БӘРЕКЕЛДІ!.. МЕТРОҒА ДА ЖЕТТІК!
БӘРЕКЕЛДІ!.. МЕТРОҒА ДА ЖЕТТІК!
Бүгiн Алматыда үлкен той. Бұл күнi бүкiл алматылықтар ат шаптырып, бәйге қосса да артық емес. Өйткенi бұл күндi алматылықтар бақандай жиырма жыл күткен едi. Тәуелсiздiгiмiздiң тойымен қатар келiп отырған Алматы метросының iске қосылуы қазақ халқы үшiн қуанарлық жағдай. Екi миллионға жуық халқы мен бiрнеше жүз мыңдаған қонақтары бар Алматы үшiн той болмағанда қайтсiн! Бұл – елiмiздегi тұңғыш метро! Халқымызға жасалған үлкен тарту!
Жиырма жылға жуық тынымсыз қазылып-салынып келе жатқан метрополитен ел тәуелсіздігiнің 20 жылдығы қарсаңында қалалықтардың игілігіне берілгелі отыр. Әуелде Алматы қаласының әкімдігі метроның алғашқы бөлігін 2010 жылдың аяғына қарай іске қосуды жоспарлаған еді. Бірақ қаржылық дағдарыс метроға да өз әсерін тигізбей қоймады. Қаржы тапшылығы себебінен метроға мінетін күн бір жылға шегерілді. Осынша жыл ішінде метроның құрылысына 110 миллиардқа жуық қаржы жұмсалған екен. 8,6 шақырымға созылып жатқан метроның бірінші кезегінің бірінші тармағы да аяқталды. Алматы метросын жылжымалы құраммен қамтамасыз етуді Оңтүстік кореялық «Hyundaі» корпорациясы қолға алғаны белгілі. Аталмыш корпорацияның арқасында жер асты пойыздары қос рельске қондырылды.
Дизайны ерекше метро пойыздарға қарасаңыз көз тоярлық. Түсі еліміздің көк байрағымызға келетін метро пойыздар әлемдегі заманауи метро пойыздардың сұраныстарына сай жасалып отыр. Метро пойыздарда жолаушылар үшін де жайлылық, қауіпсіздік мәселелері ескерілген десек те болады. Жолаушылар үшін бір вагоннан екінші вагонға өту жағдайлары да жақсы қарастырылған. Жолаушылардың емін-еркін жүруіне де өте ыңғайлы. «Hyundaі» корпорациясының атқарушы президенті Ким Енг Нам: «ТМД елдерінің арасында Қазақстанда тұңғыш рет біздің компанияның жерасты көліктері жүйткитін болады. Бұл біздермен қоса, сіздер үшін де зор қуаныш деп ойлаймын», – деген екен ағынан жарылып. Білікті мамандардың пікіріне ден қойсақ, бұл метро пойыздардың вагондары қазіргі заманауи талаптарға жауап бере алады.
Метроның осыдан біраз бұрын өткен тұсаукесерінде төрт жылжымалы құрам көпшілік назарына ұсынылған болатын. Жылжымалы құрам «Райымбек», «Абай», «Жібек жолы» және «Алмалы» стансалары арасында еш кідірместен жүріп өткен еді Бұл стансалардың жанама рельсін салу жұмыстары шілде айының соңына таман толығымен бітті. Рельстерді орнатуға монолитті темір араласқан бетоннан құйылған табанға орнату тәсілі қолданылған.
Бұл жаңашыл инновациялық технология қазіргі уақытта Еуропа елдерінің бірнешеуінде ғана қолданылады екен. Ал ТМД көлемінде тек бізде ғана. Райымбек-Фурмановтағы стансадан бастау алған электр пойызы Абай-Гагариндегі соңғы аялдамаға дейін 12 минутта жүріп өтпек. Метроның бір жақты тасымал бағасы 80 теңге болады. Жолаушылар саны көбейетін болса, бұл бағаның төмендеуі де мүмкін.
