ТАЯҚҚА ЖЫҒЫЛСАҚ ТА...

ТАЯҚҚА ЖЫҒЫЛСАҚ ТА...

ТАЯҚҚА ЖЫҒЫЛСАҚ ТА...
ашық дереккөзі

1986 жылы 17 желтоқсан күні «Брежнев атындағы алаңда қазақ жастары жиналып жатыр. Қазақстан Компартиясының Бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевты орнынан босатып, қайдағы бір Колбин дегенді тағайындапты» деген құлаққа жайсыз тиген хабарды естідік. Алматы қалабезендіру мекемесінде бірге істейтін Тұрсынбай Өтепов екеуміз ақылдаса келе, неде болса алаңға барып, болып жатқан жайды өз көзімізбен көріп қайтайық деп сол бағыттағы автобусқа отырдық.

Алаңға жастар көп жиналыпты. Барлығы «Елім-ай» әнін шырқап жатыр. Мұндайда ән көңіл-күйге қатты әсер етеді екен. Менің де қаным қызып, не болса да осы жастармен бірге болғым келді. Төр жақтағы трибунаның батыс жақ қапталында қалқан жамылған әскерлер тұрды. Олардың арғы жағында жасақшылар. Бейбіт шеруді өздері бұзды. Трибунаға біреулер шығып, дауыс күшейткішпен: «Тараңдар! Болмаса жаза қолданамыз!» – деп жастарға қоқан-лоққы жасап жатты. Оларды тыңдаған жастар жоқ. Қайта ашынып, соларға қарай тас лақтырдық. Сол кезде қалқан ұстаған әскерлер қолдарындағы резіңке сойылдарымен алаңдағы жастарды ұрып, соға бастады. Оларға милиционерлер де қосылды. Қым-қуыт шайқас басталды да кетті. Кейбір жігіттер милиционерлердің сойылдарын тартып алды. Күш тең емес еді. Солдаттар мен милиционерлер қарусыз жастарды ығыстырды. Біз екі биік үйдің арасымен Абай көшесіне қарай ығыса төбелестік. Содан қайта шабуылға шығамыз. Бірнеше жігіт шеттеу шыққан бір орыс милиционерді ұстап алдық. Қолындағы сойылын тартып алып, қарусыздандырдық та: «Ана бастықтарыңа барып айт, трибунаға Қонаевтың өзі шығып сөйлесін. Ал Колбинің қайдан келсе, сол жағына кетсін. Орнына қазақты, не қазақтың салт-дәстүрін білетін адамды қойсын. Басқа жақтан келгендерге біз қарсымыз!»– деп дін аман босатып жібердік.

Бір кезде алаңға «Жедел жәрдем» машинасы келді. Машина орта тұсқа дейін кіріп, шағын шеңбер жасап айнала бастады. Ортамыздан әлдекімдер: «Жедел жәрдемге» тимеңдер»,– деп дауыстап жатты. Машина жүргізушілері біздің тимейтінімізді сезді ме, шеңберін кең алып, айнала берді. Дегенмен арамызда арандатушылар да болды-ау шамасы. Сондайлардың кейбірін өзіміз тиып тастадық. Аздан кейін алаңның Фурманов көшесі жағынан терезелері торланған, өрт сөндіргіш машиналар біз жаққа мұздай су шаша бастады. Су тиген үсті басымыз мұзға айналды. Аяқ асты көк тайғақ.

Солдаттардың бейкүнә қыздарды ұстап алып, керзі етіктерімен тепкілеп, шаштарынан сүйреп жатқанда жаның шыдап тұра алмайды екенсің. Сонда да біздің қыз-жігіттер қайтқан жоқ. Мұздай қаруланған жендеттер де қарусыз жас­тар­дан мұндай қарсылықты күтпесе керек. Трибунаның күншығыс жағындағы екі әскери машинаны өртеуге ұмтылдық. Әскерилер бізді жолатпауға әрекет етті. Біздің жақ та есесін жібермеді. Жол жиегіндегі мрамор плиталарды жерге ұрып талқандап, сынықтарын әскерлерге қарай лақтырып жатырмыз. Тас тигендер қиралаңдап отыра қалуда. Жанында жүрген екеуі оны сүйемелдеп, «Жедел жәрдемге» салып жіберуде. Кенет артқы жағымнан тиген қатты соққыдан құлап түстім. Ал содан солдаттар тепкінің астына алсын бір. Сол жақ қабырғам қатты ауырды. Жігіттер көмекке жетпегенде жағдайымның не боларын кім білсін. Қас-қағым сәтте не болып, не қойғанын түсіне алар емеспін. Басым зілдей, мең-зең күйдемін. Қашқандардың соңынан мен де жүгіре бердім. Үйге келіп қарасам сол жақ қабырғамның біреуі сынған екен. Алаңда ет қызумен ауырғанын елемеппін. Ал содан кейін ауырсын. Жаным шыдар емес. Ауруханаға барайын десем, ұстап әкетеді. Амал жоқ үйде бірнеше күн жаттым.

Желтоқсанның екі күнге созылған сол бір сын-сағатында сағымыз сынбай, «таяққа жығылсақ та, аяққа жығылмадық». Қазақ жастарының тоталитаризмге қарсы патриоттық күресі із-түзсіз кеткен жоқ. Күллі Кеңес Одағы республикаларын ұйқыдан оятты. Олар тәуелсіздігіміздің алғашқы қар­лы­ғаш­тары еді.

08.12.2011

Нұржан ЖАМАНБАЙ