АЛАҚАНЫНАН ҰН ИСІ АҢҚИТЫН

АЛАҚАНЫНАН ҰН ИСІ АҢҚИТЫН

АЛАҚАНЫНАН ҰН ИСІ АҢҚИТЫН
ашық дереккөзі

1927 жылдың күзі суық болды. Елде «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен байларды тәркілеу науқаны қызу жүріп жатқан. Ауылдың шолақ белсенділері орта шаруа Кеделбайұлы Ысқақты да байлар тізіміне қосып, қолындағы бар малын тартып алды. Онымен де қоймай қудалай берген соң Ысқақ қария әйелі Шәрипаны, ұлдары Төкен, Жүнісбек, Арыстанбекті соңына ертіп, Оңтүстік өңіріне қоныс аударды. Бірнеше күн жол жүріп, Түркістан қаласының жанындағы Төрткүл елді мекеніне табан тірейді. Ұлдары ер жетіп, шаруашылыққа араласып, азын-аулақ мал басын құрап, етек-жеңін жиған. Ортаншысы Жүнісбектің техникаға икемі бар еді. 1937 жылы шаруашылық басшылары жас жігітке трактор беріп, мақта егісіне салады. Ол еңбек еткен бригада жылдық жоспарын асыра орындап жүрді. Бертінде Жүзімдіктен Машина-трактор стансасы (МТС) ашылып, сонда жұмысқа шақырылды. 1940 жылы МТС басшылары Жүнісбекті озат механизатор ретінде Мәскеудегі Бүкілодақтық ауылшаруашылық жетістіктері көрмесіне жіберген. Көрмедегі жиында Коммунистік партияның белді басшыларының бірі Калинин сөз сөйлеп, озаттарды еңбек жеңістерімен құттықтап, алғысын білдіреді. Шақырылғандарға Көрме комитетінің арнайы медалі мен КСРО-ның Жер жөніндегі комиссары Бенедиковтің «Мақтау грамотасын» табыс етті. Онда: «..Сіз ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің озаты бола отырып, сіздің еңбектегі тәжірибеңіз бен жаңа тәсілдеріңіз колхозшылардың игілігіне айналуы керек. Ал сіздің еңбектегі жетістіктеріңіз алдағы уақытта бұдан да зор болатынына біз сенеміз» деп жазылған. Елге оралған соң, МТС еңбеккерлері арнайы кездесу ұйымдастырып, Жүнісбек көргендері мен ойға түйгендерін ортаға салды. Алайда ел ішіндегі тыныштық ұзаққа созылмады. Герман фашистері Кеңестер Одағына шабуыл жасап, ел іші аласапыран күй кешті.

Соғыстың күйіп тұрған кезі. Шаян аудандық әскери комиссариаты адамдарды күн сайын майданға аттандырып жатты. Жүзімдік бөлімшесінен де шақырылғандар саны аз емес. Айналдырған екі-үш айдың ішінде ауылдағы ер азаматтар саны күрт азайып кеткен шақ. Комиссариаттың шақыру қағазы механизатор Ысқақов Жүнісбектің де қолына тиген. Әкесі Ысқақ: «Шырағым, ел қорғауға аттанып бара жатырсың. Құдайдан жауды жеңіп, елге аман-есен оралуыңды тілеймін»,– деп ақ батасын беріп, шығарып салған еді. Ертеңіне арбамен аудан орталығы Шаянға жеткен. Комиссар оның құжаттарын мұқият қарап шықты да: «Жолдас Ысқақов, озат механизатор екенсің. Жаумен тылда да күресе беруіміз керек. Майдандағы жауынгерлерге астық қажет. Ал ауданда механизаторлар жетіспейді. Сізді уақытша еңбек майданына қалдырамын»,– деп қолына бронь ұстатқан. Ол ауылға қайта оралды.

