МӘУЕЛІ БӘЙТЕРЕК

МӘУЕЛІ БӘЙТЕРЕК

МӘУЕЛІ БӘЙТЕРЕК
ашық дереккөзі
356

«Жер-Ана – адамзат бесiгi, бесiкте ешкiм қалмайды. Адам баласы жерден ұзап, өзге аспан денелерiне, жұлдыздарға да жетедi», – деп едi бiр кезде К. Циалковский. Шынында да, адам мүмкiншiлiгiнде шек жоқ қой! Оның iшiнде, әсiресе ғалымдардың жөнi бөлек.

Ел тәуелсіздігінің туын көтерушілер мен идеологтардың қатарында Ұлттық ғылым академиясының президенті, химия ғылымдарының докторы, профессор, академик Мұрат Жұрынов та бар. Ол бүгінде мерейлі жетпіс жасқа келіп отыр. Осы орайда, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, өмірі мен кәсібі ұлт тағдырымен қоса қабысқан айтулы тұлғаның азаматтық болмысы турасында тілге тиек еткенді абзал санадық. «Болар бала он бесінде баспын дер», – деген ұлағатты нақылдың қазақ жадында жатталып келе жатқанына да талай ғасыр өткен де болар. Бүгін еккен талшыбықты дұрыстап күтіп, мәпелесең, ол ертеңгі мәуелі бәйтерек. Бұл да өмірде дәлелденген шындық. Адам баласы да сол талшыбық секілді, күтсең, тәрбиелесең таудай болып өсіп, туған елінің тұлғалы азаматы болып шығады. Міне, сондай атпал азаматтың бірі әрі бірегейі – Мұрат Жұрынұлы Жұрынов та жастайынан ғылым-білімге деген зеректігінің арқасында талай асудан асты. Жері шұрайлы, халқы қонақжай Оңтүстік өңірдің Арыс стансасында дүниеге келген бала Мұраттың дәл бүгінгі толағай жетістікке жетуіне әуелі әке-шешесі көп септігін тигізсе керек. Есін біліп, оң мен солды айыра білген Мұрат әкесінен өжеттікті, батылдықты үйренгенін мақтанышпен айтады. «Әкемнен алған мол тәлім-тәрбие арқылы білім алуға талпынып, өмірді жаңаша қырынан тануға ұмтылдым», – дейді бүгінде жетпістің желкесіне шыққан академик. Қазақ химия-технологиялық институтын (қазіргі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті) тәмамдаған кезде-ақ электрохимия саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шындап айналыса бастаған Мұрат Жұрынұлының ғылымға икемділігін қалтқысыз аңғарған оның ұстазы, профессор Равиль Вахидов еді. Ол Мұрат Жұрынұлының болашағын дөп басып, алысқа жол сілтеді. Ұстазы туралы Мұрат Жұрынұлының өзі де жиі ауызға алып, ол кісінің алдында мәңгілік борыштармын деп санайды. Өйткені ол сол кезде қазақ баласының аяғы жете бермейтін Мәскеудегі Д. И. Менделеев атындағы химия-технология институтының аспирантурасында оқып, нағыз ізденіске толы ғылымның сара жолына түсті. Оның электрохимиялық әдіспен биологиялық активті заттарды синтездеу ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізгені мәлім. Бұл сол кездегі Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі экологиялық мәселенің бірі – Шымкент, Жамбыл қалаларында орналасқан фосфор зауыттарының зиянды қалдықтары-фосфор шламы және феррофосфор қосылыстарының түзілуі еді. Құрамында өте улы элементті фосфор бар фосфор шламы қоршаған ортаға кері әсерін тигізе бастады. Тіпті Шымкент, Жамбыл төңірегіндегі төрт түлік малдың азу тістері өсіп кетіп, шөпті шайнай алмай, аштан өліп жатқан кезде фосфор шламындағы элементті фосфор және одан басқа түйіршік зарядтарының әртүрлі болатындығын ғылыми-зерттеу жұмыстары негізінде анықтай отырып, зиянды қосылыстан таза фосфорды бөліп алудың ыңғайлы қарапайым электрофорез әдісін ұсынған-ды. М. Жұрыновтың басшылығымен жүр­гізілген ғылыми жұмыстар негізінде ұсынылған теориялық тұжырымдар, тек республикамызда ғана емес, бүкіл Одаққа, тіпті, шетелдерге де мәлім бола бастады. Оның жаңалығы Кеңес одағының авторлық куәлігі негізінде дәлелденді. Осындай ғылыми-зерттеу жұмыстары негізінде жасалған жаңа технология өндіріске енгізіліп, миллиондаған сом таза экономикалық пайда әкелген болатын.