сөздiң дұрыс мағынасында елдiң iргесi кеңiп, керегесi бекуi үшiн туған тiлiнiң егемендiгi, еркiндiгi керек екен.

Мемлекеттік тілдің ұлтты ұйыстырушы фактор екені көптен бері айтылып жүр. Бұған Қазақстанды мекендеген жүздеген этнос өкілдері де мойынсұна бастады. Тілі бірдің ой-пікірі – ортақ, ұстаным-түсінігі – ұқсас.

Мемлекеттік тіл дамыған елдерде дамудың басты қозғаушы тетігі болып келгені жасырын емес. Мысалы Ұлыбритания, Германия, Жапония, Франция, Қытай мемлекеттерінің бүгінгі жетістіктерін зерттеушілер туған тілдің қоғамдағы ықпалын сақтап, оны кең насихаттау саясатымен байланыстырады.

Мемлекеттік тілдің ұлтты ұйыстырушы ролі туралы ойды Елбасы былай деп сабақтайды: «Мысалы Америка Құрама Штаттары өздерін Америка деп атайды, ал тұрғындары өздерін – америкалықтар деп санайды, ал ондағы ұлттардың саны біздегіге қарағанда әлдеқайда көп: оларда әлемнің әр түкпірінен келген мигранттар көп, бірақ олардың барлығын ағылшын тілі біріктіріп отыр. Олардың бәрі ағылшын тілінде сөйлейді. Францияда жүздеген этностар өмір сүреді, оларды француз тілі біріктіріп отыр. Менің мақсатым осы. Мен мынаны айтқалы тұрмын: өз тілін, мәдениетін сақтаған біздің балаларымыз бен немерелерімізді одан әрі мемлекеттік тіл біріктіруі керек».

Ендеше, мемлекеттік тіл құқықтық дәрежесіне лайық ықпалға ие болмай, мемлекеттіліктің мықты болуы да неғайбыл.

Тәуелсіздіктің ең маңызды сабақтарының бірі – осы.

Оның үстіне, осы 20 жылда Қазақстан басшылығы тілдік саясатта астамшылдыққа ұрынған жоқ. Қазақтың дархан жерін мекендеген әрбір этностың өз тілін сақтап, мәдениетін жаңғыртуына, салт-дәстүрін ұстануына жағдай жасады.

Қазақстанда қазақ, орыс тілдерінде сабақ беретін мектептерге қоса ұйғыр, өзбек, тәжік тілдерінде оқытатын білім ордалары да бар. Бұдан бөлек 200-ге тарта этнолингвистикалық орталықта отызға жуық этностың тілі оқытылады. Бұрын ұлттық-мәдени орталықтардың жанынан ашылған жексенбілік мектептерде басқа этностардың тілдері оқытылатын болса, енді мұнда мемлекеттік тілді де үйренуге болады. Қазір бұл жексенбілік мектептерде 7 мыңнан астам өзге ұлт өкілдері қазақша тіл сындыруда.

Ұлтаралық татулықты үндеген саясат осылайша қоғамдағы тұрақтылыққа үндеп, елдің бірлігін бекітіп, ұйыстыра түсті.

Қазақстан тәуелсіздік алған тұста елдегі мемлекеттік тілде білім алатын оқушылар саны 30 пайыздан аз болатын. Қазір олардың саны 70 пайыздан асты.

Қазіргі таңда 20 мыңдай бүлдіршін қазақ балабақшасына барып жүр. Ал 25 мыңға жуық өзге этнос балалары қазақ мектептерінде білім алуда.

Болашақта балабақшаларды толығымен мемлекеттік тілге ауыстыру туралы ұсыныстар айтылып жүр.

Осылайша, Қазақстан азаматтарына мем­лекеттік тілді бала-бақшадан бастап үйретіп, мектептерде жалғастырып, одан әрі университеттерде оқыту жүйесі енгізіледі. Сондай-ақ бүгінде студенттердің 51,5 пайызы мемлекеттік тілде білім алуда. Алдағы он жылда мектеп біті­рушiлер түгелімен қазақ тілін білетін болады.

Жалпы, ресми деректерге жүгінсек, бүгінде елдегі тұрғындардың 60 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген екен. Үкімет қабылдаған «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы» бойынша 2017 жылға қарай елдегі мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындар саны 80 пайызға, ал 2020 жылы 95 пайызға жетуі тиіс.

Премьер-министр Кәрім Мәсімов осы бағдарлама туралы пікір білдіргенде: «Алдағы онжылдықта Қазақстанның бар­лық азаматтары мемлекеттік тілді басқа тілдердің құқығын шектемей түгел үйренуі тиіс», – деп мәлімдеді.

