ГАЛСТУКТIҢ ҚҰЛЫ...

ГАЛСТУКТIҢ ҚҰЛЫ...

ГАЛСТУКТIҢ ҚҰЛЫ...
ашық дереккөзі
194

Желтоқсан көтерiлiсi туралы еске алғанда 1986 жылдың 16-18 желтоқсанында Алматының алаңдары мен көшелерiнде өткен оқиғалармен бiрге галстук таққандар айналасында айтылған сөз есiме түседi. Есiме түседi деймiн-ау, жадымнан ешбiр шығар емес десем өтiрiкшi болмас едiм.

Ол кезде мен Алматы Жоғарғы партия мектебiнде тыңдаушы едiм. Сол жылдың қараша-желтоқсан айларында «Қонаевты орнынан алады екен» деген сөздер жиi естiле бастады. Бiздi сол кезде бiр нәрсе ғана толғандырды: «Қонаевтың орнын кiм басады?» Бұл сауалды бiр-бiрiмiзге қоюдан жалықпадық. Ақыры 16 желтоқсан күнi «Москвадан партияның мықтылары Қонаевты қызметiнен босату үшiн келiптi» деген сөздер тыңдаушылар арасына тез тарап кеттi. Пленум түске дейiн өтсе де ресми хабар берiлмей, тек күндiзгi сағат үште ғана Москвадан Қонаевтың қызметiнен босатылғаны, орнына Колбин дегеннiң сайланғаны туралы хабар таратылды.Бұл өзi партия жарғысының талаптарына қайшы келетiн шешiм болатын. Себебi Колбин Қазақстан Коммунистiк партиясының есебiнде тұрмайтын едi.

Түскi ас iшiп, асханадан шыққандар елiмiзде болған саяси оқиға туралы пiкiр алмасып, күннiң ызғарына қарамастан далада ұзақ тұрдық. Сол айда облыстық газеттердiң партия тұрмысы бөлiмiнiң меңгерушiлерi бiр айлық курста оқып жатқан. Олардың арасында бүгiнде елiмiзге танымал азаматтар да болды. Солардың бiрi кейінірек Парламент депутаты болған, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, жазушы Алдан Смайыл. Ол ашына сөйлеп, КПСС Орталық Комитетiнiң шешiмi дұрыс емес екенiн, мұның ақыры жаман болатындығын да айтып қалды.

– Бұл не масқара! Қазақстаннан Димекеңнiң орнын басатын бiр лайықты азаматтың табылмағаны ма?

– Басқа республикада бұлай iстей алмас едi…

– Басынғаны, қазақты халық деп санамағаны ғой…

– Мұның соңы жақсылыққа апармайды, – деген сияқты сөздер айтылып жатты.

Түнiмен әр бөлмеде бас қосқандар осы тақылеттес әңгiмелердi жалғастырды. Таңертең топ жетекшiсi болған соң сабаққа әдеттегідей ерте келдiм. Неге екенi белгiсiз, сабақтың басталатын уақыты болса да тыңдаушылар кешiгiп жатты. Профессор Ораз Баймұратов оқу бөлмесiнде ары-берi жүрiп, тыңдаушыларды үнсiз күтiп жүр. Жүзi сынық. Осы кезде аудиторияға деканымыз Зейнолла Әйтiмов кiрiп келдi.

– Сабақ болмайды. Тездетiп клубқа жиналыңдар. ЧП! – дедi.

– Қандай ЧП, не болып қалды? – деп орнымнан тұрып, деканға жақындадым.

– Алаңға партияның шешiмiне наразы болған жастар жиналып жатыр, – дедi. – Арты қан төгуге ұласып кетпесе болғаны, – дегенi. Жүрегiм зырқ ете қалды. Онда жағдайдың мәз болмағаны ғой. Профессор Ораз Баймұратов бiзден сабақты сұрамаса да қатысып отырған 5-6 тыңдаушыға «5» деген баға қойып, жорналға қолтаңбасын қойып, маған бердi де жайлап шығып кеттi.

Мектептiң клубына тыңдаушылар лық толыпты. Төрде орталық партия комитетiнiң және бiздiң мектеп коммунистерi есепте тұратын Фрунзе аудандық партия комитетiнiң жауапты қызметкерлерi жайғасыпты. Кiм екенi есiмде жоқ, бiреуi орнынан тұрып сөйлей жөнелдi.