Сол кездегі ауылшаруашылық техникалары бүгінгідей жан-жақты жетілдірілген емес еді. Үш темір доңғалақты «ХТЗ» тракторының үсті ашық. Егістік жерінің ана басына соқамен жер жыртып барғанша мотордағы суы қайнап, әбден әбігерге салатын. Мотордан ақау шыққан кездегі жөндеу жұмыстарын айтсайшы. Ертеңге қалдырып, арқа-басты кеңге салып көр. Онда күндік жоспар орындалмай, айқай астында қалдым дей бер. Қанша шаршап-шалдықса да Ай жарығымен түн жарымына дейін жөндеп, танап басында екі-үш сағат қана көз шырымын алып, таң сәрісінен іске кірісіп кетеді. Жүнісбектің мұндай мазасыз күндері аз болған жоқ. Солай күндік нормасын асыра орындап жүрді. Көктемде дән сеуіп, күзде мол астықты майданға жіберумен болды. Алайда механизаторлар күші жетіспей жатты. Мектеп оқушыларына механизатор мамандығы бойынша қосымша сабақ өтті. Солардың арасынан Досаева Гүлзада жеті жылдық мектепті бітірісімен трактор руліне отырды. Екі жыл Жүнісбекпен қанаттаса жүріп, тынымсыз еңбек етті. Олар 1943 жылы көңіл жарастырып, бірге отау тікті.

Көптен күткен жеңіс те жетті. Ысқақов Жүнісбек 1946 жылы Ұлы Отан соғысы мен 1941–1945 жылдары «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен наградталды. Сол жылы Жүзімдік ауылдық Советіне, келер жылы Шаян аудандық Советіне депутат болып сайланды. Бұл құрметтер оның жігерін тасытып, еңбек өнімділігін жыл сайын еселей түсті. Елуінші жылдардың бел ортасында Қазақ ССР Жоғарғы Советінің «Мақтау грамотасымен» наградталды. Ал 1957 жылы МТС басшылары оған Мәскеудегі Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесіне екінші рет жолдама берді. Әйелі Гүлзада: «Жүнісбек Мәскеуден ауыл балаларына базарлық ретінде үш кенеп қап балалар калготкиін алып келіпті. Ондай киімдер біздің ауылда қайдан болсын. Үйіміз бір апта бойына келім-кетім жандардан үзілген жоқ. Олар Жүнісбектен Мәскеуде көрген-білгендерін сұрайды. Кетерлерінде әлгі балалар киімін қолдарына ұстатып жібереміз. Сондағы балалардың қуанышын айтсайшы. Ауыл тұрғындары дән риза»,– дейді.

Сол жылы ауылға электр жарығын беретін үлкен мотор әкелінген. МТС басшылары оны кімге тапсыру керектігін ұзақ кеңесе келіп: «Осы ауылда Жүнісбектен асқан өз ісіне тыңғылықты жан жоқ. Қандай істі де аса жауапкершілікпен атқарады. Моторды соған тапсырайық» деп бір ауыздан бәтуа жасады. Сол уақытқа дейін білтелі шаммен отырған ауыл тұрғындары көп кешікпей электр жарығын пайдаланып, қуанышқа бөленді.

Жүнісбек кешкі алакеуімде моторға от беріп, электр шамын жағады да түнгі сағат он екіде өшіреді. Ауылда шешілмей келе жатқан мәселенің бірі ұн еді. Облыс орталығынан ұн дер кезінде жеткізіле бермейді. Жұрт ұзақ күтіп қалатын. Келер жылы ауыл басшылары да облыс орталығынан электр диірменін алдырып, бұл мәселе де шешілді. Олар диірменші жұмысын Жүнісбекке қосып берді. Ауыл тұрғындары енді қолда бар бидайын Жүнісбекке тарттырып, бұрынғыдай ұннан тарықпайтын болды. Кейіндеу көрші ауылдардың тұрғындары да келіп, астықтарын тарттырып алып жатты. Оған деген жұрттың алғысы шексіз. Арада үш жыл өткен соң ауылға жоғары кернеулі электр желісі тартылды. Жүнісбек пен Гүлзада отбасында үш ұл, алты қыз баланы тәрбиелеп өсірді. Гүлзада қазір сексеннің бел ортасында. Ал Жүнісбек Ысқақов 1973 жылы 28 қарашада дүниеден өтті. Ауыл тұрғындары күні бүгінге дейін ел үшін еңбек еткен жанды құрметпен еске алып, жақсы лебіздерін білдіруде. Ал әкенің адалдығын үлгі тұтқан ұл-қыздары тәуелсіз еліміз үшін әр салада еңбек етуде.

08.12.2011

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