Сондай-ақ сол кезеңде орыс тілін біле­тіндер саны 90 пайызды, ал ағылшын тілін үйренгендер саны шамамен 20 пайызды құ­райды деп межеленген.

Осы орайда, ағылшын тілін кең ауқымда оқытуды қазақ тілінің беделін көтеру үшін пайдалану мүмкіндігі бар. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында әлем әдебиеті мен философиясындағы кең танымал кітаптар қазақ тіліне аударылып, жарыққа шықса, ендігі жерде қазақ ойшылдары мен ақын-жазушыларының еңбектеріне ағылшын тіліне сауатты аударма жасау арқылы қазақ ойын жаһанға таратуға болар еді.

Мемлекеттік тілдің қоғамдағы ықпалын арттыру үшін оның ақпараттық кеңістікте қолдану аясын кеңейте түсу керек. Қазіргі таңда мемлекеттік тілдегі хабар тарату көлемі 10 пайызды ғана құрайды. Байланыс және ақпарат министрлігі дайындаған «Телерадио хабарын тарату туралы» Заң жобасына сәйкес, 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік тілдегі теле-радиохабарлардың көлемі барлық хабарлардың жиынтық көлемінің 25 пайызынан, ал 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап 50 пайыздан кем болмауы тиіс.

Осы саясаттың жемісі іспеттес, таза қазақ тілінде хабар тарататын «Балапан», «Мәдениет» тележобалары көрермен көзайымына айналды. Алдағы уақытта қазақша жобалар саны арта түспек.

Мемлекеттік тілді ғылыми айналымға тү­сіріп, бүгінгі заман техника тіліне айналдыруға біршама шаралар жасалды. Қазақ тілінде 15-томдық түсіндірме сөздігінің шығарылуы, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 6 түрлі сөздік, 22 ком­пью­терлік бағдарлама мен 2 түрлі ба­ла­ма оқу бағдарламасы жарыққа шығуы ауыз толтырып айтатындай жұмыстар.

Кейбір ғалымдар қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру ісін оны техника тіліне айналдырудың жолы деп санайды. Дегенмен қазақ тілінің болашағы үшін бұл мәселе де әлі де біраз електен өтуі керек.

Елбасы әр түрлі жиындарда сөйлеген сөзінде ұлтына, нәсіліне қарамастан барлық азаматтарды мемлекеттік тілді меңгеруге, оны құрметтеуге, ортақ құндылыққа айналдыруға шақырып жүр. Президент бұл жөнінде таратып былай деді: «Барлық азаматтардың қазақ тілін білуі – жәй ғана ұран емес, бұл дегеніңіз тілді білген адам біздің мемлекеттің тарихын, қазақ халқының тарихын – ерте заманнан бүгінге дейін біледі деген сөз, оның мәдениетін, дәстүрлерін үйренеді. Бұл қазақстандықтардың бұдан да күшті бірігуіне ықпал етеді, өзара сенімді күн сайын, жыл өткен сайын арттырады».

Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асы­ру аясында жыл сайын «Тілдер фестивалі» өткізіледі. Биыл Байланыс және ақпарат министрлігінің ұйытқы болуымен қыркүйек айының басында «Тіл тұтастығы – ел тұтастығы» тақырыбы аясында ұйымдастырылды. Осы шара аясында түрлі мекемелер, кәсіпорындар өкілдері арасында тіл білімі бойынша байқаулар өткізіліп, мемлекеттік тілді білудің маңыздылығы насихатталады.

Ел Президенті бір сөзінде «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген еді. Мұны Қазақстанда тұратын өзге этнос өкілдері түсіне бастаған сыңайлы. Қазіргі таңда мемлекеттік тілді меңгерген басқа ұлт өкіл­дерінің қатары күрт артып келеді. Қоғамда қазақ тілінің әлеуметтік функциясы өскен сайын, олар да қазақша тіл сындырудың тиімділігін түсіне бастады.

Шындығында, мемлекеттік тілді білу – тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Мемлекеттік тілді білмей өскен ұрпақ мемлекетқұраушы қазақ халқының өткен тарихына, бүгінгі жетістіктеріне бейжай қарайды. Мұндай ұрпақтың бойына отаншылдықты сіңіру де оңайға соқпасы анық.

Сондықтан да мемлекеттік тіл мәр­тебе­сіндегі қазақ тілі барша қазақ­стандықтарға ортақ.

Тіл – халықтың жүрегі. Тәуелсіз Қазақ­станның тағдыры мемлекеттік тілдің тағ­дырымен сабақтас.

Гүлбиғаш Омарова