– Партияның шешiмiмен келiспейтiн бiр топ жас­тар Брежнев алаңына жиналып жатыр. Сендердiң мiндеттерiң солардың ортасына кiрiп, топты таратуға күш салу. Олардың арасына тек қазақтардың ғана барғаны жөн. Ұлт саясатын түсiндiрiңдер. Жағдайды ушықтырмауға күш салыңдар. Болды. Тез барыңдар, – дедi. Бiз мектептен шықанымыз да сол едi, қолдарында ұрандар жазылған транспаранттары бар, сап түзеген жастар бiздiң алдымыздан өтiп, бұрынғы Ленин көшесiмен төмен қарай кетiп бара жатты. Бiзде солардың артынан iлестiк. Араларына кiруге бата алмаймыз. Қолдарында пролетариаттың көсемiнiң портретi, ұлт саясатына байланысты сөздерi жазылған плакаттар. Анда-санда «Қазақстанға – қазақ басшы!» деп ұрандайды. Сапты бұзбайды. 28 панфиловшылар саябағына қарай екпiндей жүрдi. «Россия» дүкенiнiң алдына келгенiмiзде шет жақта кетiп бара жатқан тәпене бойлы жiгiттiң қолынан ұстай алып; «Қайда барасыңдар, талаптарың не?» деген сұрақ қойып едiк, жас бала бiзден қаймығып, бүгжеңдей бастады. «Студенттерге барамыз, олар да бiзге қосылады. Олардың жатақханалары осы маңда көп», – дедi. Жанымда тұрған қызылордалық Берiк атты жiгiт тағы да сұрақтар қоя бастап едi, саптан сұңғақ бойлы, әдемiше келген жiгiт бiздiң жанымызға келдi де: «Сендер кiмсiңдер!» – деп дүрсе қоя бер­дi. Бiз үнсiзбiз. «Жүр, кеттiк» деп тәпене бойлы жiгiттi жетектей жөнелдi. Әлден соң бiзге жалт қарап: « Сендер бiзге қосыласыңдар ма?» деп сәл үнсiз қалды да, жауабымызды да күтпестен бар дауысымен күлiп; «Е.. сендер галстуктiң құлы екенсiңдер ғой… Сендейлер бiзге қосыла алмайды!» – деп бұрылып жүрiп кеттi. Бiз не дерiмiздi бiлмей тiлiмiздi тiстеп, состиып қала бердiк…

Шындықты айтты. Тауып айтты. Бiлiп айтты. Бұл жерде желтоқсаншы азамат партияға шексiз,соқыр қызмет ететiндер туралы айтып отырғанын бiз жақсы түсiндiк. Шынында да галстук таққандар бұл шеруге қатыспады. Жастардың қатарында ондайлардың жүрмегенi анық.

Желтоқсанның сол айтулы күндерi бүгiнгi таңда қазақтың маңдайалды азаматымын деп жүргендердiң бiразы жастарды райынан қайтару үшiн теледидардан, радиодан, алаңға шығып, дауыс күшейткiшпен сөйлеп жатты.

Ол күндерi бiраз шындықтың бетi ашылды. Жоғарғы партия мектебiнiң терезесiнен бiраз адам шеруге шыққандарды қарап тұрдық. Партия тарихынан дәрiс беретiн, соғысқа қатысқан ардагер: «Бұлардың бәрiн пулеметпен қыру керек!», – дегенi. Бiз оған жалт қарадық. Осы кезде ақтаулық Заря атты қарындасымыз ардагердiң жанына жетiп барып: «Не деп оттап тұрсың, фашист па едiң. Мұның бәрi сен сияқтылардың ұлт саясатын дұрыс жүргiзбегендерiңнiң салдары», – деген ол қалш-қалш етедi. Терiсiне сыймай әзер тұрғанын бiз анық байқадық. Мұғалiм не дерiн бiлмей бұрылып кетiп қалды. Бұл бiзге «интернационалистпiз» деп тәлiм берiп жүрген ұстаздың бетпердесi едi.

17 желтоқсан күнi екi жақтың текетiресi болды. Орталық партия комитетiнiң үйiн қоршаған милиционерлер мен әскерлерге жастар екпiндей келiп, тас лақтырады. Жастар алаңда ойламаған жерден пайда болған милицияның бiрнеше жеңiл машиналарын төңкерiп тастап, мұзда сырғанатып жүр. Су шашу үшiн өрт сөндiру машиналары да қаптап кеттi. Бiз алаңның ортасында тұрған жастарға жақындай түсуге ұмтылдық. Айнала жарқ-жарқ етедi. Суретке, таспаға түсiрiп жатқандар кешке қарай көбейдi. Ол күнi алаңға жиналған жастар Шәмшiнiң «Менiң Қазақстаным» әнiн шарықтатты.

