ЭФИРДЕ – “АПА”, САХНАДА – АНА ЗӘМЗӘГҮЛ

ЭФИРДЕ – “АПА”, САХНАДА – АНА ЗӘМЗӘГҮЛ

ЭФИРДЕ – “АПА”, САХНАДА – АНА ЗӘМЗӘГҮЛ
ашық дереккөзі
297

ЗӘМЗӘГҮЛ АПА – ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАРДЫҢ ҰРПАҒЫ

Қазақ театрының тарихында әзірге екі Шәріпова бар. Бірі – Фарида Шәріпова болса, екіншісі – Зәмзәгүл апа. Театр тарихы үшін екі Шәріпованың да орны бөлек. Қазақ киносы мен театр өнеріне өлшеусіз үлес қосқан екі алыптың өнердегі сомдаған рольдері де әрқилы. Тағдырлары бөлек, өнерлері бірге өрілген қазақтың қос қарлығашының театрда ойнаған әрбір кейіпкер бір төбе болса, кинодағы кейіпкерлері бір төбе. Бүгінде екеуі де театр атты өнердің биік шыңында тұр.

Зәмзәгүл апа Шәріпова бүгінде сексеннің сеңгіріне шықты. Бірақ Ол кісімен жүзбе-жүз тілдесуге мүмкіндік болмады. Аяғы ауырып, аздап сырқаттанып қалғанын айтқан апам телефонмен тілдесуге қарсы еместігін білдірді. Актрисамен алғашқы әңгімені Мұқағали ағамен қатар жұмыс істеген «Қазақ радиосынан» бастағанымызбен, әрі қарай театрдағы, кинодағы әріптестері туралы жылы лебізге, өзінің өнердегі өмір жолы туралы шертілген әдемі естелікке ұласты.

Зәмзәгүл апаның дүниеге келген шағы ашаршылық жайлаған уақытпен тұспа-тұс келіпті. Болашақ актриса ел іші «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» деген дүрбелең шақта 1931 жылдың жазында дүниеге келеді. Жарық дүние есігін ашар-ашпастан анасы көз жұмыпты.

Анасынан ерте айрылған кішкентай қыз әкесінің інісі Құрманәлінің бауырында өседі. Апасы қайтыс болысымен әкесі үш баласы бар жесір әйелге үйленгендіктен, ол үйде жағдайының болмасын сезгендіктен оны кіші әкесі асырап алады. Көп ұзамай Құрманәлі әкесін де «халық жауы» деген атпен ұстап әкетеді. Байдың тұқымы болғандықтан, Зәмзәгүл апаның аталары көп қуғынға ұшырайды. Құрманәлі әкесі де сол қуғыннан оралмапты. Кішкентай қызды әкесінің інісі Боранқұл көкесі өз қолына алады. Сөйтіп жүргенде, 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып кетеді де, әкесінің екі інісі Боранқұл мен Жанысқұл көкелері соғысқа аттанады. Майданнан екі көкесі де қайта оралмапты. Асыраушысыз жалғыз қалған қыздың ендігі қамқоршысы – интернат болады. Зәмзәгүл апа өзін әлі күнге «интернаттың қызы» санайды. 7- сыныпты Ұзынағаштағы мектеп-интернатта бітіреді. Актрисаның үнемі есінен шықпайтын бір дүние бар. Ол – интернаттың қара наны. Көрнекті жазушы Шерхан Мұртазаның «Интернаттың наны» деген әңгімесі бар еді ғой. Сол қара нан Зәмзәгүл Шәріпованың да әлі күнге есінен кетпейді. Көмірдей қара нанды неден істейді екен деп әлі күнге ойланатын көрінеді.

14 ЖАСАР ҚЫЗ КИНО МАМАНДЫҒЫН ҚАЛАЙ ТАҢДАДЫ?

