ТҰЙЫҚТАН ШЫҒАР ЖОЛ ҚАЙСЫ?..

ТҰЙЫҚТАН ШЫҒАР ЖОЛ ҚАЙСЫ?..

ТҰЙЫҚТАН ШЫҒАР ЖОЛ ҚАЙСЫ?..
ашық дереккөзі
603

Маңғыстау мұнайшылары былтыр бір көтеріліп басылып еді. Биыл 16 мамырдан бері тағы да мазасыз күй кешуде. Мәселенің мәні еңбек дауында болып тұр. Оны «Қаражамбасмұнай» АҚ бастап, бірнеше күннен соң оларды «Өзенмұнайгаз» ӨФ жұмысшылары қолдап шыға келді. Әрине жаппай емес. Өндірістік филиалға қызмет көрсететін мердігерлік компаниялардың көлік жүргізушілері ереуілге шыққан. Бұл ұзаққа созылған наразылық акциясы мұнай компаниясын бірнеше миллиондаған теңге шығынға батырды. Жұмыс берушілердің өкілдері ереуілдің заңсыз екенін қаншама рет түсіндіріп бақса да, жұмысшылар райынан қайтар емес. Шыдамы таусылған компания басшылары амалсыздан соңғы шешімге баруға мәжбүр болып, «еңбек заңын бұзды» деген анықтамамен 1500 ге жуық жұмысшыны босатқан. «Олардың орындарына жергілікті жерден жаңа жұмысшылар қабылдадық», – дейді өндірістік филиалдың басшылары. Сол кезде шатқаяқтаған кен орындарындағы өндіріс үдерісі бұл күндері қалыбына келген.

Қазір Жаңаөзен қаласының орталық алаңынан бірнеше топтасқан жандарды көресіз.

Бұлар «Өзенмұнайгаз» ӨФ бұрынғы жұмысшылары. Олар жұмыстан «заңсыз қуылдық» деп, наразылықтарын билікке осылай ереуілдеумен білдіруде. Бұл көңілсіз көрініске қала халқының да еттері үйреніп қалған секілді. Алайда «тас түскен жеріне ауырлық етеді» емес пе. Олардың ереуілі жергілікті биліктің бүйіріне шаншудай қадалып, тұйықтан шығар жол іздеп әлек. Жұмыстан шығарылғандар мен жұмыс берушілер арасындағы қиын әрі түйінді мәселелерді шешіп, үзілген жіпті қайта жалғау үшін бірнеше қадамдар жасап бағуда. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, «Нұр Отан» ХДП өкілдері және әртүрлі деңгейдегі парламентерлар «Өзенмұнайгаз» ӨФ жұмыстан шығарылған жандармен келісімге келу жағын қарастырған. Ауыл ақсақалдары мен жастар ұйымының белсенділері де қарап қалған жоқ. Оларға мәмілеге келіп, жұмыс орындарына шығуға үгіттеп-ақ баққан. Өкінішке қарай, жұмыстан шығып қалғандар олардың қай-қайсысына да құлақ аспай, өз талаптарын алға тартып отыр.

Жұмыстан шығарылғандардың бес талабы бар.

1.«Өзенмұнайгаз» ӨФ ұжымдық келі­сіміне ҚР Үкіметінің № 1002 қаулысымен 01.01.2009 енгізілген салалық коэффициентті 1,8 ге жоғарылату бойынша жеке еңбек шартымен нақты енгізу.

2. 1,7 аймақтық коэффициентті жеке еңбек шартына енгізу.

3. «Өзенмұнайгаз» ӨФ жұмысшыларының еңбекақы ережесін, еңбекақыны салалық 1,8 коэффициентпен және аймақтық коэффициентпен көтеруді есепке ала отырып, ұжымдық шартты жасау және бекіту.

4. Жұмыстан шығарылғандар «Өзен­мұнайгаз» ӨФ директоры Киікбай Ешма­новты қызметінен алуды ұсынамыз.

5. Мәжбүрлі жұмыс істемеген уақытқа ақшалай төлемақы беріліп, бұрынғы жұмыс орындарына қайта қабылдау.

Ереуілшілердің мүддесін қорғаушы жақ кімдермен кездессе де осы бес мәселені қарауды алға қоюда. Ең басты талаптары жұмыстан шығарылғандарды бұрынғы жұмыс орындарына қайта орналастырып, салалық 1,8 коэффициентін еңбекақы жүйесіне кіргізу.

Осы уақытқа дейін ереуілшілер билік және қоғамдық бірлестіктер тарапынан мәмілеге шақырған ара ағайындарға сенімсіздік көрсеткеннен кейін шиеленіскен түйінді мәселені шешуге бұл салаға мүлдем қатысы жоқ, бейтарап адамдар да тартылды. Атап айтсақ, халықаралық «Түркістан» газетінің бас редакторы Шамшиддин Паттеев осыдан біраз уақыт бұрын Жаңаөзенге ат басын бұрып, алаңдағы ереуілшілердің жоғарыдағы талаптарымен танысты. Ол Алматыға оралған соң білікті, тәуелсіз заңгерлерден жұмысқа шықпағаны үшін жұмыс орындарынан айрылғандардың заңдық тұрғыда мәселесін анықтап беруін өтінген.

