САЙЫН ДАЛАНЫҢ САЙЫПҚЫРАНДАРЫ

САЙЫН ДАЛАНЫҢ САЙЫПҚЫРАНДАРЫ

САЙЫН ДАЛАНЫҢ САЙЫПҚЫРАНДАРЫ
ашық дереккөзі
202

Карпат тауынан өр Алтайға дейiнгi кең байтақ даланы жайлаған, ежелден бiресе «түркiлер», бiресе «қыпшақтар» аталған ата-бабамыз өзге ұлттармен бiрге көне Шығыстың да назарынан тыс қалмаған. Оның iшiнде араб та, парсы да, үндi де, армян да, қытай да бар. Бүгiнгi айтарымыз – орта ғасырлық араб тарихшылары мен саяхатшыларының қазақтың ата-бабалары – түркiлер мен қыпшақтар туралы жазып кеткендерi. Әдiл де ақиқатты пiкiрлер жайында.

Дұрысында, араб орыс пен қытай сынды қазақтың іргелес көршісі емес. Сондықтан біздің дәуіріміздің жетінші ғасырына дейін бөлтек-бөлтек құмды мекендеген бәдәуилердің қияндағы Тұран ойпатындағы еркін тайпалардан бейхабар болғаны айдан анық. Тек 632–751 жылдар аралығындағы ұлы араб жорықтары кезінде ғана түркілер әлемімен бетпе-бет кездескен арабтар жаңа «таныстарына» айрықша көңіл бөліп, алғашқы деректерді қағаз бетіне түсіре бастады. Тіпті Алланың елшісі, Мұхаммед (с. ғ.с.) алысқа аттанған аттылы-түйелі араб сарбаздарына былай деген: «Сендер сонау Шығыста бітік көз, бір бейтаныс тайпаларға тап боласыңдар. Олар – ержүрек, қайсар жандар. Сондықтан найзаның ұшымен бағындыру мүмкін емес. Тек Аллаһтың ақиқат сөзімен ғана мойынұсындыруға болады». Міне, сол пайғамбарымыздың өсиетіне сай әрекет етудің нәтижесінде түркілер, кейін ұрпақтары – қыпшақтар мұсылман дінін қабылдай бастады. Түркілердің тағы бір бұтағы – оғыздар (бүгінгі түрік, түрікпен, әзірбайжанның ата-бабалары) басқалардан бұрын сәждеге бас ұрып, Кіші Азияға қоныс аударған-ды…

…Арабтың атақты жазушысы әл – Жаһиз (755–868) былай деп жазыпты: «Түркілер адал. Оларда көңілге қонымсыз пікірлер, шектен тыс жаулық ойлар жоқ. Сымбатты денелері мен дауыстары секілді сөйлеген сөздері де әдемі естіледі. Түркілер жалтақтауды, жалынуды, жылтыр сөзді, опасыздық, сатқындықты, өтірік айтуды, сенген адамдарына тәкаппарлық көрсету мен жамандық жасауды, арам ойларды білмейді. Арам пиғылдан туатын мүмкіндіктерді де өз пайдасына бұруды намыс санайды (!). Өздері де, сөздері де келісті. Араларында бір-біріне жала жабу әсте болмайды. Олар отансүйгіштікті бәрінен де жоғары қояды».

Сонымен арабтар өткен мыңжылдық­тың VII–XV ғасырлары арасында қыпшақ даласында біресе барлаушы, біресе көпес, біресе саяхатшы ретінде болып, соңына туған жердің тарихы туралы телегей-теңіз деректер қалдырған. XIX ғасырда сол мол мұраның белгілі бір бөлігін ұлты неміс, Ресей тарихшысы В. Тизенгаузен ерінбей-жалықпай жинап, екі томдық еңбек шығарды. Аталған деректер 1226–1502 жылдар аралығындағы қазақ даласы мен Орталық Азия туралы жазылған араб жылнамаларын қамтиды. Екі томдық 1884 жылы жарық көрген. Аса құнды еңбек шығар-шықпастан, ғылыми талас туып, шырқау шегіне жетті. Тизенгаузеннің бар «айыбы»– араб деректеріне сүйене отырып, Алтын Орданың ешқандай «моңғол» емес, нағыз қыпшақ мемлекеті екенін, ондағы өркениеттің Батыс Еуропа мен Византия­дан асып түспесе, кем болмағандығын дәлелдеуі еді. Мұның өзі империялық пиғылдағы солтүстіктегі кейбір ғалым­дардың өршеленген қарсылығын туғызды. Шовинистер үшін түркілердің, соның ішінде қазақтың өркениетті мемлекеті туралы ауызға алудың өзі күнә еді. Ғасырлар бойы қазақ ұлты екі бүйірдегі көршілер үшін төл жылнамаларында жа­зылғанындай: «лас қыпшақтар» және «жа­байы түркілер» болып келді ғой. Әлі де сондай мысық тілеулілер аз емес…