Ұзынағаштағы жеті жылдық мектеп-интернатты бітірген соң, Зәмзә апаның ендігі арманы қалаға жету болады. Алматыға келіп, байланыс техникумына оқуға түседі. Әуелде актриса өнер институтына оқуға түскісі келген екен. Бірақ қабылдаудан кешігіп қалған соң, киноактерлер дайындайтын оқу орнының бар екенін естіп, қасындағы құрбысын естіп, сонда келеді. Оқуға қабылдайтын мұғалім Асқар Тоқпанов екен. Зәмзә апаның 13-14 шамасындағы кезі. Асқар Тоқпановтың да ойынан шықпағаны да Зәмзәгүл апаның жасы болса керек. Еті тірі, пысық қыз өлеңін оқып, әнін айтып, бар өнерін көрсетіп, Асқар Тоқпановтың алдынан оңайлықпен кетпей қояды. «Өзім жаттап алған шығармадан үзінді де келтірдім. Әйтеуір аузымда тыным жоқ. Тоқтағам жоқ. Қысқасы, сол күні мені киноактерлер курсына қабылдады. Қасымдағы құрбым өтпей қалды», – дейді өткен күндер туралы еске алғанда Зәмзә апа.

Киноактриса мамандығын оқып, диплом алып шыққан соң, актрисаны киностудияға қалдырады. Алғашқы кездері дубляж жасап жүреді. Сөйтіп жүргенде, сол жылы актрисаға «Қазақ радиосына» диктор болуға ұсыныс түседі.

МҰҚАҒАЛИ ҮНЕМІ КҮБІРЛЕП ӨЛЕҢ ОҚЫП ЖҮРЕТІН

«Қазақ радиосындағы» күндер Зәмзәгүл апа үшін ұмытылмас естелік. «Мұқағалимен жас кезімде жолыққанымыз болмаса, кейін жасым ұлғайған соң, кездескем жоқ, – деп бастады әңгімесін Зәмзә апа. – Мұқағали менімен түйдей құрдас. Ол да 1931 жылы дүниеге келіпті. Ол жылдың басында туыпты, мен жылдың аяғына таман дүниеге келгем. Құрдас болдық екеуміз. Ұзын бойлы, кең иықты, сұлу жігіт болатын. Маған солай көрінген. Біреулер кейін: «Байжанбаев Мұқағалиды базарда ұн сатып жүрген жерінен радиоға шақырып алыпты» деп айтып жүрді. Онысын мен нақты білмеймін. Жақсы диктор болды. Дауысы да жақсы еді. Соңғы хабарды оқып болған соң, есік алдына шығып алады да, күбір-күбір етіп, бірнәрселерді ыңылдап айтып жүреді. Бұл көріністі бір емес, бірнеше рет байқадым. Содан кейін бір күні мен одан: «Ей, сен жынданып кеткенсің бе? Не істеп жүрсің?» дедім. Тіпті, дауысым біртүрлі шыққан болуы керек. Бұл «өлең» деді. Өлеңді мен де жақсы көрем. Мектепте жүрген кезімде әуесқойлықпен өлең жазатыным бар еді. Әлі күнге өлең жазам. «Оқышы, сол өлеңіңді» дедім. Бір өлеңін оқып берді. Ой, сондай керемет өлең, дауысы қандай керемет еді. Сахнада тұрғандай, қоңыр дауысымен оқи жөнелгенде, аузым ашылып, қарап қалыппын. «Ойпырмай, Мұқағали, мына өлеңің қандай жақсы еді? Мұны қалай шығардың? Өзің өлең шығарасың ба?» деп сұрап қоям. «Өлең шығарам» дейді. «Қалай шығарасың?» деймін. «Өлең шығару үшін жүрек керек. Өлең шығару үшін сезім керек. Өлең шығару үшін шабыт керек» деді. Сосын қалжыңдап маған: «Және де бір қызға ғашық болып жүру керек», – деді. Сол сөздерін әлі күнге ұмытқам жоқ. Бұл дүние актрисаға да керек дүниелер ғой. Өлеңді жақсы оқуды да Мұқағалидан үйренуге болар еді. Кейін радиодан кетіп қалдым. Радиода, кинода, телеарналарда ақындардың өлеңін оқып беретінім бар еді. Бір күні Мұқағалидың «О пансионате» деген поэмасы бар еді. Соны таспаға жаздым. Сол поэмаға соншама таң қалдым. Театрдан бөлек, дубляжға барып тұрам. Театрдан шыға салып, дубляжға жүгірем. Бір күні дубляжда отырғам. Төмендегі күзетші апай келіп: «Сізді телефонға шақырып жатыр» дегені. Үйде бірдеңе болып қалды ма деп уайымдап, жүгіріп төменге түстім. Түнгі уақыт болатын. Телефонды көтерсем, «Мұқағалимын» дейді. «Ой, сенің менің поэмаңды оқығаныңды керемет ұнаттым. Не айтарымды білмеймін? Сені қайдан табарымды білмей, көп іздедім. Рахметімді айтайын деп, іздеп едім. Әзер таптым. Рахмет саған. Қанша уақыт боласың? Мен сені шығарып салайын» деді. «Ойбу, біз әлі ұзақ боламыз» дедім. Содан кейін бір-екі рет спектакльден соң жолықтық. Одан кейін киноға түсіп кеттім. Көп жолыға алмадық. Бірақ оның өлеңдерін оқып жүрдім. Баспасөзден оқыдым, көркемсөз шебері болған соң, кейде өлеңдерін радиодан оқып тұратынмын. Қазір көбі есімде қалмапты. Менің көз алдымда жас кезіндегі қоңыр дауысымен өлең оқитын Мұқағали қалғаны рас. Әрі оның өлең оқуы да ерекше болатын. Ол дикторлық дауыспен емес, актерлік шеберлікпен оқитын еді өлеңді. Оның өлеңдері халықтың мақтанышы» дейді апа. Актрисадан «Дариға жүрек» поэмасының сізге арналғаны рас па?» деп сұрағанымда, «Мұқағали маған көп өлең жазып жүрді. Әсіресе, радиода көп өлең арнадым деп оқып беретін» деп жауап берді.