Тағы бір айта кетерлік жайт, Алматы метросының ТМД елдеріндегі метролардан бір артықшылығы мүмкіндігі шектеулі жандарды өздігінен көтеріп, түсіретін арнайы автоматтандырылған механизм қондырғылары орнатылған.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы сәуір айында Алматыға келген сапарында қаланың даму барысымен, оның ішінде метро құрылысын көруге арнайы ат басын бұрған болатын. Сол сапарында: «Елімізідң экономикалық жағдайы бірте-бірте түзелуіне байланысты біз метро құрылысын қайтадан бастадық. Құдай бұйыртса, бұл құрылысты бітіруге де жақындап қалдық. Кеңес Одағы кезінде қалып қойған құрылыс. Алматыға керек құрылыс. Былтыр дәл осы кезде Алматыға келгенімде тапсырма беріп, қаражат бөлгізіп, жұмыс істеткізгенмін. Міне, биыл жеті станса толық аяқталатын болды. Тек қондырғылар ғана қалды. Ол жұмыстар да келесі жылы бітіп, тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында Алматы метросы іске қосылады деп отырмыз. Метро қаланың көлік жағдайы мен экологиясын жақсарту үшін өте қажет. Демек, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы мерекеленетін 2011 жыл сонымен бірге Алматы метрополитенінің жылы болып, алматылықтарды үлкен қуанышқа кенелтеміз деп ойлаймын. Метрополитен құрылысының бірінші кезеңін аяқтаған соң, оның келешектегі дамуы туралы да ойлайтын боламыз,– деген еді Елбасы. Міне, сол көптен күткен Алматы метросы да іске қосылды. Елбасымыз айтқан, тәуелсіздіктің 20 жылдығымен қатар келген бұл қуанышқа алматылықтар да дән риза.
Естуімізше, сағатында сексен шақырымдық жылдамдықты қамтитын метро пойыздардың бір мезетте жүздеген жолаушыны тасымалдауға мүмкіндігі бар екен. Осының арқасында метроның ашылуы қала жұртшылығын көлік кептелісінен құтқаруы да мүмкін. Әрине, алғашқы кезеңнің жеті бекетімен Алматының көлік кептелісінен құтылу, жолаушы тасымалын шешу оңай болмас. Сондықтан метро құрылысын әрі қарай дамыту мақсатында қазір Абай даңғылынан бастап Қалқаман-3 шағын ауданына дейін және «Райымбек батыр» стансасынан бастап «Алматы-1» вокзалына дейін жер асты жолын салу мәселесі де күн тәртібінде тұр.
Еліміз 20 жылдай уақыт күткен метроның тарихы әріде жатыр. Алматылық метроның құрылысы 1988 жылдың күзінде КСРО салалық министрліктерінің басшылығымен қолға алынып, республикалық бюджет есебінен қаржыландырыла бастаған. 1988 жылы 7 қыркүйекте Фурманов және «Октябрьдің 50 жылдығы» атындағы көшелер қиылысынан экскваторшы Ромсан Топаев «Октябрьская» деп аталынған бірінші стансаның жер асты топырағын қаза бастайды. Метроға сол жылдары КСРО салық министрліктер мен республикалық бюджеттің орталықтандырылған қаражаты бөлінген екен. Содан КСРО-ның ыдырауына байланысты метроның құрылысы уақытша тоқтап қалады.
2005 жылы еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Алматы қаласын 2010 жылға дейін дамыту» бағдарламасын бекітті, оның аясында метроның құрылысы басымдықты инвестициялық жобалар қатарына жатқызылды. Сол сәттен бастап, метро құрылысына жан біттті. Құрылыс қарқынды дами бастады. Алматылық метро жобасына шетелдік компаниялар да қатыстырыла бастады. Солардың арасында Оңтүстік кореялық «Хюндай» корпорациясының үлес салмағы басым екені рас. Жуырда корпорация президенті Монг-Хек Чонг Алматыға келген арнайы сапарында метро құрылысымен де танысып қайтты. Қала әкімі Ахметжан Есімовке құрылыстың сапасына көңілі толатынын жеткізді. Аталмыш корпорацияның жетекшісі метро мамандарымен де тәжірибесін бөлісті. 2005 жылы метроны қаржыландыру мәселесі қайта қолға алынған сәттен бастап, 7 жылға жетпейтін уақыт ішінде құрылыс-монтаж жұмыстарының 70%-ға жуығы орындалды.
Райымбек даңғылынан Фурманов көшесінің астымен Абай даңғылына дейін, ары қарай батыс бағытта Гагарин көшесіне дейін баратын (барлығы 8,5 км) бірінші желінің бірінші кезегінің құрылысын 2011 жылдың желтоқсанында аяқтау көзделген еді. Құрылысшылар өздерінің көздеген мақсатына жеткен сияқты. Желтоқсанның алғашқы күні алматылықтардың қуанышына орай, Алматы метросы іске қосылды.
Алматы метросының бірінші кезегі жеті стансадан тұрады. Олар: «Райымбек», «Жібек жолы», «Алмалы», «Абай», «Байқоңыр», «Әуезов атындағы театр» мен «Алатау» стансаларынан тұрады. Бірінші кезектің желісі Райымбек даңғылынан Фурманов көшесінің астымен өтіп, Абай даңғылына дейін жалғасқан, әрі қарай батыс бағыттағы бұрылыспен Гагарин даңғылына дейін барады.