Академик Мұрат Жұрынов электро­химиялық технология және экология саласында республикадағы бірден-бір жетекші ғалым болып саналады. Ол ғылым әлемінде жаңа дәрі-дәрмектер жасаудың әдістері, фосфорлық өндірістің қалдықтарын қайта өңдеу, металл ұнтақтарын алу жөніндегі еңбектерімен танымал. Ғылыми мазмұн өрбілген 17 монография мен 700 ге жуық ғылыми еңбектің авторы, 120 дан астам авторлық куәліктер мен патенттердің иесі. Айта кету керек, бұл ғылыми жобалардың өндіріске енгізілуі халық шаруашылығы үшін аса тиімді екенін көрсетті. М. Жұрынов ғылым жолында өзін жолы болғыш бақытты жандардың бірінен санайды. Академик қазіргі таңда Қазақстанның түрлі жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында қызмет істеп жүрген талантты ғалымдардың үлкен тобын тәрбиеледі. Отызға жуық ғылым кандидатына ғылыми жетекшілік жасап, олардың арасынан ерекше таланттары докторлық диссертацияларын өз жетекшілігімен сәтті қорғап, әлі күнге ізінен ертіп келеді. «Кеңес Одағы кезінде Қазақстан ғы­лым академиясы Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында болатын. Академия мұндай жетістікке қоластындағы 45 ғылыми-зерттеу институтының арқасында жетті. Сонау 1946 жылдан бері 8 журнал шығарып, оны 73 мемлекетке тарататын мекеменің жұмысын сырт көз де біле бастады. Қазақстанда ондай беделі бар ғылыми журнал жоқ. Қазір кім журнал шығармай жатыр? Бірақ ағылшын, француз тілінде жарияланып, соншама елге тарайтын, оның ішінде Америка Конгрессінің Ұлттық, Англия Корольдігінің кітапханалары алатын журналды қайдан табасыз. Біз оған Кеңес одағы кезінде қол жеткіздік. Енді бір ізге түскен, дайын нәрседен айрылып қалуымыз жарамас. Сондықтан осы мәселені қолдап, ары қарай жалғастыруымыз керек. Сондай-ақ, ұлттық баяндама Президент үшін дайындалады. Оны ғылымның барлық саласынан дайындайтын тек қана біздің академия. Басқа академиялар оны жасай алмайды, өйткені олардың біреуі экономика, біреуі жаратылыстану саласы ғана бойынша, ал біз сияқты әмбебап классикалық академия жоқ», – дейді академик өткенге көз жүгіртіп. Әрине, Қазақстан ғылымының нәти­желеріне басқа мемлекеттер де оң көзқарас танытты. Оған КСРО ыдырағаннан кейін көптеген халықаралық ұйымдар мен қорлардың ТМД елдеріне, оның ішінде Қазақстанға көптеген грант бөлгені дәлел бола алады. Академик М. Жұрыновтың пікірінше, қазіргі кезеңде ақпарат тауарға айналды. «Сондықтан бәсекелестікке қабілеттілігімізді ұлғайтқанымыз жөн. Интеллектуалдық жеке меншігімізді әлемдік деңгейдегі патенттермен қорғай отырып, ғылыми жаңалықтарымызды әлемдік ғылым кеңістігінде жария етіп, таныта білуіміз керек. Бұған жаһандану мен нарықтық экономиканы ұстанған қоғамда өмір сүріп жатуымыздың да өзіндік ықпалы бар» екендігін айтады. Десе де, академик Мұрат Жұрынов соңғы кезде ғылымға бет бұратын жастар­дың азайып кеткендігін де жоққа шығармайды. Қазақстан ғалымдарының қартайып кету мәселесін жедел қолға алмаса, отандық ғылымның қанат жаюына кері әсерін тигізбек. Олай дейтініміз, қазір ең жас академик 50 ден асқан көрінеді. «Өйткені жағдай жоқ. Бұрын Кеңес үкіметі кезінде орташа табыс көзі – 60 с 100 25ом болса, аспиранттарға 100 сом беретін. Оған өмір сүруге, тамақ ішуге, киінуге әбден болатын. Ал кандидаттығын қорғаған ғалымның айлығы зауыт директорының айлығымен бірдей еді. Содан кейін де жастар ғылымға талпынды. Қазір жоғары оқу орнын бітірген мамандарды ғылыми-зерттеу институтына шақырсаңыз, біреуі де келмейді. Себебі олардың беретін ақшасы 25–30 мың теңге», – дейді академик. Соңғы он жылда ғылымды қар­жыландыру 3 есеге артса, ал 2020 жылға дейін бұл 8 есеге көбейеді деген жағымды жаңалық бар. Бір өкініштісі, бар ғұмырын ғылым жолына сарп еткен ғалымдардың жалақысы әлі күнге мардымсыз. Ғылыми қызметкердің айлығы өспесе, қолындағы құралы жаңаланбаса, не өзгереді? Міне, академик Жұрыновты мазалайтын мәсе­лелердің бір парасы осы.