…1944 жылы Тизенгаузеннің осы кітабы Сталиннің тікелей нұсқауы бойынша құртылып, оны сөз етуге қатаң тыйым салынды. Алайда ақиқаттың жолы қаншалықты ауыр болса да, түпкілікті жеңіс шындықта. Отанымыздың бел­гілі ғалымдары Б. Көмеков және А. Мүмі­новтердің басшылық етуімен 2005 жылы Тизенгаузеннің еңбегі «История Казахстана в арабских источниках» деген атаумен жарық көрді. Ұлы немістің кітабы осылайша орыс тілінде қазақ оқырманына да жол тартты. Келешекте қазақша нұсқасын да көрерміз. Біз атақты ғалымның неміс ұлтына тән ұқыптылықпен арабша жазылған түпнұсқасы қоса берілген сол кітаптан алынған шағын үзінділерді оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. Әрине, дереккөздің көптігінен бәрін бірдей ұсыну мүмкін емес.Аш-Шамдағы (Сирия) Мысыр сұлтанының хатшысы болған Ибн Фадлаллах әл-Омари (туылған жылы белгісіз –1349) қыпшақтар туралы былай деп жазған: «Бұрын ол «Дашт-Қыпшақ» (Қыпшақ даласы) деп аталған еді. Оны кейін татарлар (моңғолдар) жаулап алды. Олардың жергілікті халықпен мидай араласып кеткені соншалық, қазір сыртқы түрінен айыру қиын». Өзінің жылнамасында араб ғұламасы қыпшақтардағы малдың көптігі мен еттің молдығын таңдана жазады. Алтын Орда мемлекетінің қыпшақтардікі екенін көрсете келіп, оның байлығы мен қуаттылығын баса айтады. Біздіңше, жылнамашы қыпшақ жеріне аяқ басып көрмесе де, араб көпестері мен саяхатшыларынан естігенін ештеңе қоспай-ақ, оқырман назарына ұсынады. Мұны жоғарыда аталған кітаптың 170–171 беттерінен оқуға болады. Оның замандасы, қыпшақ даласын жылдар бойы аралаған, арабтың ұлы саяхатшысы Әбу Мұхаммад Ибн Баттутаның (1403–1477) жазбаларында Алтын Орда мемлекеті мен қыпшақтардың өмірі мен салт-дәстүрі жөнін де кең көлемді деректер бар. «Қыпшақ даласы – гүл жайнаған жап-жасыл. Онда ағаш та, тау да, төбе де жоқ, – депті сапарнамасында арабтың ұлы саяхатшысы, – Сондықтан олар «те зек» деп аталатын малдың қиын отқа жағады». Әрі қарай саяхатшы Алтын Орда хандарының, Сарай, Қажытархан (бүгінгі Астрахань) қалаларының сән-салтанатын тамсана жазыпты:«Қыпшақтар ат не түйеге жегілген төрт аяқты арбаны «араба» дейді. … Қыпшақтар – мықты, күшті және дені сау халық… Олар жылқы етін көп жейді… Қыпшақтар исламның ханафият бағытында… Бір қыпшақтың мыңдаған жылқысы бар… Оларда мал көп, сондықтан бақташысы да, күзетшісі де жоқ. Өйткені олар ұрлық жасағанды қатаң жазалайды… Бұл түркілер нан немесе өзге тығыз тамақ жемейді. Тарыдан сусын пісіреді. Ол «дуки» (тары көже) деп аталады… Олар «кимизз» деп аталатын жылқы сүтін ішеді…» («Қазақстан тарихы араб дереккөздерінде» Алматы. 2005 жыл.

208,209,211,212,214,216 беттер). Міне, осы үзік-үзік деректердің өзінен-ақ, ата-бабамыздың сол замандағы тұрмысынан айтарлықтай мағлұмат аларың анық. Ал жалпы толық мәтінін оқысаңыз, бұдан да көбірек білуге мүмкіндік бар.

Енді мынадай сұрақ туады: араб жылнамаларының ақиқатқа сәйкестігі қандай? Бұған орыс ғалымы мен тарихшысы Бартольдтың пайымдауымен жауап қайтарайық: «Әлемдік тарихи шежірелердің ішінде араб жылна­машыларының жазғандары көңілімде күдік тудырмайды. Себебі олар ислам дінінің қағидаларына сай қашанда шын­дықтан алшақтамауға күш салған». Тағы бір дәлеліміз, орта ғасырлық талай араб жылнамашылары еңбектерін көбіне былай аяқтайды екен: «Біздің бар көрген-білген, естігеніміз осы. Арғы жағы бір Аллаһқа аян…».

08.12.2011

Серiк ЫҚСАНҒАЛИ

Серіктес жаңалықтары