Ойламаған жерден досым, курстасым, Iшкi iстер министрлiгiнiң баспасөз қызметiнде жұмыс iстейтiн Нұрмахан Өзбековпен бетпе-бет келiп қалдым.

– Амансыңдар ма? Дәметкен қайда? Жүрсiннiң (Ермановты айтады) Кубаға кетiп қалғаны да дұрыс болған. Екеуi де намысшыл, өктемдiкке төзбейтiндер ғой. Есiңде ме, баяғыда Қостанайда ауыл шаруашылық жұмысында жүргенiмiзде бiздi қорлап, ұрып-соққан, ұлттық намысымызды таптаған орыстарға тойтарыс беруге Дәметкен мен Жүрсiн бастап шыққаны?.. Кiм бiлсiн, бастары бәлеге қалама деп жатқаным ғой… Мыналардың беттерi жаман, 7-8 қаладан арнайы дайындықтан өткен солдаттарды жеткiзiп жатыр. «Үндеместер» қаптап жүр. Олардың жастарды арандатуы әбден мүмкiн. Орынсыз шығын бола ма деп қорқамын. Өзiң де сақ бол. Қазiр ғана ауруханада жатқан милиционерлерге тамақ апарып келдiк. Бiр қызығы милиционерлер күнi кеше ғана баррикаданың екi жағында тұрған жастармен тамақтарын бөлiсiп жатқанына таңғалдым… Қайтейiк ендi, iш қазандай қайнайды. Миллиционердiң басым көпшiлiгi қазақтар ғой… Амалсыздан тұр бұл жерде, – деп ол асығыс екенiн айтып кетiп қалды.

Жалпы, сол бiр күндерi милиционерлер арнайы әскери топтармен қақтығысып қала жаздағанының да куәсi болдық. Жөн-жосықсыз жастарды сабап жатқандарға қазақ милиционерлерi араша түсiп, оларды жазадан құтқаруға ұмтылғанын да көрдiк. Ерекше айтатын бiр нәрсе – сол күндерi қыздардың намысқойлығы алаңға барған көптi таңғалдырды.

18 желтоқсан күнi түске таман мұздай қаруланған, үстерiне ұзын ақ тон киiп, тұла бойын пластмасс қалқанмен жапқан солдаттар алаңдағыларды резинка сойылдармен ұрып қуа бастады. Бiздiң жанымыздағы Фрунзе аудандық партия комитетiнiң нұсқаушысы: «Қашпаңдар, әйтпесе таяқ жеп қаламыз» дедi. Қарымызға байланған қызыл шүберектi түзетiп тұра бердiк. Тез-ақ алаңның опыр-топыры шықты. Шыңғырған дауыстар мен солдаттардың керзi етiктерiнiң тасыры… Құлаққа «Елiм-айға» басқан жастардың дауыстары талып естiледi. Алдымен қаша алмай қалған қыздар таяққа жығылды. Есiнен танып құлағандарды аяқтарынан сүйретiп, Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң ғимаратына тоғытып жатты. Ешкiмдi аяған жоқ, қазақ көрсе сабай бердi. Алаңның сыртында оқиғаны бақылап тұрғандар алаңдардағыдан он-жиырма есе көп болатын. Олар да таяқ жедi. Қарларына қызыл мата байлап алып: «Бiз үгiтшiлермiз» дегендердiң арасындағы қазақтар да таяққа жығылды. Бұдан кейiн бiз де тырағайлап қаша жөнелдiк. Резiңке сойыл бiзге де тие бастады. Солардың бiрi шымкенттiк журналист Слам Нұрмағанбетов болды. Оның басы жарылып, бетiн қан жауып кеткенде шарасыздықтан жарылып кете жаздадық. Шеткерек үйдiң тасасына келгенiмiзде бiр топ қыздар келiп бiзге тығылды. Бiрiнiң басы қанаған болса, кейбiреулерi ақсаңдап жүре алмайды. Аяп кеттiк. Төрехан Рәмбердиев боқтап жүр. Жерлесi Сламның басынан аққан қанды сүртiп, балағатын жалғастыра бердi. Әлден соң бiзбен бiрге қашып келе жатқан қыздарға жалт қарап: «Айналайындар-ай, сендер неге жүрсiңдер, өлiп қаласыңдар ғой. Мыналар ешкiмдi де аямайды» деп оларды қалқалай жүгiрдi. Тағы бiр тыныс алғанымызда: «Ағатайлар-ай, бiздiң жанымыз жiгiттерден артық па?! Ер-азамат болмаса мына дүние бос емес пе?!» – деген талдырмаш аққұба қыз ызадан жылап жiбердi.