Зәмзәгүл апа 17 жасында «Қазақ радиосына» диктор болды. Театрдағы өмірі де, кинодағы өмірі де, радиодағы күндері де бірдей. Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында шығармашылық өмірін бастаған актриса әлі күнге театрдың сахнасында.

ТЕАТРДАҒЫ «ҚАРАГӨЗ» АКТРИСАНЫҢ ТӨЛҚҰЖАТЫ СИЯҚТЫ

Бастапқыда актрисаға рольдер көп берілген жоқ. Киноактриса мамандығын бітіріп, дубляж саласында жүрді. Оның театрдағы рольдерге ие болған уақыты 1953 жылдан басталады. Актрисаны радиода жүрген кезінен театрға алып келген Рақия Қойшыбаева екен. 1953 жылы Зәмзәгүл апа алғаш рет Яков Штейннің «Порт Артур» спектаклінде жапон қызы Куань-Санды ойнайды. Одан кейінгі ролі Островскийдің «Шындық жақсы, бақыт одан да қымбат» пьесасында Полексена бейнесі болады. Зәмзәгүл Шәріпованың ұзақ ойнаған рольдерінің бірі – Қарагөз. Бұл кейіпкерді актриса он алты жыл ойнаған екен. Қарагөздің ролін актрисаға сеніп тапсырған Мұхтар Әуезовтің өзі болса керек. Дарынды қыздың бойынан Қарагөздің бейнесін таныған болса керек ұлы жазушы. Әуелде бұл рольге бірнеше актрисаны таңдаған екен. Пьесаның оқылуына Мұхтар Әуезовтің өзі қатысады. «Бәрімізге оқытты. Біткеннен кейін олар өзара талдау жасады. Бәрімізді сыртқа шығарып жіберді. Осындай бір сәтте Рахия апай мені құшақтап: «Әй, сен Әуезовке қатты ұнадың. Қара да тұр, Қарагөз боласың», – деді. Бірақ сол жолы белгісіз бір себептермен спектакль қойылмай қалды. Тек, араға бірнеше жылдар салып, бұл спектакль А.Мадиевскийдің режиссурасымен 1963 жылы сахнаға шығады. Сол спектакльде Рахия апай Мөржанды ойнады. Мұхаң бұл кезде жоқ еді. Менің өкінішім сол, Мұқаң менің Қарагөзімді көрмеді ғой» дейді Зәмзәгүл апа қамығып.

Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай актриса жөнінде: «Зәмзәгүл-Қарагөзден ұлы М.Әуезов суреттеген мінездердің, бояулардың біразын көруге болады. Соның ішінде Зәмзәгүлдің кейіпкер жанын тамаша ұғынған бір сәті деп Қарагөздің есінен шатасқан шағын жеткізер тұстағы шеберлігін айтуға болады. Көп Қарагөзді көріп жүрміз, солардың көбі жалғандыққа ұрыныңқырап, шектен тыс ерсі әрекеттерге жол беріңкіреп, не істесе де сахналық өлшемінен ауытыңқырап, «у ішсең сарқып іш» деген сыңаймен бас-көзсіз тентекті ойнап кетеді. Қарагөздің жынданған сәті ерекше сезімталдықпен ойналуы тиіс. Өйткені ол қазақ қызларының тәрьиелік төркінінен, мінез ерекшелігінен, әдет-ғұрыпты ұстанудағы орта дәуір замана ықпалынан туындаған таңба ретінде көрінуі тиіс. Зәмзәгүл ойынында осы мезеттер көрерменге ойлы әсер тастайды. Демек әртіс кейіпкер парасатын арзандатып жібермеуге барын салған. Әрине, Қарагөзді әр әртіс өзінше көріп, өзінше тоқиды. Ол уақыт талабынан туатын құбылыс. Сонда да Зәмзәгүл ойнаған Қарагөз келбеті өз бояу бедерімен өзгеше беделге ие болған кейіпкер», – деп ой түйеді.

Рас, Мұхтар Әуезов Зәмзәгүл Шәрі­пованың Қарагөзін көре алмады. Есесіне, актриса ойнаған Ә.Әбішевтің «Күншілдік» пьесасындағы Назгүл бейнесі ұлы жазу­шының көңілін толқытты. Сол жолы жазушы актрисаға «Зәмзәгүлдің зәмзәм үні – зәмзәм су» деген баға берді.

НҰРМҰХАН ЖАНТӨРИН ОҚЫҒАН КИНОСТУДИЯДА БІЛІМ АЛҒАНЫМА МАҚТАНАМ

«Өмірім өмір бойы өнермен бірге қабысып, біте байланысып өтті», – дейді актриса бүгінде. Нұрмұхан Жантөрин, Кененбай Қожабеков оқыған киностудияда олардан бір жыл кейін білім алғаны демесек, үнемі сол кісілермен бірге жүрді. «Алғаш оқуға түскне кезде қатты қиналғаным-ай. Орысша жақсы білмеймін. Сабақтың бәрі орысша өтеді. Актерлік шеберлігім тәуірлеу болу керек. Соның арқасында бітіріп шықтым ғой», – деп күледі апа. Нұрмұхан Жантөрин деген керемет актердің киностудияда білім алғанын айтып мақтанады актриса. «Нұрмұхан Жантөрин деген керемет актер еді ғой. Ол ойнаған рольдер қандай? Қуат Әбусейітов, Майра Әбусейітова оқыды бізбен бірге. Тамара Қосыбаева деген жақсы актриса бар. Сол кісі де біздің киностудияда бітірді. Кененбай Қожабеков те оқыды сол студияда. Менің өмірі мысалға алып айтатын актерім – Нұрмұхан Жантөрин еді жарықтық. Мен Қарагөзді ойнағанда, ол Сырымның ролін сомдады. «Шоқан Уәлихановта» ол – Шоқанды, мен – Айжанды ойнадым», – дейді.

