ТӘЛIМI МОЛ САПАР
ТӘЛIМI МОЛ САПАР
– Еліміздің ақпарат құралдары «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының арнайы делегациясының Лондонға іссапары жайында жарыса жазды. Бұл оқиғаның ақпараттық маңызға ие болуында мән бар, себебі бұл жолы Қазақстанның келешегіне қажетті жобалар бойынша келіссөздер жүргізілді. Әсіресе Тимур Құлыбаев бастаған делегацияның ағылшынның әйгілі Кембридж университетіне ат басын бұрып, Кавендиш лабораториясын аралауын айрықша атап өтуге болады. Қазақстаннан келген қонақтарды осы лабораторияның жетекшісі, физика департаментінің директоры, профессор Джеймс Стерлинг құшақ жая қарсы алды.
Бұл лабораторияның негізін 1808 жылы Девоншир графы Уильям Кавендиш салған екен. Бүгінде бұл лабораториясы 29 Нобель сыйлығының лауреатымен атақты. Мұнда кезінде аты әлемге әйгілі талай талантты ғалымдар жұмыс істеген. Кембридж университетінің атағының шығуына осы лабораторияның үлесі қомақты болса керек.
Қазақ делегациясы Кавендиш лабораториясынан соң Квантум Материясы тобы деп аталатын сынақ лабораториясы мен оның мұражайын аралады. Бұл жерде қазақ делегациясын физика профессоры Сидхарт Саксена күтіп алды. Ол Кембридж университетінде Орталық-Азиялық форумның негізін салып, бір жыл бұрын осында Қазақстан орталығының ашылуына мұрындық болған. Қазақ делегациясы Қазақстан орталығына да арнайы соғып, екіжақты әріптестікті одан әрі жандандыруға тілектестіктерін білдірді.
Университеттің Иесус колледжінде жалғасқан іссапар Черчилль колледжінде аяқталды. Сапар барысында қазақ пен ағылшындық ғалымдар қоғам мен ғылымның түрлі мәлелелерін талқылап, баламалы қуат көздері, ғылым болашағы сияқты өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Қазақ делегациясы үшін бұл жолы, әсіресе Энтерпрайз анклавын тамашалаудың сабағы мол болғанын айта кеткен жөн. Бұл – ғылым мен кәсіпкерлікті ұштастыруға арналған, бір өзі жоғары технологиялар саласындағы мың жарым компанияның басын біріктірген ірі орталық. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырып жатқан Қазақстан үшін бұл іссапардың жемісті болғаны анық.