Ғылымның бағын ашатын бүгінгі озық ойлы жастар екені белгілі. Алайда, бізде «Болашақ» бағдарламасы арқылы қаншама жастар шетелде білім алуда. Бірақ та солардың ішінде ғылымға жаңалық енгізіп жатқанын көргеніміз жоқ. Олардың көбі шетелдік компанияларда кәсіпкер немесе мемлекеттік мекемелерде шенеунік болғысы келеді. Бұл тұрғыда академик М. Жұрынов: «Кейде біреулер жұмысқа «Болашақты» бітіріп келгендерді алу керек деп жатады. Білімді осы жерден де алуға болады. Сен Кембриджді бітіріп келдің бе, әлде Сарыағаштағы жекменшік университетті оқып келдің бе, ол ешқандай рөл ойнамау керек. Оның білімін тексеру қажет. Егер Сарыағаштағы оқу орнын тәмамдап келген болашақ маманның білімі Кембриджді бітіріп келген маманнан жоғары болса, жұмысқа соны алу қажет. «Ауылдың баласының аузы сасық» дегендей болмау керек. Нарықтық экономика болған соң, бәсекелестікке кім күшті, сол жеңуі тиіс, сол өтуі керек. Қазір бізде сапта тұрған 160 академик бар. Соның 70 пайызы кешегі ауылдың мектебін бітіргендер», – дейді. Шынында да, салыстырмалы түрде айтсақ, ауыл мектебінің дәрежесі қаланың мектебіне қарағанда төмен екені рас. Қаланың мектебі мен ауыл мектебінің жабдықталуы жер мен көктей. Ал, бірақ та ауылдың балаларында білімге деген талпыныс өте күшті екенін мойындауымыз қажет.М. Жұрынов Тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына орасан зор үлес қосқан ғалым. Солардың ішіндегі маңыздыларының бірі – киелі шаһар, рухани астана Түркістан қаласында ірі университеттің құрылуы мен дамуы дер едік. Ол, Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә.Назарбаевтың Жарлығымен (1991 ж.) ашылған Қ. А. Иассауи атындағы Түркістан мемлекеттік университетінің тұң­­ғыш ректоры болды. Оның баста­машылығымен бұл университет Қ. А. Иассауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті болып қайта құрылып, қазіргі уақытта республикамыздың алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі болып табылады. Кезінде іргетасын Қазақстан президенті Н. Назарбаев пен Түркия президенті С. Демирел қалаған білім шаңырағы қай жағынан алсақ та, өзіндік қолтаңбасымен ерекше. Туған жерге ту тіккен сол жылдары академик Мұрат Жұрынұлы біршама істердің басын қайырып, небір қиын түйткілдерді байсалдылықпен шешуге бір­жолата ден қойды. Университет қала­шығы құрылысын ойластырғанда оны көгалдандыру, бау-бақша ісін қатар жүргізу жайын да бір сәтке есінен шығарған жоқ. Негізгі ой-арманы қасиетті Түркістан то­пырағын гүлдендіруге мұрындық болу еді. Мұрат Жұрынұлы университет қала­шығын салғызуды ойластырғанда көне қаланың даңқына сай оның өзіндік өрнек-нақышымен бой көтеруін басты мақсат еткен. «Осы оқу орнына 10 жыл ректор болдым. Сол уақыт ішінде Түркиядан 100 млн. доллар көлемінде қайтарымсыз қарыз алдық. Соның арқасында университеттің материалдық базасы жақсарды. Бұл ауылдағы жастардың білім алуына үлкен мүмкіндік туғызды», – деп сол бір жылдарды жылы еске алады академик. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың қатысуымен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған ғалымдардың форумында Қазақстан ғылымының жеткен жетістіктері мен болашаққа бағыт –бағдары талқыланды. Осы форум барысында Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов ғылымда жеткен жетістіктері үшін ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.Академик Мұрат Жұрынұлы ғылым мен білім жағалауында қандай дауыл соқпасын қайыспай қарсы беттеп, нағыз азаматтық қалыпта кеудесін тіп-тік ұстаған күйі келеді. Бойда буырқанған қайрат-жігер, кеудесі толы ақ сәулелі арман. Құдды бір нардан туған нар тұлға дерсің!
08.12.2011
Аманхан ӘЛIМҰЛЫ, М.Мақатаев сыйлығының иегерi, ақын

Серіктес жаңалықтары