Өткен қараша айында, 14-і күні жұ­мыс­тан шығарылғандардың мүддесін қор­ғаушылармен тиісті министрліктің, жұмыс берушілердің және жоғары заң қорғау органының, жергілікті билік өкілдерінің кездесуі болды. Оған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов, Республика Бас прокуратурасының өкілі Ғазиз Едігеев, «Қазмұнайгаз» БӨ» АҚ бас директорының орынбасары Владимир Мирошников Жаңаөзенге келді. Сондай-ақ, бұл кездесуге «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының экономика істері жөніндегі меңгерушісі Марат Орынбаев, жергілікті атқарушы билік тарапынан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Амангелді Айтқұлов, Жаңаөзен қаласының әкімі Орақ Сарбөпеев және мүдделі облыстық құрылымдардың жауапты қызметкерлері қатысты. Мұнда ара ағайындық соттың рөлін Еңбек министрлігі, Бас прокуратура өкілдері мен алаңға жиналған «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының жұмыстан шығарылған жиырмаға жуық адамының кездесуін ұйымдастырған «Түркістан» газетінің бас редакторы Шамшиддин Паттеев атқарды.

Кездесу бірнеше сағатқа созылған. Жұ­мыстан шығарылғандар «Өзенмұнайгаз» ӨФ бұрынғы жұмысшылары өздерін жұмысқа қайта алуды, сонымен бірге 1,7 және 1,8 с170 270 алалық коэффициенттерді қосу арқылы еңбекақыларын көтеруді талап етті. Олар үшін айына 170 мыңнан 270 мың теңгеге дейін еңбекақы төленетін арнайы ашылған жұмыс орнынан «Кезби» ЖШС мердігерлік ұйымның жұмысшылары бас тартқан. Біржан Нұрымбетовтің еңбекақылары коэффициенттер қосылу арқылы көбейетіні жөніндегі түсіндірулерін бұрынғы жұмысшылар қаперлеріне де алмады. Жұмыс берушілер олардың орындарына осы жаңаөзендік басқа жұмысшыларды қабылдағандарын ашып айтты. Алайда жұмыстан шығарылғандар райларынан қайтпай, өздерінің талаптарын орындатқысы келіп: «Жаңадан жұмысқа алынғандарды шығарып, бізді қайта өз жұмыс орындарымызға алсын», – деумен болды. Мәселенің тұйыққа тірелгенін сезген олар барлық қат-қабат проблемаларды бірден көтеріп, әр жәйдің басын бір шалып жатты. Келіссөз соңында өздерінің сенім көрсеткен сарапшыларын, заңгерлерін және экономистерін келесі кездесуге шақыруды ұсынды. Әкімшілік бұл талаптарын да қабыл алып, олардың сенімді мамандарымен тағы да кезекті кездесулер ұйымдастырды.

Бұл кездесу қарашаның 23 және 24 күндері өтті. Жұмыстан шығарылғандардың мүддесін қорғау үшін Алматыдан Жұмысшылар және жұмыссыздар кеңесінің төрағасы Серік Сапарғали және Қазақстан еркін кәсіподақ конфедерациясының президенті Сергей Белкин келді. Олармен жоғарыда аталынған шенеуніктер және жұмыс беруші компанияның топ-менеджерлері бір стол басына отырды. Кездесу барысында әлгі бес талапты тағы талдаған. Екі жақ пікірталас кезінде жұмыс берушіден ұжымдық келісім-шарт, оның бүге-шігесі талқыланған жиынның хаттамасы, сонымен қатар 2010 жылы 26 мамырдағы кәсіподақтың кезектен тыс өткен конференциясының хаттамасын қоса алғызылып, барлық мәселе ашық пікірталас ретінде қаралды. Екі жақ өз пікірлерін ортаға бүкпесіз салған. Соның тоғызы қорытынды хаттамаға кіргізілді. Мұнайгаз кәсіпорындарындағы еңбекақы жүйесін жетілдіру және еңбек заңдылықтарын сақтау мәселесін салалық комиссияның қарауына беру ұсынылды. Өкініштісі сол, екі жақтың еңбек дауын талқылауы екі күн, он сағатқа созылса да ешқандай нәтиже берген жоқ.

Жұмыс берушілер ұжымдық шарт­қа өзгеріс енгізу үдерісі тек еңбек заңдылық­тарына сәйкес жасалатынын қаншама рет айтса да, қарсы жақ бес талаптарынан табандап қайтпай қойды. Дау-дамайға қатысты әңгіменің төркіні мынада. Жұмысшыларға еңбекақы төлеуде қарастырылған ауыр әрі денсаулыққа зиянды жұмыс істейтіндерге берілетін салалық 1,8 көтерме коэффициенті «Өзенмұнайгаз» ӨФ өндірісінденгі қауіпті жағдайда еңбек ететін барлық жұмысшыларға тиесілі. Жұмыс берушілер келісім-шарттың 6 бөлімінде жазылған аймақтық 1,7 коэффициентін осы күнге дейін компанияның қаржысынан төлеуді жүзеге асыру үстінде. Бұл жұмыс берушіге заңмен белгіленген міндеттеме емес, өз еріктерімен жасалған шара. Мұны талап қоюшылардың өздері де жақсы түсініп отыр.

Кездесуде «Қазмұнайгаз» БӨ» Акцио­нерлік қоғамының, «Өзенмұнайгаз» ӨФ қызмет ететін мердігерлік және сервистік ұйымдардың қосымша тапсырыстарын қабылдағандығы жөніндегі шешімі туралы хабарланды. Бұл шешім бойынша «Кезби» ЖШС мердігерлік ұйымында алғашқы кезеңде, айлық жалақысы 170 мыңнан 270 мыңға дейін баратын 230 тұрақты жұмыс орны ашылды. «Қазмұнайгаз» БӨ» АҚ бас директорының орынбасары Владимир Мирошниковтың айтуынша, кемі бес жылдық мерзіммен жұмыспен қамтамасыз ету туралы «Қазмұнайгаз» БӨ» АҚ мен «Кезби» ЖШС арасындағы хаттама қол қойылуға дайын тұрған көрінеді.

Билік жағындағылар жиында «Өзен­мұнайгаз» ӨФ жұмыстан шыға­рылғандарға, бұрынғы жұмыс орындарына қайтып бару мәселесі жөнінде сотқа дейінгі органдарға арыздану құқықтарын пайдалануға кеңес берді. Соның өзінде «Өзенмұнайгаз» ӨФ жұмыстан шығарылғандар өндірістік филиал мамандарының және жиынға сарапшы ретінде қатысқан басқа да мамандардың түсіндіргендеріне, айтқан пікірлеріне құлақ аспай, күн тәртібіндегі көтерілген талаптардың заңды емес екендігі туралы келтірген дәйектерді қабылдағысы келмеді. Солай бұл жиындардың қортынды хаттамасына қол қоюдан бас тартты. Ал олардың арнайы шақыруымен келген сарапшылар Серік Сапарғали мен Сергей Белкин де қол қоймады. Бірақ екеуі де мемлекеттік органдар өкілдерінің пікірлерімен, соның ішінде коэффициентке қатысты пікірлермен де келісетіндігі туралы түсініктеме жазды.

Сонымен бұл келіссөзден де нәтиже шыққан жоқ. Жұмыстан шығарылғандардың арасынан тек алты-жеті адам ғана «Кезби» ЖШС жұмысқа баруға келісімдерін берді. Ал қалғандары талаптары орындалмайынша ереуілдерін жалғастыра беретін сыңай танытуда. Осыған дейін олардың талаптарына елдің ең құзырлы әрі білікті шенеуніктері жауап берді. Сарапшылар болса, солардың пікірлерімен келісіп отыр. Алайда шағымданушылар өз дегендерінен қайтпайтын тәрізді. Қыс­қасы, салалық коэффициенттердің айлық еңбекақыларына қосылғандарына күмәндері бар. «Біздің қойып отырған талаптарымыз оңынан шешілгенше, қала алаңында осылай тұра береміз», – дейді олар. Бір қызығы, олар тек өздерін жақтайтындарды ғана тыңдайды екен. Ал кімде-кім олардың талаптары заңға сыймайтынын, тіптен қисынсыз екенін түсіндіргісі келсе, бірден «жау» санап шыға келеді. Қазір барлық қолдан келген мүмкіндіктерін қарастырған жергілікті атқару билігінің де амал-шарғысы таусылған. Қала әкімдігі: «Біз қолдан келгеннің бәрін жасадық. Оларға жаңа жұмыс орнын тауып беру жөнінде Ұлттық мұнай компаниясының басшыларымен де сөйлесіп жатырмыз. Көрші облыстан жаңа жұмыс орындары ашылды. Біз басқа саладан жұмыс ұсынып та көрдік. Астанадан жауапты адамдарды шақырдық. Оларға күші бар Заңда кері бағыт болмайтынын, заң бойынша шығарылған жұмысшыларды бұрынғы жұмыс орнына қайта алмайтындығын түсіндірдік. Сондықтан бұл мәселе тек құқық шеңберінде шешілуі тиіс» – деп мәлімдеді.

Әзірге Жаңаөзендегі жұмыстан шығарыл­ғандардың жағдайы осы. Қолданыстағы күші бар заңды мойындамай, тек өздерінің талаптарын орындату үшін ереуілдерін жалғастыра бергендері ешқандай заңға сыймайтынын қаншама заңгерлер түсіндіріп бақты. Алайда тыңдар түрлері жоқ. Өкінішті. Міне, қылышын сүйретіп қыс та келді. Жаз бен күз жылуын беріп ереуілшілерге қарасса да, қыстың қақаған аязы ондай қайырым көрсете қоймас.

08.12.2011

К. СҮЛГЕТАЕВ

Серіктес жаңалықтары