Бiз «әзiрейілдерден» тағы қаштық…

Желтоқсан көтерiлiсiнiң тағылымы мол. Желтоқсан көтерiлiсiнен кейiн iле-шала демалысқа ауылға келгенiмде апам сол оқиға туралы тебiрене сөйлегенi әлi есiмде.

– Партияларыңнан таяқ жеп, жапа шеккендер көп болды ма? Кiм күштi болса, соның киiз қазығы жерге кiредi. Баяғыда осы ауылдың айналасын қоныстанған келiмсектер қолдарындағы мылтықтары мен қолдаушыларына сенiп, бiзге көрсетпеген қорлықты көрсеткен. Соларға бiр ғана азамат қарсы шығып, мерт болған. Оны өзге емес өз қандастары орыс мұжықтарынан қорқып ұстап берген. Радиодан естiп отырмын, өзiмiздi өзiмiз жамандап жатқандар көп. Ол жаман әдет… – Апамның сөзiмен iштей келiстiм. Бiрақ, ең бастысы сол кезде халқымыз сырттай бұғып қалғанымен iштей қайралды, шыңдалды, бұлқынған жүрек азаттыққа ұмтылды. Бұқпай, қазақтың қайсар мiнезiн көрсеткендер де болды. Оны сiз бен бiз жақсы бiлемiз. Желтоқсан ызғары басылған сайын «Мен Желтоқсан көтерiлiсi кезiнде былай деп айттым, мен iстедiм» дегендер көбейдi. Бiз оларша айта алмаймыз.Партияның қолбаласы ретiнде алаңда болдық. Өкiнiштiсi, тек сырттан бақылаушы ғана болып жүрдiк. Үгiт те, насихат та жүргiзбедiк. Бiрақ жастар орынсыз құрбан бола ма деп қорықтық. Ол орынсыз да емес едi. Жұбайым сол кезде Алматы Шет тiлдер институтында еңбек ететiн. Оның кабинетiн «үндеместер» студенттердi тергеу орнына айналдырған болатын. Сондықтан да ол партия жиналысында жастарды орынсыз жазғырып, қорқыту, бопсалау болып жатқанын ашық айтқан пiкiрi үшiн сөгiс алғанын, кейiнiрек қудалауға түскенiн отбасымыз ұмытпаймыз. Қонаевтың қызметiнен алынғанына қуанғандарды да, Колбиндi жерге сыйғызбай мақтағандарды да көрдiк. Ұлттық салт-санамызды орталық газеттер арқылы жамандағандар да, «оқу орындарында қазақтар, оның iшiнде оңтүстiктер көбейiп кеттi» дегендер де жер басып, тәуелсiздiк әкелген өмiрдiң рахатын көрiп жүр. Ал қиындықты мойнымен көтергендердiң арасында «мен iстедiм» демей, өмiрден өткендер де бар. Солардың бiрi – Жезқазған, Жамбыл облыстық партия комитеттерiнiң идеология жөнiндегi жиырма бес жыл хатшысы болған Жылқыбай Аралбаев. Оның ұлт мәселесi жөнiндегi кейбiр көзқарастарын ұлтшылдыққа балап, орталық газеттер жарыса жазып, күйе жағуға ұмтылды. Ол туралы «Правда» газетiнде «Ескi байланыстар» атты мақала жарияланып, оның «ұлтшылдық» көзқарасы «әшкерелендi». Жамбылға көшiп келген соң, Желтоқсан көтерiлiсiнен кейiн жазықсыз сотталған Асанбай Асқаровты құтқару комитетiн құрып, облыстық газетке сол кiсiнiң бастамасымен ақын Жақсылық Сәтiбековке азаматты ақтап мақала жаздырғанын бiреу бiлсе, бiреу бiлмейдi. Ол ел аналары мен аталарына айналған бiр топ жамбылдықтарды алға салып, Асанбай Асқаровты жабылған жаладан ақтап алу үшiн Алматы мен Бiшкекке әдiлдiк iздеп барды.

Сол бiр ызғарлы күндер алыстаған сайын, тәуелсiздiктiң туы желбiреген сәтте жаңаша ойлау, жаңаша ой қорыту қалыптасты. Шiркiн, Желтоқсан тағылымы бойымызға отансүйгiш, халқымызға өктемдiгiн жүргiзуге ұмтылған өзгеге кеудеңдi бас­тыр­мау қасиетiн құйса қандай ғажап болар едi!..

08.12.2011

Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ

Серіктес жаңалықтары