Актриса бағындырған биіктердің бірі – кино екені белгілі. Актриса ойнаған Нұржамал («Дала қызы»), Қадиша («Өмір жолы»), Дина («Біз осында тұрамыз»), Балзия («Заман-ай») тәрізді кейіпкерлері кино өнеріне қосылған жаңалық десек те болады.

Көрнекті жазушы Сәкен Жүнісовтің «Заман-ай» шығармасының желісімен түсірілген «Заман-ай» фильмі көрерменнің есінде ұзақ сақталары анық. Аманайын жетектеп, тау асып, елге оралатын кейуананың ролін бейнелеген Балзия-Зәмзәгүлдің шынайы болмысы сол бір қиын-қыстау жылдардың шындығын әшкерелеп бермейтін бе еді. Тағдыр талқысымен қыр асып, шетке кеткен көп қазақтың тағдыры бар еді сол фильмде. Балзия апаның бейнесі арқылы талай аналардың басынан кешкен бейнеті мен зейнетін көріп едік. Актрисаның шеберлігі де осы. Өз кейіпкері арқылы көрерменіне сендіре білу. Ролі арқылы көрерменін тәнті ету.

ЗӘМЗӘГҮЛ АПАНЫҢ

ЕРТЕГІСІ «АЛТЫН ҚОРДА» САҚТАУЛЫ

«Қазақ радиосында» бақандай бес жыл диктор болды. Радионың алтын қорында Зәмзәгүл апаның қайталанбас үнімен жазылған небір тамаша дүниелер сақтаулы қалған шығар. Бұл сауалды біз апаның өзіне тастаған едік. «Бұрынғыларын білмеймін. Сақтаулы қалды ма, жоқ па? «Алтын қорда» көптеген таспаларым болуы керек. Кейінгі ертегілерімнің бәрі сақтаулы. «Алтын қорда» баланың дауысы сақталса, соның көбі менікі деп айтуға болады. Өйткені дубляжда балалардың дауысын мені мен Фарида марқұм дыбыс­тайтын еді ғой. Алғашқы кездері «Алтын қор» болған жоқ. Кейінірек пайда болды да, кейінгі дауыстарым сақталып қалды», – дейді.

Зәмзәгүл апа күміс қоңыраудай сың­­ғырлаған дауысымен талай радио­спек­такльдерді жазып қалдырды. Көркемсөз оқыды, талай-талай ақындар­дың өлеңдерін оқып, жұртты тамсандырды. Радиодағы кезеңдер Зәмзәгүл Шәріпованың өнердегі қадамын ашып берді. Әсіресе, қазақ балаларының дүниетанымын арттырған «Зәмзәгүл апаның ертегісі» талайдың жүрегіне от жақты.

Зәмзәгүл Шәріпова Шолпан, Хадиша апайлардың ізін басып, театр өнеріне келді. Оның бойында лирикалық сарын басым еді. Ол туралы Есмұхан Обаев: «Зәмзәгүл Шәріпова – лирикалық әртіс» деп баға берсе, Әшірбек Сығай: «Зәмзәгүл – эстет актриса» дегенді айтады. Актрисаның нәзіктігін, өнерінің сұлулығын айтса керек.

P.S. Зәмзәгүл апа театрды әлi де жақсы көредi. «Аяғым ауырмағанда әлi де сахнада жүретiн едiм», – дейдi актриса. Қазiр «Отыз ұлың болғаншадағы» ролi Сәлиманы аңсап үйде жатыр. Өмiрi театрмен, киномен бiте қайнасқан жанның өнерсiз өмiр сүруi де мүмкiн емес. Қызығы да мол, қиындығы да басым сахналық өнердi, яғни жалынан ұстатпайтын асау өнердi таңдаған Зәмзәгүл Шәрiпова өнер майданының алғы шебiнде өнер көрсеткен, өр мiнез танытқан аяулы актриса, ардақты ана. Ең бастысы, халқы сүйген, көрерменiн тәнтi еткен ерекше дарын иесi.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары